• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Тарихы көне, тамыры терең » Сұраған Рахметұлы. Алтайдан Жездіге дейін (Сапарнама)

    Сұраған Рахметұлы. Алтайдан Жездіге дейін (Сапарнама)

    Сарыарқаны сарыала күз көмкерген алтын шуақты сәттің бірінде – Моңғолдың нөмірі бірге санатты ақыны, осызаманғы ғұламасы Гүн сойлы Аюурзана екеуіміз 20-21 қыркүйекте Елордада өткізілген «Қазіргі заман сөз энергиясы» Еуразиялық әдеби форумға шақырылған едік. Бұл реткі шара КСРО тұсында 1973 жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған дейді. Арада 45 жыл өткеннен кейінгі халықаралық әдеби басқосуды ҚР Мәдениет спорт министрлігі қолдауымен жуық шамада жаңарған Қазақстан Жазушылар Одағы қайта жаңғыртқан. Межесі – қазақ әдебиетін әлемге ұсыну, ұраны – Рухани жаңғыру.  

    Тәуелсіздік тұғырына қонған елдің бүгінгі дәуренін күллі ғаламға паш ету. Бұған Қытай, Ресей, Моңғолия, Қырғыз, Өзбек, Иран, Әзербайжан, Молдав,Украина өкілдері тобымен жеткен. Дырдудан тыс – рухани сәтті жиын.

    Еуразия құрлығынан Туркия, Алмания, Қыпшақия, Польша, Болгария тсс. елдері «қызу қолдап» өз жазармандарын жолдаған. Елорданың күзгі аспаны осылайша бір сәтке ұлы әдебиетпен түрен көтерді. Хош. Әр тілдегі ақын, жазушылардың жылы жүздесулері өз адына бір әңгіме. Бұл жолғы айтар сөзіміздің жүлгесі бөлек. Сонымен соңғы кезде бүткіл ғаламдық тұрғыда өзекті сарапқа айланған Шыңғыс қаған тарихына қатысты пікірталастар өрбіп жатқанынан хабарларға  аз – кем кідірейік. Әрине бұл сауал Аюурды да мазалайтынын іштей сезетін едік. Ол, «Моңғолдың құпия шежіресін» (МҚШ) талдап ересен бір тосын әрі  тұтқиылдан сараптама ұсынған тұлға. МҚШ-ге деген тың көзқарас, аталы зерттеу жасап «Тәңір наме» (2016) кітабын жария еткелі көп болмаған.

    Замана классигі Мұхтар Мағауин Шыңғыс қаған тарихына қатысты төрт томдық еңбегін жария еткен тұс қызықты әрине! Әлеуметтік желілерде осынау тарих төңірегінде дау – дамай көп. Осыған сәйкес Ұлы қағанның тұңғышы Жошының басына баруға бірсыпыралары үміттенетін секілді. Бұрындары сәті түспеген, сәті түскендерде ниет болмаған. Біз де сонау 1990 жылдары Моңғолдың «Ням гариг» газетіне Жошы туралы жазыппыз. Талантты, мінезді ақын Жүкел Қамайдың Жошы қаған десе, Оспан батыр десе делебесі қозып оқи жөнелетін керемет бір ермен иісті өлеңдері де есімде.

    Жер шалғай, ауыл алыс тсс. себептер бар. Кешіккенбіз. Қандай жағдай қалай болса да біз осы жолы Жошыға барып қайтуды жоспарладық… Ойымызды әуелгіде түркі танушы, тарихшы Қаржаубай Сартқожаға, белгілі публицист, халықаралық журнализмнің өрелі, шүріппелі беренді маманы (magic bullet theory) досым Қуандық Шамақайға, әйгілі ақын бауырым Дәулеткерей Кәпұлы айтып, ақылдасып мақұлдасып көрдік.Ұлықбек Есдәулет ағаға айттық, мұрсат, қолдау күттік. Ұлыаға бірден құптады.

    Бізді де қас қабағымыздан оқыса керек, алшыны оңынан иірді.»Сабақты ине сәтімен…» Ат-көлік қамдалды.

