Осы арада мынаны ескерте кетемін: қатын – қазіргі қазақ тілінде архаизмге айналған ұғым, ол әуелгі заңдық құқы мен мағынасы бойынша  – дәрежелік атау. Отағасынан кейінгі заңды билік иесі, жерге мұрагерлік  ететін, мүлік пен малдың  еншілесі, сыбаға басы. Қазақ қоғамындағы қатындар – иерархиялық (әулеттік) орнына қарай: бәйбіше, тоқал, құдағи, құдаша, келін, қыз, абысын, ажын, жеңге, сондай-ақ  өзі теңдес еркектермен тең құқықта – нағашы, жиен, бөле ретінде әр қайсысы өз орынына қарай билікке араласып, енші алып,   тиісті  сыбағасын бөліскен. Тіпті күңнің де мұрагерлік құқы болған. Ал  бүгінгі әдеби тіл айналымындағы әйел ұғымының араб тіліндегі мағынасы – күңсі, яғни, күңнен де күні төмен, бас еркі жоқ, өлсе – құнсыз, еңбегіне жалақы төленбейтін, туған баласы да есепке алынбайтын басыбайлы үй салмасы. Кеңестік теңгерме саясат тұсында сауаты ортадан төмен, тәрбие мен әдеп сіңбеген белсенді қазақ әйелдері: біз меншік иесі – қатын емеспіз, мал-мүліксізбіз, басыбайлы крестьянкалар сияқты біз де әйелдерміз –  деп таптық астар беріп, 1927 жылдан бастап шыққан журналдың атын «Әйел теңдігі» (кейінгі «Қазақстан әйелдері»)  деп атады. Содан бастап «әйел» ұғымы жазба әдеби тілдік термин ретінде қалыптасып қалды. Ал өзбек, түрікмен, қырғыз, татар, ноғай, қарақалпақтар «әйел» терминінен саналы түрде бас тартты. Әйелдерге арналған басылымдар «Өзбекстан қотын-қызлары», «Татарстан қатынлары»  деп аталды. Біз, негізгі әфсана арқауының мақсатына сәйкес, олардың тақ билігіне иелік ететін заңды құқын, билік аясын, мұрагерлік еншісін анықтайтын дәрежелік мағына беретін   «қатын» атауын қолдандық. Әйтпесе, олардың «қатындық» рухын әйелге дейін төмендетсек, онда империяның тұтқасын ұстаған, құрылтайдың шешімі арқылы «қатын» (императрица) дәрежесі берілген Теркен қатынды,  Өгіл-қаймыш қатынды, Сорқақ қатынды, Шәби қатынды, Мандухай қатынды, Тайдулла қатынды «күң» есебінде кемсіткен сияқты көрінер едік. Мұндай мағынасы теріс түсінік беретін ұғымдар әр тілде кездеседі. Сондай-ақ, осы әфсанада кездесетін «алтын ұрық», «кекті жатыр», «кекті қатындар», «ұлы жесірлер», «күндестер» т.б. тырнақшаға алынған сөздердің тарихи термин екенін ескертіп, жатсынбай қабылдауды өтінеміз. Ал сөзіміз сенімді шығуы үшін:  «Хатун – титул представительницы ханского рода. Им обладали даже те дочери ханов, которые состояли в браке с представителями менее знатных семейств. Супруги ханов из числа дочерей беков не имели права на этот титул и назывались обычно уджин (фуджин) или беки (бегім – Т.Ж.), впрочем, в летописной традиций их также могли называть хатун, несколько повышая их статус» – деген орыс ғалымдары Р.Ю. Почекаев пен И.Н. Почекаеваның  пікірін түпнұсқа бойынша келтіруді орынды санадық.

 

Текті дегдар Шәкәрімнің  сендіре баяндауынша, ұлт боп ұйып келе жатқан қазақ қауымының  әр үш адамының екеуін қасым еткен,   есіл жұртты «елім-айлатып» зар  қақсатқан, «Алқакөлге апарып сұлатқан»  – «Жоңғар хандығы» тарих сақнасына қайдан шыға келді, осы? Ұлы Шыңғыс ханның, кейінгі – Жошы, Шағатай, Өгедей, Төле ұлыстарының тұсында «санда – санаты», «төрде – орыны жоқ» қонтайшылар қалай және қашан қатарға қосылды? Сарыөзен мен Еділ-Жайықтың арасындағы аспан астындағы ұланғайыр кеңістікті  «қанды  құйын» боп  жайпап өткен, «қан мен кекке жерік боп туған», «ұлы жұрттың» жиендерін  (монғолдар қыздан туған тақ мұрагерін «қонтайшы» деп атайды) – Орталық Азияның ойранын шығарған ойраттарды хандықтан дәметтіріп, дәніктірген кім? Аққорғанның (Гансу өлкесінде) қақпасына: «Бұдан ары қытай жүретін жол жоқ» – деп жазып қойған (ал оның жартастағы  нұсқасын «қызыл жүгірмектер» ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарындағы мәдени төңкерісте жарып жіберген), Сарыарқа есі түгіл елесіне кірмейтін  мәнжу империясының «сарыаяқ шеріктерін» жоңғарлар өзімен қоса қазақ даласына қалай ертіп әкелді?

Сонымен…

Ширек ғасыр бойы қағыстырған осы сауалдарға қатысты барлық  жауапкершілікті мойыныма ала отырып, бұған бір сөзбен мен: «Қасірет құйынын үйірген кекті қатындар мен кекті жатырда ұйыған хандық және кекті бесікте тербетілген «алтын ұрықтар»  – деп жауап беремін.

Себебі, дүние тарихын асты-үстіне төңкере қағыстырып, адамзат тарихына бетбұрыс жасаған  құдіретті император атанғанымен де, Цезарьдың да (Клеопатра), Аттиланың да (Ильдико), Юстинанның да  (Феодора), Таң гаузұңның да (Узы тянь), Шыңғыс ханның да (аңыз бойынша  таңғұт ханшайымы), Сайын Сүлейменнің де (Роксалана), Напалеонның да (Джозефино), мәнжу патшалығының да (Чань фыңның жамағаты, Фуң зының шешесі Сычи тайху) қыр желкесін қиған осы «ұлы қатындар». Олар туралы тарихи зерттеулер мен көркем шығармалардың өзі бір кітапхананың қорын толтырады. Шыңғыс ханның ұлысын үш ұрпаққа жеткізбей  «ата жұрттың» тізгінін ұстайтын  «алтын ұрықты»   аздырып тынған да сол «ұлы  жесірлер». Ал жоңғарлардың ұлу сияқты «сүйекті шапан» жамылып жандығуына себепкер бір-ақ қатын. Ол – ойрат Бегерсін тайшының қызы Мандухай.

Бұл «император қатындар» қақында Б.Үшоқ, И.де Рехлеви, К.Уолдегер, Ф.В.Кливз, Т.И.Сұлтанов, Д.Уэзерфорд, О.Гайворонский, Е.И.Кычанов, Г.Абдуллаев, А.В.Беляков, М.В.Моисеев, В.Маглинов арнайы әфсаналар жазды. Соның ішінде Р.Ю. және И.Н. Почекаевтардың  монографиясы ерекше маңызға ие. Мұны білмей, ұлыстардың ыдырауын, соның ішінде Жошы ұлысының соңғы заңды мұрагері боп саналатын, «Алтын орда күйреген соң тек өзі ғана өмір сүруін жалғастырған қазақ хандығының» (Р.Ю. Почекаев, И.Н.Почекаева)   тарихын ой мен бойға сіңіре түсіну мүмкін емес.

 «Күндестердің» «кекті жатырынан» туған «алтын ұрықтары» мен «көшпелілердің соңғы империясы» атанған жоңғар қонтайшыларының бойына  өшпенділік   уыты олардың шаранасынан жайылды. Бұл уыттың асқынып кеткені сондай, қағанның немерелері Шыңғыс ханның өзінің көзі тірісінде бас еркіндігін берген  қатыны, керей қызы Абике-бекиді (Айбике бегім –?), яғни, ұлы шешесін  және   соған қоса тақ мұрагерлерінің он бір  «ұлы қатынын»  ширек  ғасырдың  ішінде  «белін сындырып»  тынды  (монғолдар омыртқасын опырып тындымдауды «қан шығармайтын  құрметті өлім» деп есептейді). Соның кесірінен ұлы қағанның қазасына жиырма бес жыл толғанда төрт ұлысты талассыз басқаратын заңды немесе тікелей мұрагер қалмады. Әрине, «алтын ұрық» сақталған, бірақ олардың барлығы да: әкесін, ағасын, үрім-бұтағын көзінше қырған тақ иесіне олжаға түсіп, солардың бауырын зорлықпен жылытуға мәжбүр болған  «кекті қатындардан», яғни, кекті келіншектер мен қыздардан туған еді. Ал олардың «кекті жатырында» ұйыған ұрпақтар аталас әкелерінің де («Әулет атасы» атанған Батыйдан басқаларын), аға-бауырының да, күндес шешелерінің де, тіпті әке-шешеден кіндігі бір туғандарының да  «белін сындырды», «ауызына құм құйып тұншықтырды»,  «ауызы мен артқы тесігін тігіп», «киізге орап суға батырды»,  «у берді», «дарға асты».

Оның басты себебі, әкесін өлтіріп, шешесімен қоса  өзі де бодауланған  «қатындардың кегі» мәңгілік жібімейтін кекті шеміршек боп қатып қалғандығында еді. Сол кекті қайыру үшін, тоз-тозаласы шыққан «Ұлы жалайыр ұлысының», «Меркіт мемлекетінің», «Ұлы найман мемлекетінің», «Керей хандығының», «Орман елі – қыпшақ бірлестігінің», «Алшындар әулетінің», «Оңғұт (уақ) бектігінің», «Ойрат қосынының», Қараханилер дәулетінің, Хорезм дешті-қыпшақ  хандығының, Қидан (кейіннен найман Күшлік хан гурхан атанған) мемлекетінің   (бұлардың барлығы да ХХ ғасырдың  ортасына дейінгі тарихи зерттеулерде  қолданылып келген ресми атаулар) шаңырақ иелерін аман-есен сақтап қалып, қатарға қосуға ұмтылды. Осы тұқымдардың қайсысы үстем болса, нақтырақ айтсақ, қай тайпаның қызы «алтын тізгінді» қолына алса, сол  ұлыс сарай саясатына белсене араласты.

Тіпті Шыңғыс ханның өзі осы «кекті қатындар мен кекті жатырда ұйыған» ұрпақтарының түптің-түбінде «ата жұртты» ойрандап тынатынын түсінде көріп, шошып ояныпты. Түсінде аян берген керей қызы Абике-бекиді  (Айбике бегімді – ?) өлтіруге әруақтың заһарынан сескенеді. Тек оның көзі ретінде «жозы мен алтын тостағанды ғана алып қалыпты», «Қалғанының барлығын, «қатын» атаулының заңды меншігі болып табылатын орданы, оғландарын (әскерін), сарай сыпайылары мен үй қызметкерлерін, қазынасын, табындары мен үйір-үйір жылқыларын Абике-бекидің еншісіне беріпті» (Рашид-ад-дин) және Абике-бекиді сол күнгі күзет нояны Кектейге ұзатып салады. Абике-беки мен Кектей екеуінен туған Дошын баһадүр 1236 жылғы ұлы Құрылтайдың шешімімен Шыңғыс тұқымдарымен тең мөлшерде Қытай жерінен үлесін алады және ең жоғарғы билік мәртебесіне тағайындалады. Бұл – ұлы ұлыстың телімделуінің сіргетартары, қағанды шошындырған түстің жоруы емес, жорасы  ғана еді.

Сонымен, Шыңғыс империясының түбіне жеткен «кекті қатындар мен кекті жатырда ұйыған хан мен хандықтардың» кек қайыру былғағы басталып кетті. Ұлы империя құлауға бет алды. Оның «төрін (билікті) тіліп, етегін жыртқандар» – «ұлы қатындар», яғни, әуелгі күйеуін өлтіріп, өзін алған – жесірлер, әкесі мен еркек кіндікті аға-бауырының түп-тұқиянын қалдырмай қырып, бодауға түскен – жетім қыздар және солардың жатырынан шығып,  өзге аталасына өш боп тәрбиеленген оғландар.

Бұған қарсы мың кітаптан  бес  мың сілтеме келтіріп, тақ таласының тауқыметін талқыға сап,  қарсы уәж келтіруге болады.  Бірақ: сол тауқымет тамыры анасының кіндігіне байланбады және шешесінің, сол арқылы  нағашыларының көмегіне сүйеніп таққа отырмады – деп ешкім де айта алмайды. Айтуы да мүмкін емес. Тіпті кешегі қазақ хандығының құрылуы мен ойраттардың «жоңғар» дәргейіне ие болуына да сол «ұлы қатындардың» тікелей ықпалы болды. Пікір – дәлелді, тұжырым – тиянақты шығуы үшін тек «ұлы қатындар» мен ханымдардың (кейінгі ұғым) жеке бастарына қатысты ата кегі жолындағы былғақтарын ұтымдап, жатық баяндап барып, жоңғарлардың  кекті бесігін тербеткен ойрат Бегерсін тайшының қызы Мандухайға  көшеміз (әфсананың   басты мақсаты да сол). Сонымен, «сөз –  сүйекті, буын – сіңірлі» болуы үшін, әлқиссаны, бергіге бұрмай,   ажырғыны арыдан   ажыратуға мәжбүрміз.

1.

Кесірлі сөз, кежірлі қағытпасыз, турасына көшсек, Шыңғыс   ұлысын ұйытқан  орда: «Қатындардың көз жасына буаз болса қара жер, онда оның әр тамшысынан бір-бір аждаһа өсіп шығар еді» – деген Шекспир жазып, Әуезов аударған Отеллоның  толғауын   еске салады. Себебі, бабасы Амбағайдан, әкесі Есукейден және Темужиннің өзінен бастап жетінші ұрпағына дейінгі қалыңдықтардың барлығының «бойына еркінен тыс  бала бітті», не зорлықпен, мәжбүрлікпен «барша монғолдың қағандарының» төсегіне телініп, «алтын ұрықты» ұйытты.

Аңсар мен әсіре әфсананы (мифті) мансұқ етпейміз, бірақ  Добу мергеннің жесірі Алан-гуа некесіз  үш ұл (Бұқа-қатаған, Бұқаты-салжы, Боданшар-мұндар) туғаны анық. Сонда мергеннің  бел балалары Белгітай (Белгінтай) мен Бүгінтай (Бүгүнтэй): «Әрі күйеуі жоқ, әрі жақын ағайыны жоқ болса да, біздің шешеміз үш ұл тапты. Ал біздің үйде Мәлік-баяуыт малайдан өзге бөгде жан жоқ. Осы сүмелектер соның ныспыны шығар» («Монғолдың құпия шежіресі»,18-тармақ) – деген кәдік айтады. Бұған Алан-гуа ана: «Сендер бұл жайдың мәніне түсінген жоқсыңдар. Түн сайын бір ақсары адам біздің үйдің шаңырағын жап-жарық қып кіріп келіп, менің құрсағымды сипағанда, оның нұры жатырыма сіңіп кететін. Ол адам күн шығар кезде итше еркелеп шығып кететін. Бұл жайды білмей жатып, неменеге күмәнданасыңдар?!.  Алланың асасынан берген ұлдары ғой, бұлар. Оларды тобырға теңеуге бола ма? Қарапайым адам хаған болса ғана мұның мәнін түсінер» (сонда, 21), – деп балаларының күдігін ыдыратады.

Бұл сылтауға үрім-бұтағы иланар. Бірақ Адам-Ата мен Хауа-Ана жаратылғаннан бері «Алланың асасынан» баланың бойға қалай және қандай жолмен бітетіні баршаға мағлұм. Құла дүзде, иен далада Мәлік малайдан «өзге еркек кіндікті жоқ» екені рас болса,  одан  құпия жасаудың еш айып-шамы жоқ.  Енді  «алтын ұрықтың» алғашқы тамшысы осылай «көктен құйылған нұрдан ұйығанына» иланудан басқа амал жоқ.  Өйткені дүниені асты-үстіне төңкерген ұлы қағанның түп  тұқияны Белгітай (Белгінтай) мен Бүгінтай (Бүгүнтэй) кәдіктенген Боданшар-мұндардан тарайды. Біздің бұған күдігіміз жоқ.

