Еуропаға дейін шапқыншылық жорықтарын жасап, әлемнің жартысын бағындыра білген Шыңғыс ханның Ұлы Моңғол империясы туралы жазылған жазба дереккөздер саны аз емес. Шыңғыс хан және оның ұрпақтарының генеалогиясы, шапқыншылықтары мен жасаған ерліктері жайында бірнеше шығармалар әр ғасырда жазылып отырған. Дереккөздердің әр тарихи кезеңге қарай бөліп классификациясы жасалынған. Мәселен, моңғол дәуірі тұсында жазылған шығармаларға: Тарих-и  джахангушаи, Тарих-и мугул, Тарих-и Вассаф, Шахнама-и Чингизи. Сонымен қатар, шағатайлық дереккөздер, Темірлер билігі тұсындағы  жазба деректер, шайбанилік жазба деректер, Сефевидтік дереккөздер, аштарханилік дереккөздер, бабырлық дереккөздер және хиуалық дереккөздер болып бөлінеді. Олардың саны көп болғандықтан басты-басты дереккөздерге қысқаша тоқталғанды жөн санадым.

Шыңғыс хан және қытай елшілері

Зерттеуші ғалымдар Шыңғыс хан тарихын, жалпы түркі моңғолдар тарихын зерттеу кезінде ешбірі Ата Мәлік Жувайнидің XIII ғасырда жазылған «Тарихи джахангушаи» атты шығармасын айналып өтпейтіні анық. Бұлай деуіміздің себебі, автор Ата Мәлік Жувайни Шыңғыс ханның немересі Хулагу ханның барлық жорықтары, соғыстарын өз көзімен көріп, басы қасында болғандықтан, бірден – бір нақты дереккөз ретінде бағаланады. Бұл шығармада Шыңғыс ханның генеалогиясы және алғашқы жаулап алу жорықтарынан бастап Хулагу ханның 655 жылы исмаилиттерге қарсы жасаған шабуылдары мен исмаилиттердің жойылғанына дейінгі моңғолдар жорықтарының жалпы көрінісін баяндаған. Белгілі отандық  тарихшы ғалым, профессор М.Х. Абусейтова атап өткендей, Жувайнидың бұл еңбегі Қазақстан және Орталық Азия тарихы бойынша құнды дереккөздердің бірі болып саналады [1,18]. Осы шығармаға сүйене отырып, кейіннен біршама тарихи шығармалар дүниеге келді. Солардың бірі хулагуидтік дереккөздер қатарына жататын «Жами ат –тауарих» шығармасы. Бұл шығарманың екі авторы бар. Ең алғашқы авторы –  Рашид ад – дин Фазлаллах болса, екінші нұсқасының авторы – Қадырғали Жалайри. Хулагуидтердің уәзірі, дәрігер әрі энциклопедист ғалым болған Рашид ад-Дин Фазлуллах ибн Абул-Хайр Али Хамадани XIV ғасырда, яғни 1300/1301жылдары илхан Газан ханның бұйрығымен моңғолдар тарихы туралы құнды шығарманы жазады. Бұл еңбектің негізгі бөлігі «Тарих-и Газан хан» деп аталады. Аталмыш парсы тіліндегі тарихи шығарма шамамен 1310 жылы толықтай жазылып бітеді. «Жами ат – тауарихтың» бірінші томында  алғашқы татар тайпалары мен Шыңғыс хан генеалогиясы жайындағы мәліметтер жинақталған. Осы жөнінде татар тарихшысы, иранист А.Арсланова өз еңбегінде иран тарихшысы Аббас Ихбалға сілтеме бере отырып, былай деп жазады: «А.Экбаль также подчеркнул особую ценность первого тома «Джами ат – таварих», который назвал «уникальной историей народов, первоначальных татарских племен и предков Чингизхана». «Даже в Джахангуша», –отметил он, – эта часть абсолютно отсутствиет. Что касается побед Чингиза и его сыновей, является кратким изложением «Джахангуша», но в части по истории Газана, особенно о его реформах, Ясе и т.д. «Джами ат – таварих» является ценной сокровищницей» [2,141].  Сондай – ақ, «Тарихи джахангушаи» шығармасында Ата Мәлік Жувайни айтып өткеніміздей, сол кезеңде өмір сүргендіктен, моңғолдардың қол астындағы мемлекеттердің жалпы тарихын жазса, ал оның ізін жалғастырушы Вассаф, Рашид ад-Дин сынды тарихшылар илхандарға бағынатын мемлекеттердегі жағдайларға көбірек мән бергендігін атап өтеді.

Шыңғыс хан және моңғол бунчуктарының суреті

Қазақстан және Орталық Азия тарихын, жалпы әлем тарихын зерттеуде  «Жами ат-тауарих»  тарихи шығармасы құнды  дереккөз ретінде бағаланады. Тарихи шығармалардың дәстүрі бойынша  «Жами ат-тауарих» еңбегінде де түркі-моңғолдар тарихын Оғыз хан тарихынан бастап жазылған. Рашид ад Дин пайғамбар Нұқтың (ғ.с) ұлы Яфес, оның ұлы Диб Бақойдың (دیب باقوی) төрт ұлы: Қарахан(قراخان) , Орхан( اورخان) , Курхан( کرخان)  және Козхан(کزخان)  есімдерін атап өтіп, көшпенді түркілерді  Қараханның ұлы Оғыз(اوغوز)  қауымынан тарайды деп жазады[3,29]. Ал, Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресі» шығармасында Оғыз ханның әкесі Қараханды Моңғол ханның ұлы деп жазады [4,17]. Яғни, «Түркі шежіресі» бойынша түркілердің генеалогиясын сызба түрінде көрсетер болсақ: Нұқ – Яфес – Түрік – Түтік – Елше хан – Деббақой – Күйік хан – Алынша хан – Моңғол хан – Қарахан – Оғыз хан.Енді осы «Жами ат-тауарих» шығармасында көшпелі түркі-моңғол тайпалары жайында айтылған деректерге тоқтала кетейік. Рашид ад-Дин бұл еңбегінде шығу тегі ерте заманнан бастау алатын тайпалар туралы нақты деректер аздығын айта келе, тайпаларды екіге бөліп қарастырады: бірінші бөлімі алғашында басқаша аталып, кейіннен моңғолдар атауын иеленген тайпаларға арналған. Ол халықтар бірнеше тармаққа бөлініп, әрқайсысының нақты атаулары болған. Атап айтсақ, жалайыр, сунит, меркіт, курлаут, тулас, тумат, булагачин, карамучин, урасут, тамгалык, таргут, ойрат, баргут, кори, төленгут, кесутами,урянка, куркан және сукаит. Екінші бөлімінде жоғарыда аттары аталған тайпалармен қатар өмір сүрген, бірақ моңғол атауын ерте заманнан иемденбеген тайпалар жөнінде баяндалады. Олардың саны шексіз. Атауларына және олардың тармақтарының әрқайсысына жекелеп мәлімет бере кетеді.  Олар: керейт, найман, онғут, тоңғут, беркин, қырғыздар.

Абаға (ат үстінде), оның алдында бала Газан ханды көтеріп тұрған Аргун

Есімдері аталған тайпалар Аргун немесе Эркене ғунге(ارکنه قون)  кеткен екі адамнан таралған деген аңыз бар. Көбейіп, төрт жүз жылда моңғолдардың саны басқа халықтармен толығады. Яфестің есімін Абулже хан немесе Абубже деп беріледі. Ол жайында Рашид ад- Дин былай деп жазады: « ترکان یافث را  ابوبجه خان (ابولجه) خوانده اند و محقق نمی دانند که ابن ابوبجه خان پسر نوح علیه السلام بوده, یا فرزاندزاده او.» [3,29]. Аудармасы: «Түркілер Яфесті Абубже (Абулже) хан ретінде біледі және зерттеушілерге  Абулже хан Нұх (ғ.с) пайғамбардың ұлы немесе ұрпағы болғандығы белгісіз».Ал,енді Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресі» атты еңбегіндеИафес туралы былай дейді: «Иафесті біреулер пайғамбар еді дейді, біреулер пайғамбар емес дейді. Иафес атасының әмірімен Жуды тауынан кетіп, Еділ мен Жайық суының арасына қоныс тепті. Екі жүз елу жыл онда тұрып, опат тапты. Иафестің сегіз ұлы бар еді, ұрпақтары көп болды. Олар мыналар: Түрік, Хазар, Сақлап, Орыс, Мең, Шын, Кеймар, Тарих. Иафес өлерінде өз орнына үлкен ұлы Түрікті отырғызып, өзге ұлдарына: «Баршаңыз Түрікті патша біліп, оның сөзінен шықпаңыздар»,– деп өсиет қылды» [4,18-20].

Үгедейдің таққа отыруы

Түркі-моңғол атауы қатар айтылатынын да тілге тиек етіп атап өтеді.  Оғыздың қауымындағы әр тайпаларға қысқаша тоқталып, олардың сол кездегі қоғамдағы рөлі мен орны жайында мағлұмат береді.اوغوز ایشان را نام ایغور نهاد و معنی این نام که لغت ترکیست. بپارسی آنست که بما پیواست و مداد و معاونت کرد.و این جماعت همواره با اوغوز می بودند». Аудармасы: «Оғыз оларды ұйғыр деп атаған, бұл сөз түркінің сөзі, оның парсыша мағынасы–бізге көмекпен қосылған. Және бұл қауым Оғыздың жақтасы болған» [3,33]. Махмұд Қашғари ұйғыр тайпасы туралы нақты анықтама бермейді, тек Ұйғыр жеріне жақын орналасқан жерлер мен тайпалардың атауын (Тарим, арамут,тауғаж) атап көрсетеді [5,145-253].

Моңғолдар мен қытайлар арасындағы шайқас

Қаңлы(قنقلی)  тайпасы cоғыстарда Оғыз қауымымен жақтас болған. Тайпа туралы Рашид ад-Дин «Жами ат-тауарих» шығармасында былай дейді: «این قوم در وقتی که دیگران اولجای و غارت و غنیمت کردند و بر چهار پایان بار می کردند، از استنباط خاطر خود گردون را بساختند و اولجاها و غنایم و اموال خویش بر آن بار می کردند و گردون را بترکی قنقلی گویند و آن قوم را بدانسبب بنام قنقلی موسوم گردانیدند.». Аудармасы: «Басқалар оңай олжа мен ұрлық арқылы халықты тонағанда бұл қауым өздерінің қамын ойлап арба жасаған және олжадалары мен байлықтарын, дүниесін сол арбаға артатын болған. Ол арбаның түркі тіліндегі атауы қаңлы болған. Сол себепті бұл қауымды қаңлы деп атаған» [3,33]. Айтып өткен арбаны қаңлылар өз қолдарымен жасаған екен. Бұл турасында«қаңлы» этнонимінің тілдік табиғатын анықтау мәселесімен айналысып жүрген ғалымдардың ой тұжырымдары екі түрлі көзқарасқа бөлінетіндігі туралы Әбдуәли Қайдар өз еңбегінде былай деп жалғайды: «Қаңлы атауының шығу түп төркінін анықтауға атсалысып жүргендердің ой-пікірлерін өзара салыстырып, саралап көргенде,олар негізінен үлкен екі тұжырымға саятынын байқауға болады. Олардың бірі қаңлы атауы «өзен-су» мағынасын білдіретін кан/қаң гидроним түбірінен туындаған этноним, этнотопоним деп қараса, екіншісі: қаңлы атауы көне түркі тіліндегі «арба» мағынасындағы қаңға сөзінен және сол арбаның қаңқ-қаңқ етіп шыққан дыбысынан туындаған деп қарайтын жорамал» [6,11]. Сонымен қатар, парсы тілінде жазылған әлемдік тамаша туынды Фирдоусидің «Шахнамасында» да қаңлылар туралы айтқан деген тұжырымдар да бар. Бұл жөнінде «Қазақтың ру тайпалары» атты кітапта танымал ғалым С.Г.Кляшторныйдыңеңбегінесілтеме жасай отырып, былай келтіреді:

«Поднявшись, они продолжали поход,

Не ведая устали, мчались вперед.

