Тайпалық қоғамдағы өркениет мәселесі

Бүгінгі қазақ қоғамының басты мәселесі, бір жағынан «ру-тайпаны дәріптеп, сол деңгейдегі санада қаламыз ба, әлде өркениетті  ұлт, толыққанды мемлекет боламыз ба?!» деген сұраққа жауап беру болып табылады:

1. Ру-тайпа, ол тек қазақтың ерекшелігі емес. Ол, дамуы алғашқы қауымдық дәуірде қалған Африка, Океания тайпаларына да тән қоғамдық жүйе. Ол, біздегі мемлекеттік  жүйе сияқты, көсемдерге бағынады.  Олар, жабайы аң-құстарға табынса, бізде де ордендер орыстардай Суворов, Кутузов… ұлы тұлғалар емес,  барыс, қыран т.б. аң-құстардың атымен аталады. Сол Африканың тайпалары өздерін қорғай алатын біртұтас мемлекет құрудың орнына, ондаған жылдардан бері трайболизммен бірін-бірі қырып жатыр. Ондай қоғамда даму болмайды.

Қазақ қалмақпен 200 жыл соғыста бастары біріккен Есім, Тəуке т.б. хандардың кезінде жеңілмеді. Ал, үш жүзге бөлініп үш би билеген кезде Ақтабан шұбырынды қырғыны (1723ж.)… əр деректерде қазақтың 1/3 қырып, құлдыққа əкетіп… олар жерімізді жарып өтіп Еділден шықты. Əбілқайыр қазақтың басын қосқанда Аңырақай (1728 ж.) мен Бұлантыда (1731 ж.) жеңіп, қалмақты Тарбағатайға дейін қуды. Содан кейін үш би Əбілхайырды хан сайламағанда ел бірлігі бұзылып, қалмақтар жерімізді қайтадан 30 жылдай, Абылай қазақтың ортақ ханы болғанша биледі. Қазақ үшін ру-жүз мəселесі ол “ел боласың ба, əлде бордай тозасың ба” деген Гамлеттің сұрағын қояды. Қазақты ру-жүзге  бөлетіндер өздерінің бабалары не ру көсемсымақтары «елді неге қалмақтан, не орыс отарлауына қарсы, Исатай-Махамбет, Кенесары т.б. 300-ден астам көтерілісінде қайда болды?» деген сұраққа жауап іздеу керек. Сонда біз бұл дерттің тұтанса елді ыдыратып құртатын, қазақ санасындағы ең қауіпті траиболизмнің бықсып жатқан шоғы екенін түсінеміз. Онымен елді улайтындар ұрпақты рухани кемтар қылады. Саны қазақтай, 300-ден астам. Нобель лауреаттары шыққан, əлемдегі қаржының 1/4 билеген евреилер 13 рудан тұрамыз демейді, біз бір халықпыз дейді. Ал, “құл жиналып ел болмайтындар” жүз, ру, ата… əр інді күзеткен тышқандардай шексіз бөліне береді. Себебі, ондайлардың елді, не ұрпағын біріктіруге ой, санасы жетпейді. Ал, олар ойлап тапқан “əртүрлі ұлы теориялары” – ол қанденнің сарып кеткен жерінен тапқан “бақыттары”. Қазақша айтқанда “рушылдық – ол нақұрыстардың соңғы баспанасы”.
Ата-бабаның шежіресін білуді біреулер тектілікті сақтау, руды білу деп шатасып жүр. Кез келген қазақтың жеті атасына дейінге шежіресі он-он бес рудың өкілдерінен тұрады. Орта Азия халықтарының ішінде ең көп басқа ұлтпен тұрмыс құрып, жыныстық қатынаста болатын сол рушыл қазақтар. Сондықтан рушылдық – ол тек тазалығы мен ұлт бірлігіне кері әсер етуде.