    Жолбасшымыз – Қазақстан Жазушылар Одағы Қарағанды обылыстық филиалының жетекшісі белгілі ақын Серік Болатұлы Сағынтай. Сағынтай хас ақын – «…Өмірді өзіңменен бірге сүріп, қара жол шұбалады түнге сіңіп…» Еріксіз селт етесің?! Мағжанның сүгіреті секілді кейпі бар, өлең-үні де ұқсас. Маған сыйлаған кітабындағы «Жарты қап кітап» әңгімесі де ойландырады. Жинақ –  «Қарға» деп аталыпты!!! Американың Аллен Тейт (John Orley Allen Tate-1899-1979) есімді ақынының бояуындай күңгір үнді күгірт реңдер.

    Көлік құлағында Жексен Әбдірахман. Қарағандыдан таң бозымен торғай шырылдағанда аттандық. Сәріде даланы боз тұман жапқан. Алдымызда шамамен бес жүз шақырымға жуық жол. Арман,сағыныш болған ұлы дала, шексіз түзем.Оңтүстік батысқа қарайғы көсілген тас жолмен ұштыртып келеміз. Нұра өзені қылаң беріп ағарып атқан таң нұрымен бүлкілдеп ағып жатыр. Әне, міне дегенше Шерубай өткеліне де жеттік. Жексен жігіт ағасы екен, қатты ысылған тиянақты іскер.

    Құдды бізге жолға арнайы әзірленген энциколпедиялық тірі анықтамалық, далалық дана атқосшы, түземдік оратор! Ол,»Дипломсыз -академик, кітапсыз – жазушы…» екен. Кезінде осындай (ат тергеуді) атақты қазақ ауызша тарихының білгірі Ақселеу Сейдімбек берсе керек.

    Мінеки  Ұлы дала бойында Жақсы Сарысу, Жаман Сарысу өзені маңындағы Есен,Талды, Байқаса, Манақа секілді ірілі – ұсақты өзен – суларды ілестіріп ағып жатыр. Сарысу Атасумен астасып Түйемойнаққа дейін келіп мүлдем қиястап Бетпақты қынарлап барып Шиелімен Сырдәрияға құяды екен. Алыста – Атасу. «Атасу» кен байыту өндірісі де көрінер… Әлемде алдыңғы ондықта. ТМД-да үштіктен түспейтін марганецтен  шамамен 10-15 млн тонна қоры бар, тіпті темір рудасының қоры 20 млрд саналатын киелі Атасу!

    Ойпырай, маңғаздана барып бір шетін мұнарға сіңірген әйгілі Иманжүсіптің (Құтпанұлы) жырына «Бұғылы-Тағылы» деп арқау болған Бұғылы, Тағылы, және кербез Сүмбіл, Қотыртау сілемдері қандай ғажап! Сонау бір көрінген қоңыр тауды Тектұрмас биігі деп атайды екен. Мінезді, құбылмалы табиғаты алақұйын жықпылды қойнау. Бір шетінде күн шуақ, екінші шетінде ақтүтек боран бола қалса қалыпты жағдай деіңіз. Бұғылының атақты Ақойы. Ақойдың қойыны толған кен,  содан магниттік өрісі көп дейді. Бұл жерден ұялы телефонмен сөйлесу қиямет. Қайран қаймақты өңір кезінде КСРО тұсында қуғындағы  қайманаларды  қамайтын заһарлы зындан, тікенді түрме Карлактың шаруашылығы болған ұйық. Ақойдан кейін еңселі Батық ауылының адырлары көрінеді. Жаңарқаның жазиралы өңіріне іліккенде Сәкеннің әні әуелеп келіп құлаққа шалынғандай. Құдырет!

    Мынау оң жақта Атасу мен Сарысуға таяу таяқ тастамда Сәкеннің керұйығы Иманақ тауы (массиві) бізбен ілесіп келеді! Жексен Алашшыл. Сәкенге бір соғып еді тоқтай қоймады. Тұрсынбек Кәкіш хакім атам айтқан мемуарлардың басынан түсіп түгендеп барып аяғынан бірақ қайырады.