 Елін шауып, жесірін зорлықпен бауырына басу осы Боданшар-мұндардан басталады. Төрт ағасы тентіретіп жіберген Боданшар-мұңлық иен тауды кезіп, шөптен күрке жасап, қаршығаны баулып, құс аулап күнін көреді. Иен бұлақтың басын жайлаған иесіз елмен араласып, есін жияды. Жатырлас ағасы Бұқа-қатаған іздеп келген соң Боданшар-мұңлық өзіне «жақсылық көрсеткен елді шауып, жылқы-малын тартып алып, халқын малай етеді… Боданшар ұранхай әулетінен шыққан бір жүкті әйелді ұстап алып әйел етеді». Сөйтіп «иесіз елді иелі етіп», күйеуін өлтіріп алған «кейқуат әйелден»   тараған ұрпақтар «боданшар-бөржіген» аталып, руға айналады. Кектенетін – ел, кек қуатын – ұл қалмаған  тобыр бірімен бірі атасып-шатасып, «бөржіп» (бөртіп), «құмырысқадай құжынап, «құжынақ» атанады» (сонда, 42). Әлгі жүкті әйелден туған ұлға Жаттан туған (Жажирад, Жадар – Жаттар) деп ат қояды, Жамуха сол Жаттан тарайды. Бесінші атаға жеткенде Хайдудың ұлы Байсұңқар (Байшихор) құсшының Түменайынан (Түмбинай) тараған Қабыл  қағанның немересі Есукей Бартанұлынан Темужин туады.

Әлқисса, осы буынға келгенде тағы да «қалыңсыз қалыңдықтар» хикаясы басталады. Қабыл Сәнгүн-білгенің ұлы Амбағайды қағандыққа ұсынады. Бұйыр, Құйыр көлінің жағасын мекендейтін «айыр, бұйыр» руына ұзатылған қызын жасаулатып барған  кезінде сол Амбағайды жолшыбай татарлар ұстап алып, Алтын патшалығына (кей деректердегідей қытай патшалығына емес, кейін мәнжу аталған  қиданда патшалығына) сыйға тартады. Сөйтіп, Амбағайдың бас сүйегі қақпаның маңдайшасына  алты ай бойы ілініп тұрыпты. Амбағай ақтық сөзінде үрім-бұтағына: «Қалайықтың қағаны қызын ұзатып баруды менімен тоқтатсын. Татар тайпасынан бес саусағыңның көбесі сөгілгенше, он саусағың мұжылғанша менің кегімді алыңдар!» (сонда, 53) – деп өсиет етіпті.

 Тура осы Амбағайдың өсиетінен кейін Есукейдің өзінен бастап  жетінші ұрпағына   дейінгі «кекті қатындардан» (сол кезден бастап қалыптасқан ресми  атау) туған «алтын ұрықтар» дүниенің ойранын шығарып, астын үстіне бір төңкеріп тастады. Мысалы, Есукей баһадүр құс салып жүріп, қалыңдығын ұзатып әкетіп бара жатқан меркіттің Шиледу деген ноянының күймесіне жолығады. Күймедегі қалыңдық сымбатты да сұлу екен. Үйіне шауып келіп, ағасы мен бауырын ертіп  алып, Өлеуін-үжіннің күймесіне тұра шабады. Қарақшылардың қастаншықпағыр пиғылын сезген Өлеуін-үжін құдай қосқан қосағына: «Сен бұл үшеуінің пиғылын сезген шығарсың. Өздерінің сұсы жаман. Сені жазатайым етпек. Тірі қалсаң – бір келіншек табылар. Күйме сайын – қыз, күрке сайын – келіншек бар. Мендей бір келбетті келіншек табылар. Егер мені сағынсаң, ендігі айттырған келіншегіңнің атын менің атыммен ата. Енді жан сауғала. Мә, менің иісімді иіскеп жүр» – дейді де киген көйлегін шешіп береді. Шиледу көйлекті іліп алып артына қараса, манағы үшеуі тұмсықты айналып, құйғытып келеді екен. Енді Шиледудің құба керге қамшы басқаннан өзге амалы қалмайды» (сонда, 54-55). Шиледуді «үш өзенді кешіріп, үш асудан асырып, іздесе – ізі табылмастай етіп» қуған Есукей баһадүр «шашын жайып жіберіп, зар еңіреп отырған» Өлеуін-үжінді зорлықпен қатындыққа алады.

Шынымен де, Есукей баһадүрге «құмырысқадай құжынаған», «бидайдай бөрткен» қияттан Өлеуін-үжіндей «сымбатты, сұлу» табылмағаны ма? Атастырған, ақ тәнін алғаш сипаттырған, өлімге күйеуінің басын қимаған, сол үшін өзін қорлыққа қиған аңсарлы жары Шиледуді – Өлеуін-үжін ұмыта қояды деді ме? Әлде, «алған келіншегіне Өлеуін-үжіннің атын қойған, сәукелелі көйлегін иіскеп» мауқын басқан Шиледу Өлеуін-үжіннің кегін қайырмай жаны жай табады деді ме? Өлеуін-үжіннің бойындағы шарана Шиледуден бітті ме, Есукей баһадүрден ұйыды ма? Ол «алтын ұрық» қайсысыныкі?

Әрине, Есукейдікі-міс. Бірақ осы зорлық жеті ұрпаққа жеткенше ұмытылмайтын қанды кекті ұйытып, меркіттер мен бөржігендерді:  «бес саусағының көбесі сөгілгенше, он саусағы мұжылғанша өштігі» қайтпайтын ата жауға айналдырғаны анық. «Темужиннің   оң қолына асықтай ұйыған қан уыстап тууы» тегін нышан ба? Ол Шиледу мен Өлеуін-үжіннің белінен ұйыған кекті қан емес пе? Қалайда, Есукей баһадүр мен Өлеуін-үжіннің ықыласты төсегінен жаратылмағаны анық. Темужин – Өлеуін-үжіннің бойына Есукейдің өзінен бітсе де еріксіздікпен, қарғыспен, көз жасымен біткен шарана. Шиледудің құшағының   жылуын Өлеуін-үжіннің ай толмай жатып ұмытуы ұрғашының табиғатына жат тумыс.

Татарлар мен меркіттердің, тайжүттердің  түп-тұқиянын тұлдыр қылған Өлеуін-үжіннің жатырында ұйыған осы «асықтай  қан».

Тарих бесігі неге бұлай терісқақпай тербелді? «Жеті ұрпағының желкесін қиғанша» қиуы қиылмаған қандай қастаншықпағыр  үрдіс бұл? Әлде, Бұқардан бұрынғы және кейінгі жыраулардың Абылайға қарата: «Қалмақтан қалыңсыз қатын алдырған», «қалмақтан жылқы қайыртқан», «қалмақтардың қатынын ат көтіне міндірген» деген, қазір біздің де ауызымызға жиі түсетін  масатты сөз сол заманнан қалыптасқан «ата дәстүр» ме еді? Мүмкін. Бірақ үлгісіз дәстүр.

Дей тұра менің өзімнің: «Арғы атам – Таянханнан бастағанда сегіз жүз жылғы, он бесінші атам Күшліктен санағанда бес жүз жылғы, Қабанбайдан қарастырғанда үш жүз жылғы кекті тектегендегі көзім жеткені мынау: кім де кімнің атасы қалмақтан қатын алмаса, яғни, кім де кімнің қалмақтан нағашысы болмаса, ол адам – қазақ емес. Өйткені, екі жүз елу жыл бойы жоңғармен соғысып жүргенде, қалмақтан қатынды олжаға түсірмесе, демек ол адам жоңғармен соғыста ерлік көрсеткен емес. Демек, қазақтың азаттығына үлес қоспағаны. Ал «Еңсегей бойлы Есім ханның» бес қолбасшысының бірі боп, «Қатаған хан Тұрсынның» басын алған, үш қызын олжаға түсірген, сол жолы уланған жебемен жараланып өлген менің Күшлік атамның бәйбішесі қалмақ қызы Қолаң екен, содан туған жалғыз ұл Дәуленнің ұрпағы мына менмін. Демек менің аталарым қазақтың мемлекеттігі мен азаттығына тікелей үлес қосқан», – деп  құрбы-құрдас пен ағайын-ажынға  қоржаңдайтыным қай «үлгіге» жатады?

Темужин тоғызға толғанда Есукей баһадүр Өлеуін-үжіннің төркініне – олонхоларға қалыңдық айттыруға аттанады. Әрине, бұл құдалық сапардың хабарын  «кегі күн санап божып, ай санап бөртіп, жыл санап қағынып»  келе жатқан  ақ татарлар  және олармен пиғылдас меркіттер де біліп отырады. Есукейдің соңына аңду қояды. Бұл – Есукей баһадүрді ажалға шақырған, Тэмужиннің құтын асырып әрі сорын қайнататын сапар еді. Қазіргі Құлынбер жайлауындағы Қоскөлдің ортасын жайлаған (бұрынғы Сексер мен Шиқұрғы) қоңыраттың Дай шешені Есукей баһадүрге: «Мына ұлыңның көз жанары отты, бет-әлпеті нұрлы екен. Есукей баһадүр, өткен түнде мен бір түс көрдім. Түсімде: Ай мен Күнді шеңгелдеп ұстаған бір ақ сұңқар қолыма қонған екен деймін… Біздің қоңыраттың келбетті әйелдерінен туған дидары сұлу қыздары ежелден қазақы күймеге отырып, бота жетелеп, хан ордасына ұзатылып келеді… Менде де бір кішкене қыз бар. Жиеннің мысын сол басар. Көріңіз!» – дейді. Көреді. Қыз көрікті екен. Айттырады. «Ұлымды иттен шошыта көрмеңіз» – деп Темужинді ұрын тастап, жетектегі атын мініске қалдырып, Есукей еліне қайтады. Жолай Шешексары даласында «келін түсіріп, той жасаған» татарларға түстеніп, шөлін басады. Әрине, Есукей баһадүрді таныған татарлар сусынға у қосып береді. Үйіне жете  «жетім қалған балалары мен жесір қалған жеңгесін» бауыры Мұңлыққа аманаттап, ішін өртеген кек жалынына тұншығып» өледі.

Меркіттердің келіні Өлеуін-үжіннің  алғашқы кекті уыты  он жылдан кейін осылай бір қайтты.

Дүние – кезек. Кек  шеміршегі кемірілмейді.  Жанды жеп, сүйегіңді қақсатады. Сол кек үрімнен-үрімге өткен сайын уыты күшейіп, Тэмужин есейген тұста бұрынғыдан да  асқына ушықты. «Бір күні таң сарғайып келе жатқанда қара жер қақ жарылығандай ат дүбірі естіледі. «Кек қуған тайшұттар қаптап келе жатпағай»– деп Өлеуін-үжін қатын бастап, Темужин қостап, аттарын ұстап қаша жөнеледі. Қоңыраттың қызы Бөрте-үжінге ат жетпей қалады. Қуақшын кемпір Бөрте-үжінді ала сиыр жеккен күймеге отырғызып, алакөлеңкеде ала қашады. Күймесінің оқпаны опырылып қалады. Қуғыншылар күйменің ішіндегі жас келіншекті ат артына мінгестіріп, Бұрхан халдунға бет алады. Бұлар – Шиледуден Өлеуін-үжінді тартып әкеткен Есукей баһадүрдің тұқымынан қарымтасын қайырып, атасының өшін алған меркіттер» (сонда, 101-102) еді. Меркіттер Бөрте-үжінді Шиледудің бауыры Шилегір балуанға  тарту етеді. Міне, бұл – меркіттер үшін кек татуы толығымен қайтып, бір сәт байырқалап қалған алдамшы мезет еді. Олар кеше ғана қатынын тастай қашқан Темужиннің тез арада төрт түмен қол жиятынын қаперіне  де алмай жайбарақат жата берді.

Шешесі Өлеуін-үжіннің өзіне: «Сұм едіңдер туғанда-ақ, қанды уыстап жаралған»  дегізген Темужиннің – Темужин екені рас болса, үш меркіттің –  Тоқта-бектің, Дайыр үйсіннің, Дармалайдың сазайын тартқызбай қоймайтыны анық еді. Кешегі өштіктің барлығын   ұмытып,  керейдің Тұғрыл ханына: «Әкеміздей әке тұтып келдік» – деп бұлғын ішік сыйлап, бас ұрып екі түмен жасақ алады; жатырдан өштесіп туған Жамуқаға: «Ерте кезде әкең марқұм Есугеймен тілектес болған» – деп одан да екі түмен әскер жияды.Содан түн ортасында үш меркіттің: «Шарт еткізіп есігін,  шаңырағын бесігін сындырып, тұлымдысын тұл етіп, бұрымдысын күң етіп, қырымдысын құл етіп, өшін алды. Құдіретті киесін, қасиетті иесін, қарақорым ұлысын күл-күшірет етті. Қайран қалың меркітті, қапыда қанға бояды» (сонда, 105). Арбаның білігінен басы асқан еркек кіндіктіні тірі қалдырмады. Ажарлы әйел, келбетті қыздарын кейқуат (еншісіз) әйел етті. Бөрте-үжіннің меркіт Шилегерден Жошыға жүкті боп қайтқанын Темужин ешқашанда кешпеді. Тоқта-бек пен Орда-бекті Ертістен асыра қуды. Өзеннен өткенде қамшысын білеп тұрып:  «Түбі тұқымыңды құртпай тынбаймын» – деген меркіттердің сөзі жүрегіне шемен боп қатты. Қағандық құрғанда Жебе ноянды жұмсап: жер түбінен болса да меркіттерді тауып, тұқымын жой – деп бұйырды. Ақыры Жем мен Ырғыздың бойына сағалап барған «меркіт ұлысының» аты мәңгілік өшті. Саяқ тартқандары боз құрттардың – башқұрттардың, кейісі – керейлердің құрамына кірді. Темужин кегін күшпен қайырса, Тоқта-бек пен Орда-бектің, Дайыр-үйсіннің өсиетті кегін кейқуат қатындар (хандықтың еншілес жамағаттары) қайтарды. Кейқуаттан туған «алтын ұрықтар бөршіп-бөртіп», қағанаттың керегесін бөрідей кеміріп, үш ұрпаққа жеткізбей ханталапай етті.

Әлқисса, кейқуаттар меркіт пен найманның жесір қатын, жетім қыздарымен шектелмеді. Темужинді Шыңғыс қаған дәрежесіне жеткізген керейдің Тұғрыл ханының жесірлері мен қыздары, Жамуханың түп-тұқияны, ойраттардың үжіндері де кейқуаттың кимешегін киді. Өзін кім таққа көтерсе, ең бірінші солардың сазайын берді. Алдымен  Темужиннің «жаттан туған жақындары» басын қылышқа тосты. Кезінде: Темужиннің төртінші атасы Боданшар-мұңлық «жақсылыққа – жамандық» жасап, елін қырып, зорлап алған  екі қабат әйелден, яғни,   «жаттан туған Жат»  пен «кейқуат әйелден туған Жауыртайды» бөржігендер тентіретіп жіберген еді. Темужиннің тұсында олар есін жиып елдік құрып, ер атанған тайшұттар да сол тұста ескі кегін қуды. «Қозы пісті, ісек істі» (ержетті) деп Темужиннің «омыртқасын сындырып», Есукейдің тұқымын үзуге ұмтылды. Темужинге «Көлеңкеден басқа дос, әруақтан басқа ес» қалдырмады.  Ебін тауып елдесіп, Бөрте-үжінді қайырып алған соң, ескі кекті еске алған Темужин ақыры  Жамуханың  «белін опырып», мүлдем тындым етті.   Жамуханың жанын жай таптырған соң, кезек керейлерге де тез жетіп, олардың есін жидырмай Тұғрыл ханның да ордасын ойран етті. Тарихи шежірелерде «ұлы найман хандығы» деген атпен мағлұм Таян ханның ордасының да шаңырағын ортасына түсірді. «Әкесінің орынындағы екінші әкесінің кесілген басына» емірене қараған Шыңғыс әуелі – керейлердің, содан кейін оларды «сасық монғол» деп менсінбейтін – наймандардың жесірлері мен қыздарына «қатын» дәрежесін беріп, өзінің де, балаларының да бауырын жылытты.

Сөйтіп, айналасы он жылдың ішінде мұқым қағанат қатынға жарып, кейқуаттанып шыға келді. Араға тағы он жыл өткенде кекті жесірлер мен жетім қыздар Шыңғыс ханның көзі тірісінде-ақ қағанаттың іргесін шайқай бастады. Ең әуелі Шыңғыс қағанатынан «жолдан туған Жолшыбай – Жошы» бойын сырт салды. Сол үшін Шыңғыс қаған ұлына у беріп өлтіртіпті-мыс деген лақап тарихи шежірелер мен зерттеулерде сендіріле баяндалады. Қалай дегенмен де Жошы ұлысы мен оның ұрпақтары қайырылып «ата жұртқа» бет бұрмады. Ұлы Батый баһадүр «Хандықтың ағасы» атанған тұсында да Қарақорымдағы құрылтайға бармады. Жонын сыртқа салып, «Алтын орданы» қағанаттан бөліп әкетті. Бұл ұлыссыз қалған меркіттердің көзі тірі Шыңғыс қағаннан ұрыссыз қайырған алғашқы кегі еді.

