Махамбет майданы немесе егеулі найза ер жыры

0
229

Күркірегенде – күн тұтылған,
Ақырғанда – ай тұтылған айналайын
Ата қазақтың құрсағында жетіліп,
тулап туған: «Ай, Жәнібек, ойласаң,
Қилы-қилы заман болмай ма?
Суда жүзген ақ шортан Қарағай басын шалмай ма?
Мұны неге білмейсің?!»
деп шамырқанған Асан қайғы;
«Тәңірінің өзі берген күнінде
Хан ұлынан артық еді менің несібем!
Азаулыда аға болған ерлер көп еді.
Әйтсе де, аламанға ат байлағаны жоқ еді!»
деп қабарған ­Доспанбет;
«Тебінгінің астынан Ала балта суырысып,
Тебініп келгенде Тең атаның ұлы едің,
Дәрежеңді артық етсе, Тәңірі етті!»
деп хан алдында тебініп сөйлеген Шалкиіз;
«Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күреңді мінер ме екембіз!
Күдеріден бау тағып,
Ақ кіреуке киер ме екембіз?!»
деп арманды қиял кешкен Ақтамберді;
«Еділді тартып алғаны – Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны – Жағаға қолды салғаны.
Ойылды тартып алғаны – ойындағысы болғаны»
деп Мұрат және осы сияқты азуын айға білеп өткен арғы-бергі ақын-жыраулар Ұлы Даланың бір-бір асқар шыңы болса, алайда бұларға қарағанда «егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалған» Махамбет әлдеқайда айбынды, әлдеқайда асқақ көрінеді. Оның басты себебі: дауылпаз ақынның ыза-кектен бұрқанып туған өжет мінез өлеңдерін бала кезден оқып, жаттап, көкірек көзімізді ұлы рухына суарып өскендіктен шығар, кім біледі?!

Алайда Абайды бұл араға кірістіруге болмайды. Ол – ғалам. Ол – жұмбақ әлем. Оны адамзат баласы түбегейлі зерттеп, әлі толық түсініп болған жоқ. Ол – тұңғиық, тереңіне сүңгіп, бойлаған сайын жаңа көмбесін ашып, жаңғырып, жаңара беретін тылсым дүние. Сондықтан Абайды Ұлы даланың қандай ірі тұлғасымен де салыстыруға болмайды. Өйткені ол – Абай!
Бірақ, Махамбет, қалай десек те, азаттық аңсап, сол жолда күресіп, сол жолда шейіт болған ата-бабаларының кекті жүрегінен көктеп өскен егеулі найза болатын. Ол «Еділ үшін егесіп, Жайық үшін жандасып, Қиғаш үшін қырылып, Тептер үшін тебісіп» бүкіл өмірін жорықпен өткізген сардар. Академик Зейнолла Қабдоловтың сөзімен айтқанда, қынабына қайта түспей қойған жалаң қылыш.
Бұл жалаң қылыш патша өкіметінің тұсында да, жалған идея ойлап тауып, халықты қынадай қырып, өліктердің үстіне орнаған Кеңес өкіметі тұсында да, тіпті керек десеңіз, еліміз егемендік алып, болашаққа көрікті көш түзеп, салтанат құрған қазіргі тұста да қынабына қайта сұғылмай мына шексіз байтақ кеңістікте найзағайдан жай тартып, әлі күнге дейін қуат-күшін жоймай жарқылдап келеді. Өйткені бұл қылыш құрыштан қорытылып, сомдап соққан жай қару емес, шындық пен жалғандық біте қайнасып қатар жүрген тіршілікте қарау күшке, зорлық-зомбылыққа, қатыбас зұлматқа, зұлымдыққа қарсы майдан ашқан Махамбет рухы!
Иә, Махамбет ұлы рух! «Аламанға жел берген, аса жұртты меңгерген, қара қазақ баласын хан орнына теңгерген» рух! Кеудесін ыза-кек кернегенде керней тартып сабасына түсетін рух емес, қара дауылдай борап, дүниені төңкеріп, астан-кестеңін шығаратын, шалқар дарияны түп-орнымен қопара көтеріп, басыңа бір-ақ қотарып құя салатын алапат рух! Өйткені кеудесінде арыстан ақырып, жолбарыс тулап жұлқынған Махамбет анасының құрсағында жетіліп, бес қаруын беліне түгел тағып туған бойда есесі кеткен елдің көз жасына суарылып, Алты Алаштың ар-намысына айналып, «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім, жағалай жатқан сол елге, мал толтырсам деп едім» деп армандап, шымыр есілген қыл шылбырдай ширығып, шамырқанып өскен азамат ер болатын. Ендеше, ол зорлығы мен зұлымдығы қатар жүрген бақан бет заманда әділетсіздікке, сұрқиялыққа, қиянатқа қалай төзсін. Оның үстіне көк­жал заман оны тістелеп өсіріп, көк­жал болмасына қоймады. Бетін ­дауыл сапырып, ақжал толқынын аспанға атып, долырған дүлей теңіздің өкірген өксігі Махамбеттің ашу-ызасы боп буырқанды. Ғасырлар бойы төбесінде найзағай ойнап, құзар басы бұлттан арылмай қайғы арқалап, қасірет шексе де бір елі төмен шөгіп, жасып, қасиетін жоғалтпаған қарт Қаратаудың қуатын бойға жиып, сағымға оранған алыс қырға көз салып, жалаңдап жау іздей бастады. Ала-құла жаратылған жалған дүниенің әлеуметтік теңсіздігін, сұмдық сұрқиялығын көріп, көкірегіне қыжыл кіргенде жүрегінің терең түкпірінен ы­залы ашудың қара дауы­лы көтеріліп келе жатты. Оған ата қазақтың тартқан тауқыметі, мұң-наласы, қайғы-қасіреті қосылып, аузынан ақ жалын боп атылғанда Махамбеттің атойлап атқа қонбасқа шарасы болмады. Ақырында:
Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала,
Сақалы шығып жат болмай,
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық шөл көрмей,
Арып-ашып жол көрмей,
Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп, түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темірқазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?!
