Басты бет » Айдарлар » Тарихы көне, тамыры терең » Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына 325 жыл

Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына 325 жыл

Биыл Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына 325 жыл толды. Айтулы мерейтой аясында Астана, Алматы қалаларында, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында ауқымды шаралар жоспарланды. Осыған орай БАҚ беттерінде бабамыздың арғы аталарынан, өмірінен, өскен ортасынан көпшілікке кеңінен таныс емес папақтарын жариялап отыруды жөн санадық.             

ҚАБАНБАЙ БАТЫРДЫҢ БАБАСЫ – ТОҚТАРҚОЖА

Қаракерей Қабанбай батырдың арғы аталары, олардың сол тұстардағы тарихи оқиғаларға, қоғамдық процестерге араласуы, өздері өмір сүрген орталардағы саяси, әлеуметтік орны, өсіп-өнген топырағы тұрғысында тиянақты зерттелген, табан тірер деректері жеткілікті, тұшымды еңбек әлі жазыла қойған жоқ. Ал әр түрлі аңыз, шежіре, әдеби дүниелер тарихи шындық бола алмайды. Қаракерей Қабанбай батырды біз болашақ ұрпаққа аңыздан ажыратып, аршып, нақтылы тарихи тұлғасын қалыптастырып, беруіміз қажет. Себебі, ауызша дүние қашан да кемшін. Оның үстіне ол ара-тұра шежірені айтушының ыңғайына бұрылып, жекелеген рудың, топтың, жеке адамдардың сойылын да соғып кетеді. Жалпы ұлттық мүдде, кейде, рулық мүдденің тасасында қалады.

Осы олқылықтарды толтыру үшін әңгімені шежіреден, оны талдаудан бастайық. Шежіре арқылы жазба тарихқа келейік. Салыстырайық.

Қазақ шежіресінде мұсылмандық бастау алғы кезекте тұрады. Мысалы, Ақтайлақ би шежіресінде қазақ Әннес сахабадан тарайды. Сөйтіп, барша қазақты арабтан, Мұхаммед пайғамбардың  сахабасынан өрбітеді. Мұсылмандық жолға түседі.Ары қарай осы Әннес сахабадан қазақты туғызып, одан «Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс үшеу туады. Бекарыстан – Дайырқожа, Момынқожа, Смағұлқожа, Қоңырат, Қосымқожа, Қыпшақ алтау… Момынқожадан – Найман, Наймантай екеу. Найманның баласы Тоқмақ деген жалғыз ұлы өліп, Ақсұлу 18 жасында жесір қалады» дейді. (Ақтайлақ би. Алматы, 1991ж. 64-65-беттер). Бұдан әрі бар найманға белгілі тоқсан үшінде төсек жаңғыртқан Өкіреш Шал оқиғасы айтылады.

Өкіреш Шал ХІV-ХV ғасырда өмір сүрген деген тұжырымды ғылыми орта мақұлдады. Енді қараңызшы, сахабалардан Өкіреш шалға дейін мөлшері 700-жылдай өтуі тиіс. Сонда Әннес сахаба ең кемі 700 жылдай өмір сүруі керек. Адам осынша жасай ма? Оның үстіне VІ-ғасырда, нақ сол сахабалардың тұсында, найман Арық Бұқа, Семіз Бұқа бастаған үлкен мемлекет. Ендеше, шежіреге сүйенсек, осы найман ХІҮ ғасырда қайта тууы тиіс. Бұл мүмкін бе? Әрине, жаңылыс. Найманның арабқа ешқандай қатысы жоқ. Араб бізден әлдеқайда кенже. Ар жағымыз -ғұн, сақ, ортамыз-Көк Түрік, бүгініміз-қазақ. Ендеше, шежіре тарихи шындық емес.

Келесі шежіреші-Шәкәрім қажы Құдайбердиев. Қажы ата наймандарды Әннес сахабадан емес, Софы мырзадан таратады. Софы мырзадан Өкірешті тудырады. Қажы ата Софы мырзаны, оның баласы-мыс Өкіреш Шалды 1621 жылдары өмір сүрген дегенге сүйейді. Бұл аса қисынсыз. Себебі, 1621 жылдары Өкірештің дүниеден озғанына 200 жылдай өткен,әрі найман мемлекеті VІ ғасырда дербес саяси, қоғамдық құрылым. Шәкәрім қажы найманды он ғасырға кенжелетті. Міне, шежіренің «тарихи дәлдігі» осындай. Бізге таныс өзге шежірелер де  кемістен аяқ алғызбайды. Сөйтіп, Ақтайлақ би мен Шәкәрім қажы шежіресі, сол сияқты басқа да шежірелердің найман тарихынан ғылыми дәйекті дәлел, ақпарат бере алмайтынына көз жеткіземіз. (Шәкәрім Құдайбердиев.Түркілердің, қырғыздардың, қазақтардың және хандар әулетінің шежіресі. Алматы. «Жазушы», 1990 ж. 73-74-б.б.)

Құрбанғали Халидидің шежіресін де сөз етсек, артықтық етпес. Халиди да найманды «Найман» атты адам-жеке тұлға ретінде атайды. Сөйтіп, алғашқы екі шежірешінің қателігін түп-түгел қайталайды. Ол кісі былай жазады «Орта Жүздің өзінен, яки баласынан Найман туған. Найманның баласы-Өкіреш…» Халиди да ел ортасындағы үзін-жұлқын, салыстырмасы, айқындамасы жоқ, естігенін жазып алғаны көрінеді. (Халиди Қ.Тауарих Хамса (Бес тарих) Алматы, 1992 ж. 94-б.)

Аңғарсаңыз, аталып отырған үш шежіре үш жаққа тартып барады. Бұл таңданатын немесе сынап, мінейтін нәрсе емес. Шежірелерге тән олқылық. Ауызша берілген ақпараттардың барлығына ортақ жағдай-норма. Шежіредегі жетімсіздік, шежірешілердің деректерінің осындай ала-құлалығы Қаракерей Қабанбай батырдың ғұмырнамасында да мол. Ақтайлақ бидің, Шәкәрім қажының, Құрбанғали Халидидің шежірелері бүгінге жеткен шежірелердің көнесі болып табылады. Енді осы шежірелердің Қаракерей Қабанбай батырдың арғы жағы туралы жазып қалдырғанын қарастырып көрейік.

