• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Түріктану » «Қайран, менің қырларым…» немесе Салауат жырларындағы күрескерлік рух туралы

    «Қайран, менің қырларым…» немесе Салауат жырларындағы күрескерлік рух туралы

    Туысқан түркі халықтарының әдеби мұраларындағы поэтикалық ерекшеліктерді арнайы зерттеу нысанына алып қарастыру – аса өзекті мәселе. Бұған дейінгі өткен мыңжылдықтар бойы қалыптасу, даму кезеңдерінің барлық өткелдерінен өтіп келе жатқан түркі халықтарының фольклоры мен әдебиеті мұраларын қазіргі заманғы өркениеті талаптарына сәйкес ғылыми-зерттеулер мен көркем шығармалар арқауына алып қарастырудың маңыздылығы айқын. ХІХ ғасырдың 90-жылдарында түркі халықтары мемлекеттерінің демократиялық даму жолына түскен жаңа тарихында 1993 жылы құрылған ТҮРКСОЙ-дың (TORKSOY) – Түркі халықтары мәдениетінің халықаралық ұйымының құрылғаны да жаңаша дамуға серпін әкелді. Бұл орайда, түркі халықтарының тарихындағы ақындығы мен қоғамдық-әлеуметтік күрескерлік қызметтері тұтасқан шығармашылық тұлғалар тағылымын айрықша даралап айтамыз.

    V-XIV ғасырлар белестерінде Түркі қағанаттары, Алтын Орда мемлекеті, Ноғай Ордасы, Қазан, Сібір хандықтары құрамындағы ортақ дүниетаным бірлігі аясында өмір сүрген түркі халықтарының фольклоры мен әдебиеті мұралары жүйесінде ақын-жыраулар шығар­ма­шылығының тектестігі, үндес­тіктер айрықша байқалады. Әсіресе башқұрт және қазақ ақын-жы­рауларының шығармаларындағы ли­рикалық және эпикалық сарынды үндестіктер ерекшеліктері даралана көрінеді. Халықтардың қалыптасу, даму кезеңдеріндегі халықтың аза­маттық-отаншылдық сезіммен, жауын­герлік-қаһармандық рухпен жыр­ланған шығармалар башқұрт және қазақ поэзиясындағы көрнекті ақын-жыраулар шығармаларынан көрінеді. Қазіргі кезде Ресей Феде­рациясының құрамындағы дербес ұлттық мемлекеттік өңір болып тұр­ған бұл елдің өзіндік болмысы түркі та­рихының маңызды саласын құрайды.
    Башқұрт және қазақ халықтарының туған жерді, атамекендерді сақтау, Отанды қорғау жолындағы XVII-ХХ ғасырларда үздіксіз жүргізіліп келе жатқан қүрестерінің көркем әдебиет шығармаларында (поэзия, проза, драматургия) бейнеленіп келе жатқаны мәлім. Қазіргі Башқортстан Республикасының тарихындағы күрескер қайраткерлерінің (Ишмұхаммед, Сарымерген, 1962 ж.; Сейіт Саафармолда – 1681-1683 жж; Алдар Исекеев, Кушек (Кусюм) Тюлекеев – 1705-1711 жж; ахун Кильмяк Нұрушев, Акай Кусюмов, батырлар Юсуп Арықов, Тюлькчура Алдағұлов, молдалар Бепеня Трупбердин, Юлдаш Сюярымбетов – 1737-1739 жж.; Қарасақал (Минлигула Юлаев) – 1740 ж.; молда Абдолла Әлиев (лақап аты Батырша) – 1755 ж.; Салауат Юлаев – 1773-1775 жж. байырғы атамекенді, Отанды сақтау, бостандық, тәуелсіздік жолындағы күрестері башқұрт фольклоры мен поэзиясындағы мұралардың тақырыптық арқауына айналды.
    Қазақ тарихындағы ұлттық-азаттық, халық бостандығы жолында қаһармандық-жауынгерлік қызметтерімен ұрпақтарды мәңгілік рухтандыру тұғырында танылған қайраткерлер-батырлар (Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Мәделі Жүсіпқожаұлы, Кенесары хан, Наурызбай батыр, т.б.) ұлағаты да башқұрт және қазақ халықтары тарихындағы тағдырлас ұрпақтар жолының үндестігін аңғартады. Башқұрт және қазақ халықтарының ежелгі дәуірлерден қазіргі заманға дейінгі халықтың келбеттерін сақтауына, атамекенді ардақтап, ұрпақтан-ұрпаққа азаматтық-отан­шылдық ұстанымдарынан айрылмауларына ел бастаған аталған көсемдерінің, би-шешендерінің, ақын-жырауларының және кейінгі толқын қоғам қайраткерлерінің аса ықпалды қызмет атқарып келгендері ақиқат. Бұл орайда башқұрт халқының жауынгері, батыры және ақыны Салауат Юлаевтің (1752-1800) бабалары аманат етіп қалдырған Отанына, туған жеріне, атамекеніне арналған өлеңдері қазақ ақын-жырауларының тектес туындыларымен үндестігімен баурайды. Салауат ақынның «Туған елім», «Оралым», «Киіз үйім», «Юрузән – туған өзенім», «Ақеділ ақса қиядан», т.б. өлеңдері ұрпақтардың азаматтық-отаншылдық дүниетаныммен рухтанған болмысын айқын аңғартады. Ақын туған жері Орал тауы атырабындағы қырларды, суларын, ормандарын, қарлы шыңдарын перзенттік махаббат сезімімен тебірене толғайды:

    Қайран, менің қырларым,
    Балдай тәтті суларым.
    Сайын-сахарам, орманым,
    Көкке өрлеген Оралым!
    Ақ мекенім – ізгі елім,
    Мен ғашықпын Сізге, елім!
    Ақынның туған жеріне, атаме­кеніне, Оралына арналған өлеңде­рін­дегі пейзаждық суреттеу­лердің эсте­тикалық әсерлігі айрықша байқалады:
    Көгеріп көкке өрілген,
    Қарлы басын Оралдың.
    Көздің жауын алардай,
    Көркемдігін қырлардың.
    Мәңгі мақтан етем мен,
    Мәңгі жырлап өтем мен.
    («Туған елім» өлеңінен).

    Ай, Оралым, Оралым,
    Кең көлбеген Оралым!
    Нұрға шомған шоқтығы
    Көкке өрлеген Оралым!
    … Түнде көкте Ай жүзсе,
    Алтындай балқыр Орал тау.
    Күндіз көкте Күн жүзсе,
    Күмістей балқыр Орал тау.
    Бөктерің де, Орал тау,
    Қарағай жыныс орманың.
    Етегінде Орал тау,
    Кілемдей жасыл қырларың.
    Көздің жауын алады
    Ақ, сары гүлдер шешегі.
    Гүлдер менен бұлбұлдар
    Тәңірге тағзым етеді.
    Қызарып шыққан Күнді де
    Құстарың сайрап қарсы алып.
    Түнеріп батқан Күнді де
    Шығарып салар тамсанып.
    («Оралым» өлеңінен).