Осы өлеңді оқығанда кеудесінде намысы бар қай қазақтың қаны қызбайды. Екіталай күн туып, қарағай басын шортан шалмаса да, көкжиектен тулақтай қара бұлт көрініп, төніп келе жатқан қатер жоқ болса да, қалың кілем төселген төрінде обадай омалып отыра бермей тысқа оқтай атылып, «егеулі найза қолға алып», айналаңнан жалаңдап жау іздеп,  түн қатып жортып кеткің келеді. Неге? Өйткені «қорлықта жүрген халқыма Бостандық алып берем» деп найза толғап, қылыш суырған «кескекті ердің сойы» Махамбеттің ақ семсер серті, алдаспан анты, асқақ рухы даланың бұлшық етіндей бұлтылдап ойнап, шиыршық атып тулап, ереуіл салған бұл өлең кім-кімнің де жігерін жанып, намысын қайрап, онсыз да сапырылысып, арпалысып жатқан дүниенің ішіне тоғытып жібереді. Бұдан кейін қазақ халқының ар-намысынан жаралған қай азамат ыза-кек боп неге бұрқанбасын. Іле көкірегі қыжылға толып, күркіреп атқа қонуға асықпай тұра ала ма, сірә.
Ол заманда екі өкпеден қысқан отаршылдық жүйеден де, өз жұртын билеген дүмділерден де қорлық көріп, отырса – опақ, тұрса – сопақ боп, пұшайман хал кешкен халқын ойлап, ат үстінде күн өткізген азамат ердің бәрі де жылы төсектен безініп, түн қатып жортса да, ашықса да, өзегі талып ет жемесе де, айдалада темірқазық жастанып түнесе де, қысқасы азаттық аңсаған сол жолда тауқыметтің қандай тауын арқалап, қандай азап-мехнат шексе де алған бетінен қайтпай: «Жаным арымның садағасы» деп саналы өмір кешкен еді. Қажет болса, қасірет, қайғының өзінен де қайрат тауып, қара қазақ, сары баланың қамы үшін қарау күштермен алысып, арпалысып, тұтамдай боп тұқылы қалғанша шайқасып өткен жоқ па?! Сол асыл қасиет, өжет мінез қазіргі билік басында жүрген дүмбілердің бойынан көрінбейтіні қалай? Солардың көбісі «Арым жанымның садағасы» деп тайраңдап жүргендей көрінеді. Ендеше, әр қазақтың көкірегінде Махамбеттің өршіл рухы көктеп өсіп, қыр астынан түрегелген Алатаудай асқақтап, жер-жаһанға айдын асырып тұрмаса, қазыналы жерімізге көз алартып, сұғын қадаған сырт күштерден Тәңір сыйлаған Тәуелсіздікті қалай қорғайды? Айтшы, қалай қорғайды?!
Әзер көріп жүрсем де күнімді елде,
Запыраннан жүрегім тілінгенде,–       Махамбетке айналып кетсем деймін,
Махамбеттің жоқтығы білінгенде.
Бұл жыр жолдары рухани қазақ әлемі бүтін жерден жыртылып, тігілген жерден қақырап қайта сөгіліп жатқан қазіргі өліара кезеңде дауыл­паз ақынның асқақ рухын аңсап, булыққанда үзіліп түскен жүрегімнің көз жасы еді. Тәуелсіздігіміздің туы құламай мәңгі желбіреп, баянды болғанын Махамбеттің қыжылдан, кекті ызадан туған өжет мінез өлеңдерін оқып, рухына суарылып өскен қай азамат тілемейді. Өйткені оның қай өлеңі де оқыған бойда тереңінде бұрқанған бір ұлы күш жан дүниеңді сілкіп, намысқа шақырып, аяғыңды жерге тигізбей дауылдай көтеріп, ерлікке бастай жөнеледі. «Махамбеттің жыры да, білсең егер, Кілең сардар үстіне сауыт киген» деп, дүр көтеріліп, бірге еріп, жортып кеткің келеді.
Ал шен мен шекпенге сатылған Баймағамбет секілді жуан дойырлар халықтың көз жасына нанын малып жегеннен басқа не біледі дейсің, тәйірі. Олар: «Ақындары алақан жайған елдің Қатындары қол бастар ұл тумайтынын» қайдан білсін (Ғ.Жайлыбай).
***
Үстіне ақ сауыт киіп, найза кезеніп, қалың жауға жалғыз шапқан көзсіз батырды қалай үкілеп, қалай баптасаң да от ауызды, орақ тілді ақын бола алмайды. Ал кеудесінде күн күркіреп, қанатынан дауыл туатын өр мінезді ақынның найзасын намысқа жанып, қылышын кекке суарған батыр болмауы әсте мүмкін емес. Өйткені ол бала кезден алда болатын дүниенің сұмдығын жан-тәнімен сезіп, көкірегі шер-шеменге толып, ыза-кекке суарылып жетіледі. Екіталай күн туғанда көп ойланып жатпай елден бұрын ту көтеріп, атойлап шыға келетіні, міне, содан.
