• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Тарихы көне, тамыры терең » Ғасырларға жалғасқан жаңсақтық

    Ғасырларға жалғасқан жаңсақтық

    Евразия тарихы туралы көптеген кітаптар авторы Л.Н.Гумилев 1960 жылдары жазған мақаласында: «Заканчивается третье столетие с тех пор, как возникла проблема научного изучения «монгольского вопроса», а решения нет!»…Каким образом немногочисленные монголы, которых было чуть больше полумиллиона, могли захватить полмира! Тут что-то не так. Очевидно, мы упустили какой-то фактор». (Ритмы Евразии», М.2004. 128 бет)деген еді. Шынында да, сонау 1310 жылы жазылған Рашид ад-Диннің: «Жамиғ-ат-Тауарих» жинағындағы: «В древности монголы были лишь  одним племенем из всей совокупности тюркских степных племен»,дей тұра, ізінше: «Большую часть тюрков теперь называют монголами» деуі де, «Моңғол түрік пе, әлде түріктер моңғол ма?!» деген сұрақ туғызып келеді.  Сөйтіп тарихи тамырын  іздеген халқымыз осы мәселеде «Тауық  бұрын пайда болды ма, әлде жұмыртқа бұрын пайда болды ма?» дегенге ұқсас, шешуі жоқ жұмбаққа жолыққандай жағдайда.

    Егер Орыс елін үш ғасыр бойы моңғолдар билесе, орыс тіліне неге моңғол сөздері емес, түрік сөздері ғана енген? «Алтын Орда» мемлекеті құрылған күнінен бастап жазылған құжаттардың түгелі, шығарған теңгелеріндегі жазуға шейін түркі тілінде екені дәлелденіп отырса, ал «моңғол тілі» қайда?   Орыс ақсүйектерінің 40 пайызының тегі түркі де, неліктен моңғолтектілері  жоқ?  Иә, мұнда шынымен де «что-то не так».

    Гумилевтің сауалдарынан соң да жарты ғасыр өтті. ЮНЕСКО Шыңғыс ханды «Екінші мыңжылдықтың ең ұлы адамы» деп таныды, оған және оның құрған мемлекеті тарихына  әлемнің көптеген тілдерінде мыңдаған ғылыми-зерттеу еңбектер арнап жазылды.

    Америкалық ғалым Джек Уэзерфорд : «За двадцать пять лет армия монголов покорила больше царств и народов, чем Римская империя за четыре столетия. Чингисхан со своими сыновьями и внуками подчинили себе самые густонаселенные страны тринадцатого века. По всем параметрам, будь то общее количество побежденных, площадь завоеванных территорий или число покоренных царств, Чингисхан более чем вдвое превосходит любого другого завоевателя в истории»,деп таңданады («Чингисхан и рождение современного мира», М.2006.)

    Бірақ «моңғол мәселесі» шешімін тапты деуге болмай тұр. Кезінде «Шыңғыс хан», «Бату», «Соңғы теңізге жорық» романдарын жазғандықтан «бұл мәселені біледі-ау» дерлік орыс жазушысы В.Янның өзі: «Безумные орды монголов явились словно неизвестно откуда, смерчем пронеслись по Китаю и Евразии, дошли до Будапешта  и внезапно повернули обратно, чтобы некоторое время спустя вновь кануть в безвестность» депті. Ал осы, Шыңғыс хан империясын құрған түрік тайпалары жалайыр, найман, қоңырат, керейіт, т.б. рулар ешқандай да «безвестность» болмай-ақ, көпшілігінің саны жарты миллион, кейбірінің саны миллионнан асып, қазір қазақ деген халықты құрып отырғанын  шетелдік зерттеушілер қаперіне алар емес.

    Меніңше, тарихтың осы мәселесінің «шешілмей» келе жатуының басты себебі, Шыңғыс хан империясын құрған түркі халықтары өткен заманда отар еткен Ресей мен Қытайдың кейіннен  енді түркілердің өзін отарлап, тарихи шындықтарды тұмшалап келуінен болса керек.

    Рас, КСРО ыдырағаннан кейін тәуелсіздік алған түркі елдерінде Шыңғыс хан мемлекетінің түркілік негізін дәлелдеу бағытында бірқатар еңбектер жарық көруде. Әйтсе де, өзім көп жылдардан бері осы тақырыпқа арнап бұрын-соңды жазылған жүзге жуық кітап, мақалалармен таныссам да көп мәселенің жауаптарын көрмедім. Басқасы түгіл «моңғол» деген сөздің, сондай-ақ  ұлы қағанның «Темучин, Шыңғыс» деген есімдерінің не мағына білдіретіндігі жайындағы пікірлер де көңілді көншітерлік емес екен. Бұл тақырыпқа неғұрлым қалам тартушылар көбейген сайын, сұрақтар одан әрі туындайтыны байқалады. Себебі, тарихқа қалам тартқандар әуелі осы тарихты жасаушы халықтың кім екенін айқындап алмаған. Осы тарих қазақ халқының да ұлттық тұғырында нық тұруы үшін аса қажет деп санағандықтан  ойға оралған жайларды қағазға түсіре жүрген едім. Ғасырлар бойы өзімізге де, өзгеге де жұмбақ болып келе жатқан мәселелерге қатысты сол пікірлердің бірқатарын жұртшылық талқысына ұсынуды жөн көрдім.

     

    МОҢҒОЛ ЕМЕС, «МӘҢГІ ЕЛ»!

     

    Еренжен Хара-Даван «Чингис-хан как полководец и его наследие» кітабында: «Монгольский историк Санан-Сецен приписывает ему (Шыңғыс ханға. Х.Қ-А.) следующие слова, сказанные на том же Қурултае 1206 года: «Этот народ биде, который несмотря на все страдания и опасности, которым я подвергался, с храбростью, упорством и приверженностью примкнул ко мне, который, с равнодушием перенося радость и горе, умножал мои силы,  я хочу, чтобы этот, подобный благородному горному хрусталю, народ биде, который во всякой опасности оказывал мне глубочайшую верность, вплоть до достижения цели моих стремлений,  носил имя «кёкё-монгол» и был самым первым из всех, живущих на земле!», «С этих пор,  прибавляет Санан-Сецен, народ этот получил название кёкё-монгол», «Кёкё» значит «голубое», как небо», деп жазыпты. Сондай-ақ, Хара-Даван:  «Над всеми поколениями, живущими в войлочных кибитках,  говорит по этому поводу «Сокровенное Сказание»,  Чингис-хан отселе провозгласил единое имя монголов; это имя было такое блестящее, что все с пробуждающимся национальным чувством стали гордиться им» дейді.  (Белград-1929 ж. 72 б.).

    Ә.Бөкейханов «Монғол халі» атты мақаласында: «Қытай шежіресінен көрінеді: Ғайсадан 2 мың 500 жыл бұрын бұ күнгі монғол жерінде көшпелі, мал баққан жұрт болған. Қытай шежіресі бұл елді «бей-ди», яғни темір қазықтағылар дегені. Осы бей-диден шыққан «чи-вей» монко руынан Темучин шықты. 48-нде дүниені алып, Шыңғыс хан аталған. Дүниеге монғол  аты осы Шыңғыстан кейін жайылды.  Бұ күнгі монғол Шыңғыс ханның ата жұрты болды», депті («Қазақ» газеті, 1913 ж.№13).

    Лубсанданзан 1628 жылы жазды делінетін «Алтын топшыда»: «Сонда Чирқа ебүген: «Жақсы әкеңнің құрған Бида түгел ұлысын, тайчығұт аға-бауырың бүлдіріп көшкенде»…делініп (55 б.), түсініктемеде: «Bida Бет. «Бида ұлысы» дегенді А.Амар: «Монғол ұлысының көне атауы» деп түсіндіреді» деп жазылған. (А.Мауқараның әдеби-көркем аудармасында: «Абзал әкеңнің біріктірген Бет елін бытыратып кеткен Тайшы  ағайын туысқаныңды».. делінеді ( 27 б.).

    «Алтын топшыдан» ерте жазылған  (1240 ж., 1382 ж. ?)  «Моңғолдың құпия шежіресінде «Биде» сөзі жоқ, тек: «Сайын Есікенің жинаған ұлыс еді»,..-делінген (73-бөлім).

    Қытайда 1986 жылы шыққан «Нақты пайдаланылатын ежелгі қытай тілінің сөздігінде» (184 б.)  «гүйфаң» деп аталатын халықтардың «чы-ди» (қызыл ди), бәй-ди» (ақ немесе құба ди ), чаң-ди (үлкен немесе ұлы ди) деп бөлінетіні («ди»-қытайша «жабайы» сөзі) жазылған.

    Қ.Салғараұлы:  «Чы-ди» көне замандарда ежелгі қытайлықтардың көршісі болған түрк (қыпшақ) халықтарының оңтүстік бөлегі, «Бәй-ди»  батыс бөлегі, «жанди»  шығыс бөлегі» деген. («Ұлы қағанат»  кітабы, 2008 ж. 519 б.)

    Л.Гумилев «Хунны» атты кітабында (30 б.) Хундардың оңтүстік-батысында қоныстанған Жун халқының 6 тайпасының ортақ атауы бэйди екенін жазған. Кітаптағы берілген картада осы бэйдидің байди, чиди рулары Қытайдың солтүстік-батысында тұрғаны (үйсіндердің шығыс жақ көршілері) көрсетілген.

    Осыған қарағанда «биде», «бәй-ди», «бай-ди» сөздері «моңғол» деген сөздің мағынасын ашуға қатысы жоқ, тек географиялық орналасуларына қарай көршілеріне қытайлардың берген атауы ғана сияқты. «Биде, бәй-ди» сөзінің моңғолмен қатар аталуы кейінгі, Шыңғыс ханның ата-бабаларын Индия, Тибеттен шығарып жазған 17 ғасырдағы Моңғолия тарихшыларының еңбектерінің «жемісі» екені байқалады. Сондықтан біз енді нақты «моңғол» сөзінің тарихта қай кезден бастап кездесетіні туралы  деректерге тоқталайық.

     

    * * *

    «Алтын топшыда»: «Бөрте Чинуа солтүстік тарапқа мұхит, теңізден өтіп, жат жерге келіп, ері жоқ Қоға Марал есімді қызды алып, жаттың жерін мекендеп, Моңғол әулеті атанады» делінген (27 б.), бірақ «моңғол» сөзіне түсінік берілмейді.  Ал одан ерте жазылған  «Құпия шежіреде» (1-бөлім) «Моңғол әулеті атанды» деген сөздер жоқ.

    «Құпия шежіреде» ( 52- бөлім): «Қамұқ Моңғолды Қабұл қаған билеп тұрған еді» деп, «Алтын топшыда» да: «Қамұқ Моңғолды Қабұл қаған билеп жүрді» делініп, «Хамаг Монғол  ХІ ғасырдың орта тұсында құрылған Моңғол ұлысының атауы» деген түсінік берілген  (41 б.). және қазақша аудармасында «Барша Монғолды» деп аударылған. М.Қашқаридің «Түрік сөздігінен»: «Қамұқ кісі ермес» делінген мысал келтіріледі. Бір қарағанда «нағыз моңғол сөзі» деуге болардай осы «хамаг, қамұқ»  көне түрік сөзі, қамту, біріктіру, қамтылған, біріктірілген. Хамсы, хаммасы, көбісі, көпшілігі, баршасы т.б. түрде түрік текті халықтарда кездесетін сөз. (Моңғолияда да сақталған: хам-бірге, бірлескен, қосылған; хамаг һәм, барлық, барша)

    Рашид ад-Дин «Жамиғ-ат-Тауарих» жинағының 1 томының 1 кітабында «моңғол» сөзінің мағынасы туралы: «Слово же монгол сперва звучало «мунгол», то-есть «бессильный» и «простодушный» деген (ауд. Хетагуров,154 б.).

