Егер күндердің бір күнінде әлемдегі ең зұлым империяны ата десе, ойланбастан Ресей империясы дейтін еді этнографтар. Бұл империя жүздеген ұлттың тәуелсіздігін жойып, өзін отарлап алғанымен бірге, ондаған ұлттың жойылып кетуіне де себепкер болды. 13 халық қазірдің өзінде Ресейдің этнографиялық картасынан жойылып кетсе, ондағаны жойылудың алдында тұр. Осыған дейін бұл халықтар «Ресей империясына қарсылықсыз өз еркімен кірді» деген аңыз халық арасында кеңінен насихатталды. Сондықтан да Ресей империясы мен хакас, тувалықтар мен бурят, чукча ұлттары арасындағы соғыстар жайлы жазылмады. Бұл халықтардың көпшілігі о баста-ақ қарулы қарсыласу жолына түскенде, олардың тарихы қандай қайғылы боларын өздері де білмеген еді. Оларды Ресей империясы мәжбүрлі түрде өз құрамына қосып, басында «империя жақтастары» деп атап, кейіннен діні мен салтынан бас тартқызып, орысша есім беріп, шоқындырарын сезбеген де болатын. Қиыр Шығыс пен Сібірдің бірқатар ұлттары ғана өздеріне тән шаманизм дінін сақтап қалса, көптеген ұлттар саны өте аз халықтардың қатарына енді. Олар бүгінгі күні адамзаттың «Қызыл Кітабы» болса, соған еніп-ақ тұр. Осыдан 150-200 жыл бұрын қазіргі Ресей аймағында жүздеген мың голядь, весь, камасин, керкет, меланхлен, меря, мещера, мотор, чудь, эвремейс сынды халықтар өмір сүрді десе, біреу сенер, біреу сенбес. Бүгінде олар бірнеше мың ғана, кейбірі тіпті мыңға да жетпейді. Ол әрине Ресей империясының сұмдық саясатының жемісі. ХVІІ ғасырда саны бар-жоғы 4 млн халқы болған Мәскеу патшалығы, екі ғасырдан кейін құрамы 100 млн халыққа жеткен империяға айналды. Олар ондаған миллион халықты басып алып, отарлау арқылы күштеп қосты. Одан кейін жүздеген жылға созылған патшалық дәуірі, артынша жетпіс жылға созылған Кеңестік кезең басталды. Бірінде «орыс православына» айналдыру қарқынды жүрсе, екіншісінде керісінше дін, тіл, дәстүр толық жойылып, «кеңестік азамат» әзірленді. «Екеуінің қайсысы қанқұйлы» дегенге жауап табу қиын, бірақ екеуінің бір ұқсас жері бар. Ол өзге халықты түрлі тәсілмен жою. Ассимиляция, геноцид, аштық, этноцид. Бір өкініштісі сол, бүгінгі таңда да аталмыш ұлттарды жою үрдісі қарқынды түрде жүріп жатыр. Ресей империясы бастап, Кеңес Одағы жалғастырған «ұлттарды жою машинасы» әлі жұмыс істеп тұр. Шорлықтар мен ханта, мансилықтар, эскимостар өз дәстүрлерін ұмытып, қалалық мекендерде күн кешуде. Көбісі ішімдікке салынған, ал балаларына орыс тілінде ат беруде. Ханты-Манси автономиялық аймағында хантылар саны халықтың 1,2% ғана құраса, мансилар 0,7% ғана. Кезінде аталмыш аймақта 100 тек қана осы екі ұлт тұрған еді. Қазірдің өзінде сұмдық көрсеткішті сезіп отырсыз ба? Әрине, көзіңе еріксіз жас келеді. Тұтастай ұлтты жою осылай іске асты. Бүгінде ханты тілінде 3 мың, манси тілінде 2 мың ғана бала білім алады. Чукот автономиялық аймағында чукчалардың саны 25% ғана құрайды. Бұл тек қана отарлау емес, сонымен қатар жүздеген жылға созылған орыс-чукот соғысының да нәтижесі. 1641-1776 жылдары аталмыш соғыста чукот халқы отарлаушылармен жан аямай күресті. Алайда империяның күші басым еді. Дмитрий Павлуцкий есімді капитан 400 жасағымен 10 мыңнан астам чукчаны қырып, үйлерін өртегені Ресей тарихында мақтанышпен айтылады. 19 ғасырда Ресей империясы чукчалардың қайта көтерілуінен сескеніп, олардың негізгі азығы болған бұғыларды қасақана қырған болатын. Артынша жұқпалы ауру түрлері, сифилис пен оба келді. Бұл сөзсіз жергілікті халықты еселеп азайтты. Кейіннен алкоголь тасымалданып, алкогольдегидрогеназа ферменті жоқ жергілікті халықтар біртіндеп қырылды. АҚШ, Канада мен Аустралияда жергілікті халықтың ішімдікке қарсы қорғанышы жоқ болғандықтан, оған тыйым салу заңы қабылданғанда, Ресейде керісінше фактор орын алды. Этнографтар алдыңғы 30 жылдықта Ресейде оннан астам ұлт жойылып кетуі мүмкін дейді. Олардың айтуы бойынша осы уақытқа дейін Ресей империясы 18 млн адамды опат қылған. Кеңестік кезең оны екі еселеді.


arhar.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