Дүйім түркі дүниесінің биылғы мәдени астанасы бо­лып­ жарияланған Кастамону топырағында небір ке­нен­ ойлы кемеңгерлер өмір сүрген көрінеді. Солардың бірі – ай-жұлдызды байрақты Анадолы жұртына аты мәш­һүр тұлға шейх Шабан-и Вели. Көне шаһар бізді осы­­нау ай­тулы тұлғаның «Гелишиниз гүле-гүле, Гитишиниз  гүле-гүле…» деген әуезді шумақтарымен қарсы алды. Қазақшалап төтесінен қайырсақ, кере­мет­терге толы кентімізге күліп келіп, күліп кетіңіз дегені ғой. Жарықтықтың жарым ырыстай жақсы сөздері шаһарды шарлап жүрген барлық автобустардың маңдайшасына жазылғанын байқадық. Біз мұны қонақжай кастамонулықтардың қошеметшіл көңілдерінің көрінісіндей қабылдадық. 
Түркияның туристер құмырс­қаның илеуіндей құжынап барып Қара теңіздің телегей суына шомылатын оңтүстігінде емес, ауа райы салқындау солтүстігінде ор­наласқан Кастамонудың іргета­сы тым ілгеріде, жыл санауға дейін­гі есте жоқ ескі замандарда қаланыпты. Әртүрлі тайпалар мекендеген бұл аймақты антикалық дәуірде Пафлагония деп атапты. Арыдан жеткен осынау оно­мастикалық атаудың тікелей аудар­масы сарымсақ иісті халық ұғы­мын білдіретінін естігенде еріксіз елең еттік. Сөйтсек мұнда күні бүгінге дейін сарымсақтың еш­бір жердегіге ұқсамайтын ерекше тұқымы өсіріледі екен. Міне, мәселе қайда жатыр.

Кімдер келіп-кетпеген киелі өлке. Талай сыр бүккен тау-тасынан ежелгі парсылардың да, эллиндердің де, римдіктердің де, селжүктердің де таңбаланған іздерін табасың. Біресе римдіктер, біресе византиялықтар билеген. Әйгілі Әмір Темір де жаула­ған. Ақыры атақты Осман империя­сының құзырына қараған. Содан бері Түркияның құйқалы бір пұш­пағы, ойлы-қырлы үлкен про­винцияның орталығы. Тек туризм кенжелеп дамығандықтан оның көне тарих көмбесі ғана емес, таңғажайып табиғаты сұқ­тан­дырар сұлулыққа тұнып тұр­ғанын көпшілік біле бермейді. Сондықтан Кастамонуға түркілер­дің мәдени астанасы мәртебесін әпе­ру­дегі түпкі мақсат – осындағы мол рухани мұра мен елеуге тұ­рарлық ескерткіштерді адам­зат­тың ортақ игілігіне айналдыру болса керек. Қай жағынан алып қа­расаңыз да құптарлық қарекет.

* * *

Бір жылға болса да бар түр­кінің бас кенті атанып, бағы жан­ған Кастамонуға алыстан ат са­был­тып жеткен қазақстандық, қыр­ғызстандық, өзбекстандық, әзер­байжандық, татарстандық және гагаузиялық журналистерді Түр­кия мәдениет министрлігі мен жергілікті билік өкіл­дері құшақ жая қарсы алды. Айтулы оқиғаға ар­нал­ған салтанатты шарада туысқан түркі мем­лекеттерінің туы желбіреп, тағ­дыр­дың жазуымен жан-жаққа тарап, сан түрлі саяси себептермен бір-бірінен ажырап қалған қардаштардың қарым-қатынасын қайтадан жандандыруға бағыт­талған игі тілектер тиегі ағытылды.

ТҮРІКСОЙ ұйымының Бас хат­шысы Дүйсен Қасейінов әрбір ел әлемге өздерінің төл мәдениеті арқылы танылатынын алға тартты. Өйткені өркениет төрі өнер-білімі өрге басқан ұлттарға ғана ұсы­нылады. Бұл – қарапайым тіршілік қағидасы. Ендеше біздің халықтарымыз да қолдарындағы құндылықтарын бағалап қана қоймай, базарлай білуі қажет.

