• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Түріктану » Қазақтың Шоры мен Сібірдің Шоры — екі арада байланыс бар ма ?

    Қазақтың Шоры мен Сібірдің Шоры — екі арада байланыс бар ма ?

    Нариман Сыздыхан деген азамат «Бөтен дін мен жынды сусын (водка) тұтас бір түркітектес ұлттың түбіне жеткен сияқты. Қарсыласпасаң құрдымға кететінің анық. Менің руым Арғын-Қаракесек ішіндегі Шор тармағына жатады. Осы Шор мен Сібірдегі Шордың қаншалықты байланысы бар деген сұрақ қызығушылық тудырады. Жамбыл Артықбаев ағамыз осы жөнінде не айтар екен» депті. 
    Жөн сұрақ, бірақ қиын сұрақ! Студент кезімде Омбыда конференцияда Сібір-Алтайдың байырғы түріктері, соның ішінде шор мәселесімен баяндама жасап едім. Менің қолымда қазақтың ішіндегі шор руы туралы деректер болды, ал Алтай шорлдарының ішінен бұл тақырыпқа қызығушы пікірлестер болмады да қалып қойды. Бұл сұраққа жауап беру үшін ең алдымен Қаркесек деген рудың арғы тегі Еуразиядағы ең көне аңыз «Оғыз намеде» айтылатын Қарлұқ екенін ескерту керек. Қарлұқ «қаралұқтың» қысқартылған нұсқасы. Қаралұқ — дегеніміз болаттың ең бір сапалы түрі, ертеде «қаралұқ қылыш» деген болған, ең сапалы болаттан жасалған қылыш. Енді сіз Қаркесектің әуелгі аты Болат қожа деген әңгімені еске түсіріңіз!
    Қарлұқ елі ІХ ғасыр басынан бастап Алтайдан Арқаға қарай жылжығанда бірталай ел осы көші-қонға ермей қалғаны қисынды екенін білесіз. Сол қалған елдің бірі қазіргі Шор аталатын шағын этнос. Ежелгі заманнан бері темірден түйін түйген ел екен, бірақ негізгі тобы оңтүстікке жылжығанда өзгенің ортасында қалып көп бейнет шеккен. ХVІІ ғасыр басында Алтайға ене бастаған орыс-казактар олардың теміршілік кәсібіне қарап «кузнецкие татары» деп атап кеткен. Шордың қоныстарының орталғына Кузнцк қаласын 1618 жылдан бастап сала бастады. Бұл қаланы шорлар Аба тұра деп атайды. Аба деген әке деген мағынада, тұра-тұрақ деген сөз. Бұл тұрақты қоныстар бір жағы орыс, бір жағы қалмақ, бір жағы қырғыз соққысына түсіп ел тым жұтап кетті. Шордың тағы бір ерекшелігі отырықшылығы, өзге жұрттың бәрі көшіп-қонып жүргенде бұл не деген ел деп орыстар таң қалған. В.Радловтың өзі де «шорцы живут большими селениями…объяснить такое можно лишь давней привычкой этого народа к оседлой жизни» дейді (В.Радлов. Из Сибири. с.94). Шордың ішіндегі рулар: Қызай (қызыл-қая), таяш, қонғы, қойы, қый, қара шор, сары шор, қарға, чедебес, челей, себе, тартқыш, ұста, қобый, аба, таған, кереш, бар-соят, шалқал, чарагаш, беш бояқ.
    В.Радлов 1869 жылы ресми 22 болысқа тіркелген және көшпелі болып саналатын шордың саны 5563 еркек, 5125 әйел, ал орысшалана бастағаны 1704 еркек, 1594 әйел, яғни алты болыс дейді. Өмірге тым бейімді халық болуы керек, Қазан революциясына дейін орыстануға онша көнбей келді. Тек 1937 жылы шор ішінен шыққан ғалымдарын, оқулық авторларын Совет билігі атып тастаған соң ғана біржолата жеңілді. Осы кезден бастап азғындау процесі күшейіп кетті.
    Қазіргі уақытта шорлардың қоныс қылатын өлкесі, Том, Кондом, Мрассу өзендерінің бойы, РФ- ның Кемеров облысына қарайды. Географиялық әдебиете бұл жерге қатысты Кузнецкий Алатау деген ұғым қолданылады. 1979 жылғы санақта сандары 16 мың болды. Тілді білетіндері әлі де бар, бірақ тілдері өздеріне көрші алтайлықтарға, хакастарға тартып кеткен, дәстүр-салттарын да ұмытқан жоқ, түр-келбеті қазаққа келеді.


    Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,

    тарих ғылымының докторы, профессор, 

    ФБ парақшасынан

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Жошы Ханға ие болайық!

    Қазіргі күнде төл тарихымызды түгендеуге көптеген ғалымдарымыз, ақын-жазушы, зерттеушілеріміз үлкен үлестерін қосып жатыр. Қуанамыз! Алайда, ...