    Сол жағымызда бағзы Ақдала, алыста Ешкіөлмес, оқшаулау Болаттау, бұйырғынды Ақтау, Ақбастау, Қызылтау, Ортау.

    Уа, дейсің! Көлденең түстікте Көнектау (Көн иек) Екі жарыла аққан ескі Көң, жаңа Көң өзендері. Осы көне Көнектің кең етегін басып Жошының қызы, ханышайымы Жүбейн әулие ананың кесенесі тұр. Біз барар Кеңгірдің өтінде екінші қызы ажарлы патшайымы Бұлғын ененің кесенесі тағы бар. Әулие Нарбақта  Тұяқ шешеннің кесенесі тсс. көп көненің кең ортасы. Маң даланың шетінде маңғаз Манақа сұлап жатыр.

    Қорғажың өкпе тұсы Теңіз, сәл әріректе Алпамыс эпостық жырындағы Гүбаршын – Баршын мекені. Құлдай аққан Құдайменде бидің есімін егелеген ен қойнаулы көделі өзен бойын көбелеп сан мыңғырған желқұйрық жылқылар. Жылқы аунаған түкті өріс тебіні. Ілияс Есенберлиннің «Қаһарындағы» Қараменде Қоңырқұлжаның қара мекені. Жерұйық!

    Жаңарқадан өте Қарауылтөбенің басына орналасқан қазақтың әз һәм ұлы тұлғасы Ақселеу Сейдімбек ағаның жаңа қорғаны тұр. «О, тоба!!!» Сейдімбек атаның қарашаңырағына түсіп, кемеңгер Ақселеу Сланұлы  рухына  зиярат, мінәжат жасадық!

    Ауылда шөп – шалаң күзгі қарбалас шақ. Даланың жусан аңқыған пішенін жинаған қаурыт, құр семіз мезгілі.

    Жезқазғанға да келіп жеттік. Мінеки әлемге «Қазақмыс» атымен танылған корпорация шамамен жылына 500-600 мың тонна мыс катод өнімін экспортқа беретін орын. Өндіріс мұржасы будақтай бастады!  Жезді мен Жаманайбаттың 20 млн тоннаға жуық мыс қоры түгел, вольфрам кені шөккен мидай дала неткен бай!

     Жездінің мысы жержүзінде термоядро және электрозатқа қат өнім. Бөрте-өзеннің (Үжің) төркінімен аталатын кең Қоңыратта алтын мен күміс кені толып жатыр! Кезінде Мәскеу билеп тұрған күлгін сорлы кезде Қазақтың түсті металдарының түгелі, мыстың үштен бірі, қорғасынның төрттен үші, мырыштың тең жартысы бүткіл Ресейдің қалтасына тоғытылатын.

    Ауылбасы қарт абызым Мұзараф Ақанұлы ағаның шаңырағында ас мәзіріне бағындық. Сәтбаевтың рухы сіңген аға сексеннің сеңгірінде.Өте сергек.  Бәйбішесі Шабал Бейсенқызы ағарту саласының ардагері, қырық үш жыл ұстаз, отыз жыл мектеп хакімі болған. Қазір – шүкірлі, есентүгел әжімді әжетай, мейірімді отанасы. Қазақтың дарқандығы мен меймана кемеңгерлігін  осы арада көрсетті әжеміз. Бидай аңқыған қоңыр нан, қаймақ қатқан күрең шәй. Атшаптырым дастархан. Бір сағыныш! Әжем есіме оралды! Аюур досым бек ұстамды, алайда осыншама құрметке аң – таң.  Хош көрдік!

    Бізді қарсы алуға келген Төлеген Нұрмағанбетұлы ғалым, «Жезқазғансирекметалл» кәсіпорынды басқарған. Менделеев кестесінің 55-і сирекметалға тиеселі болса соны жатқа білетін сирек маман.

