• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Түріктану » Ұлыс күні атауына ресми мәртебе беру қажет

    Ұлыс күні атауына ресми мәртебе беру қажет

    Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ, филология ғылымының кандидаты, доцент, төрүктанушы:

    – «Наурыз» сөзін «Ұлыстың ұлы күні», «Ұлыс күні» деп өзгерту жөнінде бастама көтеріп жүрсіз. Әлемнің 50-ден астам елі осы мейрамды тойлайды. «Наурыз» солардың көпшілігіне ортақ сөз. Сіздің бастамаңыз – жаһандық атаудан бас тарту емес пе?

    – Сөз – магия. Егер өзімізде барды менсінбей өзге жұрттың сөзін қолдансақ, сол елдің мәдениетін қабылдаған боламыз. Жылдың басы саналатын мейрамды ежелден қазақ «Ұлыстың ұлы күні» дейді.

    Парсының «Наурыз» атауы қазаққа келгенге дейін де жұртымыз жыл басы ретінде тойлаған. Өйткені көшпелі қазақ тіршілігі: жаз – жайлау, күз – күзеу, қыс – қыстау, көктем – көктеу – жылдың төрт мезгілін экологиялық тиімді пайдаланған. Көшпелі өмір салты табиғатпен қойындас өмір сүрген соң аспан денелерінің сырына өте-мөте қанық болды. Дала астрономдары аспан денелерінің қозғалысын жіті бақылап, өмірде тәжірибеден туған тұжырымына сүйенді. «Ұл[ы]т», «Ұлыс» ұғымы біздің ежелгі тотемдік наным-сенімімізден қалыптасқан бөрілік дәуірден бастау алады. Тәуелсіздікпен бірге төл мейрамымызды қайта жаңғырттық. Ендеше, кез келген саладағы төлтума атауларымызды қайтаруымыз қажет. Ұлттың дербестігін, ерекшелігін білдіретін барлық маңызды элементтер: амандасудан бастап, аты-жөнімізді ресми дұрыс таңбалау, мемлекеттік рәміздерге дейінгі кілтті сөздер төлтума атаудан құралуы тиіс. Бұл біздің өркениетімізді, мәдениетімізді, жасампаздығымызды, мемлекет болғанымызды куәлікке тартып, дәлелдейтін осындай байырғы атауларымыз. Енді төл атауларымыз ұмыт қалып, шеттен келген сөздерді пайдаланып жүрміз. Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деуінде гәп бар. Бұл негізі терминолог ғалымдардың қателігі. Терминкомда жұмыс істейтін ғалымдардың кәсіби біліксіздігі мен өресіздігінен ұлттық мүддемізге нұқсан келетін кемшіліктер жіберілді. «Наурыз» сөзі бізге орта ғасырда парсыдан енді. Парсылар болмаса, қазақ осы тойды тойламас па еді?! «Ұлыстың ұлы күні» деген мейрамның атауын қазақта білмейтін жан жоқ. Мемлекеттік билік уыстан шығып кеткен дәуірде «Ұлыстың ұлы күні» деп ресми тойлауға ерік бермегені түсінікті жайт. Кеңес өкіметі тұсында тіпті, «діни мейрам» деп тиым салғаны да мәлім ғой. Бұхар жырау бабамыз: «Жар басына үй тікпе, дауыл соқса, үй кетер; Жатқа тізгін бермеңіз, жаламенен бас кетер» демеді ме?! Ұлттың мейрамы түгіл қазақтың ары болған алтын басты азаматтарымыз нақақтан-нақақ атылып, асылып, миллиондаған бейкүна жандар аштан қатырылып, сүйегі көмусіз далада шашылып қалғаны – Бұхар бабамыз айтқандай, биліктің тізгінін жатқа ұстатқанның қырсығы. Өз билігіміз өзімізден сусыған дәуірде қасиет тұтқанның бәрінен айырылдық. Енді сол олқылықтың орнын толтырып, өшкеніміз жанып, жоғалтқанымызды түгендеу үстіндеміз. Бұл алауыздықтан тапқан тарихтың бізге берген қатаң сабағы. Сондықтан оны әлсін-әлі қымыз піскендей қайталап, еске түсіріп тұру парыз.

    – Ежелгі жазбаларымыздан «Ұлыс күніне» байланысты қандай да бір тың деректерді кездестіре алдыңыз ба?

    – Мынандай жағдайды ескеруіміз қажет. Осы уақытқа дейін бізге жеткен тас бітіктер түгел емес, бірақ жұрнағы қалды. Ұлттық идеологиямызды айқындайтын көптеген жәдігер дүниелер жойылған. Орта ғасырда арабтың әскербасы әл-Мүслим Кутейба қазіргі қазақтың жерінен бастап, Қашқарға дейінгі аралықтағы тас бітіктерді мыңдаған қолмен бірнеше жыл қатарынан тып-тыпыл етіп құртты. Өйткені маң дала тас бітіктерге толы болатын. Бұл – көшпелі қазақтың саяси санасы мен азаматтық ұстанымын, отаншылдық сезімін тәрбиелейтін қасиетті құрал еді. Ұшқан құстың қанаты талатын ұшы-қиырсыз аумақта тас бітіктен тұратын дала кітапханасы қазақтан басқа жер бетінде салыстырарлық бірде-бір халықта болған жоқ. Ол – тек ғана кітапхана емес, әрі мұрағатымыз, әрі мұражайымыз еді. Тас бітіктерге жер тарпыған тұлпармен сейіл құрып, көзбен көріп, оқыған-тоқығанын қолмен ұстап, дана бабалардың алақанының табы қалған энергиясын бойына сіңіріп, рухтанып қайтатын сол кездің оғыландары. Дала мемлекетінің өз заңы бар. Кім болса, соған бітік тастың жұмысымен айналысуға рұқсат берілмеген. Тек абыздар ғана ұлттық мүдде тұрғысынан сүзгіден өткен шынайы ақпаратты жазу-сызумен шұғылданған. Жазу дегенді ерекше қастер тұтқан. Қазір кітап таралыммен дүкен сөрелерінде тұрады. Қалаған кітабыңды жата-жастана оқуыңа, құлағыңа тығып қойып тыңдауыңа мүмкіндік бар. Ол кезде тас бітікке арнайы өз аяғыңмен баруың керек-тұғын. Сол тас бітіктен бүгінгі қағаз кітап, заманауи электронды нұсқасына дейін адамзат мәдениеті дамудың эволюциялық ұзақ жолынан өтті. Ақпаратты таратып және сақтайтын құралдың сатылап сапалық өсуі технологиялық жасампаздыққа байланысты. Демек, бұл саладағы заманауи технологиялық жетістіктің бас тұғыры – тас бітік, яки тас кітап екенін ұмытпаған лазым. Әлемдегі ілкі жазулардың бірі де сол – біздің руна таңбаларымен бәдізделген. Тарихын тасқа жазған елдің ұрпағымыз. Алайда IX-X ғасырларда дәуірлеп тұрған қағанатымыздың саяси дағдарысқа түскені мәлім. Дәл осы көшпелі қағанаттың осал тұсын сәтті пайдаланған арабтар шапқыншылығы аяусыз болды. Қазақ даласына арабтардың ислам дінін енгізуі – тасқа жазылған ғажайып ескерткіштеріміз бен мұраларымызды жою, төлтума руна таңбасымен сауаттанғандарды бірін қалдырмай қырғынға ұшыратумен жүзеге асты. Бәлкім, Талас бойынан табылған руника таңбасымен бәдізделген он тас бітік – әл-Мүслим Кутейбаның жорығы кезінде көзге түспей, қалтарыста қалып қойған, Құдайдың бізге жасаған сыйы болар. Жәдігердің тағы бірі – Қазақстанның бренді саналатын, біздің жыл санауымыздан бұрынғы V ғасырдағы тарихи-археологиялық сирек құндылық – Есіктен табылған Алтын Адам жанындағы күміс тостағандағы жазу. Жер-Ана қойнына жасырылған бағзы ескерткіш қазынамыз әліде табылары шүбәсіз. Арабтың аяғы тимеген ата-бабамыздың қоныстанған мекені бүгінгі Моңғолия өңірінде аспан асты, жер үстінде мыңдаған жыл бойы жел-құздың өтінде тұрып сыры кетсе де, сынын жоғалтпаған тас бітіктеріміз бен мүсін өнеріміз тұнып тұр. Бумын қаған, Істемі қаған, Білге қаған, Күлтегін, Тонұқұқ, Мөде қаған, Аттила [Аттылы], т.б. мәңгі тасқа жазылған қаны таза дана бабаларымыздың рухының алдында қазақ тағзым етіп, көше, даңғыл, гүлзар, ескерткіш мүсінін орнатуға, деректі, көркем фильмдер, бөбектерге арналған мультфильм дайындауға ақылы жетпей отыр. Сол баяғы жат жұрттың ауызға салып берген XV ғасырда мемлекетін қайта тіктеген Қазақ хандығынан тарихын бастауды әйтеуір, жаңылмай тоты құстай қайталап келеді. Бұл – Қазақстанда тарихи сананың сауығуы тасбақаның жүрісіндей баяу қозғалуына дәлел. «Ұлыстың ұлы күні» деген тіркесті қазақтан өзге бірде-бір төрүктілдес елдерден кездестірмейсіз. Жер жүзіндегі алғашқы жазулардың бірегейі руника десек, сол «руника» сөзінің шығуы «ру», «ұлыс» ұғымдарымен астасады. Рулардың конфедерациясы – ұлыс. Ұлыстың ұлы күні – кіші-гірім рулық мемлекеттердің бірігуінің символы. Себебі дәл осы күні, яғни 21-нен 22-не қараған шақта Күн календары бойынша аспан денелері бастапқы нүктесіне келіп, жаңа цикл басталады. Ахмет Байтұрсынұлы біздің әдеби тілімізді қалпына келтіруге өлшеусіз үлес қосты. Ахаңның қазақ терминологиясына сіңірген еңбегі үшін алтыннан ескерткіш қойса да, артық емес. Басқа жұрттар бізді «миллат» деп жазып, осы атауды сөздік қоржынымызға енгізуге барын салды. Сол дәуірдегі әдеби тілдің өзінде араб-парсы сөздері мидай араласып, төрүктік сөздік қорымыздың берекесі қашты. Ахаң тіл тазалығы мен мәдениетіне барынша көңіл бөлді. Ол «миллаттың» орнына өзіміздің «ұлыт», «ұлыс» атауын сөздік қорымызға қайта оралтты. Империя өз мүддесі тұрғысынан әліпбиді өзгерткенде сингармонизм заңдылығы бойынша жазылатын «ұлыт» сөзінен «ы» дыбысын алып тастап, оның айтылу әуезділігін бұзды. Өктем империя Ахметтер шейіт болған соң орфографияны қайта-қайта өзгертіп, қазақ тілін ақсатуға тырысты. Тілдегі әуез бен әуенді алып тастау арқылы адамның психологиясына кері әсер тудырып, қазақ сөзінің энергетикалық қуатын солғындату саясаты жүргізілді. Бөрінің ұлуы негізінде туындаған «ұлыт» пен «ұлыс» сөздері синоним. Біз – бөрінің қайсарлығы мен ақылдылығына, мәрттігі мен шыдамдылығына, сезімталдығы мен табандылығына еліктегенбіз, осы мінездерін бойымызға сіңіргенбіз. Себебі төрт түлік мал шаруашылығын кәсіп еткен көшпелі қазақтың бөрі ең басты оппоненті. Сондықтан біздің жұрт бөріні әбден зерттеген. Сонан да болар бөрі біздің тотемдік-атамыз. Ұлысу деген ұғым бар. Ұялас қасқырлар әлдебір қауіп-қатер төнгенде, ұзақ сапарға шығар алдында ұлып ұяластарын шақырады. «Ұлыс» сөзінің екінші мағынасы бірігу дегенді білдіреді. Наурыз айын тас бітікте «Ілкі ай», яғни «Бірінші ай» деп атады. Ұлыстың ұлы күні ұлан-ғайыр қазақ даласында екі рет тойланады. Мұның себебі Ай күнтізбесі бойынша жыл басындағы ілкі айдың 14-де ай толып, жаңасы басталады. Міне, дәл осы күні аспан денелері өзінің бастапқы нүктесіне келіп, бір цикл аяқталып, жаңасы басталады. Қазақстанның батыс өлкесіндегі қазақтар Ұлыстың ұлы күнін наурыз айының 14-де мейрамдау әліге дейін дәстүрден қалған жоқ. Екінші – Күн күнтізбесі бойынша Ұлыстың ұлы күнін, яки Жаңа жылды тойлау осы айдың 22-не сәйкес келеді. Наурыз – біздің тілімізге орта ғасырдың ішінде енген кірме сөз. Төрүк тілдес ұлт пен ұлыс арасында кәзіргі “Наурыз” мейрамын “Ұлыстың ұлы күні” деп төлтума атауын тек қазақ қана сақтап қалған. Қаншама билік пен сенім, қоғамдық-саяси, мәдени-рухани идеологиялық ұстаным өзгерсе де “Ұлыстың ұлы күні” тілімізде жарыса қолданылып, сан алуан тиым салынса да халықтың жадында қайта жаңғырып бүгінге жетті.

    Ұлыстың ұлы күнінің қоғамдық-әлеуметтік маңызы – көшпелі ел табиғаттың қатал сыны ауыр қыстан соң ұлан-ғайыр аумақтағы шашыла қонған рулардың бір-бірімен қуаныса қауышуы, мәре-сәре боп көрісуі, бірлігі мен татулығы, жарастығы мен ықпалдастығының рәмізіндей атаулы мейрам. Бұл ұлысу – Еуразия кеңістігін мекендеген тілі мен дүниетанымы, салт-санасы мен дәстүрі ортақ рулардың конфедерациясына негіз болған, яғни ҚазаҚ этносының біртұтастығын айқындаған есте жоқ өте ежелгі дәуірден сыр шертетін қасиетті күн. Қазақ бір-біріне бұл күні тілек білдіргенде – Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! – деп ұрандайды. Мұндағы “ұлыс” деп отырғаны әлгі жан-жақтан жамырасып бас қосқан мүдделес рулардың бірлігі мен тұтастығын сипаттайтын, идеологиялық ынтымағының белгісі.

    Этнографтарымыз нақ осы күнге қатысты қаншама ұлттық рәсімдерді хатқа түсірді. Дегенмен, олардың ежелгі графикамызды білмейтіндігі «ұлыс» ұғымын талдауға кедергісін тигізді. Сондай-ақ, біз «наурыз көже» деп жүрген ұлттық тағамымыздың негізгі атауы – тілеу көже. Асты ішер сәтте «ниет етілген тілектер қабыл болады» деген сенім болған. Тілеу көжеге қосылатын жеті түрлі дәмнің өзіндік философиясы бар. Тіршіліктің ең кішкентай белгісі жасушадан бастап, көк пен жерге дейін жеті қабаттан тұрады. Жеті атаға дейін қыз алыспағандықтан ұлтымызда қан аурулары кездеспейді. Демек, жеті саны табиғат заңдылығына негізделген. Бұл мейрамның философиялық-дүниетанымдық қырын көрсетеді, өміршеңдігін әйгілейді. Соның аясында ұлттық өнеріміз бен ұлттық ойындарымыз орын алады.

    – Ежелгі руна жазуына жаппай көшу, оны мектеп пен жоғары оқу орындарында оқыту мәселесі ғалымдар тарапынан оқтын-оқтын қозғалып жүр. Осы жөнінде не дейсіз?

    – Қазіргі кезде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі журналистика факультетінің бір топ студенттері бітік жазуларын тәп-тәуір меңгеріп алды. Ізденіп, зейін қойған адамға бұл соншалықты күрделі жазу еместігі айдан анық. Бабаларымыз іргетасын қалаған, қанымызда бар руника қайта қолданысқа енер күн туарына сенемін. Соған бәріміз қызмет етуіміз керек. Өз жазуымыз, өз тарихымыз бар ел екенімізді әлемге әйгілеу қажет. Неге “әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті” атауын рунамен жазбасқа:

    Сонда мемлекетіміздегі білім мен ғылымның, тәрбиенің қара шаңырағы төлтума таңбамызбен бәдізделген маңдайшадағы жазуға студенттер мен ұстаздардың көзі үйренер еді. Шет елден университетке іссапармен келген ғалымдар, тәжірибе ауысуға келуші студенттер мен магистранттар, жоғары мәртебелі қонақтар руна таңбасымен бәдізделген маңдайшадағы жазудан қазақ ұлтының жасампаздық рухы мен адамзат мәдениетіне қосқан ерекше үлесі бар екенін пайымдары шүбәсіз. Әйтпесе келім-кетім шет елдік қонақтың қарасы көп екені белгілі, олардың университет маңдайшасынан іштей әсері “біреудің мәдениетін пайдаланған масыл ұлт екен ғой” деген түсінікте қалмасына кім кепіл. Демек, төлтума жазуды маңдайшаға шығару – төл мәдениетіңді жарнамалау, ұлттық мүддеңнің салтанат құруы. Бұл  – тектілердің ілімі, даналардың ғылымы. Сонымен қатар, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен еңбегін оқу орындарында оқытуды тиісті деңгейде қолға алмай отырмыз. Қазір бос мақтан көп. Ал шын мақтануға тиіс дүниелеріміз «жабулы қазан» күйінде қалып тұр.

    – Өте ерте заманнан-ақ тасқа ойып сурет салған, балбал тастардың негізінде мүсін өнерімен шұғылданған қазақтың XIX ғасырдағы кейбір ірі тұлғаларының әлі күнге бет-бейнесін айқындай алмай отырған жайымыз бар. Мұның сыры неде?

    – Қазақ – тасты қамырша илеген, өркендеген жасампаз ел болған. Тастың пішінін келтіріп, бәдіздеу алдында кедір-бұдырын тегістеуді жазу дейді. Өңделген соң тасқа пішіп мәтіннің таңбаларын салады. Осы үдерістің толық дайын болуын бітік деп атаған. Орыстың «пишу», «печать» дегені біздің «пішуден» алынған. Ислам діні қазақ жеріне алғаш келгенде сурет салуға тыйым салынды. Соның кесірінен көп мұраны сақтай алмадық. Ежелгі дәуірді бірен-саран ғалымдар зерттеп жүр. Тарихи мұрамыз кімге керек? Келешек ұрпаққа қажет. Басқа жұрттың алдында ұялмай, «бізде ас ішіп, аяқ босатып қана қоймай адамзат мәдениетіне қосқан үлесіміз бар» деп көрсетуге керек. Қазірдің өзінде кейбір діни дүмшелер ежелгі дәуірді зерттейтін ғалымдардың соңына түсіп, күстәналайды. Империяның төмпеші өтіп кеткен бе, әлі рухани есімізді жия алмай келеміз. Көнбістеніп кеткеніміз сонша – өзіміздің төл тарихымызға мүлде бет бұрғымыз келмейді. Алдыңғы ақ патша, кейінгі кеңес өкіметі заманында жерімізге аннан қашқан, мұннан қашқан қаны бұзылған қиық құлақтарды, тексіздерді қоныстандыру саясаты жүргізілді. Қызыл империя әртүрлі ұлттарды елге депортациялап, ұлттық әдет-ғұрпымызды, салт-санамызды, тілімізді бұзуға ұмтылды. Балбал тастарымыздың көбін сол тың игеру науқанын желеу етіп жер бетінен жойып жіберді. Арабтар сурет, мүсін өнеріне тыиым салған соң, құлпытастар пайда болды. Құлпытас – ақпаратты тастың пішіні мен таңба арқылы кұпиялап қойған, яғни құлыпқа салған жазу. Бұрын дана қағандар мен ел қорғаған есіл ерлерге, даңқты батырларға арнайы мүсін қойып, ескерткішке көрсеткен ерліктерін баяндаған. Биік тұлғалардың өліміне күннің көзі өшкендей қайғырған. Аспандағы күнді өнердің тілімен жерге түсірген. Моңғолия өңірінде күннің көзі бейнеленген қорғандар жиі ұшырасады.

    – Батырлыққа үндейтін, ұлттық рухты көтеретін тасқа жазылған жырларымыздың маңызы мен мазмұны туралы айтып берсеңіз.

    – 2-3 жыл бұрын Күлтегін, Тонұқұқ ескерткіштерін көріп қайттым. Мұндай жазуы бар ұлт бақытты.

    “Үзе көк теңрі асра йағыз йер қылынтуқда екін ара кісі оғлы қылынмыс. Кісі оғлунта үзе ечүм апам Бумын қаған, Істемі қаған олурмыш. Олурпан төрүк будуның ілін төрүсін тута берміс іті берміс.

    Төрт булың қоп йағы ерміс. Сү сүлепен төрт булуңдақы будунығ қоп алмыс, қоп баз қылмыс, башлығығ йүкүнтүрміс, тізлігіг сөкүрміс. Ілгерү Қадырқан йышқа тегі, керү Темір Қапығқа тегі қонтурмыс” (КТү., 1, 2.).

    “Үстінде көк аспан, астында қоңыр жер жаратылғанда, екеуінің арасында кісі оғлы қылынған. Кісі оғылында [бұ дүниеде өмір сүрген адамдардың қатарынан] жоғары тұрған Бумын қаған мен Істемі қаған аталарым ғұмыр кешті. Төрт бұрыштың барлығы жау еді. Төрт бұрыштағы [жаумен] соғысып, басы барын жүгіндірген, тізесі барын бүктірген, ілгері Қадырқан үстіртіне дейін, кері Темір Қақпаға дейін қондырды”.  Бұл реалды дүние жаратылған дәуірден тікелей жүргізген тарихи репортаждай әсер қалдырады. Өкініштісі, С.Е.Малов аудармасында осы жолдардың мағыналық астарын жетік түсінбегендіктен сөйлемнің ақпараттық мазмұны ауытқыған. Бұл мәтінді оқығанда бойыңды мақтаныш билеп, рухтанарың сөзсіз.  Моңғолия аймағында, тіпті Маңғыстау өңірінде бөрітастар мен қойтастар әлі сақталған. Мұқият қарасақ, Күлтегін ескерткішінің басынан да бөрі бейнесін аңғарамыз. Бұл – ата-бабаны көкке көтеру. Қазақ төрге шығарса да, төбесіне ешкімді шығармаған.  Мұның өзі батырға тән жомарттық, мәрттік мінездердің нышаны. Соғыс – өмір мен өлімнің арпалысы. Жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орынды аламыз. Ол – бабалардың қаныменен жеткен байлық. Қазақта “Жақсы әке – жаман балаға қырық жыл азық” деген нақыл бар. Жері жоқ ел – жетім. Дағдарыс жаһанды қинап тұр. Асып-тасқан өңдірісіміз болмаса да, жеріміздегі табиғи байлық көзі арқасында қиыншылық көрмей келеміз. Оның да таусылатын уақыты болады.

    – Бір әңгімеңізде «Қазақтың Меккесі – Хантәңірі болуы қажет» деп қалдыңыз…

    – Алатаудың әуелгі аты – Тәңіртақ. Исламның келуіне байланысты Тәңірге байланысты атаулардың бәрі өзгертілді. Тәңір дінінде схоластикалық соқыр сенім жоқ, адам мен табиғат арасындағы үйлесімге құрылған. Тіліміздегі көкті жұлма, суға қоқыс тастама, құмырсқаның илеуін бұзба, күлді баспа, тағысын тағы сақталған ырым-сырымдар о бастағы Тәңір дінінің ұстанымдары. Біздегі теолог ғалымдар бұл туралы сыңаржақ пікірде. Тәңіртақтың биік шыңы – Хантәңірі. Хантәңірі жердегі Құдайдың белгісі. Қазақтың “Құдіреттің күшін көрем десең, тауға бар” деуі бекер айтылмаған. Ежелгі дәуірде Хантәңірі исі төрүктің сиынатын қасиетті орыны болған. Қазақтың үш жүзі – ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз осы Хантәңіріне байланысты белгіленген. Хантәңірінің айналасындағы қазақтар – ұлы жүз, онан арғысы – орта жүз, шеттегісі – кіші жүз.


     Әңгімелескен Арман ӘУБӘКІР

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Жошы Ханға ие болайық!

    Қазіргі күнде төл тарихымызды түгендеуге көптеген ғалымдарымыз, ақын-жазушы, зерттеушілеріміз үлкен үлестерін қосып жатыр. Қуанамыз! Алайда, ...