Ендеше, ақырып теңдік сұрап, айбынданып атқа қонған Махамбет неге батыр болмасын. Оның өзі тұрмақ көзінен төгілген от та, жүрегінен тө­гіл­ген жыр да егеулі найза ерге айналып, түн қатып жортып, талай жырынды жауға ереуіл салған жоқ па! Зейнолла Қабдолов: «Абайға дейінгі қазақ поэзиясында бұдан асқан ақын жоқ» деген. Ақиқат, ардың атынан сөйлеп өткен ұлағатты ұстаздың Махамбет жырларының жанартау қуатын әділ бағалап, тоқ етерін кесіп бір-ақ айтқан аталы сөзіне тоқтамасқа шара қайсы.
Алайда отқа да түскен, суға да түскен сол Махамбеттің заманында қараорман елі де болған, шұрайлы жері де болған. Өріс толы малын шетінен кертіп жеп отырса кім қой дер еді. Солай бола тұра жұмыр басын бәйгеге тіккені қалай? Қайда салса да қайтпай ақ алмастай қиып түсіп, шамырқанса шарт сынатын құдіреті неде? Оның Абайға дейінгі ақын-жырауларға қарағанда өркештеніп, айбынды көрініп тұратын себебі: құр босқа шындықты айтып шырқырай бермей ақиқаттың сөзін сөйлеп, халқына тізе батырып, қанқақсатып жылатқан қарау күштерге қарсы майдан аша білгенінде; «­Исатай – басшы, мен – қосшы» деп, қала берді бүгінгі кейбір ұры ұлықтар секілді халықтың нанын жемей, қамын жеп  ашық айқасқа шыққан көзсіз ерлігінде; «Қабырғасын қаусатып, Бір-біріндеп  сөксе де, Қабағын шытпас ер керек Біздің бүйткен бұл іске?» деп кілең арыстан дауыс, арқар мүйізді жігіттерді іріктеп, күреске бастаған көксерек азатшылдығында; өзі өмір сүрген өңірдің құбылмалы тіршілігіне қарап, алдағы күннің жақсылық, жамандығын сезе білетін көріпкелдігінде. Ноғайбай шешен: «Ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады» деп, мүмкін осыған қарап айтқан шығар, кім біледі.
Әдетте, қай заманда да ақынын тыңдамаған ел азып, ер мақсатына жете алмай опық жеген. Сенбесеңіз, мына өлең жолдарына зер салып көріңіз.
Ауыр әскер қол ертіп,
Жасқұсқа барып кіргенде,
Арыстандай ақырған
Хан баласы жылады-ай,
«Жанымды қи» деп сұрады-ай! – деп айдын асырып, масаттанған Исатайдың арада апта өтпей бүкіл айбар-сұстан түгел айырылып, патша әскерінен күйрей жеңіліп, тоз-тоз болуына не себеп? Айтшы, не себеп?!
Қара қылды қақ жарып, әділін айтар болсақ: «өзгенің тілін алмаған, кісі ақылы қонбаған», «бұрала біткен емендей қисық туған» батырдың маңайына ойлы көз жүгіртіп, арлы ақынның кеудесінде бұлқынған бозторғайдың шырылына құлақ аспай қайдағы бір жалған сезімге бой алдырғандығынан еді. Хан сөзіне сенгені өз басына қатер төндіріп, жер-көкке сидырмай қуғындап, сергелдеңге салып қойған жоқ па. Алда-жалда Махамбетті тыңдағанда азаттық жолында түбегейлі жеңіске жетпесе де, әлгіндей қапы қалып, бармағын тістемес еді. «Жетімдерге – жем бердім, жесірлерге – жер бердім. Ақырында, дүние-ай, сол ерліктен не көрдім?!» деп өкініштен өзегі өртеніп, қан құспас еді.
Жігерін жылдар жанып, ширығып өс­кен ақын, әдетте, неғұрлым қайғы-қа­сірет шегіп, азап көріп, қиналған ­сайын соғұрлым көкірегі қыжылға толып, шамырқанып жыр жазатынға ұқсайды. Сенбейсіз бе? Ендеше, Махамбеттің «Тарланым» өлеңіне зер салып көріңіз, ақынның қайғыдан да қайрат тауып, Қаратауға қалай айналып,  күркіреп күңіренгеніне көзіңіз бірден жетеді.
Кермиығым, кербезім,
Керіскендей шандозым!
Құландай ащы дауыстым!
Құлжадай айбар мүйіздім!
Қырмызыдай ажарлым!
Хиуадай базарлым!
Теңіздей терең ақылдым!
Тебіренбес ауыр мінездім!
Паһ! Қалай-қалай сілтейді. Жалпақ өңірді сұсымен жасқаған айбарлы ба­тыр­­дың кескін-келбетін, жаратылыс-бол­­мысын терең әрі ажарлы ашып, мүйізін айға тіреп суреттемесе Махамбет – Махамбет бола ма?! Өлеңнің әр жолындағы әр теңеудің өзі, Құдай-ау, даланың бұлшық етіндей бұлтылдап ойнап, тауды тауға соққандай құдірет күшке ие боп, қара дауылдай бұрқап, жұлқынып тұрған жоқ па. Осы жырды одан әрі оқысаңыз, нарттай жанып алаулаған бал жүзіңіз одан сайын алабұртып, көкірегіңіз тасқындаған ағынға толып жүре береді.
Атына тұрман болсын деп,
Жұртына құрбан болсын деп,
Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен.
Атқан оғы Еділ, Жайық тең өткен,
Атқанын қардай боратқан.
Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан,
Арыстан еді-ау, Исатай!
Бұл фәнидің жүзінде
Арыстан одан кім өткен?!
Жорыққа бірге аттанып, ерлік ізі сайраған сардалада түн қатып, қатар жортқан жан досын жоқтап отырып та жоталанып, өксіп отырып та өркештеніп, зар илеп отырып та заңғар биікке көтеріліп, бұлай асқақ жырлаған кісі арғы-бергі ақындар тарихында болған емес.
Исатай Махамбет ақынның тілін алмай, хан ордасын шаппай, кейін соның зардабын тартып, өкініштің уын ішіп опынса, ал Махамбетке Исатайдың жоқтығы қатты сезіліп, жалғыздықтың азабын тартып, арда басы шырғалаңға түсіп, қуғын-сүргіннен көз ашпады. Жалған дүние, әсіресе, есесі кеткен елдің кегін қуған сардар ерге өш келе ме, қайдам? Қарайғанның бәрі көзіне жау боп көрініп, сағымы сарнаған сардаладан сая таппай сарсылып күн кешті.
Толғай да толғай оқ атқан,
Он екі тұтам жай тартқан
Қабырғасын қаусатқан.
Тебінгісін тесе атқан,
Тізгінінен кесе атқан
Теспей қанын зулатқан.
Біздің қайсар батырдың
Жүрегін сөйтіп оятқан.
Кешегі Орақ пенен Мамайдай,
Батырлар, шіркін, болар ма-ай!
Олардай болып жүруге,
Біздерге қуат толар ма-ай!
Махамбет ел ішінің дау-дамайы, қаңқу сөздері әбден мезі етіп, жүрегін қажап қалжыратқанда, жарық дүниеден жұбаныш таба алмай жаралы шағаладай екі қанатын сабалап шарқ ұрғанда, жалғыздықтан жаны күйіп күйзелгенде күреске толы өткен күндеріне өткел салып, «Тебінгісін тесе атқан, Тізгінінен кесе атқан», «Кешегі Орақ пенен Мамайдай» батырларды армандап, аңсамай қайтеді; жолбарыс жүрегі елге азаттық тілеп бұлқынғанда Орақ пен Мамай сияқты батырларды бас­тап, тағы да қан майданға шығар күн туар ма екен деп ағысты қиял кешпей қайтеді. Бірақ ол қанша егіліп, жүрегінен ызалы жыр төксе де әсте жасып көрген жоқ-ты. Қайта егілген сайын егеулі найзаға айналып, дауыл шақырған ұлы теңіздей бұрқанып, тұла бойы бұлықсыған бұла күшке толып жүре беретін. Оның бұл ерен қасиеті оқ жыланның тілінен өрілген қай өлеңінен де айқын көрінеді. Өйткені Махамбет бұл өмірге Исатай басшысынан қапыда айырылып, қараорман ел ішінде жүрсе де жалғыздықтың азабын тартып, жапа шегіп, тағдыр тауқыметін арқалап, адам қолымен жасалатын зорлық-зомбылық, қысастық, қиянат, зұлымдық атаулының бәрін өз басынан өткеріп, оған қарсы кескілескен майдан ашып, күресу  үшін Жаратқан Иенің қалауымен келген Жанартау ақын болатын. Ал көкірегін от-жалын кернеген Жанартау қай заманда жарылып атылмап еді. Оның өлеңдерін оқығанда ондағы ыстық қуаттардың лапылдаған жалыны жүзіңді шарпып, тұла бойыңды қыздырып, қан тамырларыңды кернеп, жарып жібере жаздап тұратыны, сайып келгенде, бұның бәрі Махамбеттің азатшыл, күрескер ақын боп жаратылғандығынан. Өйткені Алла Тағала Махамбетті былайғы жұрттың біріне де ұқсатпай бар мейірім шуағын төгіп, қайталап айтқанда, есесі кеткен елдің кегін қусын деп кеудесіне күн қондырып, ерлік рухын егіп, адалдықтан, ар-ұяттан, ыза-кектен, намыстан сомдап, ізгіліктің құрышынан құйып жаратқан болатын. Оның апай төс омырауын қақ жарып өтін алса да өкініп, қабағын шытпайтын көкбөрі ақын боп туған терең астарында осындай тұңғиық сыр жатыр. Ал көкбөрі ешуақытта жауына берілмейді, тек өледі. Махамбеттің  тағдыры да солай болды. Қанша қуғын-сүргін көріп, қанша азап шексе де алған бетінен қайтпай ақырында қапыда көз жұмды. Бірақ жау қолынан емес, өз қандасының жауыз қолынан. Алайда «Ел іші алтын бесік» десек те, сайып келгенде, ел ішінің қалың жықпылында жаулығы да бұғынып жататын көрінді. Олай болса: «Біз батыр халықпыз, ақын халықпыз. Сұңқарларға тор құрып, Тұлпарларға ор қазатын Қиянатқа жақын халықпыз» деп айтпасқа шара қайсы?
Осындайда Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлының: «Ұлым, дейтін халқың болмаса, халқым дейтін ұл қайдан болсын» деген аталы сөзі еске түседі. Алайда оны ұғатын жұрт қайда? «Ұлығың – ұры, сатқының – сардар, ұрың – ұлы» атанған мына сұрқай заманда кімге жөн айтып болады.
Жұмыр Басы Ерліктің шабылғасын,
Шаңырағы неге елдің шағылмасын.
Қапы соғып, Ерлікті  Ездік жеңсе,
Неге ендеше қылышын тағынбасын.

Махамбет жоқ,
Сенемін енді кімге,
Тап болғанда ызғарлы желді күнге.
