• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Жас талант » Шетелде өзін мойындатқан Дархан

    Шетелде өзін мойындатқан Дархан

    Ақтау мен Атырауда тұрмаса да, мұнай жəне газ саласында білім алып, білікті маман болу, «Болашақ» бағдарламасының көмегінсіз-ақ АҚШ-тағы ең беделді университеттердің бірі Стэнфордта білім алу, Колорадодағы мұнай компаниясында табысты еңбек ету, топ-менеджерлерді дайындайтын Siemens компаниясына əлем бойынша шақырту алған алтылықтың қатарына  ілігу… Қарап тұрсаңыз, мұның бəрі мүмкін емес сияқты көрінеді. Алайда қазақтардың арасында осы аталғанның барлығын басынан өткерген тұлға бар. Ол – Дархан Құралханов. Жақында Алматы қаласында жастармен кездесу өткізіп, шетелдік университеттерге қалай грантқа түсуге болатыны, адамның өзін жəне өзінің энергиясын қалай басқаруы керектігі туралы айтты. Кездесу барысында біз де «ұландық» оқырмандарды қызықтыратын сауалдарға жауап алдық.

    «Сенің қолыңнан келмейді!» деген сөз «кінәлі»

    Ұлан: Қандай оқушы болдыңыз? Қайда оқыдыңыз? Əңгімемізді осыдан бастасақ…

    Дархан Құралханов: Алматы қаласындағы №147 мектепте оқыдым. Қарапайым оқушы болдым (күлді). Мектеп бітірген соң, 2001 жылы Қ.Сəтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-ға грантқа түстім. Университетте мұнай-газ саласы бойынша 5 жыл білім алдым. Қызыл дипломмен бітірдім. Оқуымды аяқтауға жарты жыл қалғанда өндірістік тəжірибе кезінде «Қарашығанақ» компаниясына жұмысқа қабылданғанмын. 2006 жылы сол компанияда ең жас маман ретінде қызмет еттім.

    Ұлан: Шетелде оқу туралы ой қалай, қашан туды?

    Дархан Құралханов: «Қарашығанақ» компаниясында жұмыс істеп жүргенімде магистратура оқуым керек екенін түсіндім. Өндірістегі міндеттерімді күнделікті атқара бергеннен жалықтым. Жан-жағымдағы қызметкерлерге қарасам, маған қарағанда көп нəрсе біледі. Жиналыстарда бір мəселе туындаса менен гөрі жылдам əрі дұрыс шешім қабылдайды. Олардың менен несі артық деп ойладым.Сөйтсем, білімі артық екен. Бакалаврдың білімімен алысқа бара алмайтынымды түсіндім. Өзіме жаңашылдық қажет деп шештім. Сөйттім де оны қайдан іздеу керек деген ойға қалдым. Əрине, шетелден! Осылайша 4 бірдей шетелдік университетке өтініш жібердім. Нəтижесін ұзақ уақыт күттім. Ақырында төртеуіне де грантқа түскенімді білдім. Алайда, Стэнфорд университетін таңдадым.

    Ұлан: Америкада ғана емес, басқа да мемлекеттерде білім алып, тəжірибе жинап келгеніңізді білеміз. Осы жайында толығырақ айтып берсеңіз…

    Дархан Құралханов: АҚШ-тағы оқуымды аяқтаған соң, екі жыл сонда қалып жұмыс істедім. Үйренгім келді. Себебі онда расымен үйренетін нəрсе көп. Америкада жүріп INSEAD MBA деңгейін алдым. Оның не екенін біле бермейтін шығарсыздар, Financial Times-тің айтуынша, бұл əлемдегі №1 бизнес мектеп. Америкалық компанияның өндірісін толық меңгеріп болған соң жаңа деңгейге өткім келді. Мені коммерциялық жобалар мен өндірістегі бизнес саласы қызықтырды. Алайда, INSEAD-ті меңгермегенім үшін компания мұндай мүмкіндік бермеді. Ал INSEAD-ті меңгерген соң менің Германияның Siemens компаниясы CEO бағдарламасы бойынша дайындықтан өтуге шақырды. СЕО бойынша Сингапурде жəне Францияда оқыдым.

    Қарап тұрсам, мені алға жетелеген сөз – «Сенің қолыңнан келмейді!». Мектеп бітірген тұста мұнай-газ саласы беделді еді. Оған түсу əркімнің қолынан келмейтін. Ал менің «əркім» болғым келмеді. «Қолымнан келеді!» дедім де, грантқа түстім. Егер сен Батыс Қазақстаннан болмасаң, мұнай-газ саласында ағаң немесе «көкең» болмаса жұмысқа орналаса алмайсың дегендерге ерегескенде «Қарашығанаққа» жұмысқа тұрдым. Менің қолымнан келді. Шетелде оқимын дегенде əріптестерім тағы да сол «қолыңнан келмейдіні» алға тартты. Мен тағы да өз дегенімді істедім. АҚШ-та да «қазақылықтың» иісі бар. Себебі, олар да маған: «Бизнес саласында жұмыс істеу үшін жоғары білім керек, ал бұл сенің қолыңнан келмейді», – деп айтты. Мен адамның мүмкіндігі шексіз екенін, қолынан бəрі келетінін дəлелдеп келемін. Қазір маған ешкім «қолыңнан келмейдіні» айтпай жүр. Егер айтса, не істейтінімді білмеймін (күлді).