2.

Енді, жесірлер мен жетім қалған қыздардың жерініп тапқан ұлдарының бойына сіңірген уыттың таралуын  жыл ретімен тәфсірлеуге көшеміз. Қазақта: «Әкесін өлтіріп, қызын қатындыққа алуға болмайды» деген мәтел бар. Бөржігеннен, Есукейден қалған «үлгісіз үлгіні» Темужин де жалғастырып, «алтын ұрықты» (золотая династия) ұйытты.

Әлқисса, ойранын шығарған үш меркіттің көсемі Тоқта-бектің «алтын белбеуін» – Жамухаға беріп, меркіттің шешені Дайыр-үйсіннің «алтын белбеуі»  мен «кекілін түйген боз атын» – Темужиннің өзі алған еді. Бөрте-үжінді алып қашқанның бірі Дайыр-үйсін кейін айыбын мойындап, өзінің айдай сұлу Құлан атты қызын Темужинге теліді. Алайда меркіттерге қасарыса қайыра шапқанда Құланның әкесі Дайыр-үйсінді, яғни, өзінің туған қайын атасының түп-тұқиянынан тұқым қалдырмай қырып тастады.  Дайыр үйсіннің таланға түскен Теркен (Дөрегене, Туракин) атты кіші қатынына Үгедей үлес кезегіне қарамастан «ашық  басқыншылық  жасайды». «Үгедей хан Шағатайға: Жүр, мыналарды күшпен бытпылдықтатайық» – дейді. Шағатай   оны қостамайды. Үгедей қасақана қасқайып барып, Теркен қатынды жерге алып соғып, жұрттың көзінше ашық  бытпылдықтатады. Шыңғыс хан да үшінші ұлының бұл бейбастақтығын құптап, қалған екі жесірді өзгелерге үлестіріп берді» (Рашид-ад-дин).

Сол «бытпылдықтың» арқасында  Теркен – кейқуат «қатын» дәрежесіне көтерілді. Шыңғыс қанның тікелей тақ мұрагерлері болып табылатын  бес «алтын ұрықты» дүниеге әкелді. Күйеуі Үгедей қағанның тірі кезінде-ақ «ұлы жұрттқа» әмірін жүргізді, қаған өлген соң 1240 жылы 10 көкекте «Ұлы қатын» (ұлы императрица) дәрежесін алды. Бұдан кейін қағанға  тиесілі әскер де, жер де, аймақтардың билігі де, құрылтайды өткізу құқығы да Теркен қатынның еркіне көшті. Үгедейден бір жыл  кейін Шағатай   өлген соң, ұлы қағанаттың «ата жұртына» жеке әмірін жүргізді. «Ұлы қатын» ретінде шексіз билікке ие болған Теркен қатын қағанатты өзінің кекті жатырынан туған бес ұлына үлестіре билетіп, Шыңғыс құрған қағанаттың «бесігін беске бөліп жіберді».   Сонымен қатар «қағанат ағасы» Батыйдың бармақ бастылығымен Төле (Толу) мен Шағатайдың ұлысын «төртке бөліп турап тастады».

Ең алдымен Шыңғыс қағанның ең ет жақындары мен қағанатты құрысқан сенімді серіктерін табандылықпен тындым етті. Алдымен «қаны таза қият-бөржігендерді» таққа отырғызбақ болып хан ордасына қарсы  қалың қол бастап барған Шыңғыс ханның   туған бауыры Темуге-отшігеннің әптігін басты.  Бара-бара, Шыңғыс ханның өзі қойып кеткен ұлықтарын: солтүстік қытайдың даруғасы Махмұд Ялавашты және оның ұлы,  Мауреннахрдың даруғасы Масутбекті, ұйғыр Шынқайды, Шыңғыс қағанның жеке кеңесшісі болған, кеңсе даруғасы Елюй шусайды ығыстырды. «Ұлы қатынның» ырқына мойынсынғысы келмеген Шағатай ұлысына қарасты Хорасанның даруғасы Көрғұзды Тус бекінісінде тұтқындатып,  «ауызына құм мен тас тығып» тұншықтырып өлтіртті. «Ұлы көшпелілер мен отырықшылар қоғамының» күйреуге бет алғанына құмыққан Елюй шусай құсалықтан өлді.

Енді  некелі  күйеуі мен  тұқымын  тұздай  құртып,  «зорлықпен   бытпылдықдаттырған» ескі кекті есіне алған Теркен қатын Шыңғыс ханның жеке отбасын жазалауға көшті. Шыңғыс ханның сүйікті кенже қызы Алталунды «Үгедей қағанға жадылық жасады» деген желеумен, дәстүрлі Шыңғыс әулетінің талқысына салмай,  өзінің жеке бұйрығы бойынша  «жер етті». Сондай-ақ, Александр Невскийдің әкесі Ярослав ІІ-ге де у беріп өлтіртіпті-міс.  Шаған қолбасшыны отыз мың қолмен аттандырып Сун империясын күйретті.

«Әр заманның бір сұрқылтайы бар» деген.  Ал Теркен қатынның сұрқылтайы – Мешхед шаһарын шапқанда тұтқынға түскен Фатима «жеңгетай» мен хорезмдік көпес Әбдірахман болды. Әбдірахманға сенгені сондай, қытайдан алынатын алым-салықтың құжаттары тіркелетін ақ түбіртектерге мөрін басып бере берді. Ал парсылық жеңгетай Фатима ордадағы екінші адамға айналды. Теркен қатын оның айтқанын екі етпеді. Барлық деректанушылар Фатиманы «әбжыландай сумаңдаған жеңгетай, зинақорлықтың падишасы еді» деп жазады.Ұзатылғанынан  бері ләззаттың дәміне  өз еркімен сусындап көрмеген Теркен қатынның «жеңгетайға» жарығаны осы соңғы бес жыл болуы мүмкін. Иә, мүмкін.

Алты жылдан кейін – 1246 жылы Тарбағатайдағы Еміл өзенінің бойын жайлаған Теркен қатынның үлкен ұлы Күйік – құрылтайдың шешімімен ұлы қағандыққа сайланды. Күйіктен туған Күйік – Күйік десе күйік еді. Теркен қатынның осы Фатимамен байланысы Шыңғыс әулетін, тіпті өзінің балалары мен немерелерін де жеріндірсе керек. Сондықтан да Күйік өзінің шешесінен Фатиманы аластатуды талап етеді. Шешесі үнсіз булығып, баласына ырық бермейді.  Ақыры Күйік қаған самарқанттық бір сартқа: «Таңғұттарды билеп отырған Қоданды жадылап өлтірді» – деген жала жаптыртып,  Фатиманы  қағанаттың «қатындар келесіне» салды. Мұндай айыптауға Теркен қатын да тосқауыл қоя алмайтын. Екі-үш айдан соң Теркен қатын да дүние салады. Оның  түбіне «күйіктен туған ұлы Күйік жетті, жеңгетайынан бас тартпағаны үшін жасырын улап өлтірді-міс» – делінеді.  Ал Фатиманы «тыр жалаңаш күйінде шынжырлап  зынданға салып, төрт тәулік нәр татырмады, түрлі қинау арқылы қылмысын мойындатты да, аяқ-қолын кесіп,  алды-артқы тесігін тігіп, киізге орап, суға ағызып жіберді» (Жувейни, Рашид-ад-дин және ерлі-зайыпты Почекаевтар).

Теркен қатын найман ба, меркіт пе? Әйтеуір ұлы кек қайтты. Теркен қатын Күйік арқылы Жошы ұлысы мен ұлы қағанаттың арасына сына қақты. Қайтып бірікпейтін жарықшақ түсірді.

«Құпия шежіреде»: «Теркен қатын –  Шыңғыстың ата жауы меркіт Тоқта-бектің үлкен ұлы Құдыйдың қызы» – делінеді. Ал  сол «Құпия  шежіренің» түбір нұсқасы  «Юань шиде»: «Теркен қатынның тегі – Найманжин, яғни, найман қызы, ол Дайыр үйсінге ұзатылған» – деген дерек ұсынады. Шежіре мен жазбаларды  тәпсірлеген жәдігерші тарихшылар да осы соңғы дәйекке басымдық береді. Теркен қатын – Меркіт пе, найман ба, жоқ, меркітке ұзатылған найман қызы ма, бәрібір, анығы: әке-шеше, аға-бауыр, әпке-сіңілісі, күйеуі, мүмкін баласы да  қатыгездікпен өлтірілген, елі ойрандалған ұлыстың кекті қызы; ашық түрде абыройы төгіліп, зорланған жесір; бес бірдей  ұрықты ұйытқан  «алтын ұрғашы»;  қағанаттың тізгінін қағанмен тең дәрежеде ұстаған «қатын», бес жыл Тынық Мұхиттан Альпіге дейінгі Шыңғыс хан империясына жора-жоба көрсетіп,  дәргейі жүрген, сол Қарақорымдағы «ұлы жұртты» – бас орданы уысында ұстаған «ұлы қатын».

Тарихи шежірешілер мен жәдігершілер Теркен қатынның  жеке басына:«даңқты және аса қайырымды», «Найманчин әйелдік әдепті ұмытып, тәңірге теріс қарап, Шыңғыс  хан мен Үгедей қаған құрған мемлекттің билігін шімірікпестен өз қолына алды, бұрынғы даналарды шеттетті», «хорезмдік Әбдірахманды жақындатып,   бірлік пен татулықты бұзды»,«Найманчин қатын мен хорезмдік Әбдірахман билеген тұста, мемлекет былыққа батты», «аясы тар, сараң және қатыгез», «ақымақ әрі жексұрын», «ажарсыз, адуынды және кекшіл» – деп қарама-қайшы мінездеме береді. Әрине, мұның барлығы: шежіре қай ханның тұсында жазылса, сол ханның көзқарасына тікелей байланысты екені анық. Ал тарихи тәфсіршілер: «Теркен қатын Шыңғыс қағанның ұлы ордасындағы  әулеттік үстемдік пен үрдісті бұзды», «Ұлы тақ мұрагерлерінің дәмесін басты»; «қағанаты бөлшектеді», «алтын тізгінді үзді», «Шыңғыстың ұрғашылар әулетінің әптігін басты»,  «Құрылтайды бес жыл  шақыртпады» –деп тұжырды.

Бұл айтылғандардың, барлығы да шындық. Бірақ бәрі бірдей әділ пікір емес. Себебі, әділдік дегеніміз не өзі? Кімді жақтасаң – соны қостау, кімнің  көзқарасын ұстансаң – соны әділет деп санау әділеттілік пе? Егерде: «Теркен – меркіттердің немесе наймандардың  қан жоса болып қырылған елінің, тігерге тұқымы қалмаған әке-шешесінің,аға-бауырының, әпке-сіңілісінің кегін алды. Өзін көптің көзінше ашық қорлаған, сол сәтте ханның өзінен бастап табалаған бүкіл әулетінің, қатын-қызының жымысқылық қарымын қайырды,  кекті жатыр мен қанды бесіктің кегін  алды. Шыңғыс  қаған меркіт пен найман мемлекетіннің тоз-тозаласын қалай шығарса, кекті Теркен қыз ұлы империяның тоз-тозаласын солай шығаруды көздеді. Ең бастысы: Тынық мұхиттан Атлант мұхитына дейінгі аралықтағы ең құдіретті  күш болып табылатын ұлы құрылтайдың беделін түсірді, оның шақырылуын бес жылға былғақтатты. Нағыз намысты қыз осы қыз, қыз Теркен! – десек әділетті сөз бе, жоқ па?

Әрине, әділетті!  Бұл  ретте  Теркен  қызды Тұмар қызбен, Зарина  қызбен теңестіруге болады. Кекті қайтарса – осылай қайтарсын. Сонымен, Теркен қыз Шыңғыс қағанатының көбесін сөгіп, керегесін бөлген тұңғыш кекті қатын – императрица! Бұл деректерді парықтаған ерлі-зайыпты Почекаевтар. Ал осы пікірді ұстаным ретінде пайымдаған – біз, сол Теркен қыздың үзіліп жеткен бір тамшысымыз. Кек қайырудың бұл тәсілі кездейсоқ емес, кәдімгі жүйе арқылы жүзеге асқанына Теркен қыздың кектес сіңілісі әрі келіні, үлкен ұлы  Күйіктің «қатыны» әрі меркіт қызы Үгіл-Қаймыштың қайратты күресі дәлел.

3.

«Белдеуде – ат, бесікте – бала қалмаған» меркіт жұртының қызы Үгіл-қаймыш «ұлы  қағанаттың» заңды   мұрагері – Үгедейдің «алтын ұрығын» монғол империясының тағынан мүлдем ада етті. Үгіл-Қаймыш күйеуі Күйікпен қатар «тақ ханымы» деп жарияланып, бірден ұлы дәргейге көтерілді. Билікке ашық араласпаса да, Толудың ханымы – Сорқақтанды (орыс деректерінде Сорхақтани делінеді, мүмкін Сарқатын – ?– болуы да) күндес тұтып, әр үлестен қолын қағып тастап отырған. Оның осы ғадеті оның өзінің және Үгедей ұрпақтарының қылша мойынын талша етті.

Күйік қаған қол жиып, Тарбағатайдағы Еміл өзенінің жағасындағы ордасынан Батыйға қарсы жорыққа аттанды. Бірақ жол ортада – Самарқанның маңында тұтқиылдан құпия жағдайда өлді. Зерттеушілер: Батый у беріп өлтірді – дегенге жығынды. Қалай да қаралы хабар жетісімен «хан тұқымының ағасы» ретінде Батый: «Мемлекетті бұрынғысынша Шынқайдың ақыл-кеңесіне сүйеніп Үгіл-Қаймыш басқара берсін, оларға мойынсынбай жүрмеңдер. Мені кәрілік меңдеп, аяғым жүруге жарамай, топ басқандықтан да бара алмаймын, сіздер, кіші бауырлар, барлығың да сонда болыңдар, тиісті істі атқарыңдар» –  деп дәргей хат жолдады. Сөйтіп, «қайратсыз әрі оңбаған», «қыршаңқы», «бақсының балдыр-батпағы мен сандырағына мүлгуден көз ашпайтын», «ақшақұмар», «салықты он есе өсіріп жіберген», «мемлекет ісіне олақ, немкетті қараған», «сый-сияпатты алуды ғана білетін» Үгіл-Қаймыш–Үгедей қағанның өсиеті бойынша немересі Шіремұрынды қағандыққа дайындады. Теркен қатынның жолымен Үгіл-Қаймыш та құрылтайды сиырқұймышақтата созуға ұмтылды. Алайда тақыстанып қалған тақ мұрагерлері, соның ішінде Батыйдың екі ұлы – Берке мен Тоға-Темір құрылтайды жеделдете өткізеді. Үгедейдің ұлдары әуелі де құрылтайға қатысудан бас тартып, кейіннен шұғыл аттанса да, келелі кеңестен кешігіп қалады. Үгіл-Қаймыштың да қателігі осы тәжірибесіздігінде еді. Толудың ұлы Мөңке қаған сайланып,ант беріп үлгереді. Қазақ арбаға тиеген қарулары мен қаскүнем пиғылдары әшкереленіп қалып, қолға түсті. Үгіл-Қаймыштың өзі және Шіремұрын мен Нақу, жетпіске тарта нояндар мен нөкерлерге қоса Үгедей мен Шағатайға тиесілі «алтын ұрықтар» мен әйелдер де өлім жазасына кесілді. Оларға: құрылтайды өткізуге кедергі жасады, жаңа  сайланған ханға қастандық ұйымдастырды, қағанатты сатты – деген ауыр айып тағылды.

«Күндестіктің қорлығы сүйегінен өтіп кеткен» Толудың жесірі «Сорқақтан қатын» Үгіл-қамыштың киімін сыпыртып тастатып, жалаңаш қалпында сот алдына әкелтті. «Қағаннан басқаның көзі түспеуге тисіті тәнімді қараға неге көрсетесің?» – деген орынды уәжіне керейдің ханы Тұғырылдың қызы Сорқақтан (Сарқатын – ?) пішту де демеді. Сөйтіп, Үгіл-Қаймышты «киізге орап, суға тастады».