Түркінің бары мен жоғын тү­гендеуге тиіс халықаралық ұйым­ басшысының айтуы бойын­ша, өткен жылдарда бірсыпыра ша­руа­ның басы қайырылыпты. Ауқым­ды бағдарлама алдағы уа­қытта сәтімен жалғаса бермек. Бұ­йырса, Кастамонуда бауырластар басын біріктіретін бірегей шара ретінде наурыз мейрамы тойланады. Басқа да мәнді мәжілістер баршылық.

«Тас түскен жеріне – ауыр» бо­ла­тыны бесенеден белгілі. Де­мек, түркиялықтар тарапынан жүргізілетін ұйымдастыру жұ­мыс­тарында іркіліс болмағаны жөн­. Осы ойымызды сезгендей­ Түркияның мәдениет және туризм министрі Нуман Куртулмыш бүгінде жоспарланып қойылған жиындардың бәрі жоғары дең­гейде өтетіндігіне сенім білдірді. Ол үшін қажет барлық жағдай жа­са­лынбақ.

* * *

Бірден байқалғаны, Кастамону тауды жарып, тасты бұзып арна салған сай-саланы қуалай салы­ныпты. Қаланы қақ жарып Қара­шомақ өзені ағады. Ұзын саны 19 ауданнан тұратын провинция орта­лығы. Мұнда 114 мың адам тұ­рады.

Журналист ағайындар авто­бусқа мінгеннен ауыз жаппай ата­ме­кенінің артықшылықтарын айтқан жол бастаушымыз Мұстафа Чагырдың әсерлі әңгімесін тың­даудың өзі бір ғанибет. Оның сөзі­не сенсек, арысы алып планетамызда, берісі берекелі Анадолыда Кас­тамонуға жетер жер жоқ. Дұ­рыс қой. Отанға ода арнауды кім жек көрсін. Атажұртын ардақ­таған ақжүрек азаматқа сүйсіне қарадық. Ұстазына ұйыған ұғым­тал оқушыдай оның оңды-солды келтірген деректерінің керектісін қойын дәптерімізге қондырдық.

Сондағы кейбір мәнді мәлі­меттерді келтіре кетсек былай­ша­ кес­­теленеді. Аймақтың эко­но­микасы негізінен ауыл шаруа­шылығына арқа сүйейді. Аталмыш саладағы шығарылатын тауар көлемі іш­кі жалпы өнімнің 40 пайызын құ­райды. Табыстың қалған бөлігі ағаш өңдеу өнеркәсібінен, мал бағу­дан, балық аулаудан және мыс өндіруден түседі. Ауылдық елді мекендер саны жөнінен елде екінші орын алады. Өңір малшыларының өзіндік мақ­таны­шы­на айналған Дадай ылқыларының даңқы алысқа тараған.

Теңіз деңгейінен 780 метр биік­тікте қоныс тепкен Кастамону өлкесі өркешті таулармен өрнек­теліп, қарағайлы, қайыңды, аршалы, шыршалы қалың орман-тоғайлармен қоршалған. Өсім­діктердің өзге түрлеріне де бай.

Бұл жаққа келетін туристерді немен қызықтыруға болады? Олар бірінші кезекте мәдени-тарихи орындармен таныса алады. Ақ басты шыңдардың аясында шаңғы теуіп, аң аулап, атпен серуендеп, биік құздарға өрмелеп және бас­қа да аңсары ауған істермен айналысады. Арасан суларында ем қабылдап, денсаулықтарын түзей­ді. Абан, Бозқұрт, Жиде, Доаньюрт, Инебалу жағажай­ла­рында күнге күйеді. Күре тауын­дағы 160-220 миллион жыл­дық «Илгарини» үңгіріне кіріп, Валла, Шатақ, Хорна, Ирсиз­лар­ шатқалдарын шарлайды. Он ­метрлік биіктіктен құлап ақ­қан Илыджа сарқырамасының қысы-жазы 23 градустан төмен түспейтін бассейніне балтыр батырады. Әйтеуір әр нәрсеге әуес қыдырымпаз қауымның ішін пыстырмайтындай қызықтарға кенел­тетін нысандар жетерлік.