    Ол, бүгіндері «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ұлтжанды серкесі, серт сынды  аға.Сөзі шымыр, ойы ұстамды абыз. Жезді мысының құрамында болатын осмий секілді сирек кездесер жігітағасы. (Осмийдің 1 грамы ғаламдық нарықта 30 доллар!) Жездіде бұндай элементтер  жетеді. Жер қыртысын түртіп қалсаң түрлі түсті асылдар жамырап шыға келеді.

    Сонымен бірге ҚЖО Жезқазған аймақтық филиалының төрағасы, «Ұлытау және Ұлт» журналының директоры, ақын, журналист Батырбек Тынышбайұлы, «Ұлытау және Ұлт» журналының жауапты хатшысы, «Тілтану» орталығының төрағасы ақын, ғалым, аудармашы  Ғазиз Елеусізбайұлы. Ғазиз ақын; «…Менің жаным – қайшылықтар алаңы, менің жаным – түсініксіз басқаға…» деп жыр жазады, һәм «Ақын мен ажал» пьесасын сахналаған драматург. Сәтбаев қаласының бас дәрігері Жомарт Мұзарафұлы нағыз ақын жанды, білікті азамат.

     – «Біз – Ханын қадірлеп,биін бағалаған халықпыз…» – деп аталы батагөй алаулы лепесімен Мұзараф аға бата берді. Бұрынғы етене таныстардай дидарғайып жүздесу осылай басталды. Мәзір басындағы кеңес – дөңестегі  мазар басында жалғассын дедік!

    Иә, Шыңғыс қаған хақындағы әрқилы әңгімелер өрбіп, басылар емес. Шынында дүние тарихының бір ірі бөлігі Шыңғыс қағанға тиеселі болса соның белгілі кезеңі өткен жері Қазақтың Ұлы даласы. «Моңғолдың құпия шежіресін» бағзы байырғыдан жаңа моңғол тіліне бейімдеген Цэндийн Дамдинсүрэн қағанның есімін «Чинггис» деп жазады. Көптеген ғалымдар оны – «Теңіз» сөзімен де шендестіреді?! Бұл да жаңсақ ұғым болуы мүмкін.Білмеймін!

     Қаған 1162 жылқы  жылы көкектің 16-сы күні таңға жуық өмірге келді дейтін қисынды қызықты мәліметтер де кездеседі! Тарихшы Ш.Нацагдорж – «…Темужин ІІІ үш мүшелдік су тұлпар жылы жаздың алғашқы айында, Еуропа жыл санауының 1162 жылы көкектің 16-сы ай тоғайған күні туды…» деп жазды.

    Қалайда іштегі бір жасын есепке алғанда 1163 жыл һәм қара қой жылы екі жаста деп санайтындар бар. Есімі Темужин («Те…» түбірі – «Шың» мағынылы – РС). Шешесі – Олқұн тайпасынан Өэлүн ене 19 жаста, әкесі Ес-укей 25 жасар. Есүкейдің  кіндігінен 6 ұл 1 қыз туды делінеді.Темужиннің інісі Бек Белгу-тей, Хасар (Қасаға) 1164 жылы көкше мешінде, Хачиун (Қашаға) 1166 жылы қызыл итте туды. Ал, Темуке (Темірке). (Темуке отшы кенже).Темулен (Темірлен) құба (қыз).

    Сегіз жастағы Темужинге әкесі Қоңырат Дөй шешеннің қызы Бөрте-өзенді (Үжің ) айттырады. Құдадан қайтар жолда Есүкей 1170 жылы татарлар қолынан у ішіп қаза тапты. (Ванчинбалын Инжаннаши «Көк шежіре»1991ж), Пэн Дая Сюй Тиннің «Қара татарлар шежіресі (Хэйда шилюэ)» жазбаларында татарды қытайша -«Дадань» деп келтіреді.(Хэрээд Жамсрангийн Баясах «Моңғол тарихнамасына қатысты екі түрлі көне дерек» Улаанбаатар, 2006. 410 б.)