Бұдан шығатын тәмсіл мынау:  меркіт  қызы  Үгіл-Қаймыш: «Менің  Қарақорымдағы ұлы жұртымды Үгедей және оның ұрпақтары билейді» – деген Шыңғыс қағанның аманатын аяқ асты етті (ерікті ме, еріксіз бе, ол басқа мәселе). Өзінің тәжірибесіздігінен  құрылтайдағы сайлаудан  тыс  қалды.  Ал, Керей ханы Тұғырылдың тұқымы «Сорқақтан қатынның» (Сарқатын – ?)  Үгіл-Қаймышқа  өштігі – жай өштік емес,  ата кегін қуған кекті өшпендік еді.  «Сорқақтан қатын» Тұғрылдың тұқымының тұздай ерігенін Шыңғыс ханның  қытығына тиген  меркіт пен найман хандығынан көрді. Сөйтіп, ұлы қағанның бір «алтын ұрығы», яғни, Үгедей тұқымы осылай тындым болды.

Ендігі кек кезегі –  керейдің ханымына келді. «Сорқақтан қатын» қағанаттың көбесін тумысынан ханшайымға тән бегімдікпен, сондай бір кең паралы сабырмен сөгуге кірісті. Шыңғыс ханның өзі кенже ұлы  Толуға:  «ата жұртты» немесе «қара шаңырақты»  (коренной юрт): Монғолия мен қытайдағы ұланғайыр жерді, адам саны мол, тығыз орналасқан сол аймақтан құралатын әскерді, қағанаттың қалған үш ұлысынан аласы еншіні (мысалы Бұқардағы 3.000 мың жасақ орналасқан жеке маһалланы), алып империяны жалғастырып жатқан байланыс жолындағы бекеттерді, барлық күре жолды, қағандық дәргейді, құрылтайды шақыру құқын, сонымен қатар «қара шаңырақтың» қасиетті құқын да аманат етіп қалдырды. 1232 жылы  Толу қайтыс болысымен осы құқықтың барлығы Сорқақтанның еркіне көшті.

Қара шаңырақтың   иесі ретінде бұрын да шексіз құрмет пен бедел иесі болған Сорқақтан (Сарқатын) Шыңғыс ханның өзіне де сүйкімі асқан келін болыпты. Қағанаттың  хатшылары  мен жәдігер танушылардың, тарихшылардың оны киелі Алан Гуа анамен шендестіруіне қарағанда,  қағанатқа тиесілі  қарашыларға да жағымы жаққан бәйбіше атанған сияқты. Ұлы өсиетеке   лайық болу үшін өзге  «қатындарға» қарағанда Сорқақтанның артықшылығы да және «қара шаңырақ» үшін ерекше жауапкершілігі де осы Бас бәйбішелікте жатқаны анық.  Бірде, «қытайлардың албастысы иектеп», кей деректерде  Шыңғыс ханның өзінің, кей деректерде Үгедей қағанның (соңғысы шындыққа жақын)  тілі байланып,  өлімші күйге түсіпті. Шамандар: «Ең  жақын туысы қаған үшін жанын берсе ғана айығады» – депті. Сонда Сорқақтан күйеуі Толуға (Төлеге): «Егер әмірші қаған өлсе, мұқым ел жетім қалады. Бұл ақиқат! Егерде Толу қаған өлсе, тек мен ғана жесір қаламын. Солай болсын!» – депті. Бұған мойынсал Толу жадыланған суды ішіп, өзін қағанның жолына құрбан етіпті-мыс. Сол үшін аурудан айыққан соң, Шыңғыс қаған, дәлірек айтсақ Үгедей қаған келіні Сорқақтанға «бегім», «қағанат бегімі» (бехи-дайху, бехи-бегім, дайху –  қытайша патшайым деген сөз)  атағын және Монғолияның оңтүстігіндегі Шақар мен Түмет (таңғұт) жерін мәңгілік меншікке беріпті.

Айтпақшы, осы Сорқақтанды керейдің ханы Тұғрылдың қызы – дедік. Бұл қазақы ұғым бойынша толық сиымды. Оның мәнісі былай: Тұғрыл ханның Керейдай (Керебетай) деген інісі жас кезінде таңғұттарға тұтқынға түсіп, сонда кісілікке жетіп, жағамбы (аймақ әкімі) боп  тағайындалады. Кейін қандастарының арасында «Жағамбы» атанып кетеді. Сол Керейдай жағамбы о бастан Шыңғыс ханмен жақаттасып, сол жағамбылығында қалады. Әрине, қызын береді. Үлкен қызы Абике-бекиді (Айбике бегім) – Шыңғыс ханның өзіне, Бектеміш-үжінді –Жошыға, Сорқақтанды – Толуға, төртінші қызын оңғұттардың– уақтардың ханына ұзатады. Соңғы қыздың сұлулығы сондай, қағанның өзі сұқтанып, іздеткен екен, таба алмай арманда қалыпты. Сорқақтанның Гансу (Қансу) өлкесін ерекше үлес ретінде алып,  қызғыштай қоритыны да сондықтан.

Орайы   келгенде   айта   кетейік:  Сорқақтан тікелей өз меншігіне тиесілі сол аймаққа ет туысы, қағанаттың құрамында сақталып қалған керейлерді қоныстандырады. Олардың тұқымы 2008-2013 жылдары аралығында «Керей тарихы» атты бес томдық жинақ шығарып, құрылтай өткізді. Танюаньға сіңіп кеткен бір тұқым: «Ұлы сар дала! Ұлы бабалар рухы!  Қытайланып кеткен мен сендерді сағынып, кезең басына шығып, көзімнің жасын төгіп тұрмын, кеш мені!» – деген мағынада ән шығарыпты. Осы әнді айтып көз жасын көл еткен  монғолданып, қытайланып кеткен найман, қоңырат, керей ұрпақтарын өз көзімізбен көрдік. Оны «Күнделігімізде» және «Бір суыртпақ», «Төркін» атты мақалаларымызда қазбалай баяндаған едік.

Хатшылар мен деректанушылар айтса – айтқандай, керей қызы Сорқақтан «қара шаңырақтың» да, өзінің «алтын ұрықтарының» да, керей төркіндерінің де  қамын кеңінен қарастырыпты. Осы үш мақсатқа жету үшін,  әрине, өз мүддесіне орай, барлық  бопса мен былғаққа көніпті. Бұл үш мүдде, шындығында да бопсалауға татитын мүдде. Мысалы, дүниені уысында ұстаған Күйік қаған заһарын   төге: «Әменгерлік жолымен менің үлкен ұлыма ти» – деп зекігенде, жайдары ғана: «Қаған жарлығына қалай қарсы шығайын. Алайда менің  мақсатым: балаларымды ес  біліп, өз еркін өздері билегенше тәлімді етіп тәрбиелеу, бір-біріне жат бауыр етпеу, сөйтіп олардың татулығы арқылы қағанатқа қандай да бір септігін тигізу» – дейді. Орынды сөзге оспадар Күйік те уәж айта алмаған. Сондай-ақ Толудың еншісіне, яғни, тікелей өзіне тиесілі жұлдыз  (сұлдыз) тайпасынан жасақталған екі мың шерікті  Күйіктің екінші ұлы Қоданның қарауына беру туралы жарлығына да  ырқымен көнеді. Қарашыларына: «Үгедей қаған Шыңғыс қаған құрған мемлекеттің заңды иесі, ұлыс та,  аймақ   та соның дәргейінде, жер де, ел де соныкі. Сондықтан да жарлыққа бағынуымыз керек» – деп басу айтады. Тіпті өзінің төрт ұлына Қоданмен қолтықтасып өсуді тапсырады. Оның есесіне, Қытайдағы Хыбей аймағын: «Менің марқұм  күйеуім Толу жаулап алған жер» – деп, «күйікті Күйік қағанның» өзіне бермейді.

Тағы бір ретте Еуропаны жаулаған кезде Белградта тұтқынға түскен француз зергері Вильгельмді Күйік қағаннан өзіне тиесілі «заңды мұрагерлік әскери олжа» ретінде сұратып алады. Ал сол зергер (әрине, Сорқақтанның тапсыруымен жасалған) осы күнге дейін монғол ұлты қасиет тұтып, қадарлы қада  қатарында бағаланатын, төрт шүмегінен төрт түрлі шарап  пен сусын ағып  тұратын мықан ағаш үлгісіндегі күміс қауызды Мөңке қағанға сыйға тартты.  «Сорқақтан қатын: Толудың қара шаңырағының иесі ретінде Күйік қағаннан қағанатқа еркін «кіріп-шығатын, жеңілдікке ие «ортақшы көпестердің» құрамына мұның да саудагерін енгізуді талап етті. Қазынасының қорын молайтудың жолын осылай тапты. Сөйтіп, «шаңырақ ағасы»  шораяқ Батыйдан  бастап тұқыртып, «қарашыларының терісін сыпырудан тайынбайтын»  Күйіктің тілін тауып, дегеніне көндірді. Үгедей бұған қоса Сорқақтанға: ордаға келіп түскен сый-сияпат пен олжаны бөліп беретін құрметті Бас бәйбішелік құқықты берді. Соның нәтижесінде, «Сорқақтан қатын» «қара шаңырақтың» төрінен дәмелі, тұңғыш ұлы Мөңке қаған болып тұрғанда және «Найманжин қатынның» тұсында (Үгедейдің ханымы) аса қуатты күшке айналды» (Рашид ад-дин).

Күйіктің  осы жақсылығын керей қызы – «қара шаңырақтың  бегімі» Сорқақтан қалай қайтарды дейсіз бе?  Қайтаруын – қайтарды. Бірақ Үгедей мен Шағатай тұқымдарын қайтып қатарға қосылмайтын етіп, «тұрымтайлатып –  тұсына,  бозторғайлатып – бұтаға қонақтатып» жіберді. Күйік қаған «күйіп кетпей» үш мұратына жету мүмкін емес еді. Сондықтан да қара шаңырақтың ағасы Батый шораяққа: «Күйік қалың қолымен сізді шапқалы аттанып барады. Сақтаныңыз!» – деп астыртын хабар жібереді.  Ақыры Күйік Самарқан шаһарында белгісіз жағдайда ажал құшады. Содан кейін Күйіктің қатыны, Меркіттің қызы Үгіл-Қаймышты қайқаңдатпай,  қарасын батырудың қамына кіріседі. Мөңке бастатқан ұлдарына: «Күйіктен туған ханзадалар «шаңырақ ағасын тыңдамайды, енді сендер сәлем бере барып, сырқат аталарыңның көңілін сұрап қайтыңдар» – дейді. Ақылды ананың айтқаны орындалады.  Шораяқ Батый батасын береді. Інілері Берке мен Тоға-Темірді  Қарақорымға жіберіп, құрылтайды  шақырудан бойын аулақ сап, саяқ жүрген Күйіктің тұқымдарын  құрылтайды өткізуден бас тартты-мыс дегізіп, Толудың ұлы Мөңкені ұлы қаған  сайлатып тынды. Сөйтіп,  «Сорқақтан қатын» алғашқы мұратына  жетті.

 Бұдан кейін төрт ұлының отырған тағын қауіпсіздендіруге кірісті. Онсыз олардың басынан өлім қаупі мәңгі кетпейтін. Бұл – кез келген шеше үшін ең басты үрей еді. Ол үшін Үгедей мен Шағатайдың шаңырағын ортасына түсіру қажет болатын. Шыңғыс ханның баталы қосағы, керей қызы әрі әпкесі Абике-бегімнің (Айбике-бегім) кегін Үгіл-Қаймыштан қайтармай көңілі көншімейтіні де анық. Сонымен, қағанатқа қарасты «қатындар сотының» төрайымы дәрежесін алып, келеге кіріседі. Шағатайдың немересі,  Күйік хан тақтан ысырған керей қызы, сіңілісі Ергене қатынның күйеуі, қазақша айтқанда күйеу баласы Қара-Құлағуды Шағатай ұлысының хандығына қайта тағайындатады.  Сөйтіп Үгіл-Қаймыш және Тоғашы қатын бастатқан Үгедей мен Шағатай әулетінің ханымдарын «киізге орап, суға ағызды». Жетпістен аса ханшалар мен бегімдер солардың керін құшты.

Темужиннің шешесі Өлеуін-үжінмен тең дәрежеде бағаланып, өзінің ұлдарын немере ағаларының алдын орап қағандық дәрежеге жеткізген (Мөңке), жеке ұлыстарға  хан сайлатқан (Құбылай – Қытайға, Құлағу –батысқа)  «Сорқақтан қатын» «даңқты, сүйкімді,  сабырлы және  қайырымды» Алан-гуадан кейінгі «Еши-қатын» – Бесік қатын (Ханша – корень рода)деген марапатпен 1252 жылы наурыз айында Пекинде дүниеден өтті.  Ол өзінің туған ұлысы керейлерге мәңгілік меншікке алып берген Гансу өлкесіндегі Чжанье қаласына жерленді. Ал  осы Гансу өлкесінде дәл қазір – ескіден қалған, бірақ қытайланып кеткен көне керейлер де, ХІХ  ғасырдан бастап Алтай асқан, Шұғай мен Бағылық тауын басқан кейінгі керейлер де мекен етеді. Алдыңғыларын – еңселі бойынан, етжеңді денесімен қара қою қасынан шырамытасың. Ал кейінгілері Анадолы мен Астананың арасында емін-еркін «көшіп жүр». Осыдан-ақ  «Сорқақтан қатынның» үшінші мұратына да жеткенін мойындайсың.

Ол үш мұратына ғана жетіп қойған жоқ, Үгедей мен Шағатай ұлысын да тізелетіп кетті. Ол ұлысқа Мөңке мен Құлағудың «алтын ұрықтары» себілді.  Тек кіші ұлы Арық-бұға ғана өзінің туған ағасы Құбылайдың тепкісіне ұшырап, қалған ғұмыры тебін мен қуғында өтті. Жай қашып жүрмей, сыртқы Монғолия мен Шығыс Түркістанды ойранды былғаққа ұшыратты. «Жоңғар – сол қол» атты дүлейді (смерчь, торнадо) оятып, Сары өзен мен Еділ-Жайықтың арасын қанды шаңға көмді.

Әрине, бұл дербес әңгіме. Бірақ, қазақ хандығының шаңырағын шайқаған, қазақ елінің үштен екісін кеміткен жоңғарлардың қандай кекті бесікте тербетілгенін шектеуге арналған бұл әфсана үшін есте ұстауға тиісті дерек.  Әйтпесе «қатын» біткенді түгендеп шығу біздің міндетімізге жатпайды. Сөйтіп, керей қызы  «Сорқақтан қатын» болашақ жоңғардың кіндік әкесін тербеткен «бесік анасы» болып есептеледі. Әрине, оған   ойрат Құтуқабектің қызы Ергене бегімнің де тікелей септігі тиді.

«Қаса сұлуға тән жарасымнан жаратылған, мұндай сүйкімді, бұралып тұрған сымбатты, кербез келіншектің суретін ешқандай суретші келістіріп сала алмайды» –  деп Уәссап парсы тамсана суреттеген Ергене – ойрат Құтуқабектің ұлы Төрелші мен Шыңғыс ханның кіші қызы Шешектен туған. Ол  Шағатайдың үлкен ұлы Мұтығанға ұзатылады. Бір әпкесі Елшікміш – Арық-бұғаға (есте ұстаңыз), екінші әпкесі Құбақ-қатын – Құлағуға, үшінші әпкесі – Батыйдың ұлы Тоғанға (Алтын орданың ханы Меңгі Темірдің шешесі)  тұрмысқа беріледі. Осыдан-ақ Ергене бегімнің қағанаттың  мысын еркін басуының себебі аңғарылады.  Мұтыған төрт ұлды таптырып, дүние салады да, Ергене әмеңгерлік жолымен Қара-Құлағуға бұйырады. Ал ол  «Сорқақтан қатынмен» тізгін ұшынан жалғасып, Шағатай ұлысының хан тағына отырады. Есу-Мөңкенің ханымы Тоғашы-қатынның бұған көрсеткен қорлығына – қорлық көрсетіп жауап береді. Күйеуі Есу-Мөңкенің көзінше Тоғашы-қатынның он екі мүшесін бір-бірлеп сындырып, қинап өлтіреді.

