Әлеуметтік желіде «Мұқағали Мақатаев немесе «Жұқағали Бұқатаев» туралы ойтолғау» деген өлең жарияланғалы бері жырсүйер қауымның көкейінде «Осы өлеңнің авторының есі дұрыс па өзі? Басы кетіп қалған сияқты-ау…» дегендей күдік пен күмән туындады. Жазылу стилі қазақтың әйгілі ақыны Мұхтар Шахановқа қаншалықты ұқсап тұрса да оны жамандыққа қиғысы келмеген қайсыбір оқырманы әлеуметтік желідегі талқылауларда: «Қой, ол болуы мүмкін емес. Арандату мақсатымен соның стилімен тапсырыспен жазылған болуы керек, көркемдік дәрежесі де соншалықты төмен. Біз білетін ақын осыншама ұсақталмаса керек еді. Әліптің артын бағып, уәде етілген жұманы күтейік» деп даулы мәселенің тігісін жатқызуға тырысты.

Шыны керек, «Расымен де сондай бір құйтырқы, түбі шикі әңгіме емес пе екен?..» деген күмән біздің де ойымызға оралған. Тіпті көңіліміздің бір түкпірінен: «Солай болып, яғни жалған болып шықса екен…» дегендей бір тілектің де бой көтергендігін жасырып қайтеміз. Бірақ әдетте көңілді күпті етіп, алаңдатқан хабардың рас болып шығатыны бар емес пе, сол айтқандай, бұл әңгіме де түптеп келгенде шындыққа айналды. Көп кешікпей «Адырна» ұлттық этнографиялық порталында Мұхтар Шахановтың «Біз тіл үшін күресіп жүргенде Мұқағалидың арақ ішуден қолы босамады» деген мәлімдемесі жарияланды.

Шаханов жырларында өзін шындық үшін шырылдап жүрген адам етіп көрсетуге тырысады емес пе? Алайда басты кейіпкері Мұқағали Мақатаев, өзі айтқандай «Жұқағали Бұқатаев» болған ой-толғауында бұл «шындығының» өңі айналып кеткенге ұқсайды. Ақиық ақынның атақ-даңқына деген ішкі қызғаныштың қызыл иті күндіз-түні қыңсылап маза бермей жатса, шындық шіркіннің де өңі айналмай қайтсін?!

Мұхтар ағамыз ең алдымен «Неге ақын боп осы ауылдан шықпадым?» деп өкіндім» деп Қарасаз ауылы тұрғындарының қонақжайлығына да, олардың Мұқағалидай жерлестеріне деген өзгеше құрметтеріне де қызғанышпен қарайды. Сезіміне сол түні сан қилы ойлар түнегендіктен де (өз сөзі), «қазіргі шың – Мұқағали, бірақ, кеше ол кім еді?» деген сұраққа жауап табуға тырысады.

Біз бұл жерде «Мұқағали Мақатаев ішпеп еді, оған жала жабылып отыр» деп тұжырымдаудан аулақпыз. Ол кезде кім ішпеді дейсіз? Күйінгендіктен, шарасыздықтан Мұқаң да ішкен шығар, ішкен де. Бірақ бұл жердегі мәселе оның ішкендігіне емес, Шахановтың айтуынша, ұлт, тіл үшін бір сәт те күреспеген (расында солай ма?) ақынның өлеңдерінің ел арасында өз өлеңдерінен көбірек айтылатындығына келіп тіреледі.

Шындық үшін тіреспеген,

Ұлт, тіл үшін бір сәт те күреспеген,

Мұқағали билікке өте қажет әрі қолайлы.

Сөзі басқа, ісі басқа адам бүгін арайлы.

Телеарнада тек биліктің тапсырмасы арқылы,

Ертелі-кеш Мұқағали жыры ғана шалқыды.