    Сонау 1177 жылы қызғылт тауық жылы Темужин 17 жасқа толды.1178 сары ит жылы Бөрте-өзенге ұрын барып  түтін түтетіп,шаңырақ көтерді. Осы жылы Керейттің (Хэ Ван – асқақ уаң – РС)  Уаң қағаны Тұғырылдың иығына қара бұлғын терісінен тіккен жарғақты (МҚШ – де жархаг деп атайды – РС) жапты. Уаң қаған Темужиннің өкіл әкесі болған.

    Темужин 1179 жылы сары доңызда 18 жасқа келгенде әкесін өлтірген қарақшы дадань қанқұйлыдан өшін алып, жеңіспен оралғанда Жошы (Шошы) туды. Темужиннің дала тектілерін өз маңына топтастыра бастаған жылы болса осы  ақ сиыр һәм 1181 жыл. Соңыра Иранда Өз-темір, Қазан хан (1271- 1304)-ның тұсында Рашид ад- Диннің (1247-1318) деректері бойынша – Меркіт тайпасына қолды болған Бөртені Керейттің Уаң ханы құтқарып қалғаны туралы  аңыз бар. Осы жолда келе жатқанда ен далада Жошы дүниеге келеді. (Рашид ад – Дин І том, І кітап 98 бб.)

    Қара барыс жылы 1182 жылы 21 жасар Темужиннің екінші баласы Шаға-тай өмірге келді. Соңынан 1186 жыл һәм қызыл итте Өге-тей туды. (Өге – жоғары, биік деген мағынаны білдіреді – Р.С) Көне  түркі сөздігінде «тай», «тэй» жалғау, шылаулары әйтеуір тегін берілмесе керек. Мысалы, «Тай бегі – қарауылбасы», «Тай білге – салықшы» тсс. («Древнетюркский словарь» Ленинград, 527 с. 1969 г.)

    Сарыжағал тауық жылы Темужин 28 жасында Бүткіл Моңғолдың хан тағына отырып Чинггис (Те…) деген айбарлы атақ алып, Ұлы құтқарушы Қаған мұратына жетті.

    Уақыт сырғып өткен 7-ші жылда қағанның 32 жасында Бөрте-өзен төртінші ұлы Толыайға босанды. Бұл 1193 жыл һәм қара тышқан жылы. Ай – айнадай толғанда туған ұлға – «Толыай» деген есім бұйырылады. (Бұл менің тарихты «бүгіншілеген» қиялым емес, шұқшия тектелген тұлғалардың тұжырымдардың бірі.Моңғол аңызында 33 жасты толысқан мүшелдік (мөчлөг) жасқа теңейді. Моңғолдар айнаны да толь деп атайды). Көптеген ғалымдар осы жеті жылда Шыңғыс қағанның бір неше қыздары өмірге келді деп тұжырымдауға құштар.Солай да болар!

    Тарихшы Баабар; Шыңғыс қағанда 4 ұл, 5 қыз болды деп қағанның әйелдерінің саны 500-ге жуық еді дейді. Қағанның кіші ханымы Құланнан туған Күшілік хан.

    Шыңғыс қаған 1219-1224 жылдары Қазақ даласын жаулап алды.Жошы бұл кезде 39 жаста болса керек. Қазақ даласындағы қыпшақтар Шығыс Еуропаға қарай жөңкіліп көше бастаған тұста – Ертістен Есіл әріде Сырдәрия, Арал теңізі мен Каспийге дейінгі ұлы алап, Іле,Тәңіртауына қарай созылған  Алтын Орда, Шағатай ұлысына қараған аймақтың бел омырытқасы осы – Жезді, Ұлытау өңірі. Ертіс дәриясынан Орал тауларына дейінгі аумақ Жошыға мұра болған. Жошы қаған  1227 жылы 48 жасында, 65-ке келген әкесі Шыңғыс қағаннан бұрынырақ екеуі де дүниеден көшіпті.

    Жошының күмбезі – Жездідегі ең көне сәулет. Жезқазған қаласынан 45 шақырымда Қаракеңгір өзеннінің жағасына орналасқан. Жошы өлгеннен кейін бір жылдан кейін тұрғызылған болуы мүмкін. Күмбездің іргесін әуелі қазған Георгий Герасимович Герасимов есімді ғалым өзінің («Паятники архитехтуры долины реки Кара – Кенгир в центральном Казахстане.1957 г. 59 с.») еңбегінде біршама тыңғылықты таңбалаған.