Содан бері тумады бір Махамбет,
Сын емес пе кең құрсақ елдігіме.

Қызғыш құс та жоғалып көл қорыған,
Үміт жанбай көк шөптей ерте орылған.
Ел қорыған Махамбет жоқ болғасын,
Ұлықтар да ұры боп ел торыған, – деп күйінген сәттеріміз де жоқ емес.
Айтпақшы, Махамбет «хан емессің қасқырсың» деп ізінен қан сорғалаған сұмдығын бетіне шыжғырып басқан Жәңгірді соңғы жылдары дәріптеп, оны дауылпаз ақыннан биік қойып, айдынын асырып мақала жазып, төрелік айтатындар табылды. Олардың уақыт қателігін түзетіп, Жәңгір ханды пәле-жаладан аршып, ақтап сөйлеп, әділ бағасын бергеніне кім қарсы. Бірақ Махамбеттің пәсін Жәңгірден төмендетіп, босқа арам тер болудың қажеті қанша? Оу, ағайын, Жәңгір хан елге сәулесі түскен мың жерден данышпан, мың жерден кемеңгер болса да «адырнасын ала өгіздей мөңіреткен» Махамбеттен, қалай десек те, құзырлы емес. Себебі Махамбет Жәңгір хан секілді патша өкіметінің қолшоқпарына айналып, бодан елді билеп, сағанағы сарқ, қағанағы қарқ боп, қызықты дәурен сүрген жоқ. Сол бодан елді ботадай боздатқан отаршылдық жүйеге, яғни зорлық-зомбылыққа құрылған қарау қоғамға қарсы ашық айқасқа шығып, ақырында азаттықтың ақ жолында шейіт болған арыстан. Қысқасы, отаршылдық құрсау алып қарағай болса, Махамбет сол алып қарағайға қарсы біткен қайсар бұтақ, отаршылдық құрсау алып емен болса, Махамбет сол алып еменнің алқымына шеңгел қолын салған иір бұтақ. Ал алды кең, арты тар Жәңгір ханның бойында бұндай игі қасиет қайдан болсын. Ендеше, оны қандай жағдайда да дауылпаз ақыннан биік қойып, күпіршілік жасауға болмайды.
Осы еңбекті жазу үстінде Махамбеттің поэзиясы хақында жа­зылған бірді-екілі мақалаға көзім түс­кен еді. Солардың бірі – ақын Ғафу Қайырбековтің «Қырқарланып өткен ер» деген мақаласы. Көркем ­тіл­мен әсерлі жазылған сол мақаладан: «Баяғыда КазПи-де бізді оқытқан профессор, марқұм Қажым Жұмалиев Махамбет өлеңдерін сорғалата жатқа айтып келіп: «Көрдіңдер ме, Махамбеттің өлеңдерінен қан исі шығады» дейтін» деген сөйлемдерді оқығанда алабұртқан көңілім су сепкендей басылып қалды (Махамбет. Жорық жырлары. 188-б).
Бәлкім, қасықтың сабына қарауыл қойып сөйлейтін мезгілде, яғни Кеңес өкіметі тұсында ғұлама ғалымның студент жастарға Махамбет жырының қасиет, ерекшелігін осындай астарлы тәсілдермен түсіндіріп, ұғындырып жеткізбек болған шығар. Бірақ қалай десек те, ғалымның бұл сөзі жүрегімді ызғардай қарып түскені өтірік емес. Махамбеттің ызалы кектен туған өлеңдерінен қан исі емес, өшпес ерліктің өткір исі шығып тұратынын ғалым ағамыз қалай сезбеген – таңданбасқа шара қайсы?
Қысқа күнде қырық құбылған мына сұрқай уақытта кең дүниеден пана таппай жабырқап, қарайғанның бәрінен түңіліп, салың суға кетіп, көңілің қу  даладай құлазып, іркіттей іріп, бөздей жыртылып, жүйкең жұқарып, тозып, сіркең су көтермей қажып келіп Махамбеттің ыза-кектен туған кез келген жырын оқысаң болды – сол бойда көкірегің қыжылға толып, шамырқанып, тамырыңда асау қан тулап, атойлап шыға келесің.
Иә, Махамбет поэзиясы азаттық жолында, мақсат-мұрат жолында болған шай­қастардың бәрі сәтсіз аяқталып, соның қайғы-қасіретін арқалап, жапан далада жалғыз жортқан жолбарыс жүректің халықтық рухта буырқанып ақ­тарылған ашу-ызасы, құса-мұңы, кекті намысы. Махамбет трагедиясы – отаршылдық құрсауда күн кешіп, зор­лық-зомбылықтан көз ашпай шер жұтқан қазақ трагедиясы. Найзасын намысқа, қылышын кекке суарған Исатайдан, Исатай бастаған қабылан мінез сарбаздардан айырылған ­Махам­бет ол кезде қандай жалғыз болса, қорғаушысы жоқ қазақ халқы да сондай жалғыз еді. Сондықтан болар, қайғысы – халықтың қайғысына, халықтың қасіреті – ақынның қасіретіне ұласып, жүрегінен ызалы жыр боп төгілген-ді. Егер Махамбет өкініші өзегін өртеп, жапанда жалғыз жортып, күйзеліп, күңіренбегенде ақ семсердің жүзіндей өткір, оқ жыланның улы тілінен өрілген уытты өлең тудыра алмас еді. Оның тағдыр тауқыметін тартып, азап шеккені, бәлкім, сорын қайнатқан шығар. Алайда өлеңдерінің тереңнен қайнап, шымырлап, бойға қуат дарытып, бұрқанып шықпасына қоймады.