Таққа отыруға бет алып бара жатқан жолда – Алтай аңғарында Қара-Құлағу көз жұмады. Одан туған жас бала Мүбәрәкшаһты  ұлыстың ханы етіп бекітеді. Сөйтіп, Ергене-бегім Мөңке қағанның жарлығымен «аманат билік иесі» деп жарияланады. Мөңке мен Жошы ұлысы – Шағатай мен Үгедей  әулетінің шығысы мен батысын қосып алып, Ергене-бегімге «елеусіз ғана үлес – «оңтүстік батысты» қалдырып еді. Ал, мұның өзі тұтастай Мәруеннаһар өңірін қамтитын. Ергене-бегім билеген тұста дінге еркіндік берді, ұлы –  Мүбәрәкшаһ мұсылмандыққа өтті. Ұлы қағанның жарлығына  сай Ергене-бегімге: «Шағатай мен Үгедей әулеті дерліктей мойынсынды. Әкімшілік пен аймақты тәртіпке келтірді, қаржы-қаражатты есепке алды. Мұсылмандар мен пұтқа табынушылар тату тұрды. Бағдат халифтарына жорыққа аттанған Құлағуды Алмалықтағы ордасында салтанатпен қарсы алып, бір жыл күтті. Бұл шағатай ұлысының алтын дәуірі еді. Тіпті ұлыстың атын «Ергене ұлыс» деп атауға дейін барды» – деп тәпсірлейді жазба иелері.

Бірақ 1259 жылы Мөңке қаған дүниеден өткен соң ұлы қағанаттағы ұлы былғақ басталды.  «Сорқақтан  қатынның» екі ұлы  –  Құбылай мен Арық-бұға «ұлы жұрттағы» «қара шаңырақ» үшін таласқа түсті. 1260 жылғы құрылтайда екеуі де хан деп жарияланды. Ал бір қағанатта екі хан болмайды. Құбылай – қытайда «Монғол империясын» –«Юань патшалығын» құрды. Сол құрылтайда Ергене-бегім ойрат қызы, туған әпкесі Елшікміштің күйеуі – Арық-бұғаға қолдау көрсетіп, бұрынғы ұлы қағандардың ұлы – Асутай мен Ұрынтастың (Мөңке), Алғидың (Шағатай немересі) дәргейімен  таққа отыру салтанатына қатысты. Құбылай  мұны құп көрмей Шағатайдың тағы бір тұқымы Абышқаны ұлыс ханы етіп жариялап, Ергене-бегімді тұтқындауға жарлық берді. Алайда  Арық-Бұға оны жол үстінде қолға түсіріп, өлім жазасына кесті. Ергене-бегімнің де еңбегін еш  кетіріп, ұлыстың билігін Шағатайдың немересі Алғиға берді. Алғи да Арық-бұғаға «осы сыйды» көрсетіп, Құбылайға қарсы әскер жинауға жіберген елшілерінің жанын жаһанамға жіберіп, Құбылай жаққа құбылып түседі. Алайда Арық-Бұға Іле өзенінің бойындағы бас астана – Алмалықты басып ап, Алғиды қашқын атандырады. Бұл жеңіс те ойраттың күйеу баласын ұшпаққа жеткізбейді. Әскері аштыққа ұшырап, Құбылайдың қоршауында қалады. Үлкен ағасынан кешу өтінеді. Ол бұл аралықта Атбасыдағы (Атбашы, Ыстықкөлдің жағасы) ордасында бас сауғалайды. Ұлыстың қарашыларының арасында орасан беделге ие Ергене-бегімге  Алғи сөз салады. Ұлы Мүбәрәкшаһты таққа отырғызуға уәдесін алып, Ергене-бегім үшінші рет төсек жаңғыртады.

Сұлулығына сүйініп алған ханымның демеуімен Алғи ұлыстың  алғауына бөленеді. «Алтын дәуірді орнатқан Ергене ұлысының» иесінің өлімі туралы екі ұшты екі мағұлмат сақталған. Біріншісінде: Ергене-бегім толғақ кезінде дүине салған. Аза тұтқан Алғи Самарқан мен Бұқардың мұсылмандарын тегіс құрбандыққа шалмаққа ұмтылады, кеңсе кеңесшісі Масұтбектің арашаға түсуі – мұсылмандарды қырғыннан құтқарады. Екінші, барынша шындыққа жақын мағұлмат: Ергене-бегім Алғи өлген соң 1266 жылы,  бұрынғыдай Іле өзенінің бойында емес, Ангрен (Ферғана қолаты) өзенінің жағасында  құрылтай шақырып, «барлық әмірлер мен уәзірелердің келісіммен» ұлы Мүбәрәкшаһты ұлыстың ханы етіп сайлатады. Құбылай тағы да қырын қарап, Шағатайдың кезекті бір тұқымы Борақты суыт аттандырады. «Ергене ұлысының» Ергене-бегімге сенімі кәміл екенін көріп, алдаусыратып сенімге кіріп, жасырын жақтастар іздейді. Сол жылы тамыз-қыркүйек айында Ергене-бегім де дүниеден өтеді. Қасірет шеккен Мүбәрәкшаһтың қапысын тауып, әскерін талқандап, тұтқынға түсіреді. Өзгенттегі мемлекеттік қазынаны басып ап, Мүбәрәкшаһтың жанын аман қалдырып, Басқұсбегі етіп тағайындайды. Содан бастап Борақтың тұқымы қашан хандық үзілгенше тақтан кетпеді.

Еліне жаққан Ергене-бегім біздің ұстанымызға тікелей қатысты: ойрат хандығын құруға, яғни, Арық-бұғаны құрылтайда хан сайлатуға ұйытқы болғаны, сол арқылы ойраттарды тақтан дәмелендіріп, тақ мұрагерлігіне таласқа түсіп,  ойраттардың тарих сақнасына шығуына  мүмкіндік берген демеуі үшін әфсанамызға  арқау  болды. Хандыққа кәніккен Арық-бұғаның қайын жұрты бірте-бірте Шыңғыс қағанатының шаужайына жабысты.

Ал, ойраттардың  рухын ұйытып, сөйтіп, болашақ қазақ хандығының «ата жауының»  сана бесігін тербеткен – қоңырат Дай шешенің ұлы Алғидың қызы Шәпи еді. Қағанаттың қызығын алаңсыз көрген Шәпи қыз-төрт құбыласы түгел, алаңсыз бой жетті. Бөрте үжіннің сіңілісі, шораяқ Батыйдың балдызы (Үкі қатын – туған  әпкесі, «Сорқақтан қатын» «киізге орап, суға ағызған» Қатағаш қатын жиен әпкесі) болатын. Құбылайды құрығында ұстау үшін Мөңке қаған келіні Шәпиді өзімен бірге жорыққа алып жүрді, яғни, аманатқа  ұстады. Мөңке іш сүзегінен, не қаңғыған оқтан қаза тапқанда қағанды жоқтаған үш қатының бірі осы Шәпи. Қара шаңырақтың иесі Арық-бұғаның:  «құрылтайдың қауіпсіздігін  сақтау үшін» деген сылтаумен Құбылайдың әскерін өзінің қарауына жіберу туралы жарлығын күйеуіне кешіктіріп жеткізіп, алдын-ала сақтандырған да Шәпи. Құбылай ағасы Арық-бұғаның  қағандығын мойындамай, дербес қытай патшалығын (Юнань) жариялағанда «қағанат қатын» – императрица боп жарияланды.

Сөйтіп, азамат соғысы басталып, ақыры Құбылай жеңіске жетті. Шәпи –  Құбылай қағанның өзі сөзін екі етпейтін ақылман ханым болды. Күйеуін талай рет  әбес шешімнен қақпайлап қалды. Ал өзінің жеке басына келсек: ғылым мен өнерге ерекше ықылас қосып, қолдау көрсетті. Ұрпағының қамын ойлап, олардың «мың жылда да тақтан түспеуіне алаңдап» өмір сүріпті. Көрпенің құрағын да рәсуә еткізбейтін шебер, қойдың сирақ терісін сыпыртатын сараң аты шығыпты. Күйеуі Құбылай садақ тартқанда  көзіне күн түспес үшін күнқағарды ойлап тапқан да Шәпи көрінеді. Бұл күнқағар кейін қағанаттың бас киімінің тұрақты үлгісіне айналыпты. Ал Шәпидің ең ұлы ісі – пұт дінін монғол мемлекетінің ресми дініне айналдыруында. «Хан – империяның иесі, лама – рух патшасы» деп жариялатты. Ал Пагба ламаны «Дін қорғаны» деп   дәріптеді. Алғашқы пұтхана мектебін ашты. Тибет – рух байтағы атанды. Шәпи сол арқылы ойрат тұқымын «рух патшалығына» жеткізіп,  қағандықтың заңды үміткері етті.

Шәпи төрт ұл, бес қыз тапты. Жылнамашылар мен хаткерлер Шәпи «асқан сұлу әрі талантты» деп  жазды. Р.Ю. және И.Н.Почекаевтар: «Юань» әулетінің патшайымдарының ішіндегі бізге жеткен, әлде қытай, әлде монғол, әлде түркі суретшісінің қылқаламына ілінген бейне де осы Шәпидің портреті. Портретте – дөңгелек бетті, тәмпіш танау,  қиықша келген  қысық көз, сызылған жіңішке қасты, орта жастағы әйел бейнелеген. Портреттегі бейненің  – әбден ұшталған (стилизованным) бейне болуы мүмкін, сондықтан да мұны  Шәпидің нақты өмірдегі өз дидары деп қабылдаудың да реті келмейді. Алайда біздің пайымдауымызша, біздің заманымызға жеткен «Юань» патшайымдарының ішіндегі ең тартымды бейне де осы» – деп баға берді.  Портреттегі бейнені жалпақ әрі тарихи тегі бар қазақ ұғымымен айтсақ, онда қоңырат қызы Шәпиді: «табақ бет, пісте мұрын, қиық көз,  қаламқас, сарқарын бәйбіше»  – деп сипаттауға лайық. Бұл заңды да өйткені, мейлі қытай мейлі монғол, мейлі түркі текті суретші болсын, бәрібір, олар – патшайымның өзі «мемлекеттік дін, мемлекеттің рухани қорғаны,  мемлекеттің рух құдайы» – деп жариялаған пұт дініне мінәжат еткен мүттәйімдер болатын. Сондықтан да Шәпидің дидары Пұттың, яғни, Будданың портретіне ұқсатылып салынуы патшайымға көрсетілген үлкен құрмет.

Пұт құдайының ата жұрты Тибетті, яғни, таңғұттарды мемлекетке – қағанатқа бағынбайтын, алым-салық төлемейтін, әскерге адам бермейтін, қағанмен тең құқыққа ие, «екі заң», «екі билік» қатар жүретін «рух патшалығы» – деп жариялатқан Шәпиді пұт  тақуасына ұқсатса –  ұқсатқандай еді. Лама – «ақылдың кені»,«әдептің әдібі», «тіршіліктің тігісі», «жанның ұясы» деп танылды. Қаған таққа отырғанда таңғұт ламасының батасын алу «қасиетті парыз» ретінде саналды. Кім де кім Бас ламаның батасын алмаса, не Тибеттен жолдаған жазбаша келісімін алмаса,  құрылтайдың шешіміне қарамастан, заңсыз тақ иесі –деп  есептелді. Пұт дініне мұндай басыбайлы табыну Құбылайдың патшалығын ғана емес, бүкіл монғол қағанатының тәркі дүниеге көшіп, іштей божырауына алып келді. Заман өте,  еркек кіндік атаулының тұқымы қалмай жорыққа аттанып, ер жеткен ұлдың барлығы қағанат кешіктені – ұланы қатарына алынып, «қара шаңырақта» тек қатын-қыздар ғана қалған тұста, еркек тұқымды сақтап қалу үшін шешелері ұл атаулының барлығын «кешілдікке» берді. Ал олардың үйленуіне пұт рәсімі бойынша тыйым салынатын. Сөйтіп, ұлы  қағанаттың «қара шаңырағы» – ондап қатын алып, отыз-қырық бала таптыратын «алтын ұрықтардың» ұлан ғайыр ата мекені – өсімсіз қалды.

Бес ғасырдан аса «бұйрықты дәстүрге айналған бұл рәсім» түркі-монғолсыз – түркі-монғол империясы атанды. Ақыры «белі суыған қағанат» – қытайланып, таңғұттанып, түркіленіп, арабтанып, парсыланып, орыстанып, ойраттанып тынды. Пұт діні – ұлыстық дінге айналып, ұрығын ұйытқан «ойрат жиендер» –  таңғұттардан тәлім алып, дін басы, «алтын ұрықтың» қонтайшысы – жиені атанды. Арық-Бұға ханның сенімді шерігі, қағанаттың қормалы, Құбылай қағанның дін тірегі атанған ойраттар «тоқаш тойынан» кейін (1368) қағанаттың заңды «солтүстіктегі сол қолынан» – жоңғарға, еуропалықтардың атауынша «көшпелілердің соңғы империясына» немесе «соңғы көшпелілер империясына» айналды. Бұл империя – батыс қағанатқа – барунғарға, яғни, «Алтын ордаға» ұмтылды. Ал ол жолды қазақ даласынсыз, яғни, қазақ хандығынсыз аттап өте алмайтын. Ойраттар  «рух патшалығына» қандай құдіретпен ие болса да, екінші билікке – мемлекет билігіне дербес әскер жасақтамай, өз ішінен хан сайламай ие бола алмайтын.

Қоңыраттың Шәпи қызы берген «рух иелігі» құқына ойрат қызы Мандухай «тақ иелігі» құқын қосып берді. Мұндай ұлы мүмкіндік Шыңғыс ханның өзінен кейін ешкімге берілмеген еді.

Мүлдем қытайланып, пұттанып кеткен Құбылайдың тұқымы Темір (Олжатай хан) –  Чен-цзун Шәпиді  «Чжао-Чжу шун-шэн» –«даңқты дана, тәубәшіл және әдепшіл патшайым-императрица» деп жариялады: «Патшайым империяға аса құдіретті рухани қолдау көрсетті.  Оның мейірім-шапағаты Көктәңірінің көсегесін иітті. Ол Көктәңірінің қалауына орай  сарайдағыларға жетекшілік етіп, ар тазалығын орнатты. Бұрын – патшаның ханзада кезінде оған қызмет етті, олар талай талқыны бірге басынан кешті. Ол Құбылай қағанды талай қауіп-қатерден  құтқарды: көріпкелдік қасиеті болғандықтан  да, бәрін алдын-ала  біліп, тез  шешім қабылдап, өзі шұғыл шара қолданып отырды, сөйтіп, Құбылай қағанның әскерін Хыбей өзенінен кері қайтартты, Құбылай қағанға Шынду (Шан ду) қаласының тағына отыруы керектігі туралы данышпандық кеңес берді. Сонымен қатар, сарай нөкерлеріне патшаға қалай  дем беруі керектігіне барынша ақыл үйретті. Ол менің қасиетті атамның құдіретті патша болуына көмектесті. Ол менің әкемді (Чжень-цзин) бүкіл елдің парызын абыройлы өтеуге тәрбиеледі» – деп мінездеме берді.

Мұқым қытайдың келешек тағдырын анықтап,  жалпыға ортақ пұт дінін кіргізуі арқылы оларды бір таным мен мүддеге біріктіріп кеткені үшін де Шәпи патшайымға миллардтар елі қарыздар.

Бірақ, Шәпидің «Шан дуды» – Көкжайлауды жазғы сарай еткен ақылының қайыры ұзаққа созылмады. 1368 жылы «тоқаш тойы» басталып, монғол империясының ұлы қағаны Тоған-Темірді қытай жерінен қуып шықты. Жоңғардың – жоталануы, жоңғарлардың, соған ілесе монғолдардың, соларды өкшелей қуған мәнжулердің, сол «жорық көшінің» орынын иемденіп қалған кейінгі қытай империясының қазақ даласына қарай жаппай қотарылуы осы «тоқаш тойына» тікелей қатысты. Мұны  білмей, біздің ұлтымызға зауал боп төнген «жоңғар шапқыншылығының» түпкі мәтібін түсіну мүмкін емес. Сондықтан да осы арада қысқаша қайыра кетеміз. Оның мәнісі мынадай: монғолдарға әбден кектенген қытай шектілері оларды қалайда  құлатуға тырысады. Сол мақсатқа жету үшін, наубайханада пісірілетін тоқаштың ішіне: «1368 жылы қыркүйектің 31 жұлдызы күні түнгі сағат 12-де әр кім өзінің монғол қожайынынын өлтірсін. Сол сәттен бастап ұлт-азаттық көтеріліс басталады» – деген жасырын үндеу салып таратады. Сол кездің өзінде жүз миллион қаралы қалың қытай бір түннің ішінде шаң-шұңсыз жатқан монғол-қожайындарын шетінен бауыздап шығады. Дереу Ханбалықты (Бейжіңді, яғни, солтүстік астананы) басып алып, монғолдың соңғы қағаны Тоған-Темірді Көкжайлауға – Шандуге ығыстырады. Келер жылы 20 шілде күні одан да қуып шығады. Әбден құсаланған Тоған-Темір:

«Асыл таспен апталған қасиетті де айбарлы астанам – Ханбалық, Сарығыңды басатын, салқын-самал жаз жайлауым – Кай-пың! (Шан-ду)! Ежелден ата-баба киесі қонған құтты қонысым! Басыма қонған бағым ұшқан Мешін жылы сендерден айырылғанымды қарашы! Менің Ұлы қағанатым қансырап, қайран ұлы мемлекетімнің жойылғанын қарашы!