    Салауат ақынның атамекенді ардақтаған мәңгілік сағынышқа, перзенттік-отаншылдық сезімге толы жыр жолдары («Ай, Оралым, Оралым, аяулым, ару Оралым! Тілімде сөзім бітсе де, бітпей-ақ қойды жырларым», «Мадақтап қурай ойнасам, бітпейтұғын күй екен, даңқыңды айтып жырласам, бітпейтұғын жыр екен») қазақ жырауларындағы атамекенге арналған толғауларымен үндес жырлануымен ерекшеленеді. Мысалы, Қазтуған жырау Сүйініш­ұлының (XV-ғасыр) «Қайран менің Еділім, мен салмадым, сен салдың; қайырлы болсын Сіздерге менен қалған мынау Еділ жұрт…», Доспамбет жыраудың (XVI ғасыр) «Азау, Азау дегенің әл-Ғұсман-паша жұрты екен, дін ісләмнің кірті екен», «Айналайын, Ақ Жайық, ат салмай өтер күн қайда», «Еділдің бо­йын ен жайлап, Шалғынына бие біз байлап, орындықтай қара сабадан бозбаламен күліп-ойнап, қымыз ішер күн қайда!», Жиембет жырау Бортоғашұлының (XVII ғасыр) «Қол-аяғым бұғауда тарылды байтақ кең жерім», «Қайрылып, қадам басарға күн болар ма мен сорға, Өзен, Арал жерлерім?!», Ақтамберді жырау Сарыұлының (1675-1763) «Жағалбай деген ел болар, Жағалтай деген көл болар, Жағалтайдың жағасы жасыл да байтақ ну болар», «Еділ, Жайық екі өзен, талсыз болар деймісің, Көкшетаудың көп көлі елсіз болар деймісің, Абылай қонған кең қоныс елсіз болар деймісің» және т.б. жыраулар толғауларындағы байырғы ата-бабалар қоныстарын ұрпақ­тардың атамекендерін пер­зент­тік сағынышпен жырлауы ортақ дүниетаным тағылымын байқатады. Әсіресе жауынгерлік қаһармандық жырларымен ұлттық-тәуелсіздік-отаншылдық күрес қызметін тұтастандырған Махамбет Өтемісұлы (1802-1846) өлеңдеріндегі атақоныстарға арналған бейнелі өрнектер мен Салауат жырлары поэтикалық үндеспен жырланған. Мысалы, «Қоғалы көлдер, құм, сулар, кімдерге қоныс болмаған?! Саздауға біткен құба тал кімдерге сайғақ болмаған?!», «Ағыны күшті ақ дария қа­һарланып толқиды», «Қарақұс қонбас көк сеңгір басына құсты қондырмас», «Біз ер едік, ер едік, ен Нарында жүргенде қалмаққа шатыс хандарды қабыландай қайраңға салып етін талай жеп едік», «Жайықтың бойы көп шалғын күзерміз де жайлаймыз», «Аймақ та аймақ, аймақ көл, дария болып шалқымас аяғы төмен аққан соң», «Адыра қалған Нарынның Теңіз деген суы бар, Жағасына жағалай біткен қамыс деген нуы бар. Адыра қалған Нарынның Жайық деген суы бар, жағасында жары бар, қабығында қары бар», т.б. көркем кестелі тармақтардың поэтикалық-мағыналары азаматтық ой тереңдіктерімен баурайды.
    Әсіресе Салауаттың атамекен Орал тауы атырабын, башқұрт халқының ұлттық-этнографиялық салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын ғасырлар бойы сақтап келген атамекендер сипатын романтикалық-реалистік сарындар тұтастығымен бейнелеп жырлаған өлеңдерімен үндес өрнектерді Махамбет жырларынан да оқимыз. Мысалы, Махамбет ақынның «Нарында» атты өлеңіндегі бейнелі өрнектер туысқан башқұрт және қазақ халықтарының ортақ дүниетаным көзқарастары рухымен жырланған.