Ақтайлақ би шежіресі Сайбекханнан Тоқтамысхан, одан Тоқтарқожа, Толымқожа, Қойшыаға туды дейді. Сайбекхан көп шежірелерде «Найманбала» аталады, руы ауызға алынбайды. Би ата оны қажет деп таппаған секілді.  Себебі, жазып, айтып отырғаны найман шежіресі ғой. Тоқтарқожа найманды-«найман» деп несін жазсын. Кейіннен Қаракерей Қабанбай батырдың ар жағын біреулер бұра тартады деп ойламаған. Шежіре бойынша Сайбек пен Жұпар қайтыс болып, елге жау тиеді. Қашқын болған Тоқтарқожа Қаракерей ішіндегі Байыс биге тоқтап, жылқысын бағады. Ақтайлақ шежіресінің ұзын-ырғасы осындай.

Енді Шәкәрім қажы Құдайбердиев атамыздың шежіресіне тоқталайық. Бұл маған таныс найман шежірелерінің арасындағы ең толымсызы, «әп» дегеннен баласы Қытай әкесі Төлеге (Төлегетай деп біліңіз)  әке болып басталады. Он ата найман сегізге қысқарып, Садыр мен Көкжарлы ауызға алынбайды. Кім, кімнен туды-айырып алу аса қиын. Бір жаңылыс, екінші жаңылыс… Сөйтіп келеді де, аяқ астынан «Байыстың қызы Мақта сартқа (өзбекке) күйеуге тиіп, Ержігіт, Байжігіт деген екі ұл туды. Ержігіт әкесімен Түркістанға кетті…» деп және қателеседі. Ақиқатында балалар: үлкені-Байжігіт, кішісі-Жанжігіт. Бес Байыс, Мұрын-Байжігіт, Байжігіт шежірелері-Байжігіт, Жанжігітті атауда бір ізді, екі пікір жоқ. Қажекең бұрыс кеткен. Мақта-Ержігіт есімді ұл тумаған. «Сартты» қайдан шығарғаны және жұмбақ. (Ш.Құдайбердиев, Шежіре… Алматы, 1990 ж. 74-бет).

Келесі шежіре-М.Тынышбаевтікі. Мұнда Төрт Төлегетайдың қара шаңырағы Төртуылдың айтылмай қалуы шежірені Мұхаң өзі салған Түркістан-Сібір теміржолы бойынан жазып алған, шығыстағы найманға жолы түспеген деген ойға шақырады. Теміржол бойында бүгінгі күнге дейін де төртуыл ауылдары кездеспейді. Шежіре найманды бірден Төлегетайдан таратады. Жалқы ұлы Қытай аталмай Төлегетайдан Қаракерей, Матай, Садырды тудырады. «Айтуларға қарағанда» деген сөзді жиі пайдаланып, жұрттан жинағанын ескертіп отырады. Тоқтарқожа туралы «Тоқтар деген қожа келді» деп қысқа қайырады. Шежіреге аса мән бермейді.

Міне, үш шежіре, әдеттегідей, үш дерек  ұстатты. Осылардың ең көнесі Ақтайлақ биден қалған мұра. Ендеше, нақ осы шежіреден ХVІІ ғасырдың басында, Тоқтарқожа Байыс биге келгенде қандай елеулі оқиғалар өткенін жинақтап, зерттеп көрейікші.1692 жылы туған Қаракерей Қабанбайдан Тоқтарқожаға дейін төрт ата-мөлшері 100 жыл. Сонда Тоқтарқожа 1590 жылдардың ар жақ, бер жағында өмірге келген. Ол Байыс биге сақа жігіт-отыздардан асқан  шағында, бізге белгісіз (әзірше) бір себеппен қатын-баласын тастап, екі інісімен қашып келеді. Бұл-шамамен 1625-1630 жылдар.

Найман шежіресінің нақ осы кезеңдегі жай-жапсарын мұқият зерттесең, таң-тамаша оқиғаларға кезігесің.

1.Ташкент, Самарқан, Бұқара, Хорезмге найман-Саржомарт пен Байыс би осы кезде үнемі сауда тоғанағын апарып жүреді. Бұл бар шежіреде айтылады. Ол елдердің салтында ұзақ шамаға келген азамат уақытша үйленуге міндетті болыпты. Сол себепті Байыс би де соңғы барысында қатын алады-мыс. Атамыздың егделенген кезі. Жарықтық аяқ асты Сарыарқадағы Қарағаш-Жалтыркөл-Қазаншұңқырда отырған еліне қайтпақ болғанда келіншегі:

-Биеке, аяғым ауыр,-депті.

-Мә, мынау-менің тақиям. Ұл туса, атын Байғана қоясың. Қыз тусаң, өзің біл. Омбыдан бері, Қызылжардан ары отырмыз. Іздеп, табарсыңдар. Тақиямды ел таниды,-деп, жолға шығып кетеді. Суыт кетеді. Әңгіме ұзақ. Қысқарта айтайық. Ер жете Байғана мен анасы Байыс биді іздеп, табады. (Қаракерей шежіресі. С.Амандық, Алматы, 1998 ж. 22-23б). Байғана жолдасы Болатшыны ерте келеді. (С.Амандық. Қаракерей шежіресі, Алматы, 1998 ж. 23-бет).

Қаракерейдің үлкен екі атасы Байғана мен Болатшы найманға Тоқтарқожа, Толымқожа, Қойшыағалармен іркес-тіркес, бір мезгілде жетеді. Наймандарға қосылып кете барады. Барлығы да Байыс бидің тұсында.