    И.П.Петрушевский осы «Жамиғ-ат-Тауарихтың» Мәскеуде 1952 ж. орыс тілінде шығарылуына байланысты «Рашид-ад-дин и его исторический труд» атты кіріспе мақаласында: «Подобно большинству своих современников, Рашид -ад-дин называет тюрками все кочевые скотоводческие народы Азии как тюркоязычные так и монголоязычные, и многие народности он именует то тюркскими, то монгольскими. Иначе говоря, у нашего автора «тюрки»  термин не столько этнический, сколько социально-бытовой», дейді (28 б.). Бірақ, Ирандағы Шыңғыс хан ұрпақтарының тапсырысымен, бақылауымен  шежіре жазған Рашид-ад-дин ондай қателік жіберуі мүмкін бе?!

    Осыған ұқсас пікірді Т.Әбенайұлының «Шыныңа көш тарих! Шыңғысхан кім?» кітабынан да  байқаймыз. Ол «моңғол» сөзін «маң» және «құл» деген сөздерден шығарып «Маң» сөзі  түрік тілдерінде жүру, жылжу мағынасын білдіреді. Оған «құл» сөзі жалғанып, үндестік заңына сәл өзгеріске түсуден «маңғұл» атауы келіп шыққан.  Ол да, қыжыртпа сарынмен қалыптасқан көшпенді ел, малшы жұрт деген мағынадағы елесім. Бұлардан шығатын қортынды: маңғұл атауы, ең кемінде Оғыз хан заманынан бастап қалыптасқан байырғы елесім. Ол  барлық шығыстық түркілерді меңзейді» дейді (Алматы,2008,  63-64 б.).

    Д.Майдар мен П.Турчин «Разноликая Монголия» атты этнографиялық очеркінде:  «Онон мен Керулен  өзендерінің жағасында өмір сүрген шағын тайпаның адамдары өзін моңғолмыз деп атаған. «Монғолдар» деген ресми атау 13 ғасырда, монғол халқы, мемлекеті пайда болғанда ғана шықты» (Москва, «Мысль» 1984 , 34 б.)  дейді.

    Хондемир Гияс-ад-дин (1475-1536) Моңғолды тарихта болған адам ретінде баяндайды. Анықтай айтсақ, Нұх пайғамбардың үшінші ұлы Иафеттің баласы Түріктің төртінші ұрпағы Аланша ханнан Татар мен Моңғол (егіз) туғанын жазады. «Когда они достигли совершенных лет, отец разделил между ими Туркестан» деп (ауд. В.Григорьев), ал Ергене қонға руын қоныстандырған Қиян, осы Моңғол ханның алтыншы  ұрпағы Елханның ұлы деген  («История монголов.  От древнейших времен до Тамерлана», СПб, 1834. 2-6 б.).

    Қадырғали Жалайыри 1602 жылы жазған «Жылнамалар жинағында» «моңғол» сөзінің мағынасы туралы айтпайды, тек Оғыз ханға бағынбай, мұсылмандықты қабыл алмай шығысқа көшіп кеткен жұртты «моңғол» атайды. (Хондемир және Әбілғазы баяндауы керісінше  Моңғол ханның ұлы Қара ханнан Оғыз туады).

    Хиуа ханы Әбілғазы баһадүр де 1663 жылы жазған «Түрік шежіресінде» Моңғол сөзін тарихта болған кісі есімі ретінде атайды. Адам-атадан Нұхқа шейін тарата келе, Нұх пайғамбардың үшінші ұлы Иафестен Түрік туғанын, оның  бесінші ұрпағы Алынша ханнан Татар мен Моңғол, ал Қиян осы Моңғол ханның сегізінші ұрпағы екенін жазған. (Алматы «Ана тілі», 1992 ж.,52 б.).

    «Моңғол» сөзінің мағынасы туралы Әбілғазы: «Мұңғұл»  сөзі «мұң» және «ол» деген сөздерден шыққан, жұрттың тілі келмегендіктен келе-келе мұғұл деп кеткен. «Мұңның» мағынасы қайғы екенін барша түрік біледі, ал «ол» дың мағынасы да қайғыға жақын, түнерген дегенге келеді» дейді (15 б.).  Назар аудартары, «Мұң» сөзінің мағынасын барша түрік біледі» деуі  «моңғол» атауын түріктер бергендігі және мұның еш шүбәсіз түрік сөзі екендігі. «Мұң» сөзі қазір де қазақ тілінде бар, әрі Әбілғазы айтқандай «қайғы» дегенді білдіреді. Ал, «ол» есімдік сөзі, түрік тілінің заңдылығына орай, бастауыш ретінде «мұң» сөзінің алдына қойылып, «мұң ол» емес, «ол мұң» (ол  мұңды) болар еді. Негізі, халық өз елесімін өз қалауымен атайтынын, ал сырттан таңылған лақап атауды қабылдамайтынын тарихтан байқаймыз. Мысалы, сырт елдер «қытай» немес «чина» дегенімен олар өздерін жуңго, хансу, біздер армян дегенмен, олар өздерін найри,  финдер  суонами, неміс  дойч, т.б. деп атайды. Сол себептен: «Әлемді тітіреткен моңғолдар неліктен түріктердің  таңған «мұңды», «қайғылы» деген жақсы емес мағынадағы лақап елесімді қабылдап, күні-бүгінге дейін өзгертпей отыр?!» деген сұрақ еріксіз туады.

    Қазір бірқатар мақалаларда  «монғол  мың қол  деген сөз.  Шыңғыс ханның құрылтайда: «Енді біз мың қол болдық, көп болдық» деуінен шыққан», деген пікірлер айтылып жүр.  Бірақ, Шыңғыс хан өз әскерінің күшін, «өте көп» екенін білдірмек болса тіл қорында бар «түмен» сөзін қолданар еді ғой!

    Жоғарыдағы пікірді мақұлдап «Қазақстанның балама тарихы» аталатын кітабында Қ.Данияров та: «Мың  сандық өлшемі, қол  әскер, қосын мағынасында», «Бұл сөз түркі тілді халықтардың ішінде қазақ тілінде фонетикалық өзгеріске ұшырамай, сол күйі сақталған. Әйтеуір, «мұңғыл» (монгол)  қазіргі моңғол тілінде белгілі бір ұғымды білдірмейтін, мағынасыз, мәнсіз сөз» дейді (41 б.).  Осы автор Шыңғыс хан басқарған мемлекетті құрушы өте ірі төрт ру ( қият, найман, керейіт, меркіт) болғанын, олардың бірінің атымен мемлекетті атаса, қалған үшеуі келіспей, алауыздық туарын, сондықтан «сол жерлерде көшіп жүрген аз ғана тайпаның (моңғол тайпасының) атын беруге мәжбүр болған» дейді! (Алматы, «Жібек жолы», 1997, 14 б.).

    Қ.Закирьянов «Шыңғысханның түркілік ғұмырнамасы» аталатын кітабында: «Қорқыт ата» атты эпикалық дастанды мәлімет көзі ретінде пайдаланған Башқұрттық академик Кузиевтің еңбегіне сүйене отырып,  белгілі қоғам қайраткері Ө.Жолымбетовтың айтқан болжамын келтірейін. 4 ғасырдың аяғында Монғолияның ғұн әміршісінің қайтыс болған әйелінің күмбезінде 40 күн бойы Манчжуриядан әкелінген мың құл шырақ жағады. Кейінірек бұл мың құлдың ұрпақтары 12 ғасырда Онон және Керулен өзені бойында көшіп қонған моңғол атты рудың негізін құрады», «..Осы себепті «моңғол» этнонимінің шығу тегі «мың қол» сөзіне емес, «мың құл» сөзіне байланысты болып келеді екен» дейді (Алматы, «Жібек жолы»,48 б.). (Шыңғысханның ата-тегін Манчжуриядан әкелінген құлдардан шығара отырып, жазушы өз кітабын «Шыңғысханның түркілік ғұмырнамасы» атауы қалай?! Сондай-ақ, Н.Я.Бичурин: «Юйчугянь был последним северным шаньюем из рода Модэ. На основании этого китайские историки считали 93 год концом хуннского государства…В северном Хунну сменилась династия: во главе непримиримых встал знатный хуннский  род Хуян» десе, ал Қиян (Қият) пен Нүкіздің 151 жылы Ергене қонға кеткені белгілі.  Г.Е. Грум-Гржимайло: «Самостоятельная история южного Хунну прекратилась в 215 г., когда шаньюй Хучуцуань был арестован, а для управления хуннами назначен китайский наместник» деген. Сол себепті Қ.Закирьяновтің «4-ғасырдағы ғұн шаньюйі Моншақ» жайлы дерегі бізге белгісіз. Әрине, сәнби (татар) Таңшығ-айдың екпінімен 155 жылы батысқа ауып, кейіннен Аттила шыққан ғұндар жайы басқа әңгіме).

    Хондемирдің «Моңғолдар тарихын» парсы тілінен орысшаға 1834 жылы аударған В.Григорьев кітапқа түсініктемеде: «Нам неизвестно даже настоящее значение слова Могол, ибо Абульгази, как мы  видели, говорит, что Мунгль  значит «печальный», Доссон по Рашид-уд-Дину, пишет , что Монгол значит «простой, слабый», а наш Академик Г.Шмит утверждает, что это производство сего слова не имеет ни какого основания, и что Монг значит «непокорный, неустрашимый», дейді (125 б.).

    Лин фон Паль «История Империи монголов» атты кітабында: «Происхождение самого названия «монголы» имеет несколько толкований. По словам  Д.Банзарова, рассматривавшего филологический компонент названия в статье «О происхождении имени  монгол»:

    «…г-н Шмидт, следуя Сананг-Сэцэну, думал, что оно дана монголам самим Чингисханом и произведено от корня монг, «строптивый», «дерзкий», а мусульманские историки производят его от мунг, слабый»,»печальный». Чтобы ни значило слово монг или мунг, по свойству самого  языка монголов не могло их имя произойти от такого корня: без всякой натяж-ки оно разлагается на мон-гол, «река Мон»! Однако никакой реки Мон на картах не существует. Ее не существовало и на европейских и арабских картах Средневековья» дейді (35 б). (Бұл  айтып тұрғандары «мунг» мұң, мұңды, ал «монг»  мөңку» сөздері).

    Шын мәнісінде,17 ғасырда  Санан-шешен, 19 ғасыр басында Г.Шмит келтірген «монг» сөзі қазіргі моңғол тілінде жоқ. Өйткені бұл түрік сөзі. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде»: «Мөңкі 1. Тулау, әлем-тапырық, шат-шәлекей болу; 2. Ауысп.   Қатты ашулану, шамдану; делінген (Алматы 2008, «Дайк-Пресс»,  600 б.).