Енді біреулер руды білген қыз алып-беріскенге қажет деп адамды малға теңестіруде. Есі дұрыс адамдар русыз-ақ, алатын келіннің жақын туыс емес екенін білсе болады ғой. Әлде келетін келін мен балаң сезімсіз мал ма?! Ғашықтар, өз тағдырларын өздері шешпейді ме? Ондай, трайболизмнің тарақаны бар жерге оқыған, арлы адам тұрмысқа барады ма екен?!

Ал, аз қазақты біреуің ұлы, бірің орта, бірің кіші жүзсің деп бөлгеннен не таптың?

Елді ру-жүзге бөлу – ол біртұтас Ұлттық идеясы мен идеологиясы қалыптаспаған яғни институттары жүйеленбеген мемлекетте болады. Ол, қоғамды әртүрлі кландарға бөліп коррупцияны дамытуға таптырмайтын құрал.

Жалпы, ХХІ ғасырда голография, кванттық сана мен технология дәуірінде әлеуметтік желіде ру-тайпалық мәселенің көтерілуінің өзі санадағы архаизм емес пе?!

Бұл жерде қазақ қоғамы өздерінің тайпа көсемдері бар, әртүрлі аңмен құсқа табынған (барыс, қыран ордендері т.б.), сакральдық (“О” дүниелік) Қазақстанмен жаңғырамыз дейтін америка үнділеріне ұқсағанымен, сол құрлықта ағылшындар құрған АҚШ қоғамын құрамыз деп армандайтын “Жаңа Васюкидің” азаматтарына ұқсайды.

Бұл, жарық күнде адасуға, алдануға, басқаға жем болуға не құл болуға бейім қоғам емес пе?!

Қазақтың ішінде өзі руын “қазақ емес, біз күннен жаралғанбыз” дейтіндер бар. Тарыдай шашылған қазақты қазір бір молаға жерлей алмайтын, яғни олардың бастары «О» дүниеде де қосылмайтын жағдайға жеттік.

Ондайлар, қазақтың басын екі дүниеде де қоспайды және олардың ұрпақтары да ұлттың қамын ойламайтын  тобыр болып қалады. Ондай елдің болашағы жоқ, алды тозақ! Оны жақсы түсінген отарлаушылар қазақты бөлу үшін әр рудан болыс сайлауды ойлап, алдымен оларды өзара қырылыстырып, содан кейін қырып салды, алашорданы да солай 6 топқа бөліп, соңынан жоқ қылды;

2. 1700 жылдан бастап І Петрдің бұйрығымен қазақ даласын отарлауға жүйелі кіріскенде Тәуке, Әбілқайыр, Абылай, Бөкей, Жәңгір, Кенесары хандар ру-жүзге бөлінген және негізгі кәсібі барымта (бір-бірінің малын ұрлаған елде бірлік, өзара сенім болмайды) болған қазақ хандығының бірлігін сақтай алмады.

Өткен тарих өзгермейді. Одан болашаққа сабағы қалады. Оны дұрыс пайдалану елдің болашағын айқындайды.

Соңғы мыңжылдықтағы қазақтың қырғындары Ақтабан-шұбырынды ру-жүзге бөлініп біртұтас хандықты сақтай алмағаннан болса,  1921-1932 жылдардағы жасанды аштықтағы жаппай қырғынның бір себебі өзен-көлде балық ауламау (Жайық пен Каспийде тайдай тулаған қызыл балықты да ауламапты ғой), аңшылықты кәсіп етпеу (сол жылдары бір бүркіт бір ауылды аштықтан құтқарған кездер болған), егін-көкөніс өсірмеуден болған.

Осы уақытқа дейін қазақ қоғамының дамуына үш ірі кедергі болды: ол а). көшпенділік және біржақты мал шаруашылығымен айналысу;  ә). соның салдарынан егін мен бау-бақша екпеу; б). Ру-жүзге бөліну.