И вскоре достигли, веселья полны,

Цветущего Канга столицы страны»

Мосулды қоршап алған моңғолдар

Яғни, осы өлең жолдарында айтылып өткен «Канг» Туранның астанасы ретінде берілгенін,ал Туранның байырғы жері Фирдоусидің мәліметі бойынша, Сырдарияның арғы бетінде солтүстік-шығысқа қарай созылып жатқанын атап көрсетеді. Сонымен қатар, Рустамның Туранға жорық жасағандығын айта келе былай деп жазады: «Испиджабтың шахын жеңген тұсында қала және аймақ ретінде Канганың мүлде анық көрсетілетінің бұл бойынша оның Испиджабтың солтүстігіне қарай оның шекарасында орналасқанын, Канга өзені деген атау Сырдарияның атауы болып табылатынын және оның басқаша Гульзаррийуин екендігін атап көрсетеді» [7,141-142]. Демек, қаңлы атауы шығу себебі географиялық аймаққа да байланыстылығы.

Қаланы қоршап алған моңғолдар

Қыпшақ(قبچاق)  тайпасының шығу тегіне де тоқталып өткен. Оғыз хан  итбарақ тайпасымен соғысып, жеңіліс тауып аралда қалып кетеді. Сол соғыста қаза тапқан бір жауынгердің  аяғы ауыр әйелі ағаштың қуысында босанады.Мұны Оғыз хан естіп,  өз ұлым деп санап өсірген және ол баладан тараған ұрпақ «қыпшақ» деп аталатындығын жазған. «Қыпшақ» сөзінің мағынасы – «шіріген өзекті ағаш» (درختی میان پوسیده باشد) дегенді білдіреді. Кейіннен Оғыз хан он жеті жыл өткен соң итбарақ тайпасына( ایتبراق)  соққы жасап, елдерін қудалайды. Бірнеше жылдан соң Булайт (بولایت)өзі кетіп, барақтар қайтадан бүлік салғалы жатыр дегенді естіп, Оғуз  (اروغ)қыпшақты жіберіп бүліктің алдын алады және қыпшақ сол жерде қалып кетеді деп жазады автор.[3,34] Ал,  А.А.Семеновтың аудармасында бүліктің алдын алу үшін Оғыз ханның қыпшақты жібергені туралы сөйлем аударылмаған [8,84]. Қыпшақ cөзінің шығу төркіні жайында Махмұд Қашғаридын сөздігінде қыпшақты «қифжақ» (قفجاق) деп жазады және оған екі түрлі анықтама береді: бірінші анықтамада тек «түркі тайпасы» деп қана атап көрсетсе, екіншісінде Қашғарға жақын жердің атауы деп жазады[5,376]. Ал, Ш.Құдайбердіұлы мынадай пікір білдірген: «Бұл қаңлылардан бөлініп, елсіз бос жерге кеткендіктен қыпшақ атанған. Мағынасы бос, шөл, елсіз деген сөз. Шыңғыс ханнан көп бұрын Еділ Жайық маңына барып бір патшалы жұрт болып тұрғанда Жошы хан алып қаратқан, солардың атыменен ол жақ Дешті Қыпшақ атанған» [9,74]. Яғни бұл жерде қыпшақтардың бастапқыда қаңлы тайпасының құрамында болып, кейін бөлініп шыққандығы туралы деректің де кездесетіндігін байқап отырмыз.