    Қ.Салғарин кейбір ғалымдардың «мұнғұл» атауының сөздік төркінін «құл» сөзімен байланыстырғаны шындыққа келетінін, монғолдардың түпкі тегін Геродоттың «Тарихындағы» скифтерден жеңіліп Шығысқа қашқан құлдардан шығарып, «моңғол» мағынасы «мың құл» болуы  мүмкін екенін айтады. Сонымен қатар: «Көне қытайлықтардың «кеуделі құл», «кекшіл құл» деген мағынада қолданып, тарихнамаларына халықтық атау ретінде ендірген «сиуңну» («сиуң»  кеуде, ну  құл») этнонимінің ежелгі түріктің «мұңғұл» («мұңды құл» немесе «түнерген құл») деген халықтық атауының калькалық аудармасы екенін аңғару еш қиындық туғызбайды» дейді («Ұлы қағанат» кітабы, Астана, «Фолиант», 2008, 159 б.). «Мұнымыздың дұрыстығын орыстың әйгілі шығыстанушысы Н.Я.Бичуриннің сиуңнуді «злый невольник» (Бичурин Н.Я. 1950. стр.39)  деп аударуы, да Әбілғазының мұңғұлды «мұңды құл», «түнерген құл» деп түсіндіруі де құптап тұрғандай» дейді. ( сол кітапта, 357 б.).

    Бұл қалай болғаны?! Жоғарыдағы кейбір авторлармен келісер болсақ, Шыңғыс хан соншама ру-тайпаларды біріктіргеннен соң оларға шынымен-ақ: «Бұрын біз «биде» деген халық едік, енді «мұңды құл, түнерген құл, маң құл, мың құл» деп аталайық!» дегені ме?  Бұрыннан хандық құрып келген найман, керей, меркіт, татар, жалайыр, т.б. ру-тайпалар өз аттарын «мұңды құл» деген атауға ауыстырғанына «шаттанған»  деу ақылға қона ма?! (Хара-Даван: «это имя было такое блестящее, что все с пробуждающимся национальным чувством стали гордиться им»).

    «Моңғол» сөзіне қатысты бұдан өзге де ондаған  болжамдарды мақалалар мен кітаптардан, интернеттен көреуге болады. Бұл мәселеге қатысты пікірлердің әлі де толастамауына қарағанда бұрын-соңды тарихшылардың «моңғол» сөзінің мағынасы жайлы айтқандары көпшілік жұрт сеніп, қабылдарлық дәрежеде болмай тұрғанының дәлеліндей.

    Иә, Шыңғыс хан мен ол құрған мемлекеттің халқының түріктік есімдері,  тіліндегі түркі сөздері туралы қаншама авторлар небір дәлелдер айтты-ау! Бірақ, ақыр-соңы, «Дұрыс-ақ, ал сонда, моңғол деген халықты қайда қоямыз?» деген сұраққа келіп тіреле береді екен. Сондықтан, «моңғол» сөзінің мағынасы  айқындалмайынша, том-том кітаптар жазғаннан нәтиже шықпасын байқадым. Ғасырлар бойына шешімі табылмай келе жатқан осы мәселенің, пайымдар болсақ қазақтың, жалпы түрік текті халықтардың  бүгіні мен келешегіне  маңызды әсері бар. Сол себептен,  көп жылдан бері көкейде жүрген пікірлерімді мен де жұрт талқысына салмақшымын.

     

    * * *

    Меніңше, Шыңғыс хан мемлекеті тарихына қатысты зерттеулер жасаған бұрынғы, кейінгі тарихшылардың осы мәселенің ұшына шыға алмау себебі  «моңғол» сөзін олардың «этностық атау» деп есептеуінен болып отыр. Ал шындығында, бұрынғы тарихтағы «моңғол» этнос (ру) емес,  шығыстағы түрік текті рулардың Одағының  атауы (КСРО дегендей).  Мұндай тұжырымға мен бір қарағанда «моңғол» сөзіне қатысы жоқ сияқты деректерді салыстыру арқылы келдім. Сонымен, «Моңғол» деген не сөз және бұл атауды Шығыстағы түрік рулары неліктен қабылдады» деген мәселеге көшейік.

    Тарихшы Хара Даван: «После покорения западных племен Чингисхан является бесспорным властелином всей страны от Алтая до Китайской стены. Объединение всех заключавшихся в ней земель в одно государство несомненно означало намерение восстановить древнюю монголо-тюркскую империю ХІ века» дейді (аталған кітабында, 64 б.).  (Бірақ ондай империя ХІ ғасырда емес, ҮІ-ҮІІІ ғасырларда болған,  оны  тарихта «Түрік қағанаты» деп жүрміз).

    Л. Гумилев «Каспий айналасындағы мың жыл»  кітабының «Инерциозная фаза «Вечный эль» деген тарауында Түрік қағанаты туралы: « Именно в этой фазе римляне назвали свою столицу  «Вечный город», тюрки свою державу  «Вечный эль», (146 б.) десе, «Древние тюрки» кітабында да Түрік қағанаты туралы: « Они сами сознавали это и назвали свою державу «вечный эль», подчеркивая ее устойчивость сравнительно с племенными союзами телесцев и хозяйничанием хищной орды жужаней» деген ( 71 бет).

    Татарстандық тарихшы Р.Н.Безертинов: «Татары, тюрки  потрясатели Вселенной»  кітабында: «Постепенно орда превращалось в государство, которое называлось у тюрков ханством. Ханства объединялись в каганат. Свое государство тюрки называли Эль или Иль. Оно было более постоянным, чем орда или конфедерация, поэтому тюрки свое государство называли «Вечный Эль» . Постоянная потребность объединения в орды и создания государств послужила основой идеологии тюрков. Эта идеология «стремления к Вечному Элю» пронизывает своими лучами всю историю тюркского мира. Благодаря этой идеологии тюрки создали много десятков  империй и ханств»  дейді (Новосибирск 2001.,52 б.).

    Осынау тарихшылар «Түріктер өз қағанатын «Вечный ель» атаған» деп қандай деректерге сүйеніп жазып жүр екен?» деп, біршама іздеген едім.  Орхон таңбалы тас жазуларында, Күлтегін кіші жазуларының 8-жолында: «Өтүкен иыш олүрсар беңгү ел тұта олыртачысың»  деген таңба жазу бар екен. (Е.Бретшнейдер «Өтукен  Қарақорым қаласы қасындағы, Орхон өзеніне жақын тау» деп жазған). Әлгі жазуды С.Малов «Когда же ты остаешся в Отюкенской черни, ты можешь жить, созидая вечный племенной союз» деп, өзге орыс тілді ғалымдары да «ел» сөзін «племенной союз» деп аударған екен (В.Радлов пен П.Мелиоранский бұл тұсты «вечныя племена обитающия» депті).

    «Қазақстан» атауын «Қазақ елі» деп өзгертейік деуші замандастарымыз «ел» сөзінің «мемлекет» ұғымын беретінін жақсы біледі. Қазақ ғалымдары бұл сөйлемді «Өтүкен қойнауында отырсаң, мәңгі елдігіңді сақтайсың сен» (М.Жолдасбеков), «Өтүкен жыныста  отырсаң мәңгі ел тұтып отырарсың сен»  (Қ.Сартқожа), «Өтүкен ұйысында отырсаң мәңгі ел  тұта отырар едің» (М.Мұхитденов), «Өтүкен қойнауында отырсаң, мәңгі ел ұстап отырарсың сен» (Ғ.Айдаров), «Өтеген иеуіште отырсаң мәңгілікке еліңді сақтап қаласың» (Т.Әбенайұлы), «Если ты обитаешь в Отюкенской черни, ты можешь жить, созидая (поддерживая) свое вечное государство» (А.Аманжолов) деп аударған.

    Орыс ғалымдарының «иыш» сөзін «черни» дегені түсініксіз болса, ал қазақ аудармашылардың барлығы-дерлік «ұйыс» сөзін жер жағдайымен байланыстырғаны байқалады.  Ал «ұйысында» емес, «ұйысып отырсаң» десек, бұл Оғыз тарихындағы «ұйыса қалыпсыңдар ғой, ұйығырлар!» деген көне аңыз сөзіне де сәйкес келер еді. (Асан қайғының «Жер ұйықты» іздеуін де, меніңше, жерді емес, «ұйысқан, ұйыған, бірлігі мықты елді іздеу» мағынасында түсіну керек сияқты).

    Осыған орай Қ.Салғараұлы «Ұлы қағанат» кітабында: «Түрктердің 552 жылы жыужән-дарды талқандап, өздерінің мемлекетін «Мәңгі ел», билеушісін «Ел қағаны»  атағаны баршаға аян»  (166 б.), «Ресми тарих түрктер құрған мемлекетті «Түрік қағанаты» деп атап, ғылымға солай енгізгенімен, түрктердің өздері олай атамаған. Олар өз мемлекетін «Ел», ал далалық империяға айналған кезде оны «мәңгі» сөзімен толықтырып, «Мәңгі ел» деп атауды қалыптас-тырған. Сондықтан жаңаша жыл санаудан кейінгі 552 жылы Орталық Азияда түрктер құрған далалық империяның ресми төл атауы «Мәңгі ел» екенін есте ұстаған жөн» деген екен (182 б.).

    Ендеше, Хара Даванның Шыңғыс ханның түрік текті тайпалармен шайқастарын «означало намерение восстановить древнюю монголо-тюркскую империю ХІ века» деуі,  қағанның  сол «Мәңгі ел» мемлекетін қалпына келтіру жолындағы  әрекеттері емес пе!? Сондықтан 1206 жылы құрылтайда өзі біріктірген руларға: «Осыдан былай барлығымыз «Мәңгі ел» деп аталайық»,деп бұрында, Түрік қағанаты кезінде осы рулардың ата-бабалары құрған «Мәңгі ел» мемлекетін қалпына келтірейік, жаңғыртайық!» деген соң ғой олардың мұны шаттана қабылдауының мәнісі. (Хара-Даван: «это имя было такое блестящее, что все с пробуждающимся национальным чувством стали гордиться им»). Осы, түрік текті Қият, Жалайыр, Керей, Найман т.б. көптеген рулардың бірлесе құрған мемлекеті «Мәңгі ел», сол кездерде қолданыста болған алфавиттердің бұл сөзді  дұрыс таңбалау мүмкіндігі болмауы салдарынан да  «монгол» деп жазылып, айтылып кетуі әбден мүмкін. 13 ғасырда Шыңғыс хан Ордасында қолданылған «ұйғыр жазуы» туралы Тодаева Б. «Монгольские языки» мақаласында: «Диалектная основа последнего неясна; фактически он всегда был наддиалектной формой сугубо письменной коммуникации, чему способствовала не слишком точно передававшая фонетический облик слов письменность, нивелировавшая междиалектные различия. Возможно, этот язык сформировался у какого-то из монгольских племен, уничтоженных либо полностью ассимилированных при возникновении империи Чингисхана» дейді.