Қапыда атып кететін жаудан да, екіталай күн туғанда жалт беріп, сатып кететін достан да қорықпаған ­Махамбет жалғыздықтан сұмдық үрейленіп, төңірегінен тұтқа болар кісі қарасын іздеп, «адыра қалған Нарында» әрі-бері қиыр-шиыр жол тартып, аш бөрідей түн қатып талай жортқан.
Арғымақ, сені сақтадым,
Құлағың сенің серек деп.
Азамат, сені сақтадым,
Бір күніме керек деп.
Алайда «бір күніме керек» деп сақтаған арғымағынан да, азаматынан да қайран болмады. Дауылды күні тулаған теңіздің жаңқасындай жағаға шығып қалса, арда туған Махамбет:
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс!
Ел қорыған мен едім,
Мен де айырылдым елімнен.
Көл қорыған сен едің,
Сен де айырылдың көліңнен, –
деп күңіренбей қайтеді. Сөз тыңдар құлақ, тұнып аққан бұлақ жоқта көкірегі запыранға толған шерлі ақын «қанаты қатты, мойны бос» қызғыш құсқа мұң шақпай қайтеді.
Аузын ашса ақ жалын ақтарылып, әр сөзінің жалыны бет шарпып тұратын Махамбет алдағы күндерінен жылт еткен сәуле көрмей қанша түңілсе де сазға біткен сары ағаштай солқылдап, өжет те өршіл қалпын жоғалтып, сыр берген емес. Қайта қабарған сайын қатайып, өксіген сайын өркештеніп, жабыққан сайын жоталанып, құлазып, қажыған сайын құрыштай қорытылып, болаттай бекіп, тас түйін боп алған-ды.
Мұнар да мұнар, мұнар күн,
Бұлттан шыққан шұбар күн.
Буыршын мұзға тайған күн
Бура атанға шөккен күн.
Бұлықсып жүрген мырзадан,
Бұрынғы дәулет тайған күн.
Қатарланған қара нар
Арқанын қиып алған күн.
Алма мойын аруды,
Ат көтіне салған күн
Бұландай ерді кескен күн,
Буулы теңді шешкен күн.
Сандық толы сары алтын,
Сапырып судай шашқан күн.
Құдай-ау, бұлтты күнгі аспандай күркіреп, тау-тасты қопарып, дүниені теңселтіп тұрған бұндай қуатты өлеңді оқығанда кімнің арқасы қозып, кімнің тамырында асау қан ойнап, асыр салмасын. Өлеңнің әр жолы өзегіне қорғасын құйып өрген жуан дыраудай шиыршық атып тұрған жоқ па?! Суырып алып сілтесең не нәрсені де қиып түсері хақ. Бірақ «буыршын мұзға тайып жығылған» бұл мұнар күндерде Махамбеттің басынан да бақ тайған жоқ па еді. Алайда оны бұлай тебінтіп сөйлетіп тұрған қандай күш? Ол – рух! Рух болғанда да ауызекіде жиі айтыла беретін жай рух емес, тауды тауға соғып, мұхитты мұхитқа қосып, дүниені төңкеріп, аласапыран етіп, сапырылыстырып жіберетін алапат рух! Тектіні тексіздің тепкісінен құтқарып, шұбар төстердің шынжырын үзіп, қарау қоғамның қамалын бұзып, ел тонаған ұры ұлықтардың төбесіне құдық қазып, зар жылатып, аш бөрідей ұлытатын ұлы рух!
Семсер қайралған сайын өткірлене түсетін болса, жылдар жаныған кемел талант та солай: ол неғұрлым қиындық көріп, жабыққан сайын жоталанып, өксіген сайын өркештеніп, азап шеккен сайын арнасын кең ашып, шамырқанып, рухтана түседі. Абай: «Уайым – ер қағаны» деген. Уайымнан – уытты, қайғыдан – қайратты өлең тумай тұрмайды.
Әлбетте, мұңданғанда мұхиттың толқынын тулатып, тауаны шағылып, шамырқанғанда таулардан асып,  ақырған арыстандай аузын желге толтырып сөйлейтін «кескекті ердің сойы» Махамбет қамшының сабындай келе ғұмырында не көрмеді. Қырға шығып, қызық қуған бал дәурені атқан оқтай зуылдап өте шығып,  ойда жоқта басына бұлт үйіріліп, алағай да бұлағай өмір кешіп, ел қорыса да сол елден пана таппай қайда қаңғымады, қайда лағып, қайда сапар шекпеді. Жалған дүние жалғандығын жасап, жалт бергенде айдалада жалғыздықтан жаны жүдеп, қызғыш құстай екі қанатын сабалап, ызалы қышқырғынын өзінен басқа кім естіді. Сол қайғылы көріністің бәрі өзегін өртегенде жүрегінен үстіне қыжым киіп, құлпырған өлең емес, бұрқ-сарқ қайнаған қыжылды өлең бұрқанып төгілген жоқ па. Бәлкім, содан да болар, Махамбет кейде жапан далада қара санынан қан саулап жортып келе жатқан жаралы көкбөрі боп та көзіме елестейді.
Иә, ол Бөрілі Байрақ көтеріп, майданға шыққан Көкбөрі ақын еді. Жауыз қолдар ақынның басын қапыда шапса да, шынтуайтқа келгенде Махамбеттің өзін де, ыза-кектен өртеніп туған өжет өлеңдерін де өлтіре алмады. Байқап қарасаң Махамбеттің шабылған Басы мына жарық жалғанның опасыздығына күйініп, миы солқылап қайнап, зұлымдық атаулының бәріне кектеніп, «Қап! Қап!» деп ызалы өкініштен тісін шақырлата қайрап, болашаққа домалап бара жатқандай.