Газан ханның ислам дінін қабылдауы

Қарлұқ( قارلوق) тайпасы жайында былай делінеді: Оғыз хан өз жұрты Ғуруғурстанға (غوروغورستان) оралмақшы болып, жолай үлкен тауға кезіккенде қалың қар жауады. Оғыз хан жасақтарына қалып қалмауға бұйрық береді. Бірақ боранға шыдас бере алмай бірнеше үй бұйрықты бұзады. Оларды «қарлұқ» деп атау содан қалған [3,34]. Қазақ жерінде билік еткен қағанаттардың бірі осы– Қарлұқ қағанаты(756 — 940 жж.). Түркеш қағанаты құлаған соң билік басына келеді. Батыс Алтай және Тарбағатай жерлерін мекендеген.Махмұд Қашғаридың сөздігінде қарлұқ тайпасына «оғызға жатпайтын, бірақ түркмендерге қатысы бар көшпелі түркі тайпасы» деп анықтама береді [5,439].

Жалайыр(جلایر) қауымы бұрыннан көп болғандығы мен әр тармағынан ел басқарған әмірлер мен басшылар Иран мен Тұран жерінде, Шыңғыс ханның уағында да және бертін келе де біршама болғандығын айтады. Сонымен қатар, жалайыр тайпасының үлкен болғаны соншалық, өз ішінде он тармаққа бөлінгендігін жазған. Олар: жайт( جایت) , тоқрауыт( توقراوت) , қонғауыт( قنکقایوت) , құмсауыт( کومسایوت) , оят( اویات) , нилқан( نیلقان) , көркін(کورکین) , толанқит( طولانقیت) , тури( توری) , сұнқут(سونکقوت) . Сондай ақ, жалайыр тайпасының генеалогиясынан қысқаша мәлімет бере кетеді. Шыңғыс ханның тұсында жалайыр тайпасының жайт тармағынан Мұқлы Куяң деген ең танымал, үлкен кісі болған,  Шыңғыс ханның сол қанаттағы әскерінің бәрі оған мойынұсынған. Қытай (А.А Семенов аудармасында «хитай») тілінен аударғанда «ұлы хан» деген мағынаны береді деп жазады. [3,37].Жалайырлардың мекендеген аумағы Шыңғыс хан империясының өрлеу кезіне қарай Хилок және Селенга өзендерінің бойы,яғни Селенгаға құятын Орхон сағасыболған [10,408].

Шыңғыс хан мен Оң хан

Меркіт(مرکیت) тайпасын барлық тайпа ойрют(اورویوت)  деп атаса, моңғолдар мекрит(مکریت)  деп атаған. Бұл ойрют меркіт тайпасы  төрт тармақтан тұрады: мудан( مودان) , тудақлин( توداقلین) , оухармекрит(اوهرمکریت) , жиун(جیون) . Әскер қатары ең үлкен тайпаладың бірі болып, Шыңғыс хан мен Оң ханмен соғысып отырған. Екеуі арасында болған шайқастар туралы хикаяларды            мысалға келтіреді [3,71]. Меркіт тайпасының қай тайпаның құрамына кіретіндігі жөнінде пікірлер көп. Солардың бірі Л.Н.Гумилевтің «Монголы и меркиты в XII в.» атты еңбегінде Г.Е.Грум – Гржимайло мен С.А.Козиннің зерттеулеріне сілтеме бере отырып былай деп жазады: «В истории этносов мы видим только последовательность событий или социальных конфликтов, фиксируемых источниками. Мотивы поведения персон или групп, а, следовательно, причины событий устанавливаются исследованиями историков.Правильность предлагаемых объяснений проверяется соответствием их фактам. Так применим нашу точку зрения к объяснению загадочного усиления монголов и гибели народа меркит в начале XIII в. От последних остались только осколки среди телесов, телеутов, киреев, башкир и торгоутов. Уже в XIV веке потомков меркитов называли монголами, но до покорения они в число монголов не входили. Их причисляли с разной степенью вероятности и к тюркам, и к самодийцам; последнее представляется более вероятным (о чем ниже),но прямых доказательств за и против нет» [11,91]. Байқағанымыздай, меркіт тайпасы XII-XIII ғасырларға дейін моңғолдардың жауы болған, кейіннен жаулап алынғаннан кейін моңғолдардың құрамында болады. Тарихи еңбектерге сүйене отырып, меркіт тайпасын моңғол деп санауымызға болады.