    Көптеген тарихылар «Шыңғысхан елінің жазуы болмаған» деп келеді. Ал сол өңір 6-шы ғасырдан бергі  Күлтегін, Тоныкөк, т.б. руникалық жазулы тас, ағаш ескерткіштерге тұнып тұрғанын қаперге алмайды!  Кейінірек, ҮІІІ ғасырда  жалайыр мен қарлықтар (арғындар) құрған Ұйығыр қағанаты кезінде шығыс түріктері сына таңбалардан гөрі  қолайлы санап 21 әріпті «ұйығыр әліпбиін» қабылдаған болар. (Европалық ғалымдар Ибид, Шпулер, Бартольд, т.б. бұл әліпбидің соғды әліпбиі негізінде жасалғанын, ал соғдылар оны кезінде арамей-семит жазуынан алған деген пікір айтады).

    Сондай-ақ Қ.Жалайыри  керейіт, найман, оңғут, таңғұт, бекрин, қырқыз рулары туралы: «Бұл қауым да белгілі, тәжіктер оларды моғол деп атайтын», десе (25 б.), Әбілғазы да: «Көшірмешілер көбінесе парсылық не тәжік болғандықтан, не монғол не түрік тілін білмейді. Тәжікті он күн үйретсе де, «моңғол» сөзін айтуға тілі келмес еді», дейді (30 б.).

    «Моңғол» (мәңгіел) сөзі мұсылман елдерінде «моғол, муғул» делінуі себебі араб әліпбиінде «ң» әрпі болмауынан сияқты. Осы себептен 1348 жылы Шағатай ұлысының шығысында (Жетісу, Қашқария)  құрылған мемлекет те Моғолстан аталса, ал Ақсақ Темір ұрпағы Бабырдың 1526 жылы Индияда құрған мемлекеті де Ұлы Моғол империясы аталды.

    «Мәңгі елдің» қарашаңырағында кейінірек ойрат тайпасы күш алып билікке таласқанда, «моңғолдар» делініп әрдайым тек Шыңғыс ұрпағын  жақтаған халықтың аталғанын көреміз.

    Рашид ад-дин «Жамиғ-ат-Тауарихында»: «Большую часть тюрков теперь называют монголами» деуін түріктердің үлкен бөлігінің әп-сәтте ассимиляцияға ұшырап «моңғол этносы болып кетуінен»  емес,  «Мәңгі ел» деген бірлестіктің, одақтың халқы болды деп түсіну керек (кезінде «КСРО азаматы» дегендей). Өйткені ассимиляциялану үшін саны көп бөтен халықтың құрамында ұзақ уақыт болу қажет. Ал одақтың құрамына кіріп ортақ атпен аталу әлдеқайда жылдам шаруа.  1991 жылы 8 желтоқсанда КСРО  ресми таратылысымен 12 күннен соң-ақ ТМД деген жаңа одақ атын қабылдағанымыз осыған дәлел. Рашид ад-диннің «Жамиғ-ат-Тауарихындағы»: «Большую часть тюрков теперь называют монголами. Подобно тому, как перед этим татары стали победителями, то и всех других стали называть татарами» (77 б), деуі шежірешінің шатасуы емес, моңғол мен татар сөздерінің бұрындары этностың емес, түрік текті рулардың Одақтық атауы болғанын білдіреді.   Сырт елдердің құлағында жеке бір түрік руының емес, олардың әр кезеңдерде құрған Одақтары  бұрындары татар, кейіннен «мәңгіел» (моңғол) сөздері жатталып қалуы да осыдан.  (Абайдың  «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» мақаласында: «Асыл түбі қазақтың сол татар» деуі, қазақ құрамындағы рулардың бір замандарда татар бірлестігінің құрамында болғанын айғақтайды). Бірақ,   Одақ атымен  Татар я «Мәңгі ел» (моңғол) аталып мемлекет құрса да Керей, Найман, Жалайыр, т.б. деген аттарын еш жоғалтпаған түрік текті рулар,  кейіннен Қазақ, Өзбек, Ноғай, т.б. Одақтарға бірлесіп, онда ұзақ  болуы әсерінен этностық дәрежеге жеткенін білеміз.

    Бастыпқы кезде моңғолды этнос атауы деп қабылдаған Л.Н.Гумилевтің кейіннен  «моңғол» сөзі туралы «…в собирательном значении, именно как «название определенного политического комплекса, в который входят племена и народы различного происхождения»  деуі, мұның бірлестік атауы екенін меңзесе керек.

    Сондықтан мен, ілгеріде И.П. Петрушкевич айтқан: «Тюрки»  термин не столько этнический, сколько социально-бытовой» деген пікірін: «Монголы»  термин не столько этнический, сколько административно-идеологический» деп, түзеп айтар едім.

    Шетел ғалымдарын, әсіресе, Шыңғыс ханның жоқтан бар жасап, 25 жыл көлемінде-ақ Рим империясынан екі есе үлкен мемлекет құрғаны таң қалдырады. Мұндай табысқа жету үшін халықты жұмылдыра аларлық мықты идеология қажеттігі белгілі. Меніңше, Күлтегін мәтініндегі «мәңгі ел» сөзі мемлекет атауынан гөрі қағанатты  құрушы халықтың идеологиялық ұстанымына келіңкірейді. К.Маркс 19-ғасырда «Европаны коммунизм елесі кезіп жүр» дегеніндей, «мәңгі ел» құру идеясы түрік текті халықтардың  сан ғасырлық арманы, ұмтылысы болған (бұл ниет осы заман түркішілдеріне де тән). Ал Шыңғыс хан осы арман-идеологияның атымен  мемлекетін «Мәңгі ел» деп жариялады.

    Бірақ, Түрік қағанаты кезінде түркі тілінде сөйлеген халық, осы территорияда «Мәңгі ел» идеологиясымен мемлекет құрған соң «мәңгіел» (моңғол) тілінде сөйлемесі, өзінің түркі тілінде сөйлеуін жалғастыра берері түсінікті. Сондықтан: «Шыңғыс хан мен халқы моңғол тілінде сөйлеген» деу: «КСРО халқы КСРО тілінде (немесе коммунизм) тілінде сөйлеген» дегенмен бірдей нәрсе. Сондай-ақ: «Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары неге моңғолдан әйел алмаған?!»  деген сұрақтар да: «КСРО-ны құрған Ленин  неліктен әйелін КСРО (коммунист) ұлтынан алмаған?»  дегендей,  мемлекеттің, идеологияның атауын «этностың аты» деп ұғып, қабылдау тудырған шатасу. Міне, ғасырлар бойы тарихшылар мен жұртшылықтың  « моңғол» атауы төңірегінде бір пікірге келе алмау себебі осыдан. Бұған қоса, 552 жылы құрылған Түрік қағанатының, 1206 жылы  Шыңғыс хан жаңғыртып құрған «Мәңгі ел» («Үшінші Түрік қағанатының») территориясына кейіннен қоныстанып қазір «моңғол» атанып жүрген халықтың кімдер екенін, ол өлкеде кейінгі  ғасырларда болған оқиғалар тарихын білмеуден дер едім.

    Л.Гумилев «Древние тюрки» кітабында: «Тюрки (Түрік қағанатын айтады. Х.Қ-А.), потомки хуннов, ничего не знали о своих предках, так же как монголы Чингисхана ничего не знали о тюрках. История Срединной Азиии не может быть нам понятна, если мы не учтем двух разрывов традиции…» депті  (377 б.).  Бірақ «Құпия шежіренің» 113- тарауындағы Теміршіңнің: «Ерікті Тәңірі аталып ана Өтүкенге жеткізіп»..деуі,  «Алтын топшыдағы: «Боғда Шыңғыс қаған жоғарғы Тәңірге сыйына жарлық болдырып:

    «Өз төрелегіңмен

    Етүкеннің үстіне,

    Менен биік күштіні

    Пайда болдырмадың сен!

    Менен биікте

    Малақайым ғана тұр!»

    деп малақайын шешіп алып, төрге қойып, бас иіп тәңірге сыйынып, сол күні әбден қызғанша шарап ішкен екен» (207 б.) деген жолдар Шыңғыс хан мен оның замандастары да, 17-ғасырдағы «Алтын топшы» авторы да Түрік қағанаты кезіндегі ата-бабалардың «Өтүкен иыш олүрсар беңгү ел тұта олыртачысың» деген «Мәңгі ел» құру арманымен, идеологиясымен таныс болғанының дәлелі дей аламыз.

     

    * * *

    Байқар болсақ, Шығыс түріктерінің идеологиясы немесе осы идеология әсерімен құрылған қағанат  аты болумен қоса «Мәңгі ел» сөзі осынау халықты біріктірер  тағы бір маңызды мағынаға ие екен.  Бірде, осынау «мәңгі» сөзінің Шыңғыс хан замандасы (қарсыласы) Хорезм шаһының ұлы Жәлел-ад-диннің «Мәңгіберді» деген лақап атында да бары есіме түсті. Бұл қазақтың Құдайберген, Тәңірберген, Аллаберген (түркіменше Аллаберды, Құдайберды) деген есімдерімен мағыналас. Шыңғыс хан тарихының орысша аудармаларында «Мёнкэ-Кёкё-Тенгрин» (Вечное Синее  Небо, Мәңгі Көк Тәңірі) деген сөздердің қатар, әрі жиі айтылу себебі  «Мәңгі» сөзі Тәңірі, Құдай, Алла сөздерінің синонимі екенін, мұның да «Ешкімнен туылмаған және мәңгі өлмейтін  Жаратушы» деген ұғымды беруде қолданылғанын көрсетеді. Ендеше «Мәңгі ел» мемлекет пен халықтық идеология болумен бірге «Тәңірінің елі» деген де мағынаға ие болғанға ұқсайды. Мұндай, «Тәңірінің өзі қолдайтын, қамқорлығына алатын ел боламыз!» деген Шыңғыс ханның сөзіне халық неге шаттанбасын!?

    Әйтсе де, осындай ежелден арман еткен «Тәңірінің елі» («Мәңгі ел») атануға да қарсылар жеткілікті  болғаны тарихтан белгілі. Мұның себебі, меніңше, Керей, Найман,Татар сияқты тайпалардың бұрыннан-ақ хандық құрып, «Ортақ өгізден, оңаша бұзау артық» деген ұстанымда болуы, сондай-ақ кейбір түрік руларының несторияндық дінде болғандықтан «Мәңгі көк Тәңірі қолдайтын ел» атын алу діни нанымдарына қайшылық еткендіктен де болар. Бірақ бұл идеяны өзара соғыстардан қажыған көпшілік түркі текті рулар қолдағандықтан, бәрібір Солтүстік-шығыс Тұранда (Түркістанда) «Мәңгі ел» мемлекетін құру идеясы іс жүзіне асырылып Шыңғыс хан жігерімен  Үшінші  Түрік қағанаты тарих сахнасына шықты.

    Ал енді, шежіреші Рашид-ад-дин неліктен: «Слово же монгол сперва звучало «мунгол», то-есть «бессильный» и «простодушный» деп қателесті десек, мұның себебі, өзі Қытайдан келген Болат чэн сян (министр) оған түріктің «мәңгі» сөзінің екінші (мәңгу) түрін айтқанын байқаймыз. Бұған көз жеткізу үшін «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» қаралық: Мәңгі І  Өмір бойы, үнемі, мәңгі бақи, мәңгілік; Мәңгі ІІ  Есеңгіреу, мең-зең болу, мәңгіру; (587 б.). Осы сөздер қазіргі моңғол (ойрат) тілінде де сақталған екен: Мөнх  мәңгі сақтау, мызғымас; мөнх тэнгэр  құдіретті тәңір, делінсе, ал Мэнгэ  жолы болмау, сәтсіздікке ұшырау; делініпті («Монголказах толь», Б.Базылхан., Улаан баатар-өлгий,1984 ж.). Сондай-ақ, Әбілғазы баһадүр айтқан «түріктің мұң сөзі» де осы сөздікте: Муна-х  мұңаю, абыржу, алжу, алжасу; Мунгинаа  мұң, қайғы; деп жазылыпты (311 б.).  Әрине, осы шежірешілер айтқан мынадай мағынадағы сөздермен ешкім халқын да, мемлекетін де, елдік идеологиясын да атамаса керек.

    * * *

    «Моңғол» сөзін талқылай отырып қытай шежірелерінде кездесетін, тұңғыш дерек саналып жүрген, 8- ғасырдағы «Тан шу» кітабындағы «менъу» (мен гу) сөзіне тоқталмауға болмайды. Осы дерекке сүйенген әлем тарихшылары моңғолдың бұрыннан бар этнос екенін айтуда. Бұл сөзді (мен гу) қытайлар «ежелгілер, ежелгіні сақтаушылар» деген мағынадағы иероглифтермен белгілепті. Ал, сайып келгенде, «сақталынған ежелгі» дегеннің мағынасы бәрібір «мәңгі, мәңгілік».

    Қытай тарихшысы Мэн-хун «Моңғол-татарлар туралы жазбаларында» ( 1219 ж.) Шыңғыс ханның мемлекет атауы үшін «моңғол» сөзін алуын былай түсіндіреді: «Бұрын Мэнгу деген халық болып одан журжендер аса қатты қорыққан еді. Олар кейін қырылды. Бірақ Шыңғыс хан өз империясын құра бастаған кезде оған өтіп кеткен  кейбір Цзиньдік жүржендер оған әлгі, бұрынғы халықтың моңғол атын алып Цзиньдіктерде үрей туғызуға кеңес берді» дейді.

    Ал 19 ғасырдағы орыс тарихшысы, академик В.П.Васильев: «Дан-цзинь-го-чжи» утвердительно говорит, что народ менъву жил на северо-восток от чжурчженей, и что это совсем не тот, который сделался после известен под именем монголов, которые жили на северо-западе. Таким образом, народ менъву был тоже маньчжурский; он обитал на устье Амура, где мы и ныне находим имя мангуны, сколько известно из рассказов путешественников, говорящих маньчжурским языком, а солво мэнгу означает на их языке реку, и однородно с современным маньчжурским словом мукэ» дейді ( «Записки Императорского Археологического общества». Том ХІІІ. Санкт-Петербург, 1859. 80 б.).  Ал 219 бетте: «А потом, как мы знаем из донесения китайского военачальника, этот народ был истреблен чжурчженями  основателями империи Цзинь, которая была разгромлена позже татарами Чынгыз хана» деген.

    Ендеше  Қият руы мен басқа да Ергене қоннан шыққандар өздерінен солтүстікте үш мың шақырым қашықтағы  мәнжүрік «менгудің» емес, өздерін Түрік қағанатының мұрагері санап «Мәңгі ел» атауын 8- ғасырда да, одан кейін, империя құрған 13- ғасырда да алуы мүмкін.

    Әбілғазы шежіресінде баян етілген «Моңғолдардың Ергене қоннан шыққан күнін тойлау дәстүрі», «Алтын топшы» авторы жазғандай «Бөрте шинаның мұхит-теңіздерден өтіп келмегенін», тау қойнауынан шыққанын дәлелдесе, ал қытай шежіресінде «хуннудың Киян тайпасы 151 жылы қытайларды Баркөл, Хами маңында жеңіп, қытайларға көмек келгенше шегініп кетті» деуі  Қиянның (Қияттың) тарихта болғанына айғақ.

    Қытай дерегі Шыңғыс бабалары Қият-Нүкістерді «мен гу» (ежелгілер, мәңгіліктер)  атауына қарағанда, бұрынғы Сиуңну империясы кезінде де «Мәңгі ел» идеясы насихатталған болса керек. Ал сиуңнулық Қият, Нүкіс рулары сол ежелгі идея немесе мемлекет атын білдірер сөзді  сақтап, өздерінің «ежелгі, мәңгі мемлекеттен қалған «көненің көзі» екенін білдіру үшін Ергене қоннан шыққан соң ортақ, қосымша атауына айналдыруы әбден мүмкін. ( Өйткені 93-94 жылдары да, кейінірек 150- жылдары Қият пен Нүкістен өзге сиуңнулық (хунну) рулар Сәнби халқының билеушісі Таңшығайға өз еріктерімен бағынып «татар» атанып кеткен). Бірақ, қалай десек те, «мәңгі ел» де, оның бұзылуынан шыққан «моңғол» да этностың (рудың) емес, мемлекеттің я идеологияның атауы болып шығады. Шыңғыс аталары қытайша «мен гу» деліне тұра өздерінің Қият, Нүкіс деген рулық  атауларын еш тастамағаны да осыны дәлелдейді. Сондай-ақ, көптеген шежіреші, тарихшылар жалайыр, найман, керейіт,т.б. көптеген түрік текті руларды да «моңғолдар» деп жазғанымен  империя ыдырағанда қай-қайсысы да бұрынғы өз ру атауымен қалып «мәңгі ел, моңғол» атанғанын ұмытты. Өйткені бұл термин  олардың бастарын қосқан идеяның, мемлекеттің ғана атауы болып, ал мемлекет халқы бір этносқа айналып үлгіместен  тарқап кеткен соң басқа одақтарға бірікті.

    Кейбір тарихшылар Құбылай ханның билікке «Жосық» заңына қайшы отырғандығын, сол себептен қытайлықтарға арқа сүйеу үшін  Бұдда дінін қабылдап,  мемлекетінің атын Юань деп өзгерткенін айтады. Шын мәнісінде «Юань» деген де «Мәңгілік» сөзінің қытайша мағынасы екен. (Бұл сөзді кей авторлар «бастау, ежелгі» деп те аударып жүр).  Құбылай билігі кезінде қабылданған ұлттық валютасының «юань» атауы Қытайда күні-бүгінге шейін қолданылып отыр. Құбылай  ел астанасын Қарақорымнан қанша алшақтатпақ болды дегенмен. оның Қытайдағы ұлысының да, ақшасының аты да (юань) түрік тіліндегі мәңгі, мәңгілік ұғымын береді екен. Содан болар, қазір де Моңғолияда күміс ақшаны  «мөнгө» (мәңгі) деп атайды.

    Шыңғыс хан империясының әуелгі атауы «Мәңгі ел» болса, ол неліктен ұмытылып, «моңғол» делініп бұрмаланды? Меніңше, мұның бір себебі  «Мәңгі ел» империясына қатысты ең алғашқы кітаптар осы сөздің мағынасын білмейтін Қытайда және Иранда бөтен тілдерде жазылуы. Екінші себеп, Шыңғыс ұрпағы Қытайдағы биліктен 1368 жылы қуылғаннан соң 14- ғасырдың аяғында қытай әскерінің «Мәңгі ел» қарашаңырағында қалған түрік текті халықтарды дүркін-дүркін қырғынға ұшыратып, бос қалған жұртқа солтүстіктен тілі бөтен тұнғұс-мәнжүр текті тайпалардың жаппай қоныстануы.

    Жалпы, өзге  этностың атауының мағынасын білмек түгіл өз этносы атауының бастағы мағынасын ұмыту әлемдегі халықтардың басым-көпшілігінде орын алған, таңданарлық құбы-лыс. (Бұған 15- ғасырда алған «қазақ» атауына қатысты өз ортамыздағы пікірталас та дәлел).

     

    * * *

    Осы арада: «Жөн-ақ, «моңғол» ұлттың емес, «Мәңгі ел» деген мемлекет және идея атауы делік. Ал  Хондемир, Әбілғазы шежірелеріндегі: «Түрік ұрпағы Аланша ханнан Татар мен Моңғол тарайды» деп, тарихта болған кісі ретінде аталған Моңғолды қайда жібереміз?» деген сұрақ туады. Осыған байланысты, Рашид ад-Дин «Жамиғ-ат-Тауарихынан» (қолдағы нұсқа орыс тілінде болғандықтан)  Әбілғазы баһадүрдің «Түрік шежіресінде» келтірген мына тұсына тоқталайық:  «Түрік халқы Иафестен Аланша хан заманына шейін мұсылман еді. Аланша хан болғаннан кейін мал мен басы көбейіп, халық байлыққа мас болып, тәңіріні ұмытты, діннен ажырады. Қара хан заманында мүлдем кәпір болды. Егер атасының мұсылман болғанын естісе, оны ұлы, егер ұлының мұсылман болғанын естісе атасы өлтірер еді… Оғыз тілі шығысымен үнемі «алла», «алла», деп жүрер еді, оны жұрт тілі келмегесін, аузына келгенін айтып жүр деп ойлады. Өйткені «алла»  араб сөзі, ал араб тілін монғолдың еш атасы білген емес. Баланың жүрегі мен тіліне «алла» деген сөзді оны сүйгендіктен және әулие тұтқандықтан құдай тағаланың өзі салған еді»,  деген бірсыпыра әңгіме айтылады (Қ. Жалайыри «Шежірелерінде» де осылай делінген).

    Тарихшылар сиуңну (хунну) шәнүйі Мөде мен Оғызды  бір заманда өмір сүрген   бір кісі болуға тиіс деген жорамал айтады. Олай болмаған күнде де, Оғыз ханның бесінші ұрпағы Ел ханнан туған делінетін Қиян (Қият) Еркіне қонға 151 жылы (2 ғасырда) кірген десек (қытай деректері бойынша кейбірде 93 ж. ), ал мұсылман діні  Араб елінде 7 ғасырда ғана пайда болған. Оғыздың өмір сүрген кезеңі біздің жаңа жыл санаудан бұрын болса, Оғыз және оның Аланша ханнан да арғы бабалары қалайша мұсылман болмақ?!  Ендеше,  бұл 13, 17- ғасырдағы мұсылман шежірешілердің өз дінінің, сондай-ақ  Шыңғыс хан бабаларын да мұсылман етіп жазып беделін көтеру мақсатымен, кейін болған нәрсені тарихтың арғы төріне шығармақ ниет деп білген жөн.

    Міне, осы сияқты, өздері «моңғол» сөзінің әу бастағы мағынасын әлдеқашан ұмытып «мұңды», «мәңгіру», т.б. дей тұра, осы сөзді этнос деп түсінгендіктен, бұл да шежірешілердің  Шыңғыс хан мен оның «монғол халқының»  беделін өсіру мақсатымен осы елді арғы тарихта болған Моңғол ханнан тараған етіп көрсетпек әрекет болса керек.

    Хондемір, Әбілғазы шежірелеріне сүйенген кейінгі тарихшылар өмірде болмаған жанға тарихтан шынайы орын іздеп, ақыры «сиуңнулар (хунну) Моңғол ханның халқы (протомоңғолдар)» делініп, ал сиуңнулардың Ергене қонды көп жыл қоныстап, Бөрте шина бастап шыққан  ұрпағын  «кейінгі моңғолдар» деп атау қалыптасып отыр. Тіпті жер шарындағы ірі бір нәсілге «моңғолоид» деген атау да берілді!

    «Отүкенде ұйысып» жаңа жыл санаудан бұрынғы  4- ғасырда құрылған Хунну (сиуңну) империясы түрік тілді болса, 6- ғасырдағы Түрік қағанатының кімдер екенін аты-ақ айтып тұрса, дәл осы жұртта 13-ғасырда түрік текті жалайыр, найман, керей, т.б. тайпалардан Шыңғыс құрған «Мәңгі ел» мемлекетінің халқы да түркі тілінде сөйлегені дау туғызбаса керек еді. Ендеше олар неліктен «протомоңғол, кейінгі моңғол» аталмақ?! Моңғол деген этностың емес, «Мәңгі ел» одағы атауының бұрмаланған түрі болса, «көне моңғол тілі» дегеніміз не нәрсе?

    Ия,  мұсылман шежірешілерінің еңбектерінде «бұл сөз моңғолша олай, түрікше былай делінеді» деген жерлер кездеседі. Меніңше олар «түрік тілі» деп өздері күнде естіп жүрген сартауылдық түріктердің (Орта Азиялық, хорезмдік оғыз түріктерінің) парсы, араб сөздері араласқан тілін айтады. Ал «моңғол тілі» деп, парсы-араб сөздері араласпаған, «мәңгіелдік» Шығыс түріктерінің  диалектісін  айтқан болса керек.

    Сөз соңында айтарым, тарихымызды дұрыс түсіну үшін оқырман Шыңғыс хан мен оның құрған империясына қатысты бұрын-соңды  жазылған еңбектердегі  «көне моңғолдар», «көне моңғол тілі»  деген жерлерін «мәңгіелдіктер», «шығыс түріктері», «мәңгіелдік түрік тілі» деп, «Мәңгі ел» мемлекеті деп, түзетіп оқып байқаса. Сонда тарихымыздағы түсініксіз мәселелердің көбісінің түйіні шешілмек.

    Ал, «Екі жарым мың жыл бойына қаншама шығыс түріктік мемлекеттер шаңырағын көтерген, туын тіккен өлке  Солтүстік-Шығыс Түркістанда қазір неліктен Шыңғыс хан құрған империяға қатысы жоқ, тілі де басқа тұңғұс-мәнжүр, т.б. рулар Монголия деген атпен мемлекет құрып отыр?» деген мәселе  арнайы баяндауды қажет етер үлкен, бөлек тақырып.

     

     

    ҰЛЫ ҚАҒАННЫҢ ЕКІ ЕСІМІ ТУРАЛЫ

     

    Бірінші есімі  Темучин дегеніміз не сөз?

     Шыңғыс ханға қатысты шежірелерде оның әуелгі, дүниеге келгендегі қойылған есімі Темучин (Темуджин, Төмүчин т.б.) болғаны айтылады.  Бұл аттың қойылу себебі «Құпия шежіреде»: «Сол кезде Йесүкей батыр Татардың Темүжін-Үке, Қоры-Бұқа бастаған татарларын жаулап келгенде… Чыңғыс қаған туыпты…. Татардың Темүжін-Үкені әкелгенде туды деп атын Темүжін деп қойған мәні сол» делінген (77 б.). Осылай деп Рашид ад-Диннің «Жамиғ-ат-Тауарихында» да баяндалған. (І том, 2-кітап, 75 б.).

    Лубсан Данзанның 1628 жылы жазылған «Алтын тобшы» кітабында: «Шашу тойында (шілдеханасында. Х.Қ-А.) татардың Төмүчинін алып келгенде туды деп, темір бесікке бөлеп, Төмүчин деп атаған жөні осы екен» делінген (47 б.).

    Ойланар болсақ осы, сан ғасырлар бойы айтылып келген «дерек» күмән тудырады. Өз қас дұшпанының есімін сүйікті тұңғыш баласына қою түрік тектес немесе онымен көршілес өзге  халықтардың дәстүрінде бар дегенді бұрын-соңды кім естіді екен?!

    АҚШ-тық ғалым Дж.Уэзерфорд: «Куда более сложная  ученая дискуссия развернулась вокруг этимологии этого имени. Подсказкой к пониманию может служить монгольская традиция (!) давать нескольким детям однокоренные имена Из четырех последующих детей Оэлун младший сын носил имя Тэмуге, а младшая дочь  Тэмулун. Видимо, все три имени произведены от одного корня «тэмул», который встречается в нескольких монгольских словах, означающих «рваться вперед», «вдохновляться», «быть изобретательным» и даже «обладать развитой фантазией. Как мне объяснил один монгольский студент, значение этого слово можно проиллюстрировать так: «это взгяд коня, который скачет, куда будет его воля, невзирая на то, чего хочет всадник»,  дейді («Чингисхан и рождение современного мира», М,2006 ж. 70 б.), өзінің де фантазиялауға  әуестігін байқатып, бірақ бұл теңеулері ер балалар Тэмуджин мен Тэмугеге жарасқанмен, Тэмулун қызға өрескел боларын ойланбастан.

    Сегіз ғасыр бойына Шыңғыс хан мен оның империясы туралы мыңдаған адамдар шежіре, тарих жаза отыра өздеріне: «Темучин деген сөз неліктен түркі тілінде де, қазір «монғол» атанатын тұңғұс-мәнжүрлер тілінде де жоқ?» деген сұрақ қоймағаны таң қалдырады. Егер бұл сөздің мағынасын Ұлы қағанның өз елінен таба алмасақ, оны сол елдің бірдін-бір ежелгі көршісі қытайдың тілінен неге іздеп көрмеске! Тіпті қытай тілінен іздемей-ақ, ол тілде жазғанда осы сөз қандай өзгеріске ұшырауы мүмкін деп те зерттеуге болады ғой.  Өйткені өзге халықтарға қатысты деректерді қытай шежірешілері жазғанда әдетте ондағы кісі, жер-су, т.б. атауларды өз иероглифтеріне салып, өзгертіп жіберетіні белгілі. Сол себептен өзге ұлт ғалымдары «бұзылған» сөздерді қайта қалпына келтіруге көп күш жұмсайды. ( Сөздері бұрмаланып жеткен  шежірелер тілін түркі тілді біздерге тану қиынға соққанда, орыс, неміс, қытай «моңғолтанушыларына» қайдан оңай болсын!).

    13-17 ғасырдағы шежірешілердің еңбектерінде Темучин делінген бұл сөзді қазіргі қазақ аудармашылары «Темүжін» деп жазып жүр. Рашид ад-Дин  Шыңғыс ханның анасын «Оэлунфуджин» деп, «фуджин» қытайша «қатын» деген сөз екенін түсіндірген. Осы «фуджинді» де «үжін» деп жазып жүрген аудармашыларымыз ер кісінің есіміне «үжін» сөзін қосу әбестік екенін де ойласа болар еді. «Алтын топшы» аудармашылары бұл екі есімді «Өгелең үчин, Төмүчин» деп «оңдырмаған». Осындағы «Үшин шеше» деген сөз тіркесі де («қатын шеше!»)  езу тарттырады…

    Ал, Қытайда көп жыл қызмет еткен Н.Бичурин (Иакинф-әкей) көптеген тарихшылар «Алан гоа» деп жүрген есімді «Арлун гоа» деп, қытай тілінде жоқ «р» әрпін қосып байқаған. Шыңғыс ханның анасының есімін де өзгелердей «Оэлун» демей «Улын» депті.

    Темучин (Төмүчин, Темуджин, т.с.с.) сөзіне келгенде өзгелер түгіл өздерін Шыңғыс хан мемлекетінің мұрагері санаушы қазіргі Моңғолия ғалымдары да, Темучин сөзі өздеріне түсініксіз бола тұра, оны қытай тілінің ықпалынан шығаруға, ең болмаса әдетте олар жазбайтын «р» әрпін осы сөзге де қосып «Темурчин» деуге неге тырыспай келеді? Әлде мұның түрік сөзі екендігі анықталуын қаламай ма? Ұлы қағанның есіміндегі түріктік «Темір» сөзін жасырғанмен, оның жүздеген ұрпақтарының, халқының есімдеріндегі «Темір» сөзі жасыруға келе қояр ма?!  Мысалы (Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер жинағы» бойынша) Шыңғыс ханның ұрпағынан: үлкен ұлы Жошының он үшінші ұлы Тоқа Темір, ал оның ұлы Бай Темірдің немересі Кен Темір; Жошының өзге ұлдарынан тараған немере-шөберелерінің есімдері Мөңке Темір,  Инжіл Темір, Тоқтемір, Илақ Темір, Бектемір, Түлектемір, Тоқта Темір,  Құтлығ Темір, Темірбай;  Ал Шыңғыстың екінші ұлы Шағатай ұрпақтарының ішінде Темір, Бұқа Темір, Өрік Темір, Әбіл Темір, Қабыл Темір, Жұлдыз Темір, Белге Темір, Иса Темір, Бек Темір, Құтты Темір, Аик Темір, Тоқатемір, Шегин Темір есімділері бар. Үкітай мен Төледен тараған ұрпақтардан да  темір металына қатысты есімділер баршылық. Ендеше Темучин сөзіне «р» әрпін қосып «Темурчин» десек еш қателеспес едік.

    Кейінгі кездері қазақтың бірқатар «балама тарих жазушылары» Темучинді «Темірші» деп жаза бастаған да еді. Бірақ олар не себептен осылай дегендеріне еш дәлел келтірмегендіктен жұрт мұны «Нью-Йорк  қазақтың «ну өрік» сөзінен шыққан» дегеніндей әзілдің бірі санап келеді.  Сондықтан Ұлы қағанның осы  есімі төңірегінде де айтыс нетүрлі бағыттарда өрбуін жалғастыруда.

    Мысалы Хамза Көктәнді «Алтын төркін» (191 б.) кітабында: «Что касается значения самого слова «Тэмужин», монголоведы при всем множестве сведений перевели неудачно, как «Темирши» (железный), что не соответствует значению и далеко от истинного смысла данного слова. При калькообразном точном переводе с древнетюркского языка «тэм»  означает «неприметный», а «ужин»  сказитель, поэт» «Тэм Ужун, Ужун Хас хан, Ужун Хасан, Ужун ата аулие, Шермухаммед Халпа Дурманулы  все это имена псевдонимы Чингисхана» деп, тіптен жұртқа түсініксіз бағытқа кетеді.

    Ұлы қағанның осы уақытқа шейін Темучин делініп жүрген есімінің түбірі неліктен «Темір» болуға тиіс екендігіне  мұсылман шежірешілерінің еңбектерінен дәлел келтірелік.

    Шыңғыс ханның ата-бабасына байланысты олардың еңбектерінде «жаудан жеңілген Қиян (Қият) мен Нүкіс деген екі кісі босқан халқын бастап Алтай тауының Ергене қон аңғарын төрт жарым ғасыр қоныстанғаны, халық саны көбейіп, аңғардан шығар әуелгі келген жолға сыймағандықтан таудың темір кені мол тұсын от жағып балқытып жол жасағаны» айтылған. Әбілғазы баһадүр 1663 жылы жазған «Түрік шежіресі» кітабында мұны былайша баян етеді: «…таудан шығатын жол іздеді, таппады. Іштерінде  бір темірші бар еді, сол айтты: «Пәлен жерде бір темір кені бар, соны ерітсе, жол болар еді». Ол жерді барып көріп, теміршінің айтқанын мақұлдады. Елге отын және көмір жинатты. Таудың кен жеріне  ағаш пен көмірді үйіп, жетпіс теріден көрік жасап, жетпіс жерге құрды. Көрікті бәрі бірігіп басты. Құдайдың құдыретімен от күшті жанғаннан соң, тау темір болып аға берді… Сол шыққан күнін той етіп тойлау моңғолдың дәстүріне айналды. Ол күні бір кесек темірді отқа салып, қызарған кезде оны қышқашпен ұстап, төстің үстіне қойып, әуелі ханы, одан кейін бектері балғамен ұрар еді. Бұл күнді тар қапастан шығып, ата жұртына келген күніміз деп құрмет тұтар еді» ( 29 бет).

    Шежіреде осы халықтың темір өндіріп-өңдеп ұсталықты кәсіп қылғаны, қазіргі тілмен айтқанда «шахтер, металлург» халыққа айналғаны айтылған. (Мұның өзі «дала түріктері тек мал шаруашылығымен айналысқан көшпенділер болған» деуші, қалыптасқан пікірдің қате екенін көрсетсе керек.)

    Ендеше, Иесугей халқының ата салтында жоқ нәрсені істеп, «өз ұлына жеңілген жауының Темуджин немесе Төмучин есімін қойыпты» деуші шежірелер сөзі жаңсақ. Теміршілік-ұсталықты құрметті ата кәсібіне айналдырған халық неге ұлдарына Темірші деген ат қоймасын?!  Ендеше күллі түрік халықтарына да, қазіргі «монголмыз» деуші халыққа да мүлде түсініксіз, жат «Темучин» деуді тоқтатып, теміршілер әулетінен шыққан адамның атын Темірші  (өзге тілдерде, қажет етсе, Темурчи) деп атау тарихи шындыққа келер еді.

    Тарихпен кәсіби маман ретінде емес, тек ара-тұра ой келгенде қағазға түртіп, сол жазғанымды жариялауға асықпай, өзгелердің пікірімен салыстыру үшін тақырыпқа қатысты басылымдарды іздей жүретінмін. Кейінірек қолыма Татарстан жазушысы Г.Еникеевтің «Корона Ордынской империи»  кітабы түскен. Онда араб тарихшысы Эннувейри (1279-1333 ж.ж.) еңбегінен: «Когда Чингис хан аль-Темирджи стал царем татарским и завладел странами Восточными и Северными»… (М. 2011 ж.,85 бет)деген дерек айтылыпты.

    Ал М.Тынышбаев  «История казахского народа» кітабының 112 бетінде: «Рашид Эддин говорит, что монголы прибавляют к слову «чин» для обозначения мужского рода»; если удалить то окончание и вести отсутствующее в китайском языке «р»  получится «темр»  железо. Говорт (стр. 3) говорит,  (Г.Говорттың «Чингисхан» атты кітабын айтады. Х.Қ-А) , что по Иокинфу «Темучин» обозначает лучшее железо и сталь. Таким образом, настоящее имя Чингисхана будет не Темучин, а Темыр», деп жазған екен.  Бұл деректер де ілгеріде айтқан ойымызға қосымша дәлел болса керек.

    Жарайды. Темучин есімінің түбірі «Темір» сөзі екенін дәлелдедік делік. Ал Темір сөзінің соңындағы  «чин» деген не?  Оның «н» әрпін қысқартып, қазақшалап «ші» дей салуымыз келесі бір қателікке ұрындырмай ма? Бұрын-соңды тарихшылардан осы «чин» жалғауына қатысты пікір айтқандар тым аз екен. Ал «монголы прибавляют к слову «чин» для обозначения мужского рода» деген пікірдің жаңсақ екендігіне Шыңғыс хан туралы шежірелердегі ер кісілердің есімдерінде осы жалғаудың жоқтығы дәлел. (Рашид-ад-дин «Жылнамалар жинағынан» ондай пікірді көре алмадық).

    Осы, «чин» мәселесін анықтау барысында Шыңғыс хан ұрпақтары арасында, нақтылай айтқанда, Үкітайдың екінші ұлы Құтанның баласының аты Шынтемір, алтыншы ұлы Қаданның немерелерінің ішінде  де  Шынтемір, Шынболат есімділері бар екен. Мұндай есімдер қазақта қазір де жетіп-артылады. Ұйғыр батыры Чинтомур Махтум туралы балет те барын білеміз. Шын мен чин  Темір сөзінің алдына да қойылауы оның жалғау емес, сөз екенін білдірсе керек. Ал оның мағынасына келсек, «шын» сөзінің синонимі «рас» екені белгілі. Шынтемір есімін  «рас, нағыз темір» деген деп қабылдаймыз ғой.  Бірақ, ойланар болсақ, «рас-өтірік, шын-жалған» деген сөздер темір затының сапасына қатысты қолданылмауға тиіс. Жоғарыда келтірілген Бичурин-Иакинфтің: «Темучин» обозначает лучшее железо и сталь» деген сөзінде, ол: «Рас темір, шын темір», деп, заттың темір я емесін анықтап тұрған жоқ, темірдің сапасын  (лучшее) айтқан.  Ал сапалы темірдің мәнісі «шыңдалған темір» емес пе! Ендеше  «чин, шын» (дұрысы «чиң, шың»)  «шыңдалған» сөзінің алғашқы буыны, яғни негізгі түбірі екен. Әлгі есімдер де Шынтемір емес  Шыңтемір (шыңдалған темір),  Чинтомур емес  Чиңтомур, Темучин де, Темірші де емес,  Темір+шың (Темурчиң) болмақ. Бірақ түркі тіліндегі ықпал әсерімен  «Теміршің» деп айтылуға тиіс.  Қорыта айтсақ, Ұлы қағанның алғашқы есімі  Теміршің екен.

     

    Осы  жазылғандарға жыл өте, қолыма «Моңғол-қазақ тілі сөздігі» түскен еді. Онда: Төмөр  темір, Төмөрч(ин)  ұста» деп жазылыпты. «Астындағы атын алты ай іздепті» деген осы-ау! Сонда, қаншама ғалымдар соншама зерттеулер жасап жүріп, әлгі сөздікке көз салмаған ба?! Бүгінде түркі халықтары кейіннен енген «ұста» сөзін қолданатындықтан әлгі көне түрік сөзін ұмытты десек, ал Моңғолия ғалымдарының үндемей келуін қалай деп  түсінеміз?!.

    Әлгі аталған сөздіктегі еліктеуіш «шингэрэ-х» сөзі қазақшада «шыңғырлау, шіңгірлеу, сыңғырлау» дегенді білдіреді екен. Ал темірді шіңгірлету деген, оны шыңдау, ал  шіңгірлетуші адам  ұста деп аталады емес пе!?  Ендеше ұлы қағанның әуелгі есімі Теміршің  шығыс  түріктерінің  тілінде «Темірді шыңдаушы» (ұста) деген мағынадағы сөз екен.

     

    Екінші есімі  Шыңғыс ше?

     

    Лубсан Данзанның 1628 жылы жазылған «Алтын тобшы» кітабында: «Шашу тойында татардың Төмүчинін алып келгенде туды деп, темір бесікке бөлеп, Төмүчин деп атаған жөні осы екен. Шыңғыс қаған туып, жеті күн өткеннен кейін, мұхит аралының ішінде бір қаралтым құс, күр қара тастың үстінен күн бағытымен айналып, үш күн бойы шақырады…

    «Сол қаралтым құс түңлікке қонып,

    «Шыңғыс, Шыңғыс!» деп шақырады.

    Сол құстың дауысы шыққан себептен,

    Шыңғыс қаған деп атаған»- (47 бет.)

    делінсе, ал 91 бетте: «Төмүчин дүниеге келгенде Лустың қағаны қасбұға таңба шығарып бергенде, қаралтым құс түңлікке қонып: «Шыңғыс, Шыңғыс!» деп шақырыпты. Сол құстың шақырғанына байланысты оған Шыңғыс қаған деген ат беріп, қаған болдырды» делінген.

    Бірақ өзге деректерде  Теміршіңге Шыңғыс есімі 1206 жылғы Құрылтайда, 52 жасында берілгені ( кей деректер 45, 48 жасында деген)  айтылады.

    Осы, «Шыңғыс» сөзінің не мағына білдіретіні жөнінде де  пікірлер сан-түрлі. Қаншама ғасырлар бойына шежірешілер, тарихшы, филолог ғалымдардың ортақ, көңілге қонарлықтай бір шешімге келер түрі көрінбейді.

    Моңғолтанушы ғалымдар бұл атауды әрқалай түсіндірмек болады: Э.Хара-Даван «Чингис-хан как полководец и его наследие» кітабында ( Белград. 1929 ж.)  «чингис» сөзінің моңғол тілінде жоқ екенін айтып: «Мы нигде не встречаем удовлетворительного  объяснения названия «Чингис», «Так последнее толкование (Рамстет и Реллиот) выводит этот титул из монгольско-турецкого слова «тенгис»  море, т .е. морской хан или хан земель омываемого морем. По моему мнению, это большая натяжка объснения слова «чингис» от «тенгис»» дейді. Академик Ц.Дамдинсүрэн де: «Чингис қаған дегені Тенгис (Теңіз) қаған деген сөз секілді»  деуден аса алмаған ( «Монголын Нууц товчоо», 2004, 123-бап).

    Бірақ, мемлекетін сахарада өмір сүретін рулар құрып отырған Теміршіңге  тумысында теңіз көрмеген, теңізден аулақ  жатқан  халқы не себептен «Теңіз хан» деген ат қоймақ?!

    Кейбір қазақ қаламгерлері бұл сөзді  «шың+құз» деген сөздерден құралып, «шың мен құздай биік қаған» дегенді білдіреді» деп жүр. Бірақ, меніңше, «құз» сөзі биіктікті емес, төменді меңзейді. Қазақта «шыңға шығады, құзға құлайды» делінеді емес пе?!  (Қазақша-орысша сөздікте де: «Құз  глубокая пропасть» делініпті). Ендеше Шыңғыс  «шыңдай биік, әрі құздай төмен» деген сөз болмақ па?!

    Сондай-ақ, Қ.Салғарин да «Ұлы қағанат» кітабында (382 бет): «Шыңғыс» сөзінің не мағына беретіні кезінде ғалымдар арасында пікірталас тудырып, түрлі болжамдардың өмірге келуіне себеп болғанымен, пәтуалы тұжырымын таппағаны мәлім. Біздің пайымдауымызда: «Шыңғыс» сөзі әу баста «шың» және «ғыз» (күш) деген екі сөзден құралған. Осындағы «шың»  таудың ең биігі» дейді.

    Қ.Данияров «Қазақстанның балама тарихы» кітабында: «Шың  қазақ тілінде таудың ұшар басы, ұшарлығы; ғыс  көне түркі тілінде (қазіргі қазақ тілінде «қияс» түрінде сақталған) нұр, сәуле. Ендеше бұл есім «биік, нұр сәулелі хан» деген мағына береді» дейді (13 б.). («Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде»: 1. Қияс  Қиғаш, қиыс. 2. Қисық, бұрыс, бір қырын. 3. Ауысп. Қыңыр, қырсық, қиқар.  (Алматы 2008, «дайк-Пресс», 505 бет.).