«Қазыбектен Бағанас, Тоғанас деген екі ұл туады. Бұл екі бала бір шабындыда адасып, қаңғып кетіп, Сарыжомарт іздеп, Тақыны (Тоғанасты) Үргеніш деген қалада… тауып… көкжал атын беріп алады. Содан Тоғанас Көкжарлы атанады… Бақыны (Бағанасты) Бұқара маңында танып, бурасын беріп алады. Содан Бақыны Бура атандырған» (Ақтайлақ би. Алматы 1991 жыл, 67-бет).

Өмірден ертерек озған, ғылым докторы Ермек Сәлімбайдың Бура шежіресінде Бурадан өзіне дейін 15 ата санапты. Әр атаға тиесілі 25 жылды 15 атаға көбейтсек, 375 жыл шығады. Ермек 1966 жылғы. Сонда 1966-дан 375-ті алсақ, Бура мөлшері 1590 жылдары туған. Бұл Қаракерей Қабанбай батырдың төртінші атасы Тоқтарқожа туған мерзіммен тұстас. (Е.Сәлімбай, Ата-баба тарихынан. Алматы, 2007 ж. 167-бет).

Бақы мен Тақы (Бура мен Көкжарлы) құрбы болғандықтан, шежіреге сай Көкжарлы да сол шамада туғаны анық. Бұл да Байыс бидің тұсы. Сонда Шежіреді айтылатын Байғана, Болатшы, Көкжарлы, Бура, Тоқтарқожаның туған мерзімдері шамалас, барлығы қатар құрбы. Бір шамада Байысқа келеді.

Сөйтіп, Байыс би, Саржомарттардың тұсында найманға бес рулы ел келіп қосылды. Олардың екеуі-Бура мен Көкжарлы-тоғыз ата болып отырған қазақ наймандарын он бір атаға жеткізді. Үшеуі-Байғана, Болатшы, Тоқтарқожадан туған Байжігіт, «Бес Байыс» аталып отырған Қаракерейдің Байыс бұтағын сегізге жеткізді. Нақ осы кезден қазақ наймандары Балталы, Бағаналы, Қаракерей, Матай, Садыр, Тортуыл, Көкжарлы, Бура, Саржомарт, Терістаңбалы, Дүрмен болып қалыптасты. Аңызға сәйкес Бура мен Көкжарлының бүгінгі өзбек жерінен келіп қосылуы-қазақ наймандарының шежіресін біржолата тұйықтады. Күні бүгінге дейін найман қазақ ішінде осылай ажыратылады. Қалғандары өзбектену процесінен өтіп, «өзбек» аталып кетті. Бірақ олар да тегін ұмытпай «найманбыз» дейді. Ал, Қаракерейдің Байыс тармағы 1600 жылдардың басына дейін Мұрын, Сыбан, Қыржы, Шөрентай, Ақымбет аталып келсе, енді оларға Болатшы мен Байғана және Тоқтарқожадан туған Байжігіт қосылды. Бұлар бүгінгі күнге осы қалпында жетті. Қызығы, сегіз ата болса да, қазір «Бес Байыс» аталады. Түсінген шығарсыз. Ескерте кетер бір жайт-сол шақтарда Көкжарлы мен Бура негізінен Ұлытауды мекендеген сыңайлы. Саржомарттың тауып алып, Арқадағы наймандарға  қосып жүргені өзбек жерінде бөлініп қалған аз ғана тобы болса керек.

Атап айтатын бір жағдай-«Тоғыз таңбалы, он бір ата Найман» дегенде тек қана қазақ  халқының құрамындағы наймандарды атап отырмыз. Бұлардың сыртында өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түркімен, әзірбайжан, татар, ноғай, тіпті, тәжік ішінде де наймандар бар. Оларды да атап кетсек артық болмас: қызыл, дүрбен, қара, өкіреш, босторғой, базар, болдай, чантеке, үштай, бүйе, мырза, жуанбұт, көкші, құран, қашай, буа, қашарқұл, сар (сары) лоқай-найман (тәжікте), күн, жерде,пәскі (кішкене), катта (үлкен). Әзірге менің кездестіргендерім-осылар. Қырғызда Оштағы наймандарда мейман болдым. Тәжік наймандарымен екі жыл араластым. Өзбек наймандарымен тоғыз жыл барып-келудеміз. Ноғай, татар наймандарымен 2003 жылы кездестім.

Сонымен, Байыс бидің тұсындағы 1620-1640 жылдары өзге ұлттардың құрамында қалып қойған наймандардың үлкен топтары қазақ наймандарына қосылды. Қазақ наймандарының өзге ұлттардағы наймандардан оқшаулану процесі аяқталып, Қазақ наймандары толықтай қалыптасты, бұл тарихи үрдіс тиянақталды. Он бір ата найман қазақ атанды. Тарихи фактілер, шежіре деректері осындай тұжырым жасауға жетелейді.

Өз басым «Бақы мен Тақы жоғалып, табылды», «Байғана тақия алып, Болатшыны ерте келді» дегенге онша-мұнша сенбеймін. Көкжарлы мен Бура- әлімсақтан VІ-VІІ ғасырдан найманмен қатар жасасып келе жатқан көне, бағзы рулар. Атаулары өзгеріп отырса, ол басқа әңгіме. Он бір ата найманның кез келгені ықылымнан тамыр тартады. Шежіре оқиғаны дәл таба алмаса, оны бірнеше ғасырға азайтып та, көбейтіп те жібереді. Мысалы, Ақтайлақ би шежіресінде «Найманның әулие келіні Белгібайға үшінші әйел әпереді… Бұдан Бағаналы, Балталы деген ел тарайды» дейді. (Ақтайлақ би, 67-бет). Белгібай-Өкірештің жалқы ұлы. Мөлшері, ХV ғасырдың ортасында туады. Олай десек, Бағаналы мен Балталы шежіреге сай ХV ғасырдың жетпісінші жылдары тууы тиіс. Алайда, шежіренің осы тұсы-түбегейлі қате.