    Жошы күмбезін Қазақ мемлекеті қорғауға алған. Керемет. Кесененің артында Хан сарайының қалған алтын құндақты орыны да қоршаулы. Дүние тарихында Шыңғыс қағанға қатысты ең анық тарихи ұстындар осы өлкеде ғана сақталған.Ал ендіше!? Енді бұны әлемдік санатқа жеткізудің жолы ғана қарастырылса. Кесененің қабырғасы күйдірілген нарттай қызыл кірпіштен қаланған. Хасбетінің жолақты бедері кезінде ақықпен айшықталса керек қазір орны ғана қалған, төбесіндегі қыштан көмкерілген жасыл күмбезі жайнап тұр. Кезінде күмбездің төбетәжін (ганжир) орыстың  әскерлері атып түсірсе керек.

    Алты қадам  аршын жебе жетер арада – Домбауыл, қарсы беттегі қырқада  – Алаша хан мазарын түгел араладық. Қазақтың алтынды байтағы талай тарихты қойнына тығып үнсіз жатыр.

    Жезді өңірі келешекте әлемді таңқалдыратын өзгеше технологиялық өндірістердің орталығы болатын мүмкіндікке ие. Темір қоры жағынан Қазақстан  АҚШ-тын соңына қалдырып кетерін Дональд Жон Трамп ерте сезген секілді!  Қалайда Қазақтың геостратегиясы әлем назарын тартты. Мұндағы басты мәселе – жол!

    Жезді – Астана – Ақтау –Каспийге дейін  ең қарқынды супер болат жолы да салынар. Мүмкін 500 шақырым/сағ-ттық қарқынға жетіп барар-ды. Арман орындалсын!

    Францияның – «Лион Сент Экзюпериі», Ұлыбританияның – «Стартфорды» (179,6 шақырым/сағ). Олар да қиялдаған.

    Жапонияның Осоко – Токио жүйрік жолы 1964 жылы төселген. Қазір басқасын салуда олар. Испания, Тайвань қарқынды жолдары да әйгілі. Мұндағы ғана Шанхайда 430 шақырым/сағ жол салынды емес пе.  Бейжің – Нәнжінаралық бір мың километрді 280 шақырым/сағ қарқынмен  219 минут жүгіріп өтетінетін темір жол өмірге келді. Жереми Хартиллдің (Jeremy Hartill) зерттеуі бойынша әзірге әлемдік қарқын 160 шақырым/сағ!!! Сарыарқаға осы бақ бұйырғай!

    Құдіретті қазақтың Ұлы даласымен қайта аңыратып келеміз. Байлықтың алтын ұйығы Жезді! Осы игіліктерді Қазақ елі тек қана Қаратаудың қойнында жатқан фосфоритінің құнымен ғана ала салуға болады екен – ау! Қазақ даласында фосфориттің мөлшерлі қоры 2 млрд тоннаға жетіп жығылады. Таяу мезет, сәтті кезде ғана тек мақта, күріш пен бидайды ғана экспортқа қарата бейімдей жөнелсе бұл қазақ  – бүткіл Еуразияның біршама елдерін Шыңғыс қағандай бағындыра алады.

    Сұлусудан (өзен) нәр таттық. Серік Сағынтай өлең оқыды. Сыңғыр назым бір келкі!  Жексен жылқы туралы аңыздарға түскен! Ой, Жексен әмбебап!

    Тоқан-Темірден Есім ханға дейінгі он төрт, Есімнен Жәңгір Сәмеке, Әбілмәмбетке ұласқан алты, Әз-Тәуке, Абылайдан Қасым, Кенесарыға дейінгі алты санды алтын тақ егелерінің Қаған бабасы – Жошы жасасын!

                                                                                Моңғолия,

                                                             2018 қазанның 1-3 жаңасы

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Профессор болашақ тарихшылармен кездесті

    Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ...