Басты бет » Айдарлар » Темірқазық » «Хан тағындағы» діни дүмшелік немесе ескерткішке қағбаның қандай қатысы бар?

«Хан тағындағы» діни дүмшелік немесе ескерткішке қағбаның қандай қатысы бар?

 

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі

Н.Б.Ермекбаев мырзаға

ҚР Мәдениет және спорт минисрі

А.Мұхамедиұлы мырзаға

Ақмола облысының әкімі

М.К.Мырзалин мырзаға

 

Көкшетаудағы Бурабайда Абылай хан отырды деп аңыздалатын «Хан тағы» деп аталатын ескерткішті бәріміз білеміз. Ондағы ақпараттық тақтайшада жазылған «Бұл жер құлшылық жасайтын, табынатын, тәуәп қылатын жер емес» деп үш тілде жазушылардың жымысқы ойы да түсінікті. Баяғы серік қосу деген сылтаумен қасиетті жерлерге жұрттың баруына тыйым салу ғой.

Кешегі Мағжан, Сәкендер жырға қосқан, құрметтеген тарихи орынға әсіре діншіл кейіпке түскен ұрпағының қарым-қатынасы осы болып тұр. Қазақ ескерткішке табынбайды, құрмет көрсету арқылы тарихи жадын жаңғыртады, рухани жаңғыру дегеніміз сол. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, оның ішідегі «Қасиетті Қазақстан» кіші бағдарламасы осындай тарихи орындарды өзіміз танып қана қоймай, шетелдерге таныстыру емес пе? Мағлұматтық тақтайшаны қойған мемлекеттік қызметкерлер болуы мүмкін. Ескерткішке қарапайым кісі ақпараттық тақтайша қоя алмайды ғой. Сонда мемқызметкерлер Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қарсы ма? Сонымен бірге мемлекеттік қызметкерлер өздерінің діни көзқарастарын қызметте білдіріп, қолдануына тыйым салатын заң шыққан жоқ па еді.

Ал «Хан тағына» қызыл X белісін қойып, ешқандай қисыны болмаса да қағбаның суретін қойып, көкпен қолдау белгісін орнатуларын қалай түсінеміз? Қазақтың ескерткіші керек емес, одан да Меккеге бар /табыну/ деген ойды мегзеп тұрғандай. Сирияда, Ирак, Ауғанстан тәрізді уаһабизмнің отанына айналған елдерде ең әулелі дәл осылай тарихи орындар мен жергілікті халықтың төл мәдениетін, дәстүрін жою арқылы сырт күштер діни идеологиялық жұмыстар жүргізгені белгілі. «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі өз жарғысында көрсетілгендей қазақтың ұлттық құндылықтарын, мәдени-рухани құндылықтарын насихаттау және қорғау мақсатында осы хатты жазып отыр.

Әр мәдениеттің өз орыны бар. Бұл жерде қағба суреті берілетін еш реті жоқ. Шетелдіктерді қыдыртып жүрген ағамыз мағлұматтық тақтайшаның қасында қонақтардың алдында жерге кірердей қызарып ұялғанын жеткізді. Өзімізді қойшы, шетелдіктер өз тарихын табанға салған ел деп бізді мазақ етіп кететін шығар. Өз ескерткіштерімізді өзіміз қадірлемесек, өзгелер құрметтер деп қалай үміттенесіз?

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Ақмола облысы әкімшілігінен бұл мәселе бойынша қандай да бір шара қолданады деп сенім артамыз.


Арман ӘУБӘКІР, 

«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің директоры

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

x

Check Also

Бауыржан Момышұлының қанатты сөздері

Әскери қайраткер, даңқты қолбасшы, жазушы, Кеңес Одағының Батыры, елім деп еңіреп, Отан үшін отқан түскен ...