Бүгінгі найман-бағаналылар өздерін Кетбұқадан таратады. Ол-Жошы ханның, Құлағу ханның бас қолбасшысы, «Ақсақ құлан» күйінің авторы, Жошы өлімін Шыңғысханға жеткізуші атақты кемеңгер. Иран, Ирак, Сирия, Израиль жерлерін басып алған Ұлы қолбасшы, Еврейді 10 жыл билейді. Осы Кетбұқа данышпан 1260 жылы күзде, 80-ге таянған шағында майдан үстінде Құтыз сұлтанның қолынан қаза тапқаны анық. (Т.Жұртбай Дулыға, Алматы, 2007 жыл, 387-бет). Әне, ауызекі шежіре мен тарихи жазба деректердің айырмасы.

Енді Көкжарлы, Байғана, Болатшы туралы өз ойымды айтудың реті келді білем. Меніңше, қазақ хандығы нығайып, жері кеңіген соң қазақ құрамындағы наймандардың басшылары-Байыс би, Сарымырза (Саржомарт) қатарлы ел ағалары туыс қамын жеп, Ташкент, Самарқан, Бұқара, Хорезм, Үргеніш, Хиуада қалып қойған наймандарды жиыстырып, қазақ хандығына көшіріп әкеліп жүр. Жалпы ұлттық, мемлекеттік маңызы аса зор жұмыс атқарған.

Енді Тоқтарқожа оралайық. Шежірелер оның атасы Найманбаланың Хорезмде,Шайбаниттерде аманатта болғанын жазбай айтады. Әбілхайыр хандығының «көшпелі өзбектер» қауымдастығындағы наймандар  сол заманда орасан зор күшке ие еді. Оның себебін М.Тынышбаев наймандардың адам санының молдығымен түсіндіреді. Ал, Шибандар деген кім? Оған ғалымдар былай жауап береді. «Шибан ұлысында өмір сүрген наймандардың бір тобы басқа да түркі және моңғол тілдес тайпалармен бірге ортақ атауға ие болды. Ол шибандықтар деген атау» (Найман. Алматы 2008 ж. 2 кітап, 28-бет). Н.А.Аристов бұдан да ары кетеді. Әлем мойындаған ғалым мынадай дерек ұстатады: «…настоящими узбеками были только дружины, прибывшие с Шейбанидами, зерна этих дружин должны были составлять главным образом остатки «коренного» монгольского войска Джучи; эти роды уяс-дурмен, кият, кунграт, уйшун, найман»…Қазақшасы-«Нағыз өзбектер деп Шейбандармен бірге келген әскерді айтады. Олардың түп негізін Жошы ханнан қалған ежелгі мыңғұл жасағы құрады. Олар:  ұяс-дүрмен, қият, қоңырат, үйсін, найман рулары еді.»  (Н.А.Аристов. Усуни и киргизы или кара-киргизы. Бишкек. 2001 г. 370-стр)(Н. А. Аристов. Үйсіндер мен қырғыздар және қара қырғыздар. Бішкек. 2001 жыл, 370 бет)

Аталып отырған Шейбан қазақ арасында Сәйбен, Сейбақ, Шәйбен, Сәдібек деп те ныспыланады. Қабанбай батырдың арғы жағы туралы

«Атамыз Тоқтарқожа Сәйбекханнан,

Кезінде озған екен мың мен саннан»

деген жолдардың түпкі, ұмыт болған мағынасы енді түсінікті болды. Найман баланың Сәйбектің-Шибандардың хан сарайында өскенін, оның найман елтұтқасының баласы екенін шежіре осылайша, ауыз әдебиетінің, ауызша шежіренің нормаларына сәйкес ауыстыра сақтап қалған. Найманбала өскен хан ордасы Үргеніш-Хорезмде. Шәкәрім қажының Тоқтарқожаны «өзбек-сарт» деуінің себебі осы.Тіпті, бүгін де, ұятта болса айтайық қытайдан, мыңғұлдан, қарақалпақтан келген қазақтарды қысқарта-қытай, мыңғұл, қарақалпақ дейміз бар. Шәкәрімдерден қалған ыңғайсыз үрдіс әлі бар. Керей хан мен әз Жәнібек сол кездегі өз мекеніміз, қазіргі өзбек жерінен көшіп, Шу бойындағы Моғол ханы Есенбұқаға келіп қоныстанды ғой. Шәкәрім қажы бүгінгі өзбек жерінен көшкен оларды «сарт-өзбек» демейді. Тоқтарқожаны ғана атайды.Себебін түсіну қиын. Шәкәрімұлы Ахаттың  «Әкем шежіресінде біраз жаңылыс барын айтып, түзетпекші еді. Үлгермеді» деген екен. Демек қажекең қателескенін ұққан ғой.

Шыңғысханның кейінгі ұрпақтары-Шайбандар, оның ұрпағы түркі рулары басшыларының балаларын аманатқа алып отырған. Бұл шара аманатқа бала бергендердің бас көтермеуі, өзгеге ауысып кетпеуі үшін істелген. Осындай аманатта Найманбала да болғанын Қаракерей Қабанбай батыр туралы кітаптарда жазылып жүр. Қысқартып, еске түсіру үшін оралып отырмыз.

Хорезм мемлекетінің іші саяси күресінің аяғы қанды қақтығысқа соққанын шежіре өзінше, ауыз әдебиетіне сәйкес айтады.  Хорезм Мемлекетінің ханын-әкелерін 1621 жылы өлтіріп, мемлекетті бес жылға жуық ұлдары-Әбіш пен Елбарыс тартып алады. Бірақ кейін қарсы жақ күш алып, екі ұл өлтіріледі. Екі ұлдың нағашылары-наймандар бас сауғалауға мәжбүр болады. Бұл оқиға жайлы Әбілғазы баһадүр  400 жыл, Н. Аристов 150 жыл, М. Тынышбаев пен Шәкәрім қажы  100 жыл бұрын жан- жақты жазып кеткен. Қайталаудың қажеті жоқ шығар. Міне, Хорезмдегі осы оқиғадан кейін бой тасалап, өз найманына уақытша, артындағы шу басылғанша келген Тоқтарқожаны «хан тұқымынан» деп бұлғақсыз сөйлейді. Ақтайлақ шежіресі де Сәйбек ханнан таратқаны есімізде. Ахмади шежіресі де Шайбақ ханнан шығарады Тоқтарқожаны. Ал төбе би Сүлеймен тоғыз атасын хан қылып көрсетеді. Бар шежіре бірауызды. Найманбала Шибандарда аманатта болған найман ел тұтқасының баласы.