Ақықпенен апталған айбатты Ханбалығым! Тоқсан тоғыз ақ боз атты қадаға байлаған Көкжайлауым! (Кай-пың не Шан-ду). Шартарапты шарпып, жалпақ жұртты ұйытқан, билік пен білім тізгінін тең ұстаған қайран сара жолым! Аспан астының әмірі атанып, бақ-дәулетімді шалқытқан қайран Мәртебем!

Таң сәріде мұнарланған тұманы көкжиек көмкерген, атырабы көрсең – көзің тоймайтын құбылысқа толы, Жаз бен қысы айырғысыз, қам-қайғысыз  қоныс болған, сауық-сайранмен күнім өткен, бабам Құбылай салып кеткен, қайран байтағым – Ханбалық!

Бабаларым уайым-қайғысыз ғұмыр кешкен, айбаты асқар, ей, Ханбалық! Құзырыма құлдық еткен уәзірлерім мен төрелерім, ей, қараша жұртым! «Ел қамын жеген Елекеңнің» ақылын тыңдамаған өкінішімнің өзегімді өртегенін қарашы, Опасыз Жүгі жүгірмекке сенген аңғал басым!

Білместіктен (қазақ ордасынан келген тегі меркіт) кемеңгер То-то-Темір қолбасшының басын кестім, Дін оқымыстысын ен далаға тентіретіп, қателестім! Түмен жұртқа патшалық еткен, ақыры қор болған, ей, шақша басым! Қайран сауық-сайранмен өткен күндерім!

Қасиетіңнен айналайын Құбылай бабам қабырғаңды көтеріп, қоныс еткен, Құт ұялап, атағы алысқа кеткен ел ордам, ей, Ханбалық! Қытайдың қу мүйізі Жүгі жауыз жалмады да барлығын, жаман аты мен абыройсыз атағы маған – Тоған-Темірге қалды!» – деп жоқтау шығарып («Монғолдың шығу тегі», жинақ), ұлы империямен қоштасты.

Келер жылы, яғни, 1370 жылы қазіргі Ішкі Монғолияның Тұңияу аймағында құсадан өлді.

Осыдан кейін монғол империясы алғашында: шығыс-солтүстік, батыс-оңтүстік хандығы болып екіге бөлінді. Бірі – негізінен халха монғолдар, қытайлардың бодан хандығы,  екінші жартысы – Арық-Бұғаның дәргейіндегілер жартылай дербес хандық құрды. Тоған мен Есеннің ойрат хандығы тарих сақнасына шыққанда аумалы-төкпелі өмір сүрді. Ақыры, әуелі – қытайдың Миң патшалығының жаяу шеріктерінің екпінінен, содан кейін мәнжулердің атты әскерінің тепкісінен ығысқан жоңғарлар қазақ даласының етегін басты. Ұлы қазақ-ноғай даласынан басқа олардың жаны қонақ табатын кеңістік те қалмап еді. Ал Сарыарқа мен Ертіс, Еділ-Жайық, Сырдария бойында оларды тағы да сол сонау Сарыөзен (Хуанхэ) мен Сардалада (Ордоста, бүгінгі ҚХР-дағы Ішкі Монғолияда) «мәңгілік қалған» жалайырлардың, наймандардың, меркіттердің, қоңыраттардың, алшындардың екі жүз елу жыл бұрын батысқа ығысқан екінші жартысы «қылышын жалаңдатып» күтіп тұрды. Олар өзінің бұрынғы ру атауларына ортақ алаш ұранын алып, қазақ хандығын құрып, ұлт болып ұйып келе жатыр еді. Ойраттардың тілдік және әскери дәстүріне бейімделген түркі тектестер бірте-бірте монғол тілдене бастады. Бұларды, қазақтар (қалғандар, мәңгілік сонда қалмақ» деп, сол ғасырдан бастап оларды «қалмақ» атандырды. Кейін бұл атау «жоңғарларға» бұйырды.

Тақырып ұстанымы – қағандықты ұйытып-іріткен ханымдар мен ханшалар болғандықтан    да, тақ тартысының талқысын сырт қалдырдық. Алайда сол ойрандар­дың зардабын бүгінмен байланыстыру мақсатында мына мағлұматтарды кіріктіре кетуді орынды санадық. Кеңдік алған керейлер – наймандардың орынына ығысып, Алтай сағалап қалды.  Жошы ұлысына қосылғандары – қазақ, өзбек,  ноғай, қырымшақ, башқұрт, қарақалпақ; Ішкі Монғолиядағылар (ҚХР) – монғол керейі атанды. Олардың дені қазір Бағылық тауында тұрады. 2012-2015 жылдар аралығында бастарын қосып, монғол керейлерінің бес томдық шежіресі мен тарихи жинақтар шығарды. Ал Таян ханның ұлы Күшлік хан Тарбағатай асып, Сырдың бойына ойысты. Онда Кеден-қидан хандығын құрған Елүйдашының қызын алып, Гүрхан мемлекетін құрды.   Өштескенінін жер етпей қоймайтын Темужин Памир тауындағы асуда Күшліктің басын алды. Ферғана ойпатын мекендеген Ош пен Алай аймағындағы наймандар– қырғыз: Өзгент, Әндіжан. Наманған,  Самархан, Үргеніш, Бұқар төңірегіндегі наймандар – өзбек; Қоқандағылардың кейі – өзбек, кейі – қырғыз, кейі – қазақ; Қашқар маңындағылардың кейі – қырғыз, кейі – ұйғыр, кейі – қазақ; Жошы ұлысына қосылғандарының  дені – қазақ, кейі – ноғай, кейі – қырымшақ, кейі – башқұрт, кейі – қарақалпақ, кейі – татар; Бұйрық ханмен бірге Темужинге бағынғандар – монғол найманы атанып, бүгінгі күнге жетті.  2013 жылы Ішкі Монғолиядағы Найманши ауданына барып, алты қорғаннан қабатталып салынған хан сарайын көріп, найман, ақсүйек найман, ақ найман деп шежіре таратқан, найман-монғол жазуын қазір де пайдаланып отырған ұзын саны жүз алпыс екі мың қауыммен дидарласып қайттық (Найман-монғолдар  көне найман-монғол жазуымен мынадай кітаптарды шығарыпты: 1.Найман ауданының шежіресі. Энциклопедия, Құлынбер. 2. Найман ауданының тарихи мұралары. ІМР. Тұңияу. 2009. 3. Найман ауданының жер аттары сөздігі.  Хохот. 2008. 4. Найман халық әндері. Тұңияу. Жасөспірімдер баспасы. 2008. 5. Найман аңыз-ертегілері. Тұңяу. 2008. 6.Нонжия. Әңгімелер мен өлеңдер жинағы. Хуасия. 2009. 7. Найман ауданынан шыққан әйгілі адамдар. Хохот. 2011. 8. Найман ордасы. Альманах. 2 кітап. Тұңияу.2012-2013. 9. Найман көркемөнері журналы. 2 кітап. Тұңияу. 10. Бұхшұн, журнал) №1-2. Тұңияу. 2013.). Тек қоңырат тайпасы ғана қоңыржай өмір сүріп, Жошы ұлысындағылар – қазақ, өзбек, ноғай, қырымшақ, қарақалпақ, башқұрт, Ішкі монғолиядағылар – монғол қоңыраттары атанып, 2013 жылы Тұңияу торабында қоңыраттардың құрылтайын өткізді. Қоңыраттардың атажұрты Құрынбел – монғолдардың ең қасиетті де көрікті мекені. Иесі – Шыңғыс хан, киесі – қоңырат Бөрте қатын. Шыңғыс ханның сүйікті кенже қызы Алақұс ұзатылған Оңғұттар-уақтар Көкоттың – Хохоттың Шұғай жазығында. Олар өздерінің тегіне бұлыңғыр көзқараста. Тегі тайшұт кейқуаттардан туған тұқымдар да бөршіп, төрт тайпа – ойрат атанып, қонтайшыланып – тақ мұрагері ретінде жетіле бастады. Жалайыр Мұқылайдың жасақтарының тұқымдары – қоңыраттар мен жалайырлар, наймандар мен керейлер, алшындар осыдан екі жыл бұрын жиылып сол арада – Тоға-Темір құсадан өлген Тұңиядың түбінде ас беріп, конференция өткізіп, жинақ шығарды.

Сол «тоқаш тойынан»  кейін араға ондаған жылдар салып барып қағанаттың ойрат пен қытайға, мәнжуге кеткен қарымын ойрат қызы Мандухай қайтарды және жай қайтармай, ойраттардың жалын күдірейтіп кетті.

4.

Аты аңызға айналған «Шыңғыс қағатанатын мүлдем құрып кетуден сақтаған», «қағанаттың құтқарушы анасы», «Шыңғыс қағанның рухын оятқан», «данышпан ханым», «Шығыстың Жанна д* Аркі» атанған, кейінгі қазақ хандығының «ата дұшпаны» – жоңғарлардың тарих сақнасына шығуына мүмкіндік берген даңқты «Мандухай қатын» кім еді және алтын ұрықтың хандары мен ханзадаларының бір де бірі жетпеген даңққа  ойрат қызы Мандухай қалай жетті? Тағы да сол ерлі-зайыпты  Роман мен Ирина Почекаевтардың пайымдауымен қысқаша тәфсірлеуге көшеміз. Ұстанымыз – ұғымды болуы үшін осы оқымыстылардың: «Сонымен қатар, жоғары билікке ұмтылғандардың ішінде, Шыңғыстың өз әулетіне жатпайтын, Шыңғыс ханның аға-бауырларының тұқымдарымен қатар,  «алтын ұрыққа» әйелдер (қатындар)  әулеті жағынан алыстан кеп қосылатын жиендер – ойрат ұлысының билеушілері де болды» – деген пікірін назарға іліктіре кетеміз.

Сонымен Мандухай қыз кім?

Әлқисса,  мұны пайымдамас бұрын, өткенді еске түсіре кетуге мәжбүрміз.

«Алтын ұрықтың»  тозығы  шыға бастаған тұсында бойжеткен Мандухайдың болашақ   бақ-талайын  анықтап  берген де, сол азған ұрпақтың арсыз нәпсіқұмарлығы еді. Тақ мұрагерлігі үшін ғана емес, бірінің әйеліне бірі құмартып, ағасы туған бауырын өлтіріп, келінін  бауырына басты. Сондай бейбастыққа Елбек хан да (1392-1399) барып, туған  ұлы  Қарғысұқ қонтайжыны ойраттардың көсемі Құқай-тайдың қолымен өлтіріп, келінін қойына салды. Бірақ  Үлзейті үжін намысты болып шықты. «Жеңгетайың Құқай-тай мені зорламақ болды» – деп  ақ төсіне ырықсыз қонған құзғынды арандатып тыңды. Елбек хан «жеңгетайын» табан астында өлтірді. Кейін мұның жалған екендігі анықталған соң, өзінің туған қызы  Самурды «жеңгетайының» ұлы Батулы-шинсанға  ұзатты. Соған қарамастан Құқай-тайдың ұлдары әкесінің кегін кектеп, Елбек қанды өлтіріп тынды.

Осы арада жоңғарлардың «кекті бесік енесі» болып табылатын және біздің тақырыбымыздың нысанын ашатын монғол-ойрат арасындағы «Үлзейті келін» туралы әфсананы толық келтіруді орынды санадық.

Әлқисса, «Елбек хан ит жылы (1394) таққа отырды. Бір жолы аңға шыққанда қар үстінде өліп жатқан ақ қоянды көріп:  «Еті қардай аппақ, ал ажары мына қан сияқты қырмызы әйел бар ма екен дүниеде?» – деп нөкерлерінен сұрайды. Сонда ойрат Құтқай-Тафу  (Құқай-тай) өзінің сорына орай: «Неге болмасын, бар» – деп жауап береді. «–Ол кім?  Көруге болмас па екен?» – дейді ынтығып. «– Егер сіз оны шынымен көргіңіз келсе, айтайын, ол сіздің туған келініңіз» – дейді Құтқай-Тафу. Сонда Елбек хан Құтқай-Тафуға: «Уа, көрмегенді – көргізген,  шөл қандыратын алыстағы сусынды аңсаттырған, сен, менің Тафуым, жөнел де жолын тап!» – дейді. Ол Бегеджі (Үлзейті) келінге: «Сіздің айдай жүзіңізді бір көруге құмартып, мені жеңгетайлыққа жіберді» – деп ханның сәлемін жеткізеді. Бегеджі келін ашуланып: «Жер менен көк қосыла ма екен, өзінің келінін ханның өзі қойнына сала ма екен? Қара төбетке ұқсаған әкесінің қылығын ханның ұлы Дүгірен-Темір көрсе қайтеді?» – деп жауап береді. Келінінің бұл сөзін көңіліне де алмастан нәпсінің буы көзін байлаған Елбек хан өзінің туған ұлын өлтіріп, келінін қойнына салады. Даруға дәрежесінен дәметкен Құтқай-Тафу ордаға келеді. Безеджі (Үлзейті келін) Тафуды отауына шақырып, ханды осында күте тұруын өтінеді. Өзі екі қалталы торсық алдырып, бір жағына ең зәрі күшті шарап, екінші қапталына кәдімгі су құйып, суды өзі ішіп,  Тафуға: «Сен менің аз беделімді зорайттың, менің мәнсіз тәнімді мәнді еттің, Бегеджі келін атымды – «қатын» (императрица) еттің. Кел!» – деп шарап ішкізіп, сылқита мас қылады да,Тафуды өзінің төсегіне жатқызады. Содан кейін шашын жайып жіберіп, бетін тырнап жыртып, ханға: «Сен жоқта Құтқай-Тафу мені зорлады» – деп шапқыншы жібереді. Ашуланған Елбек хан Құтқай-Тафуды қуып жүріп өлтіреді. Өзінің бір саусағынан айырылады. Құтқай-Тафудың жон арқа етін білеулей тіліп «қатынына» сәлемдеме ретінде жолдайды. Безеджі келін ханның саусақ қаны мен Тафудың жон етінің майын шырынға қосып шайқап жіберіп: «Өзінің ұлын өзі өлтірген ханның қаны мен менің мырзамның өліміне себепкер болған Құтқай-Тафудың жон майы маған тәбәрік боп бұйырыпты. Міне, қатынның кегі қарымтасымен қайтты деген осы! Бәрібір бір өлім!» – деп ішіп салады. Өзінің кінәсін өзі мойындаған хан әрі келіні, әрі қатынына жақ аша алмайды (Е.И.Кычанов). Ал Құтқай-Тафудың жазықсыз екеніне көзі жеткен Елбек хан оның ұлдары – Банула-жайсан мен Үгуші-хашиғудың қарамағына 40 мың ойрат жасағын береді. Олар 1399 жылы Елбек ханды өлтіріп, әке кегін қайырып, монғолдардан бөлініп шығып, ойрат ұлысын құрады.

Міне, жоңғар қонтайшылары өмірге келген кекті бесіктің алғашқы «қанды әлдиі» осындай.

Ал Елбек ханның қызы Самур ханшайымнан туған Тоған мен Есен қонтайшылар, яғни, жиендер, 1438 жылы Үгедейдің немересі Адайды өлтіріп, үлкені – Тоған хан тағына отырды. Ол бүкіл ойраттың басын қосқан соң енді мұқым монғолды біріктіруге ұмтылды. 1440 жылы қытайға жорыққа аттанып бара жатып, жолай Шыңғыс ханның әруағы қонған  «сегіз ақ боз үйге» тәу етеді. Рәсім кезінде: «Сенің қағанат құрған кезіңдегі ұрығыңнан менің бойымдағы ұрық еш кем емес» – дегені үшін қағанның әруағының қарғысына ұшырапты-мыс. Киіз үйден сыртқа шыққанда арқасына қадалған екі жебенің жарақатынан қан саулап тұрыпты. Бұл қадалған жай жебе емес, қағанның қарғыс жебесі екен-міс. Бірақ тарихшылар Тоған хан өзінің ойраттарының, не қытай жансыздарының қолынан қаза тапты – деп пайымдайды.