Махамбеттің тұлға-тұрпаты, жүріс-тұрысы, қасиет ерекшелігі, кескін-келбеті, өжет мінезі, жаратылыс-болмысы, ар-намысы, ыза-кегі, құса-мұңы, қысқасы қайшылыққа толы өмір жолдарының  бәрі оның Баймағамбет сұлтанға айтқан өлеңдерінде жан-жақты ашылып, терең әрі қомақты көрінеді. «Ер Төстігім бір төбе» демекші, ақынның өзге туындылары да көркемдік жағынан болсын, өткірлік жағынан болсын, айтқыштық жағынан болсын бұдан кем түспейді. Алайда оның мына өлеңі алтын жалатқан шенін мұрат тұтып, аузымен құс тістеп, аспанға түкіріп отырған қара нойыс дүлейдің көзіне тура қарап, қанды қылмысын бетіне шыжғырып басып, ыза-кегін тайсалмай батыл айтып, айбат шеккен Махамбеттің көңіл күйін, жан арпалысын, шарасыздықтан қан жұтқан күйзелісін терең ашып көрсете білген қасиет, ерекшелігімен ақиқаттың ақ шыңындай асқақ көрінеді. Өйткені Махамбетке дейін де, одан кейін де заманды билеген, қарауындағы қара халықтың ар-намысын таптап, терідей илеген «Құдай емеспін, Құдайдан да былай емеспін» деген дүмділердің бетін тіліп, бұлай өктем сөйлеген ақын болған емес.
Махамбет көзі тірісінде өлеңді аз жазды ма, жоқ көп жазды ма, білмеймін, бірақ бізге жеткен азын-аулақ жырының өзі дүниені дүр сілкіндіріп, жарық жалғанды кір-қоқыстан тазартып, кесір-кесапат, жамандық атаулының бәріне бітіспес майдан ашып, жігеріңді жанып, намысыңды қайрап, күреске шақырып, ереуіл салған егеулі найза жырлар екенін көзі қарақты кісілер жақсы біледі. Ал оның тұтықпай, от тиген қаудай лап етіп, тұтанып сөйлеп, Баймағамбет сұлтанға айтқан адуынды өлеңдері соның бәрінен де әлдеқайда қызулы, әлдеқайда шоқтықты көрінеді. Өйткені тұла бойы­на бұлықсыған бұла күш сыймай тулап, көкке шапшып, атылып тұрған бұл өлеңдерден Махамбеттің өршіл рухы, өжет мінезі, өкінішті өмірі, кекті ызасы кім-кімді де шамырқандырып, бүркітәруақтанырмай қоймайды. Бұл жырлардың құдіреті сонда: ел қорыған ерлер түгіл түзде – қатын, үйде – батыр ездер де егеулі найза қолға алып, атқа ақырып қалай қонғанын аңғармай қалады.
Баста дәурен тұрғанда,
Біздер-дағы, байеке,
Оза көшіп, кең жайлап,
Еркімен еркін жатқан ел едік.
Бұл төрт жол өлеңде қыста қыстауына, жазда жайлауына көшіп, еркін өмір сүрген қазақ жұртының бейбіт шағы бейнеленсе, ал келесі бөлімінде зорлық-зомбылыққа төзбей намыс қуып атқа қонған ерлердің қажырлы іс-қимылы айқын сипатталған.
Ханның кірген ақ орда,
Бұзуын ойлап кеңестік.
Аламанға жел бердік,
Аса жұртты меңгердік.
Қара қазақ баласын
Хан ұлына теңгердік.
Өздеріңдей хандарды,
Қабырғасын сөгілтіп,
Қабырғадан аққан қан
Ат бауырына төгілтіп,
Әділ жаннан түңілтіп,
Ат көтіне өңгердік.
Бұл өлең жолдарында Исатай батыр бастаған арыстан кеуде сарбаздардың және өзінің ерлікке толы жорықты күндері бейнеленсе, ал туындының одан арғы бөлімінде Исатайдан да, арыстан кеуде сарбаздардан да түгел айырылып, «адасып қалған үйректей» жалғыз қалған Махамбеттің өкінішті өмірі көзіңе елестеп, дауыл тілеген теңіздей буырқанып, ыза-кек боп булығасың. «Шарға ұстаған қара балта» Махамбет шабуын таппай кетілсе – сен де бірге кетіліп, қайрағанда қайыра жетілсе – сен де бірге жетіліп, тұмсығыңмен көк тіреп, шоқ шайнап, от түкіріп отыратының және өтірік емес. «Сүйегім тұтам қалғанша, Тартымбай сөйлер асылмын!» деп бүгінгі күннің Баймағамбет сұлтандарына ақиқаттың сөзін айтып, тәубесіне түсіргің келеді. Бірақ ондай күн қайда?! Құл жиылып – бас, құм жиылып – тас болған мына өтпелі кезеңде атқан оққа тоқтамай аталы сөзге тоқтайтын бұрынғылардан қалған жұрнақ бар деймісің, тәйірі. Алаш десең – атқа қонып, қазақ десең – қабырғасы қайысып, қайғы ойлайтын азамат жоқ та аталы сөзің кімге дәрі. Ал билік басында жүргендердің көбі қыжылмен айтқан бірауыз сөзіңді көтере алмай басыңа бұлт үйіріп, ізіңе шам алып түсуден танбайды. Өйткені елдің сенімінен шығып, үмітін ақтап, жүгін көтере алмай жүргендер сенің бірауыз сөзіңді қалай көтерсін. Жә, бұларды былай қоя тұрып, Махамбеттің Баймағамбет сұлтанмен бетпе-бет келгенде ызалы кектен туған өлеңін одан әрі оқып, жігер жанығанымыз жөн шығар. «Тілегін Тәңір бермесе де», «кескілеспей бір басылмайтын», «бұлтқа жетпей шарт сынбайтын» көкбөрі ақынның Баймағамбет сұлтанға ашынып та, ақтарылып та айтқан ақырғы сөзі еді бұл. Ал қара дауылдай борап, жойқын тасқындай долырып, телегей ашу-ызамен түйдек-түйдек айтылған бұл кекті сөздерді ақырына дейін сабыр сақтап тыңдай білуі, сөз жоқ, Баймағамбет сұлтанның да тегін кісі емес екенін аңғартады. Егер ол көп тұғырдың бірі болса, онда үстінен құс ұшырмай дәріптеп жүрген Махамбетте қандай қадір-қасиет қалар еді. Баймағамбет, қалай десек те, нарқоспақтан туған нарқоспақ. Махамбет те өкпе, назын кімге айтарын жақсы білген. Әйтпесе, сөз шығындап қайтеді.