Келесі бір аса маңызды жағдай-наймандар нақ осы ХVІ-ХҮІІ ғасырда, Тоқтарқожаның тұсында өзбекте, түркіменде аса қуатты, мемлекет ісіне тікелей араласып отырған, патшаның оң жағынан орын алған, өзгелерге дес бермейтін ру еді дегенді М.Тынышбаев дәлелдеп кеткен. «Наймандар… Сыр бойындағы қалаларды, Үргенішті басып алуға… Жошы ханның қолбасшылығымен қатысып Арал мен Каспий теңізінің аралығына қоныстанып қалды,.. Жошы ұлысының орталығы  Арал-Каспий теңіздері аралығына ауысқанда … найман өз үлестеріне жер алды». (Найман. Алматы, 2008 ж. 335 бет). Көріп отырсыздар, наймандар Сыр бойына, бүгінгі өзбек жеріне, Үргеніш, Хорезмге 1220 жылдарға дейін қоныстанып үлгерген. Тамырланған. 1621 жылдары осындай мол күш жиендері Әбіш және Елбарысты қолдаған шығар. Сөйтіп, таққа жиендерін жетеледі. Осы кез туралы Шәкәрім ата мынадай мағлұмат береді: «Таққа Самарқандтық Хосрау дегенді отырғыза алмаған соң, Софы Мырзаның баласы Өкіреш қазақтарға көшіп кетті». (Шәкәрім Құдайбердіұлы, Шежіре… Алматы, 1990 ж. 75-бет). Шәкәрім ата осы жерде Өкіреш Шалдың емес, (ол кезде Өкірештің дүниеден өткеніне 200 жылдан асқан) Өкіреш наймандардың өзбек жерінде қалған үлкен тобының-Тоқтарқожа, Толымқожа, Қойшыаға есімді қара наймандардың, Байғана, Болатшы, Көкжарлы, Бура наймандардың қазаққа үдере  көшкенін айтып отыр. Осы жағдай найманға қатысты тағы да бір деректі көтеруге жетелейді. Ол жайлы М.Тынышбаев былай жазады: «1625 жылы әкесін өлтіргендер өлтірілді. Наймандар Хорезмнен 3 бағытқа қашты…» (М.Тынышбаев. Қазақ халқының тарихына қатысты материалдар. Ташкент, 1925 ж. 56 бет ) Қашқындардың бірі-Тоқтарқожа.  Шәкәрім қажының «сарт» деу себебі, бұлар Хорезмнен ауған.

Байыс би Тоқтарқожамен ежелден таныс сияқты. Бұған мынадай дәлел бар.

Қазақтың байлығының да, барлығының да басы, түп негізі-жылқысы. Жылқыны сақа, аса сенімді, бойында күші, қарында қуаты бар жігіттер ғана бағады. Байыс бидің елінде аптал азамат аз емес-ті. Соған қарамастан жылқышыларды да, жылқыны да Тоқтарқожаға тапсырады. Неге? Өйткені, Байыс би Хорезм, Хиуадағы, Самарқандағы «көшпелі өзбек» аталып жүрген қазақтардың арасындағы текті тұқымнан шыққан Тоқтарқожа найманмен арыдан тонның ішкі бауындай араласып, білісіп кеткен

Қазақ жеті атасын білмеген жерден қыз алып, қыз беріспеген. Оның үстіне Байыс секілді бүкіл елі аузына қараған дегдар бай «тең-теңімен, тезек-қабымен» деген қазақы қағиданы берік ұстанған. Байыс бидің құдасы, күйеу баласы өзімен иық теңес, тегі қаракөк болуы-міндет. Бет-беделін, абырой-атағын өлімнен де жоғары ұстайтын Байыс бай Тоқтарқожаның өзге елде қалған найман ел тұтқасының тұқымы екенін, араларына жеті ата түсіп кеткенін анық білген соң берген жалғыз қызы, еркетотай Мақтаны.

Тоқтарқожа кетерінде «жүрмеймін» деген Мақтаны қинаған да, ренжіген де жоқ. Қайын атасының бауырында өскен Байжігітті анасынан ажыратпай тастап кетті. Бірақ қазақта «Қара шаңырақ» деген қасиетті ұғым бар. Сол ұғым, қазақшылығы кенжесі-Жанжігітті тастатпады. Болсаң, осындай-ақ қазақ бол!

Қаракерей Қабанбайдың арғы аталары туралы айтушылар мен шежірешілерде Найман бала әз Жәнібек ханмен тұстас. Әз Жәнібек Жұпар анаға жерді өз үкімімен бөліп береді. Бұл оқиға жөнінде барлық шежірелер мен шежірешілер, Дарабоздың өз ұрпақтары пікірлес. Өзгедей ауан жоқ. Екі-үш қиырға тартып тұратын шежіре бұл мәселеде басқа айғақ ұсынбайды.

Тоқтарқожаның атасы Сәйбек пен анасы Жұпар қазақ ханы Әз Жәнібекпен сыйласымды болды. Жұпар ана әз Жәнібекпен тең сөйлеседі. Осы-ақ Тоқтарқожаның қаракөк текті екенін, оны Жәнібектің білгенін айғақтайды.

Тоқтарқожа шынымен қожа болса, қожалығын істер еді. Бала сүндеттеп, шәкірт оқытып, жаназа шығарып, садақа жинап, мал тапса жарасады. Алайда, не өзі, не інілері дінді маңайламайды, қожалықтың нышаны жоқ. Қойшыаға серілік құрып кетеді неше жыл. Сөйтіп жүріп, Қызай анаға үйленеді.Сол тұстарда сері атанған қожаны естігеніңіз бар ма? Ал өзбек сауда жасап, тері-терсек жинаса керек-ті.Ендеше Найманбала-(Сәйбекхан) Шәйбендерде аманатта өскен найман Елтұтқасының ұлы. Одан өрген Тоқтарқожа да найман емей, кім болсын.