Міне, осылай, билік оны ең зор ақын санайды,

Олар тіпті шетке ысырды Махамбетті, Абайды…

Даулы шындықты қаласаңыз да, қаламасаңыз да Шахановтың өлеңі, міне, осылайша өріледі. Оның айтуынша, телеарнада Мұқағали жырының ертелі-кеш шалқуы, яғни ақынға деген ел махаббаты биліктің тапсырысымен ғана болып жатқан саяси науқан, уақытша құбылыс. Ал басты тұлға, басты ақын тағы да сол биліктің тапсырмасымен тасада қалып қойған… Содан кейін де Шаханов:

Қазақ тілін мемлекеттік тіл еткен мен болсам да,

Шет елдерден жүз жиырмадан астам сыйлық алсам да,

Ал, ЮНЕСКО әлемге ашып рухани ой-сырымды,

«Поэзия биігі» деп таныса да жырымды,

Өз елімде даңқым құпия жіптерменен өрілген, – деп өзінің бұлайша дәріптелмей жатқанына қынжылыс білдіреді. Содан кейін де 65 ақыннан 65 сом дәметкен, өзі айтқандай «жан аярлық жұқалық мінез көрсеткен, ақша сұрап бұқалық мінез көрсеткен» Мұқағалиға «Жұқағали Бұқатаев» деген ат қояды. Ертеңгі күні әлдеқандай бір әңгімелер туындап қалып жатса бұлт ете қалу үшін де шығар, бұл сөздердің соңына «Тек ол сөзім әзіл еді өрелі» деген сөйлемді қосақтайды.

Бүгін менің туған күнім, ой, бәле-ай,

Мына адамдар неге жатыр тойламай?!

Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай, – деп жүрегі қан жылап өткен ақынды билікке жағымды еді, жақсылығын көп көріп еді деп тұжырымдаудың қандай қисынға сыятындығын кім білген?

Шахановтың «шындығы» мұнымен де таусылмайды. Батыр Баукеңнің бір кезде көп ешкімге танылып үлгермеген жас ақыннан «кешірім сұрағаны» секілді, пенделік танытып қойғаны үшін Мұқағали да одан кешірім сұрайды, оған өзгеше бір өтініш жасайды. «Жалын» альманағына екеуміздің өлеңіміз қатар басылып жатыр екен, екеуміз бір санға шықпайықшы» деп төменшіктейді. Мұндай өзгеше өтініштің, мөлтеңдеп төменшіктеудің себебі де көп ұзамай белгілі болады. Өйткені Мұқағали сол кезде:

– Сан салалы оқиғамен баурап алар халықты,

Өлеңдерің соңғы кезде дара сипат алыпты.

Қазір жырға жұрт талғаммен назар салар заман ғой,

Екеумізді салыстырса…

                                          Мен ұятқа қалам ғой… –

деп «қатты қиналған» көрінеді. Ол аз болғандай «Қайтем енді, пенделігім биік тұрса жырымнан, қайтем және тағдырымды «тентек суға» бұрылған?..» деп аһ ұрады, «Кешір мені, айналайын, жүрген болсам ұсақтап» деп ақын інісін құшақтап тұрып көзіне жас алады. Бұл сөздерді басқа емес, Мұқағалидың өзінің аузына салып тұрған соң оқырманның сенбеске шарасы жоқ. «Масқара!» демеске өзіңнің де шараң жоқ… Масқара-ай!

Ақша сұрағанына «куә» табуға дайын Шаханов ақынның өзінен кешірім сұрағанын қалай дәлелдей алмақ? Содан кейін де далбасалап пендешілігінің көптігін Мұқағалидың өзіне «мойындатады», керісінше, «өз өресінің биіктігін», өзінің «шыншыл ақын ретінде» тым алысқа кететіндігін де Мұқаңның сөзімен нақтылай кетеді. Сөйте келіп «Айыра алмау қайғы емес пе қалайы мен жақұтты?» деп оқырманына «өте күрделі» сауал жолдайды.

Бұл жерде оның «жақұт» деп кімді нұсқап тұрғандығына бал ашпай-ақ қояйық, ал «қалайыға» өзін теңей қоймайтындығы бесенеден белгілі. Ең бір өрескелдігі, ел жүрегінен ойып тұрып орын алған ақиық ақынды соншалықты төмендетіп отырып та оны «Мұқағали екеуінің ортақ тіл тапқаны, өзгеше батыл тілек білдіргені» деп есептейтіндігі дер едік. Соған қарағанда ұлылық ауруына шалдыққан ағамыз жалпы көпшілікті ақымақ көріп, бүгінде арамызда жоқ ақындар мен басқа да дара тұлғалар жайында не айтсам да алтын ретінде бағалана береді деп ойлайтын болса керек. Содан кейін де ол «Жамбылдың «дара ерекшелігі» және оның туған ауылында болған кездесу» атты өлеңінде де көпе-көрнеу өтірікке жол береді. «Сіз бір шыншыл ағайсыз, Жамбылдың даңқ, атағына қандай көзбен қарайсыз?» деп өзіне көпшік қоя сөйлеген жас қыздың сұрағына Шаханов:

– Иә, Жамбылға бүкіл Одақ құрметпенен қараған,

Оның даңқы – дедім күліп, – әлі өшкен жоқ санадан.

Сталиннің туфлиін махаббатпен жалаған…», – деп жауап береді.

«Әндіжанда бір апам бар, менен өткен сорақы» дегендей, өлеңнің ар жағы бұдан да өткен сорақы.

Сонда да ол жыр алыбы, Сталин сенген асыл жан,

Асыл жанға бүкіл билік зор құрметпен бас ұрған! –

дегенімде,

Туыстары болды алғандай нар соққы,

Ал қалың жұрт орнынан тұрып ұзақ қол соқты, –

деп жалғасады.

Жамбыл жыраудың есімі қай жерде де құрметтеледі. Ал енді өзі тұрған, тірлік кешкен ауылда айтылған мынадай парықсыздыққа жұртшылықтың «орнынан тұрып ұзақ қол соғуы» ауру қиялдан туған көрініс емей немене? Ондай сөзді айтқан адамға қол соғудан бұрын қызу қанды азаматтар қол көтеріп жүрмесін деңіз…

Жалпы қазақ о дүниелік болған адамдар жайында ешқашан жаман айтпаған. Марқұмдарға ғайбат айтуды асыл дініміз де құп көрмейді. Мұхтар ағамыз болса, шындықты айтамын деп саусақпен санарлықтай аз ғана ұлыларымыздың аруағын қорлап, сонысымен елді шатастырып, сол елдің сөзін сөйлейтін, бетке ұстайтын ақын-жазушыларының арасын да алатайдай бүлдіріп барады. Оның Қызыр дарып, бақ қонған Жамбыл жыраудың аруағына тіл тигізіп, әлем таныған алып жазушы Мұхтар Әуезовті қаралауы, Сәбит Мұқановты айыптауы, Әбділда Тәжібаев пен Ғали Ормановтардың атына жасаған тұспалы аруақ аттау емей немене? «…ұлтымыздың ұлы ақыны Абай атамыздың кейбір пайымсыз туысқансымақтары, Жамбыл ақынның жақынсымақтары, Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Әбділда Тәжібаевтың, Ғали Ормановтың бауырсымақтары» (Шахановтың өз сөзі) бұл үшін реніш білдірмей, оның атына мақтау айтуы керек пе? Айта қоймайтын шығар…

Осындайда ұлы Абайдың:

Сонда жауап бере алман мен бишара,

Сіздерге еркін тиер, байқап қара.

Екі күймек бір жанға әділет пе?

Қаны қара бір жанмын, жаны жара, –

деген өлеңі ойға оралмай қоймайды. Тіршілігінде де алтыбақан алауыздықтың, күншілдіктің зардабын тартып өткен жандардың екінші рет күймегі шындығында әділет пе?

Рас, отызыншы жылдар ойранының орыны оңайлықпен тола қоймайды, зұлмат кезеңнің зардабын әлі қанша уақыт тартатынымыз бір Аллаға ғана белгілі. Ұлтымыздың сүт бетіне шығар қаймағы – зиялы қауымының көпшілігі атылып, лагерьлерге айдалып, әркім өз басымен қайғы болып кеткен тұста жаза басқандар, бірін бірі көрсеткендер болған да шығар. Енді біреулерді айыптау, қаралау қағазына қол қоюға мәжбүрлеген де болар. Мұның бәрі жете зерттеуді, сараптап, саралауды, таразылауды қажет етеді. Біреуден естіп, бір кітаптан оқып дегендей, жалаң факті жинап алып дабыралата беру парасатты адамның ісіне жатпаса керек.

