Қазыбек би бабамыздың туғанына – 350 жыл толуына орай «Қаздауысты Қазыбек би жолымен: бабаларға тағзым!» атты халықаралық автокеруен жолға шыққаны мұқым елге белгілі. Автокеруеннің мақсаты – Қаздауысты Қазыбек бидің рухына тағзым ету, сапар кезінде қала және елді мекендерде мәдени іс-шараларды ұйымдастыру, бидің өмірі мен мемлекеттік саяси қызметін халық арасында кеңінен насихаттау. Автокеруен Егіндібұлақ селосы – Қарқаралы қаласы – Ботақара кенті – Қарағанды қаласы – Атасу кенті– Жезқазған қаласы – Сәтбаев қаласы – Ұлытау ауданы – Қызылорда қаласы – Арыстан Баб кесенесі – Түркістан қаласы–Ташкент қаласы– Науаи қаласы– Шымкент қаласы – Тараз қаласы – Балқаш қаласы – Ақтоғай ауданы – Ақсу-Аюлы кенті – Қарағанды қаласында аяқталады. Автокеруен құрамына: танымал өнер және қоғам қайраткерлері, Қаздауысты Қазыбек бидің ұрпағы, тарихшылар, жас ақындар, журналистер, дәстүрлі әншілер, күйшілер енген. Барлығы 28 адам бар.
Осы жерде ойланып қаласың. Керуендегі отыз шақты адамның алаулатып, жалаулатып баба қорымдарына, кесенелеріне, ескерткіштерінің алдына барып, зиярат етіп, азғантай жұртты жинап алып, митинг жасағанын ақпарат көздерінен оқып отырмыз. Үш жүздің басын қосқан Әйтеке би және Төле билердің басында зиярат жасаған тілектері қабыл болсын! Бірақ ат төбеліндей адамдардың көне тарихи ескерткішін араламас бұрын полигоннан, жұмыссыздықтан зардап шеккен той иесі – Қазыбек би баба жұртында қалған қарашаға қолдау көрсеткені дұрыс еді. Керуен осы жолдарды жүріп өтті дейік, одан халыққа не келді?
Қазыбек бидің қара қылды қақ жарып айтқан шешендік сөздерін жұрт енді ғана танып, біліп отырған жоқ. Үш жарым ғасыр бойы бабадан бүгінгі ұрпаққа жетіп отырған бидің өмірі мен мемлекеттік саяси қызметін ел аралап, ат төбеліндей жиналған қауымға насихаттап жатырмыз дегені ақылға қонымсыз. Қазіргі заманда елдің бәрі сауатты.
Бұл тойда негізігі нысанға – би бабаның ата қонысын алу керек еді. Осыншама қыруар қаржыға Егіндібұлақ селосына қолдау көрсету жағын қарастыру керек еді. Полигоннан зардап шеккен дімкәс адамдар көп. Ауруханасын жөндеп, ауылдарға баратын жолдарды қалпына келтіріп, көптің батасына бөленгені дұрыс болатын еді.
Егіндібұлақ маңайындағы кейбір ауылдағы мектептер жабылып қалды. Соның бірі қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың туған ауылындағы мектеп. Бұған дейін мектепте ұстаз болып, жан бағып жүрген ұстаздар жұмыссыз қалды. Балаларын амалсыз аудан орталығы болмаса қаладағы туған-туыстарының қолына жіберіп отырған ата-аналар қамқорлыққа зәру. Елдің бәрінің қолы оқу грантына жете бермейді. Мектепті жақсыға бітірсе де грантқа іліге алмай, ақылы оқуға түсуге ата-анасының жағдайы жетпей қалған қаншама жастар бар. 44 миллион теңгенің тым болмаса, 10 миллионына баба топырағындағы тұрмыс жағдайы шектеулі, мүгедек жандардың баласын ақылы оқу орнына тым болмағанда бір жыл болса да оқытып берсе нұр үстіне нұр болар еді. Боламын деген баланың бағы жанар еді.
ҚАЗДАУЫСТЫ ҚАЗЫБЕК БИ: «СӨЗДІҢ АТАСЫ – БІРЛІК, АНАСЫ – ШЫНДЫҚ

«Рухани жаңғыру» дегеніміз жабылып қалып, өшіп бара жатқан қазақтың үшем биінің бірі – Қазыбек би атындағы ауданды қайта ашып, тамырына қан жүгірту. Осы жолы би баба ұрпақтары Үкіметтен үлкен үміт күтті. Мемлекет хатшысы Г. Әбдіхалықова халық алдына шыққанда жергілікті жұрт бір жақсы хабар жеткізеді деп құлақтарын түрген. Бұл мәселе жөнінде тіс жармағанда алдыңғы жақта отырған қариялар құп-қу болып, таяқтарына сүйеніп отырып қалды. Сөз сөйлеген қоғам қайраткері, депутаттар да ел тілегіне үн қоспады. Тек, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай ғана аудан қайтадан ашылса нұр үстіне нұр болады деген ізгі ниетін жеткізді. Осы топырақтың тумасы Ғалия Маусымбаева:
– Бəрі өтті, бəрі кетті, елдің күткен үміті зор еді, бірақ көңіл су сепкендей
Басылды. Себебі ешқандай өзгеріс болмады, тек кезінде көшіп кеткен жан-жақтағы ағайын бір-бірін көріп қауышты, туған жер топырағына аунап тарқасты. Шіркін, аудан болып ашылса қайтып келер едік дегендері де болды…бірақ бəрі таз қалпына қала берді. Біз сияқты қарапайым халық киіз үйлердің сыртынан жүріп қана қызықтадық, ары қарай айтпаса да түсінікті ғой…, – дейді жүрегі қан жылап. Шынында да жергілікті халық өздері тіккен үйде сырттан келген қонақтарға ет асып, шай құюдан босамады. Ауылдастарымның амандығын білейін деп туған ауылым Нығмет Нұрмақов атындағы ауыл тіккен киіз үйге бас сұққанмын. Киіз үйдің сыртында ерлер жағы ағаш бұталап, әйелдер қазанның жанында күйбіңдеп жүр. Мені көріп қуанып, «Алысқа ұзама, қазір С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының әртістері осы жерден түстенеді.Солармен бірге бол» деп қонақжайлық танытып жатыр. Жүздерінен жарқыраған нұрлы шуақ көрмедім. Қабақтарында көлеңке бар. Себебі түсінікті болды, ауылдағы мектеп жабылып қалған. Ондағы ұстаздар жұмыссыз қалған. Қолдағы малмен күн көріп отыр. Кісі күтумен бабасының тойын қызықтауға да уақыт жоқ. Сонда ауылға баба тойынан не көрдім деп барады?! Үкімет, билік басындағылар баба топырағына қандай қуантарлық хабар әкелді деп барады.?!
Енді бір жерде біреулер би бабаның суреті салынған блокнот, шешендік сөздері жазылған шағын кітапша, күнтізбені, биге арнайы шығарған журналдарды сатып, саудасын қыздырып жатты. Егіндібұлақ жөнінде жазылған энциклопедия ақылы болса да қолға түспеді. Қара халық қарайып тұрған баба ескерткішіне қарайлай қарап, «Әттеген – ай» деп кете барды.
Сонда деймін, Қазыбек би бабамыздың мұрасын осылай насихаттауымыз керек пе?
Қазыбек би ауданын қайта ашуды сұраған би баба ұрпақтарының яғни халықтың мына өтінішін кім құлағына қыстырады екен?!


Жұлдыз ТОЙБЕК, 

Қарағанды 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