Шәкәрім атаның өзбекті «сарт» деуінің астарында не жатқанын түсіну қиын. Жеті жасында әкесі өліп, Абай дананың тәрбиесінде өскен қажы атаның Абайдың Қарасөздерін білмеуі мүмкін емес. Ендеше, Екінші сөзде «Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді, енеңді ұрайын кең қолтық, шүлдірлеген тәжік деп» дейді. Абай сартты өзбектен бөліп қарайтынын Шәкәрім қажы қалай аңғармады екен? (Абай. Қарасөз. Поэмалар. Алматы, 1993 ж. 9 бет). Өзбек-сарт емес. Оның үстіне қазақ атам заманнан бері «Өзбек-өз ағам, сарт-садағам» деп өзбек пен сарттың-тәжіктің аражігін ажыратып, өзбек туысымыз екенін айтып келеді. Бүгінгі қазақ 550 жыл бұрын ғана Әбілхайыр ханның Өзбек Ұлысынан бөлініп шыққаны тарихи факт.

Реті келгенде айта кетейін-Самарқан маңы тұнып тұрған қазақ руларының аттарындағы ауылдар. Қышлақ аттары-Бағаналы, Балталы, Балғалы, Бесбала, Беснайман, Дүрмен, Жағалбайлы, Зарман, Қаңлы, Қарабағаналы, Қаранайман, Қатаған, Қият, Қоңырат, Маңғыт, Найман, Наймансарай, Наймантепе, Найманауыл (өзбек қышлақ дейді ғой), Шанышқылы, Сарықыпшақ, Өкіреш, Тарақты, Керей, Шапырашты, Жоғары үйсін, Жанғұлы, Төртуыл, Тоқмақ, Садыр, Қаракесек, Қанжығалы, Қарқұрсақ, Шөмекей, Сарықұл, Жамбай… Бұл, мен білетін қазақ рулары. Бұл атаулар бүгінгі өзбек жері әз Жәнібек пен Найманбала кезінде қазаққа мекен болғанын айтып тұрған жоқ па?! Осыны тарихи еңбектермен таныс Шәкәрім, әрине, білді. Онда «сарты» несі? Жұмбақ!

Самарқаннан 30 шақырымда жалпы найманның шежіре бойынша бастауы Өкіреш Шал жерленіпті. Бабаға өзбек наймандары 1988 жылы белгі қойып, моласын сақтап отыр екен. 2011 жылы қазақ азаматтары жиналып, көрнекті, ел қызыға қарайтын құлпытас орнаттық. Биіктігі-3 метр, ені-1,5 метр қызыл гранит атамыздың мәңгілік орнын белгілеп тұр қазір. Ас бердік. Оған жоғарыда аталған рулар көптеп қатысты.

Нақ осы Самарқанды Алшын Жалаңтөс Баһадүр биледі емес пе? Одан әрі, батысқа қарай Әйтеке биге кесене тұрғызылды. Ыңғайсыздау шығар, сонда да айтайық. Жалаңтөс баһадүр де, Әйтеке би де Алшын ішіндегі Төртқара тайпасынан. Нақ осы Төртқара Матай ішінде де бар. Бұлар кезінде бір ру болған, кейіннен бірі батыста қалып, екіншісі найманымен көшіп кеткен, екіге бөлінген бір ата сияқты.Кезінде найман-алшын жұп болыпты. Бұған қытай ғалымы Су Бэхайдың мына бір дерегі куә «ХІІІ ғасырдың алғашқы жартысында қалыптасқан одақтың құрамында найман, қара қазақ, алшын, қоңырат, жалайыр тайпалары болған.» (Тұрсынхан Зекенұлы. Сыр бойындағы Төлек ата, Қылышты ата кесенесі. Астана2003 ж. 8 бет)

Ең ғажабы, өзбек наймандары Ақсақ Темірді дүрбен найман, оның ішінде барлас табынан деп отыр. Қазақ арасында Шымкентте, Түркістанда, Қызылордада, Астана түбінде өздерін «найман ішіндегі дүрменбіз» дейтін үлкен жұрт бар.

Осы жерде мына бір ғылыми деректі келтіре кетсек: «VІІ ғасырға қарай наймандарда ұлыс құру ахуалы пісіп- жетіліп, нәтижесінде хан басқарған дербес мемлекет тарих сахнасына келді. Жаңадан құрылған конфедерацияның құрамында сегіз тайпа: найман, татар, қатағин, салжиут, мергіт, дербен, ыбура, тайжиуттар енді». (Е.Сәлімбай Ата-баба тарихынан, Алматы, 2007 ж. 34-бет).  VІІ-ғасырдағы атаулар бүгін де аса көп өзгермеген. Найман, татар,қатаған, меркіт,дүрмен түсінікті. Дереккөз Қытайдан екен. Оларда «р» әрпі жоқ. Осы әріпті «л» әрпінің орнына қойсақ, «салжиуттан»-саржомарт көрінеді.  Тайжиут-ХІІІ гасырда сәл өзгерді-тайчиут аталды.«Ыбура» дан-бура анық көрінеді.

Мергіт-меркіт туралы бір ауыз сөз. «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітапта (Қазбек бек Тауасарұлы, Түп-тұқианнан өзіме шейін. Алматы. Жалын. 1993 ж. 96-бет). Меркіт пен Шапырашты бірі баласы, бірі әкесі. Тек, әдеттегі  шежіре дерегі сияқты әке мен баланың орны ауысқан тәрізді. Бұлай дейтініміз шапыраштылар тарайтын Бәйдібек бабамыз ХҮ-ХҮІ ғасырларда өмір сүрсе керек, себебі, кіші келіншегі Домалақ Ана 1376-1378  жылы туды деп тарихшылар да, шежірешілер де нақтылы көрсетіп жүр. Ендеше, көнесі ҮІІ ғасырдан бар Меркіт қой. Соған қарағанда бұлар да найманнан алыс емес..

