• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Тарихы көне, тамыры терең » Таңбалы- ғасырлардың бізге жеткен тарихы

    Таңбалы- ғасырлардың бізге жеткен тарихы

    «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы» РМҚК директоры Абай Бигелдиев:

    Жер жәннаты Жетісу өңірінде өзінің басқалардан өзгешелегімен, баға жетпес тарихи құндылығымен, тамаша табиғатымен көпшіліктің көзайымына айналған, бір көрген жан қайта айналып соққысы келіп тұратын, ел мен жер тарихынан сыр шертетін тарихи-табиғи ескерткіштер баршылық. Құпиясын қойнауына бүккен ескерткіштерді зерделей түсіп, барынша ел игілігіне айналдыру мәселесі алдағы күннің еншісіндегі шаруа. «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы» осы бағыттағы мақсаттарды жүзеге асыру үшін құрылған және  жүктелген маңызды міндетті бүгінгі заман талабына сай лайықты атқарып келеді. 

    Таңбалы шатқалы, ондағы таңғажайып табиғи жәдігерлер тек қана біздің елімізге ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерге де кеңінен танымал. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мұралар тізіміне енгізілген.  Соған сай тастағы сирек кездесетін таңбаларды тамашалауға шет мемлекеттерден келетін туристердің саны жылдан-жылға артып отыр.
    Таңбалы археологиялық кешені Алматы қаласынан 170 шақырым жерде, Балқаш жағалауының құмдауыт жоталарын Алатауға жалғап жатқан Шу-Іле тауларының оңтүстік шығысында, Тауқұм мен Мойынқұмның шөлейт далаларының арасында орналасқан. Бұл өңір ежелгі қола дәуірінде ерекше маңызға ие болған деген болжам жасалады.  Сол заманда Шу – Іле таулары арқылы көне тайпалар көші-қоны өтіп, сол дәуірдегі өркениеттің орталығы болған Орталық Азия мен  Орталық Қазақстанды мекендеген тайпалар арсындағы мәдени байланыс пен сауда жүзеге асырылған. 
    Қазіргі кезде Таңбалы өте сирек кездесетін мәдени-тарихи ландшафт болып саналады және мұнда орта қола дәуірінен бастап кейінгі заманымызға дейінгі ежелгі қоныстар мен қорғандар орналасқан. Шатқалда тасқа қашалған петроглифтер де молынан ұшырасады. Бір ғажабы, бұл аймақ  ежелгі қола дәуірінің ескерткіштерімен ғана ерекшеленбейді, мұнда сақтар мен ғұндардың, ерте темір дәуірінің, көне түркілердің тарихы, түрлі белгілері сақталған. 
    «Батырлар дүрілдеп өткен жер» дегендей, осынау сайын далада тәуелсіздігімізді сақтап қалу жолында талай-талай қанды шайқастар өткені анық.  Сондықтан мұндағы қазақ-қалмақ шайқастарының орындарын да көпшілік тәу ететін орынға айналдырсақ артық болмас еді. 
    «Таңбалы» қорық-мұражайы – 2003 жылы Үкіметтің арнайы қаулысымен құрылған республикалық қазыналық кәсіпорын. Мекемеміз Мәдениет және спорт министрлігіне тікелей бағыныста. Біз негізінен екі бағытта – тастағы петро­глифтерді, қоныстар мен қорғандарды және әлемде тек осы таулардың бөктерінде ғана өсетін Регель қызғалдағы мен Кушакевич юнонасын қорғаумен және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысамыз.
