Маңғыстауда қазақтың үш биіне ескерткіш қойылды

0
60

Биыл Маңғыстау жеріндегі «Отпан» тарихи-мәдени кешеніне — 10 жыл. Осыған орай, облыс көлемінде мерекелік шаралар ұйымдастырылып, кең көлемде аталып өтті. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Үш жүздің төбе билері» атты монумент кешені ашылып, ғылыми-практикалық конференция, қолөнер шеберлерінің республикалық көрме-жәрмеңкесі мен ұлттық ойындардың жарысы ұйымдастырылды. Елбасы мақаласында «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұланғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз» деген болса,  осы тұрғыдан алғанда Отпан тау – тек қазақ халқы үшін ғана емес, киелі түбекті бізге дейін де жайлаған жеті жұрт үшін қымбат мекен. Отпан таудың ежелден арқалаған мақсат-міндеті бар. Ол — ынтымақ пен бірлік сақтау және ағайын арасындағы татулық туын тік ұстау. Кешеннің идеологиялық көрінісі – ел президенті Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасымен үндесіп, ұлт бірлігінің ажырамас бөлшегі саналады.

— «Отпан тау – көпұлтты Отанымызда тағдыр табыстырған өзге ұлт өкілдері үшін де қастерлі нысан. Байқаған адамға мұнда іс жүзінде, қазақстандық ұлт идеясы жүзеге асырылып жатыр. Жаңадан ашылған «Үш жүздің төбе билері» монументінің тұғыры да осындай биік идеяларды көздеген асқар таудың басы болмақ керек. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды. Сондай-ақ ол, Отпанның ұлыларымыздың өнегелі жолын насихаттау арқылы жас ұрпақтың санасына ұлттың генетикалық кодын сіңіріп, «Мәңгілік ел» стратегиясы негіздерінде тәрбиелеуде атқарған рөлі зор. Отпан тауды қазақтың қарашаңырағының отауы десек, бүгінгі «Үш жүздің төбе билері» монументінің Отпан таудан орын тебуі заңдылық. Ұлылардың ұлағаты ұрпақтың жүрегіне ұяласын! Ұлттық кодты сіңіру дегеніміз – міне, осы, — деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.


Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