Сыр бойындаҚаракерей Қабанбай батырды арғы атасы Тоқтарқожаның есіміне байланысты қожалардың шежіресіне қосып қойғанын естідік. Атақты Керей Қожаберген жырауды, Шанышқылы Бердіқожа батырды, Уақ Сарқожа биді, Қожамжар шешенді кіргізбегеніне шүкір! М.Тынышбаевтың «Тоқтар деген қожа келді» дегенін бетке ұстаса керек олар. Бұл  Тоқтарқожаның, оның ар жағының тарихи оқиғаларын, солардың тұсындағы лауазым, шендерді білмеуден туған қателік. М.Тынышбаевтың «қожа» дегенде не айтқысы келгенін түсінбеу.

Мұны да талдайық. Алдымен Қаракерей Қабанбай батырды бізден әлдеқайда жақсы білген замандастары-Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей, Саршуаш жырауларға Әйтеке, Төле, Қазбек билерге, Абылайханға, өз ұрпақтарына жүгінейік. Осы Бабаларымыздан Қаракерей Қабанбай батырдың найман екеніне күмән келтірген бір ауыз сөз қалғанын естігеніңіз бар ма?

Әрине, жоқ. Керісінше, Бұқар дана:

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Шақшақұлы Жәнібек,

Қаз дауысты Қазыбек,

Ормандай көп Орта жүз

Содан шыққан төрт тірек,- деп,

батырдың руын «Қаракерей» деп тап басып айтып тұрған жоқ па? Ұмытпауымыз, жадыдан шығармауымыз қажет-қазақ ұлтының көзі де, сөзі де болған Ұлы Аталық, Алаш жұртының арасында Көмей Әулие атанған Бұхар данышпанға ревизия жасалмайды. Айтқаны-шындық. Әлде «… Қазақта Қаракерей Қабанбайдай… батыр болған емес» деген Мәшһүр Жүсіп Көпей әулиемен сөз жарыстырамыз ба? Ол жарықтық та «Қаракерей» деп соқырға таяқ, білмеске айғақ ұстатып тұр ғой. Жалпы әркім қоғамдағы орнын білгені абзал-ақ. Қаракерей Қабанбай батырды зерттей бастағаныма отыз жылдан асыпты. Алды-артын азды-көпті білетін сияқтымыз. Бастауы найманның елтұтқасы-Тоқтарқожа, аталары-атақты палуан-Мәмбет, Еңсегей бойлы ер Есімнің жеке батыры Күшік, жойқын батыр Қожақұл болса, арты-Әлі, Әділбек батырлар, төбе би Сүлеймен, Егемен қазақ елінің Парламентінің Төрағасы-Марат Оспанов, әлемді аузына қаратқан-Мұстафа өз Түрік, жазушы-Зейнолла Сәнік, Әсет Найманбайұлымен құйрық тістескен әнші Мәмбет, оның шәкірті, Д.Рақышевтың ұстазы-Қадрихан. Батырдан, саясаткерден, палуаннан, өнер тарландарынан кенде емес. Бірақ Дарабоздың не алдында, не артында «пәленшебай деген имам, түгеншебай деген молда» болды дегенді естімеппіз. Осыны сұрағанымда Қабанбай батырдың тікелей ұрпағы, атақты шежіреші Ахмадидің немересі Қапшырбай ақсақал шамданып қалды:

-Біздің қожаға жанасар жеріміз жоқ! Ары жүрсін! О, несі-ей!- деп.

Келесі, аса маңызды нәрсе-Қаракерей Қабанбай батыр, оның аталары туралы көпшілік алдында пікір алысамын десеңіз, сол аталардың заманына терең үңілген ләзім. Жалпы, «қожа» деген кім, бұл сөз Тоқтарқожаның заманында, оның алды, артында қандай мағына бергенін жұртшылық біле бермейді. Әңгіме түгел болсын осы жағына да тоқтала кетейік. Шәйбен ұлысының ханы Әбілхайыр заманына жүгінейік. Әбілхайыр 1428-1429 жылдары хан сайланды деп топшыланады. (З. Сәдібеков. Қазақ шежіресі. Ташкент, 1994 ж. 97-б) Осы сайлауға найманнан тоғыз елтұтқа, ру, тайпа көсемдері қатысқанын жазады. Олар-Шайх софы найман, Ақ софы найман, Қара найман Оспан, Толу қожа найман, Тұнғашық қожа найман, Сары Оспан Өкіреш найман, Жүсіп қожа найман. Осылардың үшеуінің Толун, Тұнғашық, Жүсіп наймандардың «қожа» деген дәрежесі бар. Ол «қожа» сөзінің дін тарата келіп, қазаққа сіңген бүгінгі қожаға еш қатысы да, мағынасы да жоқ.

Сол тұстарда «қожа» сөзі өзге руларда да кездеседі. Әбілхайырдың қолбасшылары-Бағлы қожа қоңырат, Дәулет қожа құсшы, Мағзы қожа уйшун. Енді, өздеріңіз де түсінген шығарсыздар, «қожа» сөзі-лауазым, шен. Мүмкін, сол рудың иесі, қожасы деген мағынада шығар. Осы сөз маған орыстың «боярин», «воевода» дегенімен шендес көрінеді. «Қожа» сөзі Өкіреш Шал, Ақсақ Темір тұсында, одан бері де мансап ретінде қолданылыпты. Мысалы, 1365 жылы Моғолстанның ханы Ілияс қожа өлтіріліп, тағын Камаретдин тартып алады. Алайда 1383 жылы Әмір Темір Камаретдинді майдан даласында әбден әлсіретіп, 1389 жылы таққа Қызыр қожа отырады. (Хилда Хукхэм. Властитель семи созвездий. Ташкент. 1995 г. 85- 87 стр.)(Хилда Хукхем. Жеті шоқ жұлдыздың әміршісі. Ташкент, 1995 жыл, 85- 87 бет) Қызыр-Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы Шағатай ханның ізбасарларының бірі. Көрдіңіз бе, Шыңғысханның ұрпақтары да таққа дүмін тигізгенше өз аумағына ие болып, «қожа» лауазымымен жүрген. Ендеше Қабанбай батырдың арғы атасы Тоқтарқожаны дін тарата келген «қожа» еді деу Батыр тарихын қасақана бұрмалау, тарихтан-сауатсыздық.