Курлуаут(کورلواوت)  тайпасы қоңырат(قنقرات) , елжикин(ایلجکین) , берқут(برقوت) ,бекдигар(بکدیگر)  тайпаларына жақын, тіпті таңбалары да бірдей. Бұл төрт тайпа ешқашан Шыңғыс ханмен соғыспаған. Ешқашан өзіне қарсы келмегендігі үшін Шыңғыс хан оларды бөліп жармаған және құл ретінде қарамаған. [3,74] Курлаут тайпасын туралы деректер аз.

Хулагу мен Догуз хатун

Найман(نایمان)  тайпасының кейбірі көшпенді болған болса, кейбірі таулы аймақтарда, ал кейбіреулері шөлді жерді мекендеген. Олардың отырықшы жерлері: Алтай(التای)  мен Үгедей(ارکتای)  қаған үлкен сарай салдырған Қарақорым жері болған.  Таулар Елуй Сирас пен Көк Ердиште (Ертіс)(کوک اردیش)  қаңлы, мудан, мекендеген деп жазады.Қырғыздармен шекаралас тұрып, Моңғол жерінің Оңханға тиесілі жермен шектескен. Осының себебімен Оңханмен көп ұрыс – соғыс болғандығы,наймандардың салт дәстүрі моңғолдарға ұқсастығы және хандарының титулы күшлік немесе буйрук деп аталатындығын  жазады[3,95]. Найман тайпасының атауы жөнінде қазақ ақыны, философ және тарихшысы Шәкәрім Құдайбердіұлы былай дейді: «Найман деген сөз туралы да әр түрлі сөз бар, профессор Березин найман деген моғол тілінше сегіз деген сөз, сегіз ру ел болғандықтан айтылған дейді. Аристов найман деген Қатон өзенінің бір айрығы еді, сол өзен атыменен қойылған дейді» [9,76]. Найман тайпасының «сегіз» деген атауына қатысты «Қазақстан тарихы» көп томдық еңбегінде найман тайпалар одағы Жоғарғы Ертіс пен Орхон аралығында VIII ғасырдың ортасында сегіз оғыз деген атаумен пайда болғандығын жазады. Сегіз оғыз деген сөздің түрікше мағынасы «сегіз тайпаның одағы» деген мағынаны беретіндігін атап кетеді: «Найман деген атауын да оларға Ляо әулеті кезінде моңғол тілдес қидандардың бергені күмәнсіз. Найман тайпалар одағы XII ғасырдың бірінші жартысында Елюй Даши бастаған қидандардың Жетісу жеріне кетуіне байланысты аталады» [10,408].

Шағатай ханды ақтық сапарға шығарып тұрған сәт

Қырғыз( قرقیز)  тайпасы жөнінде де біршама мағлұмат береді.  Қырғыз бен Кәм кәмжиут көршілес ел болғандығы, моңғолдар жерінің бір бөлігімен, Ибир Сибир, тайжуиттар тайпасының мекені Селенга өзені маңы және үлкен өзен Анкара Муканмен шектесетіндігі жазылған. Патшасының титулы –инал. Биди орун жерінің патшасы– Урус Инал деп айтады. Сонымен қатар, 603 жылы Шыңғыс хан Алтан мен Боғра хабаршыларды қырғыздардың жеріне моңғолдарға бағынсын деген мақсатпен жібергендігі мен ол ұсынысты қырғыздар қабыл алғандығын баяндайды [3,109]. Шәкәрім қажы өзінің кітабында қырғыздарды қара қырғыздар деп көрсетеді. Орта жүзде де аз ғана қырғыздардың бар екендігін, сондай ақ, қазақтың да қырғыз нәсілінен шыққанын айта келе былай деп жазады: «Шыңғыс хан тұсында қырғыз ханы Арыс айнал (Орыс инал)деген еді. Айнал деп ханын атаушы еді. Аты Арыс еді. Абылғазы хан сөзінше, Қырғыз Оғыз ханның бір немересі еді, қырғыз соның нәсілі дейді. Осы күнде қырғыздың көбі ескі орны Алатаудың күнбатыс тұмсығына жақын Сынтас асуынан Памирдің таулы жотасында»[9,77].

Газан хан

Қоңырат( قنقرات)  тайпасы Аргун немесе Эркене ғунге (ارکنهقون) кеткен екі адамнан таралады дей келе, Рашид ад Дин қоңырат тайпасының шығу тегі туралы қызықты тарихын айтады. Үш ұл алтын түтіктен(بروی زرین)  пайда болады. Олар өте ақылды, өзгелерден білімі мен парасаттылығымен ерекшеленген.Бұл аңыз болуы да мүмкін дегенмен шындыққа жанасатын жерлері де бар. Себебі, түркі – моңғолдар патшаны көргенде «патшаның алтын жүзін көрдік» дейді екен. Оның мағынасы патшаның алтын жүректі, данышпан тұлға екендігін меңзегендігі [3,120].О.Х.Халидуллин өз еңбегінде:«Қияттың Жорлықмерген деген батырының Қоңырат деген баласы өскенде еліне билік құрады. Кейін ел соның атымен Қоңырат атанып кетеді. Олар моңғол жеріндегі Құласар деген өзен бойын мекендейді» [12,61] деп қоңыраттарды моңғолдың қият тайпасынан деген пікірді білдірсе, Шәкәрім Құдайбердіұлы қоңырат тайпасының шығу тегі бойынша Рашид ад Дин мен Әбілғазы хан айтқан қоңыраттың Оғыз хан нәсілінен және Жорлықмерген баласы Қоңыраттың ұрпағынан деген пікірлерін атап өтеді [9,74]. Қоңырат тайпасы тараған үш ұл:

  1. Журлуқ меркан( جورلوق مرکان)
  2. Қубай шире( قبای شیره)
  3. Тусбуда (توسبودا)
Толуй (Төле, Тулуй) Сорғақтани хатунмен бірге

Рашид ад-Дин бірінші ұл – сол өзі өмір сүріп жатқан кезеңдегі қоңыраттардың ата – бабасы деген тұжырымға келеді.Екінші ұлдың Икрас( ایکراس)және Олкунут(اولقونوت)  атты екі ұлы, ал үшіншісінің Қаранут(قرانوت)  және Қунклиут( قونکلیوت)  атты ұлдары болғанын атап кетеді [3,121]. Қоңырат тайпасынан аты мәшһүр әмірлер мен белгілі әйелдер шыққан. Рашид ад –Дин қоңыраттардың қолбасшысы Дай Нойанмен(دی نویان)  қыз алысып, қыз берісіп құдалас болған [3,122]. Дай Нойанның қызыБөрте фуджин (بورته فوجین) Шыңғыс ханның бәйбішесі ретінде баршамызға жақсы таныс. Шыңғыс ханның ұлдары да қоңыраттан қыз алып отырған. Осыған қарап, қоңыраттардан қыз алу Шыңғыс хан әулетінің дәстүрі ретінде қалыптасқанын байқауға болады. Бұл турасында тарихшы ғалым Т.И. Султанов былай дейді: «Среди тюрко – монгольских племен было несколько родов, которые имели преимущественное право поставлять девушек для рода Чингиз – хана. Одними из таких брачных партнеров рода Чингиз – хана с давних времен было племя кунграт. Согласно монгольской эпической   хронике 1240 г., у кунгратов была даже своя песня:

Мы, унгиратское племя,

С давних времен знамениты

Красою и статностью дев…» [13,10].