* * *

Көненің көзіндей тарихи орындарды тамашалау саяхатын сонау ХV ғасырда бой көтерген Исмаил бей күлиесінен бастадық. Осман империясы тұсында осында әмір жүргізген жандар әулетінің соңғы өкілі Исмаил мырзаның құрметіне кереге керген кешен құрамына ме­шіт, медресе, мейрамхана, хамам, керуен сарай кіреді. Аулада әмір­шінің жақын-жұрағаттары жер­ленгенін айғақтайтын құлпы­тастар қараяды. Ескі мешіт есігі­нен енген бойда имандылық иірім­дері тереңіне тарта жөнеледі. Іші­ жып-жылы. Намаз оқитын бө­лі­гі шариғат шарттарына сай жабдықталған. Асханасында қо­нақ­тарға тамақ берілген. Тағы бір бөлмесіне қойылған тақтадағы жазуларға қарағанда, мұнда қазір де Ислам дәрістері оқытылатын тәрізді.

Мейманханасында ертеде ­алыс­тан келген керуеншілер үш күн жамбасақы төлемей-ақ­ тегін жатып, тамақтанатын тәр­тіп болған. Тіпті түйелерге ар­налған орын-жайда олардың үс­тіне артылған жүктері таразыға тар­тылған. Салмағы тиісті мөл­шерден асып кетсе, мал иесіне айып­пұл салынған.  Кешенді салған құрылыс­шы­лардың жуынып-шайынуына арналған монша қазір ақ матаға ай­шықтап түрлі өрнек салатын кәсіп­орынға айналыпты. Рас бұрын­ғыдай оюларды таспен емес, ағаш басқымен түсі­ретін тех­­нологияға көшіпті. Оның бұ­рынғы-соңғы тәсілдерін осын­дағы мамандар тәжірибе жүзінде көрсетті. Жалпы, мұндай кәсіп­шілікке кастамонулықтар ата­мұ­ралары ретінде қарайтынын біліп қайран қалдық.

Бұдан кейін іле-шала шағын тоқыма ательесіне соғып, сондағы үйрен­шікті өндірістік үрдістердің қыр-сырына қанықтық. Өзгешелеу өндіріс жетекшісі Севш Күнгеш ханым ұн қосылған суда қайна­тылған мақта жіптің әбден «пісе­тіндігін» жеткізді. Мата тоқу кезін­де жіптің үзілмеуі басты міндет саналады. Егер орта жолда осал­дық танытса, бүкіл үдерісті қайта бастауға тура келеді. Бұл күні жергілікті қолөнершілердің базарға қойылған ұлттық нақыш­тағы тауарларын тамашалап, ұрпақ­тан-ұрпаққа жалғасқан шеберлер дәстүрінің кіндігі үзіл­мегендігіне куә болдық.

* * *

ХІV ғасыр туындысы саналатын Махмұд бей мешіті қала сыртындағы тау сілемдерінің ортасында орналасқан. Айнала­сындағы шағын ауылда 25 отбасы түтін түтетіп, күнделікті тіршілігін күйттейді. Ғасырлар сынына сыр алдырмаған ғимараттың сырты – тас, іші – ағаш. Ең ғажабы, бірде-бір шеге қолданылмаған. Бірінші қабатында ерлер, екіншісінде әйелдер, үшіншісінде билеуші тап өкілдері жұма намазын оқитын болған. Қазір де сол дәстүр сақ­талыпты.