Біз архаизм-көне сөздеріміздің біразының мағнасын ұмытып қалғанбыз. Мысалы, Өкіреш атаға қосыла айтылтын «Шал»-дың ХІІІ ғасырға дейінгі  мағнасы-«ханзада» екен. (Бақыт Еженхан. Қазақ Ордасы. 2003 ж. № 3. 13 бет.) Сол екездерде найман елтұтқаларына «бұқа» жалғанып отырған. Мысалы, Арық бұқа, Семіз бұқа, Инанығ Білге бұқа, Бай бұқа, Тай бұқа Кел бұқа, Кет бұқа т. б. «Өкіреш»-тің көне мағнасы-кішкене бұқа екенін өзбек укірач наймандары естеріне  сақтап отыр. Демек «өкіреш» те-ханзада деген мағына береді. Сонау замандарда ұғынықты болған осы сөздер «қожа» сөзі секілді уақыт өте қоғамдық құрылымдардың, формацияның өзгеруіне байланысты қолданыстан шығып, мағнасын жоғалтқан.

Қазіргі кезде «қожа» сөзін жиі қолданатын-түріктер. Олар медреседегі қатардағы мұғалімдерді «қожа» деп атайды. Басшыларын «ұстаз» дейді.

М.Тынышбаев нақ сол замандар тарихын жетік білді. Орта Азияда қалып бара жатқан қазақ рулары ғалымды қатты толғандырды, мол жазды. «Қожа» сөзінің ол тұстағы мағынасын нақтылы біліп, Тоқтар деген қожа десе-«Тоқтар деген Елтұтқа»-деген мағынада айтқан. Тынышбаевтің түпкі ойын түсінбеудің салдарынан Қабанбай батыр арқылы қожаларға бедел жинаймыз деген кейбір шежірешілер тиылғаны жөн. «Аруақ атады» деген сөз бар.

Қаракерей Қабанбай батыр жайлы аса мол дерек қалдырғандар, негізінен, өз ұрпағы. Олар: төбе би Сүлеймен, шежірешілер- Маусымбай,  Ахмади, Бейсенғали Садыхан, жазушы Зейнолла Сәнік. Осылармен қатар Қапшырбай Оспанұлы, Мәукен Шотанбек және шежіреші Төлеуғали Бірбалаұлы және де басқа көптеген азаматтар. Осы шежірелердің қайсысын алсақ та Тоқтарқожа, оның ұрпағы Ерасыл Қожақұлұлы-Қаракерей Қабанбай батырдың түп атасы найманның соңғы ханы Күшілік немесе Байбүйрек болып шығады.

Аңыздарда айтылатын Найман бала мен Жұпар анаға қазақтың әз Жәнібек ханынының ілтифаты олардың кім екенін анық білуінен туған.

Тоқтарқожа Мақтамен 15-20 жыл отасса керек.Бұлай деуімізге себеп- Мақта Байжігітке қалыңдық іздеп шыққанда былай дейді:

Мұрынның жалғыз қызы атым-Мақта,

Нақ шыным, жалған айтқан емес жанмын.

Ұлым бар-жалғыз ғана, екі-ақ жанбыз,

Сырымды айттым саған жаным.

Мұны біз Кәрібай Таңатарұлының (1872-1931) «Мұрын және Байжігіт» дастанынан алып отырмыз. (Астанадағы «Отырар» кітапханасында сақтаулы) Мақта жаңағы сөзді өзіне ұнаған, Найман-матай ішіндегі Қаптағай табының Бақберді деген азаматының Бүрлен деген қызына қарата айтады. «Екі-ақ жанбыз» деуі Тоқтарқожаның бұл тұста қазақ арасында еместігін көрсетеді. Байжігіт сол заманның салтына орай 16-20 жас аралығында үйленер болса, Тоқтарқожа да осы жылдар мөлшерінде Мақтамен түтін түтеткен.

…Жайлауы Дәулеткерей, Есіл, Нұра,

Құдалық бұрынғыдан қалған мұра.

Аттанды ел жайланып орныққан соң,

Жолымбет көп жолдаспен бас боп құда,-деп осы дастанда айтылатындай Қабанбай батырдың түп атасы Байжігіт келер жылы Арқада, Есіл-Нұра ортасында үйленеді. Бұдан да екі нәрсе анықталады. Бірінші, Қабанбай батырдың Ұлы нағашылары Матай-Қаптағай наймандар. Екінші, найман ішіндегі қаракерей, матайлар ол тұста Арқаны, Есіл-Нұра маңын мекендеген. Оқиға Арқада-Есіл мен Нұрада болып жатыр. Найман сол жақты мекендеп отыр.

Қаракерей Қабанбай батырдың арғы аталары туралы жан-жақты қамти сөйлеу оңды. Дарабозға байланысты әр сөздің сұрауы бар. Қалың қазақ көзі тірісінде «Көкірек әулие» деп,  төбесіне көтеріп, хан сайлаған Хан Батырдың түпкі тегін терең зерттеп қана сөз шығарған оңды. Қаракерей Қабанбай батыр-қай жағынан алып қарасаң да, нағыз қаракөк қазақтың өзі.


Камал Әбдірахман,

Қаракерей Қабанбай батыр

кесенесінің шырақшысы

Астана 

Abai.kz

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

x

Check Also

Академиктің тарихи тағылымы

Советтік тоталитарлық қоғамның ызғарлы кезінде-ақ, Кеңес аға 38 жасында тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін иеленген ...