Моңғол ханы мен оның жұбайы сарай қызметшілерімен бірге

Қоңырат тайпасының Шыңғыс хан әулеті тарапынан мұншалықты үлкен құрметке ие болу себептерінің бірі -қоңыраттың әміршісі Меңлеке 13-тегі жетім бала Темучинді әкесіз қалдырмай, оның шешесіне үйленуі [12,60]. О.Х.Халидуллин Меңлекенің Шыңғыс хан әулетінде бәрінен жоғары отыруы осыдан болса керек деген тұжырым жасайды.

Қоңырат тайпасы Шыңғыс хан әулетімен тек құдандалас ретінде болып қоймай, алғашқы қимыл көрсете бастағанынан ақ, оның жағына шығып барлық жорықтарына қатысқан.

Қоңырат тайпасы кейінірек Ноғай Ордасының және Әбілхайыр хандығының құрамында болған тайпалардың бірі болғандығын білеміз.

Моңғол дәуіріне қатысты жазылған парсы тіліндегі дереккөздерді жоғарыда атап өттік. Аталмыш дереккөздердің біразы зерттелсе, біршамасы зерттеуді қажет етеді. Атап өтетін мәселе, қазақ халқы және Қазақстан тарихы бойынша ХІІ-ХІХ ғғ. жазылған парсы тіліндегі дереккөздер қазақтың мемлекеттік ұлттық идеясының қалыптасуына зор ықпалын тигізеді. Парсы тіліндегі тарихи дереккөздер қазақ халқының көптеген жылдар бойы басқа түрлі мемлекеттердің құрамында болып, сол мемлекеттердің негізгі құрамы  ретінде танылғанын қарастырдық. Осындай дереккөздердің бірі де бірегейі болып табылатын «Жами ат – тауарих» шығармасында кездесетін түрік (қазақ) тайпаларының, яғни қазіргі уақытта қазақ руларының қатарына жататын тайпалардың шығу тегі мен мекендеген аймақтары туралы құнды мәліметтер осы сөзімізге толықтай дәлел бола алады.

 

 


БОТАГӨЗ ТӨЛІМБЕТ

Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану

институтының кіші ғылыми қызметкері

 


Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. М.Х.Абусеитова, Ю.Г.Баранова. Письменные источники по истории и культуре Казахстана и Центральной Азии в XIII – XVIIIвв. – Алматы: Дайк – Пресс, 2001.
  2. Алсу Арсланова. Остались книги от времен былых… – Казань: Татарское книжное издательство, 2002.
  3. جامع التواریخ . رشیدالدین فضل الله. تهرانريان؛ اقبال و مروی

4.Әбілғазы. Түрік шежіресі.- Алматы:Aна тілі, 2006. (Көне түркі тілінен аударған: Б.Әбілқасымұлы филол.ғ.д.)

  1. Махмуд ал- Кашгари. Диван лугат ат-турк. (Перевод и предисловие З-А.М.Ауэзовой)- Aлматы: Дайк- пресс 2005.
  2. Әбдуәли Қайдар. Қаңлы. – Алматы: Дайк пресс,2004.
  3. Қазақ ру тайпаларының тарихы. Қаңлы. 12- том. –Алматы: Алаш, 2008.
  4. Рашид-ад-Дин. Сборник летописей.( перевод с персидского Л.А.Хетагурова) А.А.Семенов. Том I, книга 1-ая – Москва: Издательство Академии Наук СССР, 1952
  5. Ш. Құдайбердіұлы. Түрік, қырғыз қазақ һәм хандар шежіресі. –Астана: Фолиант, 2008.
  6. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Төрт томдық. І том.– Алматы: Атамұра, 1996.

11.Л.Н. Гумилёв. Монголы и меркиты в XII в. – Ученые записки Тартуского гос. ун-та, 1977. – N 416: Studia orlentalla et Antiqua: П.

  1. О.Х. Халидуллин. Қазақтың біртұтас шежіресі. Қоңырат.– Алматы, 2005.
  2. Т.И.Султанов. Чингиз хан и Чингизиды. Судьба и власть.- Москва: АСТ МОСКВА, 2006.
  3. روبینچیک یوری آرونوویچ. فرهنگ فارسی به روسی. – تهران؛ پگاه, 1385

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