    Шетелде не үшін оқығың келеді? Алдымен осыған жауап тап!

    Ұлан: Мемлекеттік грантпен оқыған жоқсыз. Шетелде жақсы компанияда жұмыс істедіңіз. Қазақстанға қашан оралдыңыз жəне қайтып келуіңізге не себеп болды?

    Дархан Құралханов: Шетелде оқып, мол тəжірибе жинаған соң Қазақстанға қайта оралдым. Шетелде үйрен-генімді қазақстандықтарға үйреткім келді. Осылайша, ұстаздық қызметке кірістім. Қазақ-Британ техникалық университетінің студенттеріне дəріс беріп жүргеніме екі жыл болды.

    Ұлан: Қазақ жастарының бəрі шетелде оқығысы келеді ғой. Өз бетінше шетелдік университетке грантқа түсу үшін не істеу керек?

    Дархан Құралханов: Шетелдік университеттерде ең маңызды кезең – эссе жазу. Эссе мен шығарманы немесе мақаланы шатастырмау керек. Эссе деген – өз ойыңды жазу, өзің туралы жазу. Ең бірінші талап етілетін нəрсе – адалдық. Өтірік айтудың қажеті жоқ. Эссе жазудағы басты мақсат – оқу орнының комиссиясы сенен сұрағысы келетін кем дегенде 15 сауалға жауап беру. Университетке не үшін түскің келеді, оқу орны, мамандық туралы не ойлайсың, не білгің келеді, осының бəрін ашық жазу керек. Ол жерде отырған профессорлар ақымақ емес, бəрі шетінен психолог. Жалған пафос пен шынайылықты бірден айыра алады. Жалпы, өзімнің ұстаздық тəжірибемнен де айтарым: ешқашан өтірік айтпаңдаршы! Біз бəрін білеміз, бəрін түсінеміз. Біздің жастар шетелде оқығанның жақсы нəрсе екенін ғана біледі. Алайда өзінің не үшін шетелде оқығысы келетінін анық білмейді. Көпшілігі магистратураны жоғары дəреже алу үшін немесе алдағы екі жылдық өмірін студент болып өткізу үшін, шəкіртақы үшін оқиды. Егер мақсат осындай болса, екі жылдық ғұмырың босқа кетті деп есептей бер.

    Өмірдегі ең оңай нəрсе – ақыл айту. Жастарға айтарым, өзіңнің жолыңмен жүр, өз даңғылыңды қалыптастыр. Кейін басқалар сенің жолыңмен жүретіндей болсын. Мен ешкімнен ақыл-кеңес сұрамадым. Стэнфорд университетіне алғаш кеткенімде əуежайдан ешкім күтіп алған жоқ. Университетке қандай автобус баратынын сұрап, мініп алдым. Таңғы сағат 6:00. Автобуста кілең қаңғыбастар мен бомждар. Америкада ондайлар көп екен ғой деп мəн бермедім. Ақшамның бəрін долларға айырбастап алғанмын. Өзге жолаушылар тиынмен төлеп жатыр. Менікі ірі ақша. Жүргізуші тегін жеткізіп тастады. Ой, Стэнфорд университетінің қандай үлкен екенін білсеңдер ғой! Өзіме қажетті ғимаратты тапқанша екі сағат сенделіп жүрдім. Қолымда екі үлкен шабадан бар. Жөн сұрайтын адам да жоқ. Əрине, күн шықпаған кезде кім көшеде жүрсін?! АҚШ-та жұмыс істегенде де, Сингапур мен Францияға кеткенде де қорқыныш болған жоқ. Қазақ жастары жасықтықты, ұяңдықты қою керек. Қорыққан сайын кедергілер көбейе береді. Бəрін өз көзіңмен көру керек. Мүмкін біреулерден естігенің жай əңгіме шығар.

    Ұлан: Қандай кітаптар оқуға кеңес бересіз?

    Дархан Құралханов: Кітап оқыған деген өте жақсы нəрсе. Жастар осыны түсінсе екен. Менің осы күнге дейін жеткен жетістігімнің сыры – оқуға, білуге деген талпыныс пен махаббатта. Аптасына 3-4 кітап оқимын. Əрине, олардың бəрі том-том қалың кітаптар емес. Жұмыстан келген соң оқитын кітап таппай қалсам, күйзеліс басталады. Пауло Коэльоның «Алхимик» деген кітабын білетіншығарсыңдар. Сенсеңдер, осы кітапты ай сайын 5-6 рет оқимын. Əр оқыған сайын шабыт аламын, өзіме жаңа əлемнің есігін ашқандай боламын. Қиын таңдаудың алдында тұрғанда, шешім қабылдау керек болғанда, жай ғана шаршағанда да осы кітапты оқимын.


    Дана ҚАНАТҚЫЗЫ

    «Ұлан» газеті, №9
    27 ақпан, 2018 жыл

    zhasorken.kz

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Қарағандыда жас журналистер сынға түсті

    Биыл журналистика мамандығының пәндік олимпиадасы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетінде  өткізіліп жатыр. Білім бәйгесіне еліміздің ...