Қазақ алдыңғы екі кедергіні қанды қырғын, бейбіт күнде аштықтан жаппай қырылу  арқылы өтті. Осы зұлматтар енді қайтып келмес үшін соңғы кесел – ұлтымызды ру-жүзге бөлуден құтқару керек. Алдыңғы екі кеселді қазақ саналы түрде түсініп, онымен өзі күрескен жоқ. Яғни оған саналы түрде жеткен жоқ. Мысалы, Жәңгір ханның отырықшылық саясаты (мектеп , аурухана… ашу), егіншілік пен малды будандастырып, асыл тұқым алу тәжірибелерін қабылдамады.

Біз көшпенділіктен отырықшылыққа өткенімізбен әлі күнге  санада сол кездегі:

aa). дәстүрлерден арыла алмай келеміз. Ол туралы автордың “Қазақ өркениетіндегі ұлт және рух мәселесі» мақаласында (Абай сайты).  Біз әлі күнге «дәстүрді тек сақтау керек» деген ұғымдамыз. Мәселе оны заманға сай дамытуда. Дәстүр абориген тайпаларда мыңдаған жылдар бойы өзгермей жақсы сақталады яғни дамымайды. Дамымаған дәстүр яғни қоғам құриды;

әә). Қазақ қоғамының демографиясы да көшпенділік кезіндегі бар дүниесі бірер ат не түйеге жүк болатын рациональды экономикаға негізделген ұрпақтың өсуін шектеуден әлі құтылған жоқ. Ол туралы, «1970 жылдары ОА республикаларының ішінде өсімі ең төмен қазақтар» деген Хандингтонның «Столкновение цивилизации» еңбегінде келтірілген және 1991 жылдан бері өзбек ағайынның саны 13 млнға (ҚР қазақтың санына) өскенде, қазақтың санының оралманның есебінен бір млн.-ға ғана өскенін немесе жалпы табиғи өсімнің болмағанынан көреміз. Сондықтан, мамандар қазақты өспейтін, яғни өшетін халықтар санатына жатқызуда.

Енді, осы ру-жүзге бөлу сияқты үшінші зұлматпен қазақ өзі күресіп, одан құтылмаса, ол келесі Ақтабанға немесе одан зорына әкеледі.

3. Ғұндар құрып берген Қытай мемлекеті 5 мың жылдан бері бір халық, бір мемлекет, бір дін ұстанымдарына негізделген күшті мемлекет болса, түркілердің тайпалар одағынан құрған (Мөденің ғұн, Еуропадағы Аттиланың ғұн патшалығы, Білге-Күлтегіндердің қағанаттары) толыққанды мемлекеттер емес, тайпалардың əскери одақтары ғана болды. Қорытындысында, олар құрған «жартылай мемлекеттер» ыдырап, əрі жерлерінен айырылып тарих аренасынан із-түзсіз жоғалды. Себебі, ел мүддесі үшін күресетін кезде олардың көпшілігі өз ру-тайпасының  немесе Түрік қағанатының ыдырауына себеп болған ұйғыр, қырғыз ағайындар өз мүдделерін мемлекеттен жоғары қойып, ел азаттығын бодандыққа айырбастаған сатқындар болды. АҚШ социологы С.Тулмин, «түркілерде мемлекеттік жүйе болған жоқ»  деп дұрыс айтады. Толыққанды мемлекеттік  жүйе Алтын Ордада да, Моғолстанда да… болған жоқ. Олардың хан сарайлары қан сасып жатты. Қазір де түркі республикалары өркениетті жолмен билік ауысуға жеткен жоқ, яғни оларды басқаратын әр елбасшы мемлекеттің тұрақты дамуына кезекті кедергі болады. Ру-тайпалық сана билеген қоғамнан ел болашағын ойлайтын тұлғаның басшы шығуы қиын. Себебі, ондай тұлғаға қоғамның өзі қарсы болады. Билік уақытылы, заңды жолмен ауыспағаннан кейін, олардың елбасыларын тақта  өлгенше отырып, елдің болашағын ойлап жатқан ешкім жоқ.