    Ал қазіргі  моңғол тілінде  тау  уул, тау биігі  уул өндөр, Шың  оргил, Тау шыңы  уулын оргил делінеді. ( Ендеше  «тау шыңы» да түркі сөзі екен).

    Рашид ад-Динннің «Жамиғ-ат-Таурих» кітабында: «Значение чин  сильный и крепкий, а чингиз  множественное от него число» делінген (150 б.). Егер шежіреші  тау шыңы туралы айтпақ болса оны «сильный и крепкий» демей, «биік» (ал орыс аудармашылары «высокий») сөзін қолданар еді. Ендеше Шыңғыс есіміне тау шыңының еш қатысы жоқ. Ал «қатты», «күшті» сын есімдерімен адамның дара қасиетін бейнелей отыра бұл сөздерге  «множественное число» қолдану (күштілер, қаттылар, шыңдар ) оның «даралығын» жоққа шығарады емес пе? Бұдан, шежірешінің «гиз  көптік жалғауы» деуі қате екенін байқаймыз.

    Хондемир Гияс-ад-диннің (1475-1536 ) «Моңғолдар тарихында»: «Все называли его Чингизом и славили новое имя сие, ибо оно значит Царь Царей на языке Туранском»

    ( СПб, 1834, 18 бет), десе, 1602 жылы жазылған Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер жинағында» да: «Чиңгиз хан темек падшаһлар падшаһы темек болур. Лафа могол білән уа Көкжут теңрі мундағ ат қойдылар. Барча улуғлар ол мағнаны қабул қылдылар» (Шыңғыс хан демек патшалардың патшасы демек болады. Могол тілімен және Көкжут Тәңрі  сондай ат қойды. Барша ұлықтар ол мағынаны қабыл қылды») деп жазған. (Моңғол тілінде «Шыңғыс» сөзінің жоқ екендігін Моңғолия ғалымдары айтқанын жоғарыда келтірдік).

    Ал Әбілғазы  хан өзінің «Түрік шежіресі» еңбегінде (1662-1663 жылдарда жазылған) Меңлікұлы Көкшенің: «Маған тәңіріден ишарат болды. Темучинға бар, елге, халыққа «бұ күннен соң Темучин демесін, Шыңыз десін, жер жүзінің патшалығын Шыңызға, оның балалары мен тұқымына бердім» деп айтты»  деді. «Шыңның» мағынасы ұлық және қатты деген болар,  ыз  оның көпшесі»  деп жазыпты. (Мұнда да ілгеріде айтылған «құз» сөзінің мүлде жоқ екенін байқаған боларсыздар?).

    «Моңғолдың құпия шежіресінде» Теміршіңге Шыңғыс есімінің берілу жайы тым қарапайым баян етілген. Бірақ оны қазақшаға аударушы М.Сұлтанияұлы кітаптың 63 бетінде: «Шыңғыс» сөзі туралы «1910 жылы Қазанда Шағатай тілінде басылған «Тауарих хамса» деген  кітапта «Темүжінді соғыс ғылымы тәсіліне қарап, парсыша «Жың анкиз» (жиһангер)  жиңгыз  Шыңғыс» деп  атады делінген. Осы түсінік дұрыс болуы мүмкін» деп жазыпты. (Сонда, 1206 жылғы Құрылтайға жиылған Қиыр Шығыстағы моңғол немес түрік рулары жаппай парсыша сөйлегені ме!?)

    Дж.Уэзерфорд «Чингисхан и рождение современного мира» кітабында: «Монгольское слово «чин» означает «сильный, крепкий, непоколебимый и бесстрашный», а также оно схоже со словом «волк» (чино), именем легендарного первопредка монголов» дейді (154 б.).

    Татарстандық Р.Батулла интернетте: «Если разделить слово Чингиз по слогам, то мы получим чин китай и гиз  путешествуй, иди в поход. Чингиз означает завоевание страны чин (китайцев). деген де пікір айтады.

    Қ.Закирьянов «Шыңғысханның  түркілік ғұмырнамасы» кітабында: «Әлемді дүр сілкіндірген ұлы хан алдымен өзін шығыстың билеушісі  Шығыс хан деп атады. Шығыс хан сөзі бірте бірте әбден құлағымызға сіңген Шыңғысхан сөзі болып өзгерген» деп, мәселені оңай «шешіп тастаған». (268 б.). 1206 жылғы құрылтайда олай атайтындай Шыңғыс хан әлі шығысындағы мәнжүрлерді де, корейлерді де жаулаған жоқ еді ғой!?

    1993 жылы көктемде Нидерландиядағы Түрік мәдени орталықтарында кездесулер өткізіп жүргенімде «Дченгис» (әлде Дженгис») деген кісі аттарын естіп елең етіп, бұл сөздің мағынасын сұрағанмын. Сөйтсем, қазақтың «жеңіс» сөзі екен. Ендеше Шыңғысхан сөзі «Жеңісхан» немесе «Жеңгішхан» деген сөзден тумады ма? Мысалы Шыңғыс ханнан тараған, Шығыс Түркістандағы Көгедей төренің ХХ ғасыр ортасындағы бір ұрпағының есімі Шәріпжан Жеңісханұлы екен. Орыстардың өз патшаларын «победоносный», қолбасшыларын «генералиссимус» деп атағаны сияқты, соғыстарда  жолы болғыш Теміршіңді  халқы «Жеңгіш хан» деп атауы әбден мүмкін-ау!» деген де ой келген. Бірнеше жыл өте бұл ойыма сәйкес пікір де кездестірдім.

    Қалмақ ғалымы Рассадин В.И. «Реальна ли гипотеза о тюркском происхождении этнонима ойрад, имен Джангар, Чингис и Гэсэр?» мақаласында: «Относительно имени Чингис-хан можно предположить несколько вариантов его этимологии на тюркской языковой основе. Прежде всего необходимо вспомнить, что это имя произносится в других языках (тибетском, тюркских, например) как Джингис//Джингиз, а также Чынгыз//Шынгыз. Во-первых, в этом имени можно усматривать, как и в имени Джангар, тюркский глагол džiŋ= (или его глухой вариант čiŋ=) и тюркский же аффикс прилагательного =giz (его зетацирующий вариант). Тогда словоформа džiŋgiz (или ее глухой вариант čiŋgiz) означала бы то же самое, что и тюркский прототип имени Джангар  всегда побеждающий, всегда одолевающий, что тоже соответствует образу Чингисхана.  Во-вторых, Чингис можно возвести к тюркской именной основе džiŋis// džiŋiš //čiŋis//čiŋiš, образованной от глагола džiŋ=//čiŋ= побеждать и означающей победа. А можно, в-третьих, допустить, что в основе имени Чингис лежит древнее общетюркское слово teŋiz море, зафиксированное в памятниках древнетюркского языка также в виде tiŋiz. Именно этот вариант со слогом ti, давшем на монгольской языковой почве či, мог дать в монгольском языке словоформу čiŋiz, легшую в основу данного имени. Мы больше склоняемся к третьему варианту» (Элиста: КалмГУ, 2004. ) депті. (Меніңше «Жангар, Жәңгір»  парсының «жиһангер» сөзінен болар.Түркі тілінде «ғыр,гір» жұрнағы негізінен ұнамсыз мәндегі сөз тудырады (құрығыр, өлгір, т.б.). Сондықтан «Жең+гір» деп сөз құрау дұрыс емес).

    Бірақ, күндердің-күні Шынтемір, Чинтомур есімдерінде «шын» сөзі темірмен қосарлана айтылғанымен «шын, рас» ұғымдарының темір металына қатысты қолданылмайтыны, темір сапасының жоғарылығы  «шыңдалған» деген, теміршілікті кәсіп еткен халыққа етене таныс сөзбен білдірілетіні ойға келді. Бұл Рашид-ад-Дин кітабындағы: «Значение чин  сильный и крепкий», Әбілғазы баһадүрдің: «Шыңның» мағынасы ұлық және қатты деген болар» деуімен де сәйкес келеді. Ендеше, Шыңғыс есімінің бірінші буыны Шың  «шыңдалған» сөзінің негізгі түбірі екен.  Бұл қазақтар қазір де қолданып жүрген түркі сөзі. Ал қазіргі моңғол тілінде мұндай сөз жоқ. Ол тілде «шыңдалу»  тужирэх, ал «темір шыңдау» төмөр ширээх делінеді.

    Енді «Шың» сөзімен бірдей жұмбақ болып келген «ғыз» мәселесіне көшейік. Қазақ тілінде  етістік сөздерге жалғанатын дәл осындай «Өзгелік етіс жұрнағы» бар (мысалы: бол+ғыз, тұр+ғыз, бар+ғыз, ұр+ғыз, т.с.с.).  Көне түркі тілінде осы «ғыс» жұрнағы сын есім сөздеріне күшейтпелі мағына беру үшін қолданылғанын байқаймыз ( нық+ғыз  нығыз, нақ+ғыз  нағыз). 1206 жылғы Құрылтайда Теміршіңге «күшті әрі берік, қатты, қайратты» деген атақ бергенде темірді құрметтеуші қауым мұны «шыңдалған» сөзін және «ғыз» қүшейтпелі жұрнағы арқылы пайда болған Шың+ғыз сөзімен білдірген. Теміршің сөзін талдау «шің, шың»  еліктеуіш сөздерінің «шыңдалған» ұғымын беретінін көрсетті.  «Шың» сөзіне күшейтпелі «ғыз» жұрнағын жалғау  нәтижесінде «Шыңдалғаннан да артық шыңдалған хан», «Шыңдалғандардың ішіндегі асып шыңдалға хан» деген мағынаны білдіретін сөз, ұғым жасалған.

    Сонымен,  Ұлы қағанның екі есімі: Теміршің де, Шыңғыс та темір металына қатысты болып шықты.  Тек біріншісі, Теміршің  «темірді шыңдаушы, ұста» деген сөз болса, екінші есімі, Шыңғыс та теміршілердің тілдік қорындағы сол, «шың, шыңдалған»  сөзін «ғыз» жұрнағы арқылы күшейтуден пайда болған екен.

    Осы тарау жазылғаннан соң біршама уақыт өте, бала кезде оқыған, Г.Рубруктің 1253-1255 жылдары жазған кітабын қайта парақтаған едім. Баршамыздың іздеп, таппағанымызды ол жеті ғасыр бұрын меңзеп жазған екен!.. Біздікі әуестік қой. Бірақ мұны Шыңғыс хан жайлы том-том кітап жазған тарихшы-ғалымдар қалай байқамаған?!

    Г.Рубрук. «Путешествие в восточние страны» (Алматы,1993 ж.159-160 б.): «Наконец, когда окончена была грамота, которую хан посылает вам, они позвали меня и перевели ее. Содержание ее насколько мог понять его через толмача, я записал. Оно таково: «Существует  заповедь вечного Бога: на небе есть один только  вечный Бог, над землею есть только единый владыка Чингис-хан, сын Божий, Демугин Хингей (т.е.  «звон железа». Они называют Чингиса звоном железа, так как он был кузнецом, а вознесясь в своей гордыне, именуют его ныне и сыном Божьим!.)


     Хасен ҚОЖА-АХМЕТ

     

     

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    ТҮРКИЯДАҒЫ ТРОЯ МУЗЕЙІ

    Түркияның Чанаккале қаласында Еуропа мен Азия мәдениетінің 5 мың жылдық тарихы бар мұрағаттарын көпшілік назарына ...