Алғы шепте Сталин есімін ұрандап жауып тұрған оққа ұмтылғандарда есеп жоқ болды, мұртты көсемге шын сеніп, қазасына әкесі өлгендей қара жамылып, еңірегенде етектері толғандар қаншама? Сол мұртты көсемді шабыттанып жырға қосқандардың барлығы көлгір ме, атына мақтау айтқандардың бәрі жағымпаз, жалтақ, яғни «туфли жалағыштар» ма? Сол кездегі ақындардың қайсысы Бас хатшыға мақтау айтпады, қай жазушы шығармасына қоспады? Үгіт-насихатқа құлай сеніп, Ленин мен Сталинді шынайы ардақ тұтқандарды қайда қоямыз?

Жамбыл жырау да жаңа заманның саясатына шын сеніп, шабыттана жырға қосты. Аздан кейін, коммунистік кезеңді жырлаған жалғыз Жәкең ғана ма еді? Коммунистік партияны, Сталинді жырламаған ақын ол кезде қалды ма екен десеңізші?! Оны кемшілік демей, сол заманның бір ерекшелігі десек болмас па?

«Жақыныңды жамандап, жақсыны қайдан табарсың?» дегендей, алыптарымыздың бәрін осылайша сызып тастағанда мінсіз асылдарды қайдан іздерміз? Дәл осы қисынмен өлеңін жазып, арасында аздаған сырасын ішіп, бала-шағаларын әрең асырап жүргендердің бәрін ақын-жазушы қатарынан сызып тастаймыз ба?

Әрине, Шаханов сынады екен деп жоғарыда сөз болған алыптардың тұғыры төмендемейді. Бүгінгі замандастардың арасында басараздық пен өкпе-реніш өрши түседі демесеңіз, басқа дүние де өзгеріп кете қоймайды. Ал татулық пен бірлікті ойлап жатқан кім бар дейсіз?..

Жаңағыдай ұлылардың барлығын биік тұғырынан ығыстырып, құзға құлдилатқанда бос қалған орынды кім жайламақ? Әрине, ондай орын бос қалмайды. Әулиелі орынның ешқашан бос тұрмасы хақ. Ол орынға кім жайғасады деп ойлайсыз?.. Кіршіксіз өмірбаян иесі дейтіндей, иненің жасуындай да кемшілігі жоқ қай азаматымыз бар?.. Үміткер белгілі…

Шаханов шындықты ғана айтамын деп қанша шырылдаса да оның: «Оразалинді басшылық қызметінен тайдырдық» деген сөзіне де бүгінде ешкім сенбейді. Өзінің сөзімен айтатын болсақ, ондай жағдайдың болмағандығына жазушылардың құрылтайына қатысқан, шындығын жоғалтпаған барлық ақын-жазушы куә.

Бұл жерде мен Мұхтар Шахановтың ақындығын, тіл, ұлт мүддесі үшін еткен еңбегін жоққа шығарайын деп отырған жоқпын. Жоққа шығара да алмаймын, шығаруға тырыспаймын да. Әйтсе де, әлеуметтік желілерде жазылып жатқанындай, ағамыздың әдемі қартая білгені жөн еді. Бір-бірін өкпеге қиса да өлімге қимайтын халықпыз ғой, басшылық қызметтен кететінін, сайлауға түспейтінін алдын ала жариялаған Нұрлан Оразалиннің соңынан тас атпай-ақ, соңыра мұқатып қалуға тырыспай-ақ: «Жұмыс барысында бір-бірімізге артық-кем айтқан тұстарымыз болды, енді кетіп бара жатыр екенсің, аман-сау бол» деп бір ауыз жылы сөз айтса, ағамыздың абыройына абырой қосыла түспес пе еді?! Мұқағалиды мұқатуға тырыспай-ақ ақындығын асқақтатып, өлеңінің бір-екі жолын жатқа оқып жіберсе, қандай жарасымды болар еді?! Жыр алыбы Жамбыл атамыздың атына бір ауыз жылы сөз айтса, Жәкеңнің ұрпақтары төбелеріне көтеріп өтер еді-ау! Ұлт мүддесі үшін аса қажетті ауызбірлікке, ынтымаққа ұмтылу дегеніміздің өзі де осы болмас па еді? Оны айтар ағалар қайда?..


Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