Ал Тоғанның інісі Есен ханның тұсында ойраттар өрлеу дәуірін бастан кешті. Ол Шыңғыс әулетінің соңғы ханы Дайди ханды өлтіріп, бүкіл монғолға тұтас билік құрды. «Тоқаш тойынан соң» қос айырылған  империяның басын қайта қосты. Шүршіттерді жаулап алды. Содан кейін қытай императоры Ин-цзунды – Чжу-цижені (1436-1450 жж. тақ иесі)тұтқынға алып, басқа патшаны таққа отырғызды. Бірақ қайырсыз келген билік – қайырсыз ажалға алып келді. Шүршіт (мәнжу) пен қытай империясын тітіренткен, «батыста – Зайсан көлі мен Қарашар кентін, шығыста – Қанғай тауының батыс етегін, оңтүстікте – Тұрфан, Хами, Баркөл көлін, солтүстікте – «Ертістің жоғарғы ағысы мен Енисейдің арасын атажұрт еткен, қазақтармен, қырғыздармен шекараласқан» (И.Я.Златкин) Есен хан өзінің ойраттарының ішіндегі ұсақ ұлыстан жеңіліп, дала  безіп кетті. Қаңғып жүрген кезінде қолға түсіп, қашқынның кебін кешіп өлді.

Міне, «алтын ұрықтың жиендері» қонтайшылар осылай хан тағына көтеріліп, заңды мұрагер атанды. Ендігі кезекте Самур ханшайымның немересі Есентайшы 1453 жылы таққа отырды. Шеше жағынан тікелей Құбылайдың жиені, жиеншарлары болғандықтан да, таққа қонтайшылардың отыруы, не тақтан  дәметуі толықтай орынды деп табылды. Ойраттың төрт тайпасының бірі шоростан шыққан Тоған мен Есен тайшылар кейіннен көшпелілердің соңғы  империясының – жоңғар хандығының негізін қалаған «алтын ұрық»  деп танылды.

Міне, біз түп тамырынан тектеп келе жатқан, әфсана басында: «санда – санаты, елдігі – есте жоқ жоңғарлар қайдан шыға келді? – деп сауал қойған «ата жауымыздың» тарих алаңына шығу жосығы осындай. Әрине, олар Тоған тайшы мен Есентайшының тұсында ұлы жоңғар емес, жай ғана қонтайшы –қан тамшы – жиен ғана болатын. Оларды қатардағы қонтайшыдан жоңғар ханы еткен, ойдағы ойраттың басын төрге –билікке шығарып, Жоңғар хандығын құрып берген тағы да «кекті бесіктің» иесі – қыз, шорос қызы, Тоған мен Есеннің қарындасы, «рух патшалығы» Тибетті басқарған кекті билік иесі, Темір-шинсан ноянның қызы – Мандухай еді. Сондықтан да Мандухай әрі «алтын ұрықтың», әрі «қасиетті рухтың» ханшасы ретінде Құбылайдың немересі Меңдіғұлға (1463-1467жж. тақ иесі) ұзатылады. «Шоңмұрын Меңдіғұл ханның  төсек тойы кезінде сіреспесі ұстап қалатындықтан да, онымен (Мандухаймен)қосылыса алмапты» («Алтын топшы»). Меңдіғұлдың өзін де таққа отырғызған ойрат көсемі Бегерсін-тайшы болғандықтан да, апалы-сіңілі Жүңкен мен Мандухайдан бас тарта алмайды. Хандықтың  басқа тұқымға, не ойраттарға ауып кетуінен сескенген Меңдіғұл – өзінің орнын шөбересі Баян Мөңкеге аманттайды (1467).

Тағдырдың тосын тәлкегі деген осы, қазақ хандығы құрылған жылы Баян-Мөңке, хандық ныспысы – Болқы-жанан да таққа мұрагерлік етті. Бұл да Меңдіғұлдың қатынын тартып алмақ болғанда, пиғылы жария боп, қуғынға ұшырайды. Меңдіғұл да дүние салады. Баян-Мөңке қаңғып жүріп қарақшылардың қолынан өлім құшады.

Тағдырдың мына ығырлы табасын қараңызшы, тура сол шақта таққа  отыратындай Құбылайдан лайықты  «алтын ұрық» табылмапты! Бұған ешкімде, тіпті тарихшылар да сенбейді. Бірақ шындықтың өзі осы. «Алтын ұрықтың» бірін-бірі өлтіріп, тігерге тұяқ қалдырмағаны да бар шығар, сонымен қатар, «тәркі дүниені» «рух тамыры» етіп, келеңмен кешілдікке бой алдырған еркеккіндіктілердің жар төсегіне жоламай, белі суып кетуінің де кесірі тигені анық. Мұны «пұт дінін –  мемлекеттік дін» ретінде қабылдаттырған Шәпи патшайымнан, «ламаны – екінші билік иесі» ретінде заңдастырған Құбылай қағаннан табиғи жазымыштың қайтарған кегі десе де болады. Қалай десек те, жаратылыс  заңына қарсы шыққандарды жазмыш өзі жазалап тынды.

Сөйтіп, ұлы Шыңғыс империясы мұрагерсіз қалды! Бұл қағанаттың қара шаңырағының күйреуі деген сөз! Тіпті Жошы, Шағатай,Үгедей ұлыстары да мұрагерліктен дәме етпеді. Оның есесіне Мин (қытай) мен Түркістан әміршілері көз сұғын кадады. Соның ішінде, қазақ хандығы да қанатын Шығыс Түркістанға қарай жайып келе жатты. Демек, қазақ пен жоңғар хандығы қатар тұяқтанып,  бір-біріне бетпе-бет бағытта шеңгелін жая қозғалды. Араларын бағы тая бастаған Шағатай ұлысының жұқа ғана шымылдығы бөліп тұрды.

«Қара шаңырақ» ортасына түсе шайқалғанда, шоңмұрын, сіреспе Меңдіғұлдың баласыз қалған жесір ханымы, шорос қызы Мандухай бар тізгінді қолына алды.  Қағанатты қарыс айырып қаһарын төкті. Мандухайдың мысынан ыққан Мин патшасы: қытай патшалығын мойындасаң, қауіпсіз, қамсыз өмір сүруіңе кепілдік береміз – деп мүләйім хат жолдады. Бірақ Мандухай жесір: «Мен байсыз қалсам да, қара шаңырақ қағансыз қалмасын. Қағанатты – байлыққа айырбастамаймын» – деген мазмұнда уәж айтты. Сөйтіп, Шыңғыс империясының басын жұтқан әйел емес, қағанатты екінші рет тізесінен тік тұрғызған «қатын» – императрица атануды қалады. Сол үшін бүкіл қағанатқа жаушы жіберіп, Шыңғыс әулетіне тиесілі тұқымды іздетті: «Сол тұқымның таққа отыруына бар күшімді жұмасаймын» – деп салауат айтты.

Іздегені – табылды.   Бірақ  күткені ол емес еді. Кілтипан мынада: табылған тұқымның жасы бес-алты мөлшерінде ғана еді.  Бай боп та,хан болыпта жарытпайтын, тағдыры –тұл, жасы – кенже, өзі жетім Бату-Мөңке – Мандухайды, не оның әпкесі Жөнкені Мендіғұдан тартып алмақшы болып қашқынға айналған Баян-Мөңкенің ұлы болып шықты. Бату-Мөңке бір жасқа толғанда Қашқардың Хами өлкесінің Исмал-тайшысы шабындыға түсіріп, Шығыр-жананды  емшектегі ұлымен қосып алып кетіпті. Шығыр-жананды қатын етіп, кішкене сәбиді Бақай деген біреуге асыруға береді. Өгей  әке баланың өкпесін өкпеге толтырған.«Асқазаны ас қорытпайтын, терісін теңбіл теміреткі басқан» жетім Бату-Мөңкенің  мүшкіл жағдайын естіген Мандухай астыртын жаушы жіберіп, дертін сонда емдетіп жазады. Қастандықтан сақтану үшін баланы арнайы сандықтың ішіне салып, қазақ арбамен алдыртады. Содан бастап болашақ Бату-Мөңке хан «Қобдидағы хан» (Үкекте қаған)  аталып кетеді.  Енді Мандухай сол жетім мұрагердің атынан жарлық шығарады.

Алайда «жесір қатын мен жетім ханның» дәргейі кімге өтсін?

Мандухай дереу шешім қабылдап, әскери жорыққа аттанады. Анау-мынау елге емес, тура өзінің ұлысына – ойраттарға тұтқиылдан шабуыл жасайды.  Шайқасқа  Мандухайдың өзі тікелей қатысады. Ұрыс қызған кезде Мандухайдың дулығасы ұшып кетеді. Мұны көрген жауынгер шоростың бірі өз дулығысын кигізе салады. Сөйтіп, Мандухайды ажалдан құтқарып қана қоймай, әскерді үрейлене шегінуден сақтап қалады. Ең бірінші және ең маңызды жеңіске жеткен Мандухай жік шығарушы  тайшылардың көзін жойып, хандықты мойындаттырады. Олжаны жомарттықпен бөліп береді де, ойраттардың дәстүрін ойрандап, яғни, елдік қасиетін ұмыттыратын: «Осыдан бастап киіз үйлеріңді орда деп атауды қоясыңдар, бас киімдеріңе екі еліден артық жыға тақпайсыңдар,малдас құрып отырмайсыңдар, тізелеріңді бүгіп отырасыңдар. Айранды – көже дейсіңдер, етті кесіп жемей, тістеп жейсіңдер» – деген жарлық шығарады. Кейін етті пышақпен турауға келісімін береді.

Тарихшылар: неге Мәндухай өзінің жұртын шапты? – деп сұрақ қояды. Бірінші, ойрат –«төрт тайпа бірлестігі» ол кезде жоқ еді. Торғауыт, дүрбіт, телеуіт, шорос – өз беттерінше дербес ұлыс еді. Демек, Мандухай шоростан басқа, хандықты мойындамаған қалған үш тайпаны, не солардың мойынсынбағандарын шапқан. Екіншіден, таққа отырған қонтайшылардың барлығы да өз туыстарының, яғни, ойраттардың арандатуынан қаза тапқан болатын. Үшіншіден, бұрынды-соңды тақ иесінің ең сенімді  кешіктендері – ханның қайын жұрты, қатынының төркіні, құдалары еді. Ал Мандухай үшін осы  төрт жұрт – бір жұрт, ойраттар еді. Сондықтан да хандықтың қалған қарашы тайпалары мен руларын қаймықтыру үшін ең әуелі өзінің іргесін бекітіп, яғни, төркіндерін тұқыртып алуы тиіс-тін. Бұл үш мақсатқа қолы жетіп, хандықтың ханымы атанған соң, әрине, тақ иесі – ханды таңдауы заңды еді.

«Төсек көрсе – сіреспесі ұстайтын» Меңдіғұлдан жар қызығын көріп жарытпаған Мандухай Шыңғыстың бауыры Хасардың үрімі, ежелден жақаттас Өне-Болатпен көңіл қосады:  «Оған ресми күйеуге тисе – Өне-Болат заңды тақ иесі атанады. Сөйтіп, ұмытылған тақ таласы қайта қозады, хандықтың ішіндегі былғақты енді Хасардың тұқымдары бастайды. Шыңғыс әулетінен басқа әулетке күйеуге шықса – «қатын» аты жойылып, «қара шаңырақтан» айырылады, монғолдарға сөзі өтпейтін болады» – деген туған ағалары Жыға мен Меңді-Өрліктің   уәжі  көңіліне  қона кетеді.  Ұрғашылық долылығы ұстап, Өне-Болатқа тиюге кеңес берген Сатай сараместің басына ыстық шайды құйып жібереді. Еті үйренген Өне-Болатты өкпелетіп алмаудың амалымен Шыңғыс ханның әруағы қонған «сегіз ақ боз үйге» барып, Алан-гуаның әруағына шағынады: «Өне-Болат – етенем емес. Қағанның «алтын ұрығына» күйеуге тиіп, жеті ұл, бір қыз табуыма жар бол, Алан-гуа!» – деп жалбарынады. Әрине, Алан-гуа тура солай аян береді. Сөйтіп, «Сайын Мандухай нәпсіге беріліп, ләззәтқа құмартса, жас ноян Болаттың дегеніне көнер еді. Алайда, ол мемлекеттің мүддесін жоғары қойды». 1470 жылы құрылтай шақыртып, Бату-Мөңкені – Даян хан, яғни, Да юань (Ұлы юань патшалығының ұлы қағаны) – деген ныспымен таққа отырғызды. Бұл кезде Бату-Мөңке 7 жаста, Мандухай 33 жаста еді.

Бату-Мөңке балиғатқа толған соң, яғни, 1482-1494 жылдардың аралығында үш егіз, бір жалқы ұл, бір қыз тауып, жалғыз мұрагерді етегімен жарылқайды. Сөйтіп, «алтын ұрықтың» басы – Алан-гуа ананың аяны дәл келеді. Бір қызығы, Мандухай қатын 1490 жылы үшінші егізге аяғы ауыр кезде шайқасқа қатысып, аттан жығылады. Шеріктердің бірі қалқалап атқа мінгізіп, майданнан алып кетеді. Аман-есен босанып, кезекті егіз ұлын табады. Соған қарағанда, «Сайын Мандухай» десе – дегендей сайын екен. Бірақ, содан бастап «сайын қатынның» сағы сына бастапты: сайын даладағы хандықтарды (оның ішінде, оңтүстік Орта жазық – Сардала мен Сарыөзен, Шығыс және Орталық Түркістан, әрине, «Алтын орда» да бар) ұлы Шыңғыс қағанның қара шаңырағының астына қайыра біріктіру арманы орындалмай қалды. Бату-Мөңке – Даян хан енді билікті белсене өз қолына алды.  Сайын Мандухай  – 1509, Даян хан – 1517 не 1543 жылы  дүниеден қайтты. Ендігі  тізгінді Мандухайдан туған көп ұлдар ұстады.

5.

Міне, ойрат-шорос қызы Мандухайдың егіздері нағашылары ойраттардан – «сол қол» – жоңғар әскерін жасақтап, өздері «Жоңғар хандығын» құрып, соңғы шылбырды қонтайшыларға – жиендеріне ұстатты. Көп ұрықты шашыратпай Мандухайдан туған Ұлыс-Болат, содан кейін Барыс-Болат «рух қорғаны» – Тибет пен Ордосты иелегенін ерекше назарға аламыз. Барыс-Болаттың ұлы Алтын-хан таңғұттардың «даңқты да құдіретті билік әрі рух қорғанышы» атанды. Ал оның немере-жиені Құтықтай-сечен (шешен, көсем) қонтайшы 1577 жылы пұт нанымын – мемлекеттік қасиетті дін, ал далай лама – Пұттың елшісі – деп жариялады. Қағанның өзі далай-ламаның алдында басын шұлғып, мүлгіп тұратын болды. Алтын ханның немересі «монғол тұқымынан шыққан тұңғыш және соңғы Далай-лама ІҮ» атанды. Тоған мен Есен ханның кіндіктесі, ойраттардың ұлыс көсемі Байбағыс-хан 1578 жылы 50 мың әскермен Ертістің мойнағынан өтіп, қытайдың дәргейіндегі халха-монғолдың 80 мың қолын талқандап, монғол империясын қайта біріктіру керек – деген дәмені қоздырады. Құлашын солтүстіктегі Көшім ханның жеріне сермеп, Омбы мен Есіл өзенінің жоғарғы ағысына иелік етті. 1628-1632 жылдары Хо-Ұрлық (Қойырлық) бастатқан торғауыттар, дүрбіттер «ұлы ноғай даласын көктей өтіп» Еділ бойына  қотарылды. Орыс ғалымдары Петр І патшамен салыстыратын Батыр-қонтайшы таққа отырған тұста, яғни, 1635 жылы Жоңғар империясы толықтай қалыптасып болды деп есептеледі.

Ал 1610 жылы  Байбағыс хан өзінің ұлының орынына Тибетке тақуалыққа жіберген бала кейін «аса дана және қасиетті Зая-пандит құтықты» атанды. Пұт дінін насихаттап «Жайық пен Ертіс арасын, Көкнор мен Тибет арасын шарлап», жоңғар хандығының тұтастығы мен бірлігіне кепілдік беретін әулие дәрежесіне көтерілді. Жоңғарлардың қазақ даласына жаппай қотарыла бет алуына батасын берген де сол ойрат, яғни, «Мандухай қатынның» қандасы. Сол Зая-пандит Батыр-қонтайшының сегіз (кей деректе тоғыз) ұлының бірі алты жасар  Галданды  Тибетке әкетіп, тақуалыққа  тәрбиелейді. «Құт иесі құтықты» дәрежесін алады.