    Мекеме құрамында 2 үлкен бөлім жұмыс істейді, оның бірінде инспекторлар еңбек етсе, екіншісінде археология, ботаника, геодезия саласындағы мамандар мен ғалымдар зерттеу-зерделеу істерімен шұғылданады. Ғылыми жұмыстардың сапасын жақсарту мақсатында мекеме жұмысына  республикамызға кеңінен танымал ғалымдар тартылған. Мұндағы мақсатымыз – алдағы екі жылда өңіріміздің 3 мың жылдық тарихы жайлы ғылыми еңбек дайындап, жариялау. Осы тұрғыда италиялық Ренато Сала, бельгиялық Марк Деом тәрізді бірқатар шетелдік және отандық археологтармен келісім жасап, қоян-қолтық еңбек етудеміз. Реті келсе қазба жұмыстарының қорытындысы бойынша арнайы мұражай ашсақ деген де ой бар. Себебі, кез-келген өркениетті елдердегі тәрізді біздің өскелең ұрпақ та өз тарихын жетік білуі тиіс деп ойлаймын. 
    Біздегі қорғауға алынған ескерт­кіштердің арасындағы ең көбі де, көрнектісі де – петроглифтер. Бұл таңбалар орта қола дәуірінде, кейіннен сақ, ғұн замандарында тас немесе темір құралдармен қашалып салынған. Біздегі 3 мыңнан аса петроглиф 5 топқа бөлінеді. Бірақ петроглифтер туралы сөз қозғағанда тек Таңбалымен шектеліп қалуға болмайды. Оның маңындағы Қарақыр, Шошқалы, Серіктас, Қоғалы шатқалдарында және радиусы 20-50 шақырым қашықтықты қамтитын Құлжабасы, Аққайнар, Таңбалытас, Ақтерек тауларында да тастағы таңбалар шоғырлана орналасқан. Оның үстіне, бұл таңбалардың біркелкілігі, ұқсастығы тайға таңба басқандай көрініп тұрады.  Яғни  мұның бәрін біртұтас мәдени ландшафт деп айтуға болады. 
    2004 жылы Таңбалыны  ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мұралар тізіміне номинациялау кезінде қазақстандық және норвегиялық ғалымдар петроглифтерге зерттеу жүргізді.  Дегенмен, петроглифтерді зерттеуді одан әрі жалғастыру және болашақ ұрпаққа сақтау шараларын толыққанды жүзеге асыру үшін әлі де ұшан-теңіз еңбек ету керек. Өйткені таңбаларды тереңірек зерттей түскен сайын тосын сұрақтар да туындайды.  Мәселен, петроглифтердің пайда болу уақытын анықтау мен оның мәні мен маңызын түсіндіру ісі әлі де болса кешенді зерттеуді қажет етеді. Содан кейін де шатқалдағы петроглифтердің орналасу ретіне  кеңістіктік-географиялық талдаулар жүргізу мен жекелеген бейнелерді дұрыс интерпретациялау мәселелері бүгінгі таңдағы өзекті шаруалардың бірі. 
    Сынаптай сырғыған уақытпен бірге ғылым да алға басып келеді.  Осыны ескере келе шетелдік зертханалардың көмегімен петроглифтерге радиокөміртектік зерт­теулер жүргізсе құба-құп болар еді. Алайда, мұның бәрі айналып келгенде қаржыға барып тіреледі.
    Біздің мамандардың пайымдауынша, мұндағы көне таңбалар осыдан 2000-2500 жылдар бұрын қашалған. Ал кейбір болжамдар бойынша олардың жасы одан да ары болуы мүмкін. Мұнда қашалған ірі кескіндер, күнбасты құдайлар, синкре­тикалық, тері жамылған зооморфтық бейнелер және жан-жануарлар басқа еш жерде кездеспейтін сирек петроглифтер санатына кіреді. 
    Ең қызығы, қорық-мұражайдағы 6 бірдей күнбасты құдай бейнеленген жартастағы бейнелерді тасқа сурет салу өнерінің шырқау шегі деп айтуға болады. Петроглифтердің көлемі, бейнелеудің дәлдігі бұл таңбалардың тарихи маңыз­дылығын айқындай түседі.
    Өкінішке қарай, Таңбалыны  ЮНЕСКО-ға номинациялау кезінде сақ және ерте түркі дәуірлеріндегі петроглифтер ұсынылмаған еді. Сол себепті, ендігі мақсат бұларды жете зерттеу арқылы көне түркі халықтарын сақтардың қатарына қосқысы келмейтін теріс ағымға, осы бағытты ұстанатын ғалымдарға жауап берілуі тиіс.