Жол-жөнекей төбесі опырылып ортасына түскен атам заманғы түрік хамамының қирандысын көрдік. Көнеліктердің көрнекті нұсқасы есепті ескерткішті қайта қалпына келтірсе болғандай екен. Өкінішке қарай, қараусыз қалған сыңайлы. Өзімізде де елеңсіздіктен жоғалтып алған асыл қазыналарымыз аз ба?! Кімге ақыл айтқандаймыз…

* * *

Тас қабырғалары шапқыншы­лардың талай шабуылына тос­қауыл болған Кастамону кале­сі тау басында қасқайып тұр­ған хас батырды елестетеді. Етек­тегі қаланың қыр желкесінен қы­диып қарауыл қарағандай қа­лып танытатын қамалды он екін­ші жүзжылдықтың жуан ортасында византиялықтар соғыпты. Әт­тең, тасқа тіл бітпеген. Әйтпесе әріден қозғап әлімсақтың шерлі шежіресін шертер еді-ау. Төбе үс­тінен төңірек алақанға салғандай анық көрінеді. Қорғанысқа қо­лайлы тұс ретінде таңдалғаны та­лассыз.

– Аға, анау жаққа қараңызшы! Қасымдағы «Қазақпарат» агент­тігінің тілшісі Ризабек Нүсіп­бек­ұлының оқыстан шыққан дау­сы ойымызды бөліп жіберді. Қара­сам, қамал мұнарасының ұшар биігінде Қазақстанның көк туын кере ұстаған бір жігіт тұр. Жан-жақтан шетелдік әріптестеріміз жамырай шулап, жылы лебіздерін білдіріп, бізді құттықтап жатыр. Тұс-тұстан фотоаппараттар сыр­тылдап, алқалаған әлеумет әжеп­тәуір әбігерге түсті. Сол сәттегі кеу­­демізді кернеген мақтаныш се­зімін жеткізу, әрине қиындау. Кө­ңіл толқып, көз жасаурады.

Асқар шыңды бағындырған аль­пинистей арсалаңдап орта­мыз­ға оралған ақжарқын оғлан­ды асқан ризашылықпен бауы­рымызға басып, апыл-ғұпыл жөн сұрастық.

– Аты-жөнім – Азамат Әлім­­баев. Түбімді сұрасаңыз, Аты­раудың тумасымын. Түркия­ның Коня қаласында оқып жатырмын. Болашақ теологпін. Бұл жер­ге жолдастарыммен бірге қы­дырып келдім, – деп мән-жайды түсіндірді өр мінезді өреніміз.

–  Елді сағынған шығарсыңдар…

– Айтпаңыз. Түсімде ылғи ауыл­ды көрем. Мұнда аш жүрген жоқ­пыз. Бірақ қазақтың қазы-қартасы мен жал-жаясына тамақ жете ме?!

– Қазақстанның жалауын осы­лай өздеріңмен ылғи алып жү­ре­сіңдер ме?

– Мүмкіндігінше қолымыздан тастамауға тырысамыз. Меніңше, қазақтың әр баласы қасиетті туы­мыздың қадірін білуге тиіс!

– Атыңа затың сай азамат екен­сің! Елге аман-есен қайту­ларыңа тілектеспіз.  Бір топ қазақстандық студентпен естелік суретке түстік.

* * *

Барғаннан қас-қабағымызға қарап, қаланы емін-еркін ара­лауымызға мүмкіндік жасап бақ­қан «Кастамону туризм» ме­ке­ме­сінің Гөкшен Гедик Сабан­кая­ бастаған қызметкерлері өз­де­­рі­нің іліп аларлықтай інжу-мар­жандарын біздің назарымыздан тыс қалдырмауға тырысты. «Қо­нақ қойдан жуас қой», төредей кү­тіп, төбелеріне кө­тер­ген түрік ағайын­дардың көңі­лін жықпай, жетектеп апарған жер­лерінің бә­ріне бардық. Ұлттық тағам­да­рының түр-түрінен дәм таттық. Атақты «Шекмек халвасын» жеп, аш­қылтым айранын іштік.

Ең бастысы, ел тарихына қа­тысты ерен экспонаттар сақ­тал­ған мұражайларда болып, кө­­кейге көп ой түйдік. Әсіресе Ар­­хео­логия музейінің есігінен ен­ген­нен-ақ Түркияның тұғырын биік­теткен ұлы көсем Мұстафа Кемал Ататүрікті Анадолы хал­қының қалай құрметтейтінін аң­­ғардық. Оның осы қалаға ке­луіне байланысты оқиғалар қа­бырғадағы қаптаған суреттермен беріліпті. Бүкіл милләт ардақ­таған қайраткердің киімдері мен тұ­тынған заттарының біразы көр­меге қойылыпты. Басқа зал­дар­дағы археологиялық қаз­балар кезінде табылған мәрмәр табыттар, аң бейнелі мүсіндер, тұр­мыс­тық құрал-саймандар жеті ықы­лымның жетістіктерін жария ет­кендей.

Этнография музейі де кірсең шыққысыздай екен. Баяғыда қа­лабасы Садық пашаның үй-жайы болған ғимарат ішіндегі жә­дігерлер көздің жауын алады. Олардың көбісі Осман дәуіріндегі мүлік-мүкәмалдар. Темір шығыр­шықтармен тоқылған сауыт, са­дақ, қанжар, қылыш, селебе се­кілді қару-жарақ арсеналы атасы жаудан қайтпаған ер түрік ұрпақтарының өршіл рухын айшықтап тұрғандай. Ал­тынмен апталған әйелдердің әше­­­кей-үшекейлерімен күміспен күп­телген ат әбзелдерінің әде­мілігіне қы­зығып айналсоқтап қалған әріп­тестеріміздің бөлекше әсерге бө­ленгендерін алабұртқан жүз­де­рінен аңғардық.

Біз басқа да ғибраттық нысандардан көрген-білгеніміздің бәрін бірдей баяндап жатқанды артық санадық. Ондағы дүниелерді көзбен көру керек.

* * *

Кастамонудың іргесіндегі Ыл­ғаз ұлттық паркіне барға­ны­мызда ақ ұлпаға оранған шың-құздарды, қар жамылған қа­лың ағашты көріп, көр­кемдік көкжиегіне тамсана ұзақ қарадық. Тау баурайындағы шаң­ғы базасында қысқы демалыс қызығына батқандардың қа­­ра­сы әжептәуір. Маңайдағы қо­нақ­үй­лер адамдарға лық толы. Да­ла тө­сі ырду-дырду. Шана сүй­реген ба­ла-шағаның шат-ша­дыман күл­кісінен жасыл орман жаң­ғыр­ғандай. Әуе жолымен әйдік шоқыға шы­­ғып қайтқан журналис­тер қа­уы­мының да қағанағы – қа­рық, сағанағы – сарық… Алтайы мен Алатауы асқақтаған Қазақ­стан­нан келгендіктен кейбір қа­лам­дастарымызға кереметтей күй кештірген бұл көріністер біз­ді анау айтқандай таңдандыра қой­мағанын жасырып қайтейік…

Сапар соңына қарай Кастамону қалалық журналистер қоғамының төрағасы Мұстафа Ерқан Йыл­маз­бен кездесіп, екіжақты пайдалы еркін сұхбат құрдық. Оның әң­гімесінен ұққанымыз, мұндағы бас­па­сөздің 150 жылдық тари­хы бар екен. Қазіргі таңда қа­­ла­да 13 басылым бар. Ең байыр­ғысы – «Ашықсөз» газеті. Көп оқы­­латыны – «Кастамону» үн­жа­рия­сы. Таралымы шамамен мың да­надай. Бұқаралық ақпарат құ­рал­дары тегіс жекеменшік ие­лерінің қолында.

Байыпты пікіралысу барысында қонақтар да белсенді түрде сөзге араласып, өз мемлекеттеріндегі БАҚ ахуалы туралы айтып берді.

* * *

…Кастамонуда көрерлік дү­ниелер көптеу көрінді. Түгін қалдырмай түгендеуді газет кө­лемі көтермес. Біраз жайды жаз­дық білем. Сірә, олар туралы мың рет оқығаннан бір рет көрген ар­тық шығар.


Талғат БАТЫРХАН,

«Егемен Қазақстан» Астана – Кастамону – Астана

ПІКІР ҚАЛДЫРУ