1653 жылы Галданның әкесі Батыр-қонтайшы, 1662 жылы ұстазы Зая-пандит дүниеден өтеді. Далай-ламаның бұйрығы бойынша шеберлер Зая-пандиттің мүсінін жасайды. Галдан бастатқан ойрат тақуалары Зая-пандиттің өртелген мәйітінің күлін қою сиямен араластырып, қасиетті өсиет жазып, оны мүсіннің ішіне салады.Сыртына: «Тағы монғолдардың шет аймағына құдіретті дін таратушы» деген Далай-ламаның жазуы жазылған бұл мүсінді Галдан құтықты Жоңғарияға өзімен бірге алып келеді. Сөйтіп, Зая-пандиттің рух мұрагері атанған Галдан құтықты Далай-лама Ү-тен: «Туған ағам Сенге-қонтайшының жанындағы құтықшысы болайын. Біздің ойратта: «Менің сұр арғымағым шабысынан әлі жаңылған жоқ, менің сұр жебем әлі нысанадан шалыс кеткен жоқ. Әке, жібер мені жорыққа, аттанайын!» – деген жыр бар. Жіберіңіз мені, Жоңғарға»– дейді.  Далай-лама панчен-ламаның (қасиетті ламаның) мұрынынан аққан қанымен қаймышталған белгілер (кабалистические знаки) жазылған дуананың бас сүйегін сыйға тартып: «Пұт мінәжатын тарат, бірақ мұндағы жұмбақты зерде иелері ғана білсін» – деп жолға шығарып салады.

 Сөйтіп, «жоңғар  хандығын» – «көшпелілердің соңғы империясы» атандырған атақты Галдан  құтықтының Жоңғарияға жорығы, міне осылай, Далай-ламаның «батысты қасиетті дінге кіргізуі» туралы аманат-тапсырмасымен басталды. «Қасиетті рух» пен «рух патшалығының кепілі» Галдан құтықты ағасы Сенген-тайшының қарауындағыларды дінге ұйытып, басын шұлғытып, өзіне қаратып алады. Галдан құтықты 1669 жылы: барунғар – оңтүстік (оң қол), жоңғар – солтүстік (сол қол) атанып, екіге бөлініп кеткен ойраттардың басын қосамын – деген желеумен Ошырты-ханның ордасына келеді. Құтықты болса да құлқыны: «Толған айдай толықсыған, қараңғы түнде бетінен төгілген нұр: сол жағына қараса –  сол жағындағы  орманға, оң жағына қараса –  оң жағындағы орманға жарық  түсіріп, әр тал ағашын санауға болатын, егер көзін суға қадаса –  тұңғиық тереңдегі әр балықты санауға болатын» – Ошырты ханның қызы Ану аруда болады.Сол сапарда, Жоңғар ханы Сесен-тайшы мен Жотпа-батыр түн ішінде Барунғар ханы, Галданның бір әке, бір шешеден туған ағасы Сенге ханды өлтіріп кетеді. Галдан мұны естіп, Ошырты-ханмен анттасып, кек алуға серттеседі. Галданның ордасы – Ертіс, Сесен-ханның ордасы – Еміл өзенінің бойында еді. Қаранор көлінің жағасында Сесен-ханды талқандайды. Бұдан кейін құтықтылықтан бас тартып, өзін қонтайшы емес, хан деп жариялайды. Ану аруға үш рет қатарынан жасау-таралғы жіберіп, айттырады. Отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізеді. Бірақ, Ану ару Галданға бақ емес, мәңгілік таусылмайтын кек әкелді.

Себебі, туған ағасы Сесен ханның заңды тақ мұрагері, өзінің етбауыры – Соном-Рабданды у беріп өлтіреді, ал екінші ұлы Себен-Рабдан Тұрпанға (екінші бір деректе нағашысы торғауытханы Аюкеге) қашып кетеді. Ағалы-інілі екеуінің, яғни, Галдан мен Себен-Рабданның  бүтін Жоңғарияны бөлшектеген, ақыры Монғолия мен Жоңғарияны қосып мәнжулерге теліткен өштігі осылай өршіді. Шыңғыс қағанатын қалпына келтіріп, солтүстік және оңтүстік (мәнжу   бодандығындағы) монғол хандығын ойратпен қоса біріктіруге барын салған, 1679 жылы Шығыс Түркістанды жаулап алғаны үшін Далай-лама Ү Галдан құтықтыға   «Бошықты хан» – «Тәңір жарылқаған қаған болсын» (бурхан тэнгрийн бошгоор хаан болсун) деген атақ береді. Бұл – Пұт құдайының жердегі өкілі деген сөз.

Мұндай киелі лауазымды бауыры Себен-Рабдан ғана мойындамады. Неге? Кілтипан, сол баяғы «кекті бесікте» жатыр. Мәнжу патшасы Кан си – оңтүстіктен, Себен-Рабтан – солтүстіктен, Тушету хан – шығыс солтүстіктен қыспаққа алып, Монғолияның толықтай мәнжу бодандығына көшер кезде, мәнжу императоры ағалы-інілі екеуінің қанды кегі неден басталғанын сұратады. Сонда Себен-Рабдан: «Біздің Галданмен жауласуымыздың себебі мынау. Ол менің ағам Соном-Рабданды у беріп өлтірді. Бір кезде маған (Себен-Рабданға) айттырылған қалыңдығым Ануды (Ошыртының қызынан басқа, Галдан бошықтының екінші қатыны Ану.  Ал  Ошыртының қызы Ану ару өмірінің соңына дейін Галданның қасында болды. Мәнжумен, Себен-Рабданмен, Тушету ханмен болған шайқасқа да қатысыпты-мыс) тартып алып, зорлықпен қатын етті. Сөйтіп мені қатты қорлады. Қалыңдығым Ану мен балаларымды Ұлан-бүдіннің түбіндегі шайқаста  Галданнан  тартып алдым» – деп жауап берді.

Міне, өштіктің төркіні қайда! Тағы да зорланған әйел!

Жоңғарды – империя дәрежесіне көтерген, үш жақты қоршауда қалған, ұлы Себтен-Балжыр Кан-сидің тұтқынына түскен  Галдан бошықты хан: «Менің түбіме сен жеткен жоқсың, Кан-си,  туған бауырым Себен-Рабдан жетті. Жоңғарияны тартып алды. Мен отансыз қалдым. Мен сенімен соғысар едім, бірақ, халха монғолдың керін құштырып, сарыаяқ шеріктеріңнің табаны Жоңғарияны басады-ау, деп қауіптенемін. Одан да отанымды азат сақтағаным артық. Бұл қорлықтан өліп құтылайын!» – деп сәлем айтып, 1697 жылы 3 мамыр күні Батыс Монғолиядағы Ашамутай деген жерде құсалықпен дүниеден өтті. Себен-Рабданның жері кеңіп: «Галданның жерінің барлығы – менің көз алдымда. Қытайға бағынған тайшылардың бәрі менің жауым, сондықтан маған қайтарып беріңдер!»– деп шаптықты. Бірақ бұл – ашынғанның ашуы ғана еді. Өйткені, Кан-сидің сарыаяқ шеріктерінің табаны Жоңғарияның етегін басып, кеудесіне шығып, сол арқылы бұрын естіп-білмеген қазақ даласына тіміскіленіп  кіріп келе жатқан болатын. Бұл пиғылын жүзеге асырып, Себен-Рабданға қарсы қою үшін Кан-си патша Галдан-бошықты ханның ұлы Себтен-балжырды тірі қалдырып, дәреже берді, қызын ұзатты.

 Біз осымен Галдан Бошықты хан мен Цебен-Рабтанның арасындағы «кекті бесікті» тербеткен,жоңғар империясын тарих сақнасына шығарған «қағанат қатындары» туралы әфсананы аяқтаймыз. Айтпақшы, бұл «кекті бесіктің» қазақ ханы Тәукеге және Себен-Рабданның қазақ даласына шабуыл жасауына да қатысы бар болып шықты. Оны баяндамасақ, Цебен-Рабданның «қазаққа қастығым жоқ еді, өздері намысыма тиіп, «қалыңдығымды тонап, қорлады» – деген уәжі атаусыз қалар:

«Себен-Рабтанның жоңғар ханы ретіндегі алғашқы сыртқы шарасы қазақ ханы Тәукемен арадағы соғыс болды. 1698 жылы көктемде Себен-Рабдан қытай патшасы Сюань Е-ге жазған хатында: соғысты «өз еркіммен емес, аса мәжбүр болғандықтан да бастадым. Оған Тәуке ханның озбырлығы себеп болды. Әуеліде Тәуке менен: Галданның тұсында тұтқынға түсіп, Лхасадағы Далай-ламаға сыйға тартылған ұлын босатуға көмектесуімді өтінді, оның есесіне, ол – Тәуке менімен одақтас және тату болатынына сендірді. Мен – Себен-Рабдан, Тәукенің ұлын босаттырып алып, оның қауіпсіздігін  сақтау үшін қасына 500 адам қосып қайтардым. Бірақ та Тәуке менің бұл қайырымдылығымның қарымтасын қастандықпен қайырды, менің адамдарымның бірін қалдырмай қырып тастады. Содан кейін менің қоластымдағы Уркедей-Батыр-тәйжіні және оның адамдарын түгел өлтіріп, тонады, өзіне тұтқын етіп алды. Содан кейін көп уақыт өтпей жүз түтіннен асатын менің ұранхай жасақтарымды әйелімен, баласымен, барлық мал-мүлкімен тартып алды. Сонымен қатар Тәуке хан Еділ бойынан Жоңғарияға ұзатылып келе жатқан менің қалыңдығымның, Аюке ханның қызының көшіне шабуыл жасады. Сондай-ақ, ол – Тәуке хан Ресей жерінен тауар алып келе жатқан менің көпестерімді тонады. Сондықтан да мен оның  қысасына– қысас жасап,  әскеріммен соғысқа аттануға мәжбүрмін. Мен осы хабар арқылы, сізге,  мәртебелі ағзам, мені соғысқұмар екен деп ойламасын деген үмітпен өзімнің жазықсыз екенімді мәлімдеймін» (И.Я.Златкин) – дейді.

 Себен-Рабданның жазып отырғаны шындық па, жоқ, жай бопса ма? Әлде бұл: жоңғарлардың 1628-1632, 1643, 1680, 1681-1684 жылдары қазақ даласына жасаған жорықтарына қайтарған Тәуке ханның жауабы ма? Себен-Рабданның тұсындағы қазақты «ақтабан шұбырындыға ұшыратқан» 1711-1712, 1714, 1717 жылғы және «Алқакөлге апарып сұлатқан» 1723 және 1725 жылғы шапқыншылыққа «себеп болған», шынымен де, Аюке ханның қызының – Себен-Рабданның қалыңдығының көшінің  шабындыға ұшырауы ма? Сонда, «кекті бесіктің» құны үшін әр бес қазақтың үшеуі басын бергені ме? Анығы: 1726 жылы Білеуті өзенінің бойында 65 мың қалмақ әскерін 40 мың қазақ қолының жеңгені, Себен-Рабданның 1727 жылы өлгені, сол жылы Аңырақай шайқасында қазақтардың шешуші жеңіске жеткені. Ал осы қырғынға Себен-Рабданның қалыңдығының қолға түсуі себеп болды ма, ол жағын түбірлеп түсіндіру қиын. «Бай қимақ – жан қимақ» деген қазақ мәтелін білеміз, алайда «қатын үшін жан пида» дегенді естімеппіз. Дегенмен де, дүниенің арғы-бергі тарихындағы, соның ішінде осы әфсанадағы қанды қырғындардың барлығы «қатындардың – императрицалардың» кесірінен ушыққанын ескерсек, ол да мүмкін. «Кекпен тербетілген бесікте» аяушылық болмақ емес. Сөйтіп, «кекті жатырда» туып, «кекті бесікте тербетілген», «кекті жорықтан» пайда болған жоңғар хандығы ақыры «Ану қатын» мен Аюке ханның қызының және нағашылы-жиенді Даваци мен Әмірсананың кесірінен  жойылып кетті.

Әлқисса, міне, осы жолдармен біз де діттеген жерімізге жеттік. Жоңғар хандығын тарих сақнасына шығарған: кекті бесікте тербетілген; не әке-шешесін, аға-бауырын өлтіріп, әпке-сіңілісі зорлықпен тұл етілген; не ел-жұртын аман сақтап қалу үшін басын кейқуат қатындыққа көндірген; не хандықты сақтап, ұлысын хандық деңгейіне жеткізген «кекті қатындар» екенін ерлі-зайыпты Почекаевтардың жинақтаған деректеріне жүгіне отырып пайымдадық. Осы әфсанада аты аталған, ескіше – қатын, бізше – әйелдердің әр қайсысы, басында ескертіп өткеніміздей, «санда – санаты, төрде – орыны жоқ» жоңғар хандығының тарих сақнасына шығып қана қоймай, «көшпелілердің соңғы империясы» деңгейіне жетуге, бірі – тамшыдай, бірі – тұмадай, бірі – бұлақтай үлес қосып, ақыры кекті теңізге айналдырды.Түпкі «кекті бесік» Боданшар-Мұңлықтың жүкті әйелді зорлауынан басталды. Амбағай қаған қызын ұзатқан жолда уланып өлді. Есукей меркіттің ұзатылып бара жатқан қалыңдығы Өлеуін-үжінді тартып алды. Есукейдің өзі  Бөрте-үжінге құдалық түскенде уланып өлді. Бөрте-үжінді меркіттер тартып алды. Көптің көзінше зорланған Теркен қатын ұлысты беске бөлді. Үгіл-Қаймыштың тұсында билік Үгедейден Толу әулетіне көшті. Сорқақтан қатын ұлы құрылтайдың беделін түсірді. Шәпи – «ұлы жұрттың» дінін өзгертті. Мандухайдың тұсында,  «алтын ұрыққа» әйелдер (қатындар)  әулеті жағынан алыстан кеп қосылатын жиендер – ойрат ұлысы»  таққа ұмтылды.

Олар өздерінің, яғни, шоростардың арғы тегін асылдандыру үшін, Шыңғыс ханның шығу тегіне балама ретінде мынадай әсіре  әфсана шығарды. Есте жоқ ескі заманда жас аңшы биік таудың басындағы иен көлге келеді. Оның жағасынан суға түсіп жүрген перінің қыздарын көреді. Біреуін ұстап алып, мауқын басады. Арада тоғыз ай өткенде перінің қызы тапқан ұлын ағаштың басына іліп кетеді. Оны ағаштың өскіні емізіп өсіреді. Ағашты сораптап еміп өскендіктен «сорап, шорап, шорос» атанып кетеді. Оны тауып алған адамдар бір ғұламаға көрсетеді. Оқымысты: Көктен туған әулие бала екен. Хан сайлаңдар – дейді. Шорос тайпасы сол әулеттен тараған-мыс – делінеді (Е.И.Кычанов). Екінші бір аңызда, жас сәбиді ағаштың қабығының арасынан тауып алады. Бұл қыпшақтардың таралуы туралы аңыздан айнымайды.Қалай дегенмен де, шоростардың, ойраттардың арғы тегінде «кекті де күмәнды» бесікке қатысты бір бұлдырлық бар.

Қойшы, сонымен, әлгі «перінің тұқымдары», Шорос қызы Мандухайдың ұлы – Болаттар – Батырланып, хандық құрды. Солардың ішіндегі ең қатерлісі –  Құтықтай-сечен қонтайжы болды. Ол: Сендердің ендігі ұлы ұрықтарың – батыста өсіп-көктейді. Пұт құдайы сендерге «Алтын орданы» меңзеп тұр. Аттан. Пұт дінін таратыңдар. Мен батамды бердім! – деп жар салуы мұң екен, қонтайшы атаулы батысқа – қазақ даласына, яғни,  Сарыдаладан – Сарыарқаға  дүлей құйын боп лап қойды.

Ал, бұл тарих – біздің ұстынымыздан тыс тақырып. «Кекті бесіктен» туған тұқымдар кекті империяны дүниеге әкелді. Ал сол «кекті империяның» қыздары мен жесірлерінен туған жиендері – «қалмақтан жылқы қайырған, қатын-баласын айырған» қазақтар – көшпенділердің соңғы ұлы империясының тоз-тозаласын шығарып, жер бетінен атын өшіріп тынды.

Бұл не сонда? Тарихи заңдылық па, жоқ, тарихтың тәлкегі мен мазағы ма? Әлде, жөргегінен ұшынған кекті бесіктің зауалы ма? Кім білсін.

Бесігіміз бұзылмасын! Тәмәт-тамам.


Тұрсын ЖҰРТБАЙ

“Ұлт порталы”

ПІКІР ҚАЛДЫРУ