    Бұл өңірде тасқа қашалған қазақ руларының таңбалары да көптеп кездеседі. Егер біз олардың қашалу мерзімін нақты анықтай алсақ, онда халқымыздың негізін құрайтын ірі тайпалардың қалыптасу уақытын бірнеше ғасырға ары жылжытуға тура келуі әбден мүмкін.  Бұл, жоғарыда айтқанымдай, едәуір қаржыны және көп ізденісті талап етеді.
     Ата-бабаларымыздың ізі қалған қасиетті өңіріміздің табиғаты да ерекше. Мұндағы сирек кездесетін өсімдіктерді өз көзімен көру үшін ботаниктер Еуропа мен Америкадан да келеді. Шу – Іле тауларында өсімдіктердің құрамы мен құрылымы бір-біріне ұқсайтын эндемикалық және субэндемикалық түрлері бар. Жүргізілген зерттеулерге қарағанда, өсімдіктердің 823 түрі өседі және олардың біразы басқа жерлерде кездеспейді.  Ең бастысы, бұл маң ботаникалық-географиялық тұрғыдан алғанда жеткілікті зерттелмеген. Осыны ескере келе біз қазіргі таңда американдық ғалымдармен бірлесіп Аңырақай тауын­да соңғы талаптарға жауап беретін ботаникалық зерттеулер жүргізу, шағын ботаникалық бақ отырғызу және өте сирек кездесетін фауна тұқымы банкісін жасақтау жөнінде арнайы жоба жасап, тиісті шараларды қолға алудамыз.   
    Шындығын айту керек, біздің өңір тарихқа тұнып тұр. Бұл төңіректе қайда ат басын бұрсаңыз да белгілі, киелі орынға тап боласыз. Оны көпшілік тарихтан жақсы біледі. Мысалы, Шу өзені мен Қозыбасы тауының ортасында, Тарғап ауылының маңында алғашқы қазақ хандығын құруға қатысты шаралардың бірі өткізілген, Аңырақай тауының бөктерінде қазақ-қалмақ соғысындағы шешуші шайқас өткен, мұнда сол дәуірдің бірнеше ескерткіші сақталған, осы маңда халқымыздың даңқты ұлдарының бірі Наурызбай батыр дүниеге келген.  
    Алдағы мақсатымыз – елімізді, жерімізді әлемге танытып, мойындату үшін  туризмді дамыту. Біз де бұған өз үлесімізді қосып жатырмыз деп айта аламын. Биылғы сәуір айының басында Таңбалы шатқалында наурыз мерекесіне орайластырып «Ашық есік күнін» өткіздік. Бұл шараға бұқаралық ақпарат құралдарының, Алматы қаласы мен облысындағы туристік агенттіктердің өкілдерін шақырып, жан-жақты насихат жұмыстарын жүргіздік. 
    Қорық-мұражайдағы 5 топтағы петроглифтерді толық аралап, көріп шығу үшін бір күн аздық етеді. Біздер өз тарапымыздан туристердің қонаға қалуын ұйымдастырғымыз келгенмен, оған қажетті инфрақұрылым жоқтығы қолбайлау болып отыр.  Осыны ескере келе былтырдан бері министр А.Мұхамедиұлының бас­тамасымен Таңбалы шатқалында әлемдік талаптарға жауап беретін «Сапар­шы орталығын» салуды жоспарлап, жобалық-сметалық құжаттарын  әзірлеуге кірістік. 
    Осы орталықты бітіріп алсақ келетін туристер санын күрт арттыруға, Таңбалыны петроглифтерді зерттеудің әлемдік орталығына айналдыруға, мемлекетімізді шет елдерге кеңінен танытуға толық туады деп ойлаймын. Сол арқылы Таңбалы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мұралар Тізіміне енген өзі тәрізді Валькамоники, Танума, Гобустан, Сармышсай сияқты әлемнің туристер үзілмейтін атақты орындарының қатарына қосылады.


    «Айқын»

     

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    ТҮРКИЯДАҒЫ ТРОЯ МУЗЕЙІ

    Түркияның Чанаккале қаласында Еуропа мен Азия мәдениетінің 5 мың жылдық тарихы бар мұрағаттарын көпшілік назарына ...