Мен – мен едім, мен едім!
Мен Нарында жүргенде,
Еңіреп жүрген ер едім.
Исатайдың барында
Екі тарлан бөрі едім.
Ерегіскен дұшпанға
Қызыл сырлы жебе едім.
Жақсыларға еп едім,
Жамандарға көп едім.
Ерегіскен дұшпанның
Екі талай болғанда,
Азыққа етін жеп едім.
Хан баласы ақсүйек,
Ежелден табан аңдысқан
Ата дұшпан сен едің,
Ата жауың мен едім.
Ежелгі дұшпан ел болмас,
Етектен кесіп жең болмас!
Хан баласы ақсүйек –
Байеке сұлтан сен болып,
Сендей нарқоспақтың баласы,
Маған оңаша жерде жолықсаң,
Қайраңнан алған шабақтай
Қия бір соғып ас етсем,
Тамағыма қылқаның кетер демес ем!
Паһ! Кенет Махамбеттің кеудесінде ғасырлар бойы от-жалын кернеп, іштен тынып, тұншығып келген жанартаудың көкірегі қақ айырылып, түйдек-түйдегімен атқылаған қызыл шоқтары сұлтанның қабарған қалың қара бетін қарып түскен жоқ па. Өлеңнің әр жолы найзағайдың дырау қамшысындай осып, жон терісін тірідей сыпырып, қара жерге қазықтай қағып, бойлата кіргізіп жібергенде хан баласы ақсүйек қалай шыдады екен. «Қайраңнан алған шабақтай Қия бір соғып ас етсем, тамағыма қылқаның кетер демес ем!» дегенде, Махамбеттің екі беті өрттей жанып, көмекейі жел сорған көріктей керіліп, аузы астаудай ашылып, жұтынып ­тұрған-ды. Бірақ дүниеде шарасыздықтан өткен зауал бар ма, тәйірі. Махамбет жау шапқанда желімделіп, ұстасып қалған қылыштай қынабынан суырыла алмады. Ол сол мезетте найзағай бұтақтарындай шалт қимылдап, тез тұтанып, шамырқанып шарт кеткенде Баймағамбет сұлтанның күлі көкке ұшар ма еді. Бәлкім, ақын жер түбінен ұстасып, ғұмыр бойы жағаласып келген нарқоспақ қарсыласын өкпеге қиса да өлімге қимаған шығар, кім біледі?!
Бірде қырық жыл Қыдыр боп ел басқарған Дінмұхамед Қонаевтың естелік кітабынан: «Тірілер өлгендердің көзін жабады. Өлгендер тірілердің көзін ашады» деген сөзді оқып, едәуір ойланып қалғаным бар-ды. Әлі күнге дейін ұмытылмай есімде жүрген кемеңгердің сол сөзі Махамбетке де арналып айтылған сияқты. Ақынның асыл сүйегі сыз татып, топыраққа айналғалы қай заман. Алайда оның жорық жырлары мына сайын даланы шарлап, өршіл рухы кімнің жүрегін суарып, қолтық-қойнауларда құм көмген қай қайнардың көзін ашпады.
Тәңір жарылқап, Тәуелсіз мемлекет атанған алғашқы жылдары ел ішінде түрлі-түрлі саяси күштер бір-бірін тыңдамай қайшыласып, өзара тартысып, жаға жыртысып, айтысып кеткенде Махамбет жырының ұлы рухына суарылып өскен жігіттердің бір тобы Оралға, бір тобы Павлодарға және бір тобы Алтайға аттанып, бүйректен сирақ шығарып, орманға қарап үрген бұралқылардың үнін өшіріп, сес танытып қайтпап па еді. Егер бұлар болмағанда тұтас бір өңірді жалпақ табанымен басып, бүкіл қандас қарындастың ар-намысын таптап, астамсып тұрған қандыбалақ қарақшы Ермактың құрыштан сомдалып құйылған алып тас тұлғасын кім батып құлатар еді. Оны айтасың, әуелі Желтоқсан көтерілісін бастап, ақырып теңдік сұрап, алаңға шыққан студент жастар да мектеп қабырғасында Махамбет жырының рухына суарылып жетілгендер болатын.


«Ана тілі» газеті

ПІКІР ҚАЛДЫРУ