    Салауат пен Махамбет – башқұрт және қазақ халықтарының ойшыл­дық-даналық толғаныстарын фило­со­фиялық-дидактикалық мағыналы тұжырымдарымен жырла­ған ақын­дар. Екі ақынның филосо­фиялық-дидак­тикалық сарынды жырларында халықтардың адам­гершілік-иман­дылық тәлім-тәрбие, азаматтық ұста­ным заңдылықтары туралы ойлары ұстаздық-тәлімгерлік насихат көзқарастарымен бейнеленген. Ақындардың ұрпақтарды ұлттық-отаншылдық, азаматтық дүние­та­ныммен тәрбиеленіп өсуін, қалыптасуын, сол арқылы халықтар­дың мәңгілік сақталуын ойлаған ой, терең­діктері танылады. Мысалы, Салауат ақынның «Жігітке», «Ауыз ішінде тіл жүрер», «Тойда төсін кергілеп», «Атқа мін, ерлер, ағалар», «Жалп-жалп еткен жапалақ», «Әуелеп ұшқын ақ сұңқар», т.б. өлеңдеріндегі азаматтық-күрескерлік сарындардың ұрпақтардың ұлттық санасын серпілтуге, жақсылық жолынан айнымауға үндейтін әсерлілігі, ықпалы анық байқалады: «Бүгәшәумен қос болып, батыр ермен дос болып» эпикалық толғауындағы көркем кестелі жыр өрнектерінен ұрпақтарды қаһармандық-жауын­герлік рухтан айрылмауға, бостандық, тәуелсіздік жолындағы күрестен ай­нымауға шақырған өршіл оптимизм сарыны айқын естіледі:
    … Бетегелі боз дала,
    Кімдерге төсек болмаған?
    Жағасына құс ұялап,
    Жағына шыбын-шіркей балалап,
    Ер жігіттің қайда басы қалмаған?
    Батпандай жүктен белің бүгілмей,
    Қып-қызыл қан түкірмей,
    Өткелектен өтпей, от кешпей
    Адал қанын бір төкпей,
    Башқұртқа ерік тиер ме?
    Көк лашынның баласы,
    Талпынып-талпынып, торда өлер.
    Жақсы атаның баласы
    Жорықта күні жауда өлер.
    Қаршыға өтпес орманнан
    Лашын өтер әрі ұшып.
    Қор боп тірі жүргенше,
    Жауда өлейік алысып!
    …Бүркітпей көкте ұшайық
    Балықтай суда жүзейік.
    Бұландай қырда желейік,
    Тілегіміз қабыл болсыншы!
    … Батыр ермен дос болып,
    Қазақтармен күш болып,
    Сол тілекке жетейік,
    Азат өмір етейік!
    Салауат ақынның халықтың еркін, азат өмір сүруі, халық ұр­пақтарының жауынгерлік-қа­һармандық рухынан, азаматтық-адамгершілік асыл қасиеттерден мәңгілік айрылмауы туралы ойлары Махамбет ақын өлеңдерімен де үндеседі. Махамбет ақынның «Ереуіл атқа ер салмай», «Арғымақ, сені сақтадым», «Атадан туған аруақты ер», «Беркініп садақ асынбай», «Туған ұлдан не пайда?», «Еңселігім екі елі», «Мен едім», «Ұл туса», «Менің атым – Махамбет», «Азамат ердің баласы», «Мұңайма», «Айныман», т.б. өлеңдерінің Салауат батыр-ақынның халқының мәңгілік еркіндікпен, өсіп-өнуін, өркендеуін ойлаған арманды ойларымен үндес жырланатынын сезінеміз.
    Башқұрт пен қазақ халықта­рының ортақ тарихында негізі қалып­тасқан, кейінгі әдеби үдеріс дамуы кезеңдерінде жалғасын тапқан поэтикалық үндестіктер түркі өркениеті кеңістігіндегі дүние­таным бірлігінің мәңгілігін дәлелдейді.
    Қорыта айтқанда, башқұрт және басқа да түркі халықтарының сөз өнері мұраларындағы мазмұн мен пішін поэтикасы жүйесі аясындағы поэтикалық үндестіктерді кешенді түрде зерттеу жалғаса берді. Бұл – ұлттық және жалпыадамзаттық гуманизм мұратының ортақ ұстанымы.


    Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
    филология ғылымдарының 
    докторы, профессор,

    Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі,

    «Ана тілі»

     

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Жошы Ханға ие болайық!

    Қазіргі күнде төл тарихымызды түгендеуге көптеген ғалымдарымыз, ақын-жазушы, зерттеушілеріміз үлкен үлестерін қосып жатыр. Қуанамыз! Алайда, ...