4, Әлем тарихында, оның ішінде Тойнби еңбектерінде, “көшпенділер дамымайтын өркениет” деген ұғым қалыптасты. Себебі, көшпенділер  б.д.д. VIІІ-ІІІғғ. грек философиясы, Буддизм, Даосизм, Иудаизм дамыған “Уақыт осьінің” (К.Ясперс) кезінде адамзат аңыз-әфсана дәуірінен жүйеленген философия, өнер, ғылым…  яғни өркениет дәуіріне өткен кезді “ұйықтап қалып”, оның мәнін әлі күнге (мысалы Аристотель, Платон, Әл-Фараби…  ілімдерін) түсінбейді. Біздің тарих оның ішінде шежіре сол жабайы кезеңде қалған. Оған жабысатындар үшін біздің жеріміз қасиетті (сакральды). Ал, сол жердегі қазақтарда неге қасиет жоқ? Себебі, ондайлардың ұғымында атасы бар, ру, жүзі бар, “бәрі батыр” (Құмар Қараш, “бір казак бес қазақты қамшымен айдайды” дейді). Бірақ Қазақ ұлты, оның тілі мен дәстүрі, жерін қорғау керек екені т.б. ұлттық сана қалыптаспаған.

Соңғы мың жылда Қырымнан Корей түбегіне дейін созылып жатқан түркілердің жері үш есеге азайды, олар бас біріктірудің орнына бірін-бірі қыру соғыстарын жүргізді, әлем өркениеттерінен үйреніп не өздері өркениет жасап дамымады, өз тарихын өзі жаза алмайтын жағдайға жетті. Мысалы, РФ ҚР-да 1949-1991жж 500-ден астам атом бомбасын жарып 2 млн адамды жарымжан қылды. Палигон аймақтарында онкологиялық ауырулардың деңгейі орташа статистикалық көрсеткіштен 12 есе жоғары. Байқоңырдан радиоактивтігептилмен ұшқан ракеталар зардабы да сондай. Біз әлі күнге атом алу не ғарышқа ұшу технологияларын игерген жоқпыз. НЕГЕ? 1950 жылдары Батыста, Мәскеуде кванттық кафедра, институттар ашылып кванттық физика, химия, биологияны дамытты. Енді қазіргі компьютерлерден 1000 есе тез, әрі күрделі есептейтін кванттықкомпьютер шыға бастады. Кванттық ғалымдар технология мен инновацияда революция жасап, оны түпкілікті өзгертеді деп күтілуде. Ал, түркі  елдерінде осы салалар бойынша бір маман жоқ яғни олар қазіргі технологиялық өркениеттен де 70-100 жылға артта қалды. Бұдан шығу үшін не істеу керек? Мәселе сонда!

Халықаралық Адам институты 2013 жылдан бері осы салаларды жүйелі дамыту туралы «Қазақстанның жаңа индустриальдықстратегиясы» жобасын (ішінде кванттық компьютер шығару да бар) Үкіметке ұсынғанмен, әзірге қабылданатын түрі жоқ. Себебі, коррупция мен плагиаттыққа дағдыланған министрліктерге елдің дамығаны керегі жоқ.

Жалпы, бұл қоғам жүйелі дағдарыстың кесірінен қайта түзелмейтін тоқыраудың шегарасынан өтіп турбуленттік жағдайға түсті. Біз азаттығын алғанымен дербес елді дамыта алмаған араб елдерінің жолына түстік. Енді «араб революциясын» күту қалды?! Елді құтқарудың негізгі жолы, ол халықтан тікелей сайланған депутаттардан тұратын Парламенттің елді билеуіне қол жеткізу. Осы жолды таңдаған, бұрынғы КСРО мүшесі Эстония 2012 жылы әлемнің алдыңғы қатарлы 30 елінің қатарына кірді.


Abai.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