• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Салт-дәстүр » Жеті атаңызды білесіз бе

    Жеті атаңызды білесіз бе

    Жеті атаны білу қазақ ұлтының ең байырғы және әр адам есінен шығаруға болмайтын міндетті салттарының бірі. Әр қазақ ең кемі жеті атасын білуі шарт. Әдетте қазақтар өз аталары туралы жеті атадан да ары біледі. Бұған жарық көріп жатқан көптеген «Шежіре» кітаптар дәлел. Осы салттың өте маңызды екенін айқындайтын «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер», «Жеті атасын білмеген – жетімдіктің белгісі» сынды кеңінен тараған мақал-мәтелдер қазақ арасында бүгінгі таңда да жиі айтылады.

    Бұл салттың қашан пайда болғанын дөп басып айту қиын. Бірақ бұл салттың өте көне заманнан бастау алатыны күмәнсіз. Қазақтың бабалары қан араласуының өте қайғылы жағдайға душар ететінін сонау бағзы заманнан біліп, алдын алу үшін осы «Жеті ата білу» салтын ойлап тапқан.

    Осы бір кертартпа әдеттің зияндығын растайтын мысалдар адамзат тарихында баршылық. Мысалы, көпшілік көбіне-көп ұлы өркениет санайтын біздің дәуірімізге дейінгі Египетте, жақын туыс адамдардың үйлену дәстүрі болғаны белгілі. Осы елдің Птоломей фараондар әулетінің соңғы ханшайымы, адамзат тарихындағы белгілі тұлғалардың бірі Клеопатра 18 жасында ата-бабаларының әдет-ғұрпына бағынып өзінің туған інісіне тұрмысқа шыққан. Ғалымдардың айтуынша бұл әулеттің жер бетінен жоқ болып кетуіне туыс адамдардың қан араласуы бірден-бір себеп болған.

    Қазақтар болса қан тазалығын сақтау тәртібін бұзғандарға әрқашан жиренішпен қараған. «Басқа қыз жетпегендей өз туысын алған бәленшеден сақтасын» деп сын сөз айтатын болған. Осылайша бабабаларымыз бүгінгідей дамыған зертханалары болмаса да қан құрамының адам өмірінде алатын орынын тән тазалығына, бүкіл ел денсаулығына біртұтас мемлекеттік тұрғыда мән беріп қоғам денсаулығын дұрыс ұйымдастыра білген.

    Уақыт келе қазақ ұлтының көрегендігін ғылым дәлеледеді. Адам қанының ерекшеліктеріне қарай түрлі топқа бөлінетіні өткен ғасырда 1906 жылы Еуропада, 1910 жылы АҚШ-та ашылды.

    «Қазақ халқындағы семья мен неке» атты кітабында ғалым Халел Арғынбаев қазақ халқының жеті атаға толмай қыз алыспау себебін былайша түсіндіреді: «Бірінішіден: қандастық жақындық некелескен уақытта ұрпақтың болмауына, яки аз болуына, оның азып, тәуір қасиеттерден жұрдай болуы да мүмкін; екіншіден, туыстық қатынас ыдырап, олардың арасында әдепсіздіктер көбейген болар еді». Бұлай болмауын ел үлкендері қатаң түрде қадағалап отырған. Мысалы, қазақтың «Жеті жарғы» заңы бойынша бір рудың жастары көңіл қосатын болса өлім жазасына кесілетін болған.

    Х.Арғынбаев өз ойын мынадай тарихи дерекпен нақтылайды: «…Тобықты елінде болған Қалқаман Мамыр уақиғасын мысалға алайық. Екі өнерлі жас немере-шөбере туыстар болса керек. Бірақ екеуі бір-бірін сүйіп, бір түнде Мамырды Қалқаман алып қашады. Мұны естіген Мамырдың ағасы Көкенай екеуінде өлтірем деп ашу шақырады. Біраз уақыт бұлар жасырынып жүріп, қолға түспейді. У-шу басылып, ел іші тынышталған уақытта ата-ана, аға-інісінен кешірім сұрап, ризалығын алып бұдан былай ашық өмір сүрмек болған Мамыр ауылына аттанады.

    Ауыл шетіне жете бергенде, ағасы Көкенай қарындасы Мамырды садақпен атып өлтіреді. Енді Қалқаманды өлтірмей тынбаймын деп жар салады. Ел адамдары ақылдасып садақ кезенген Көкенайдың алдынан, Қалқаман жүйрік атпен шауып өтсін де, бір атқанда тигізіп өлтірсе Қалқаман құнсыз болсын, ал тірі қалса дау осымен бітсін депті. Көкенай да, Қалқаман да бұған көніп, шауып өткен Қалқаманға оқ тимей ердің алдыңғы қасын сындырыпты». Осыдан кейін Қалқаман басқа жаққа көшіп кетіпті.

    Жазушы Сәбит Мұқанұлының жазуы бойынша Алматы қаласының түбіндегі елді мекен сол Қалқаманның көшіп баруына байланысты аталған.

    Әр қазақ өзінің ұл-қызына жеті атасының есімдерін жаттатуды міндет санайды. Жеті атаны білу қазақ қоғамында бұлжымас заң болғанын ғалымдар өздерінің ғылыми зерттеулерінде атап өткен. Бұл салт туралы жазушылар да көп жазған. Бауыржан Момышұлы өз өмірін баяндаған «Ұшқан ұя» кітабында осы салт туралы жазады:

    «Әкем маған жеті атамның есімдерін жаттатқызатын.

    – Сен кімнің ұлысың? – деп сұрақ қоятын ол маған.

    – Мен Момыштың ұлымын. – деп жауап беремін мен.

    – Момыш кімнің ұлы?

    – Момыш – Имаштың ұлы.

    Осылай жеті атама дейін жалғаса беретін…

    Келген қонақтар менің не білетінімді сұрау өздерінің міндеті санайтын және менің атымды, содан соң жеті атама дейін сұрайтын».

    Қазақ арасында «Жеті ата» білу қазірде басты міндет саналады. Бүкіл ел қазақ театр өнерінің атасы саналатын ұлы тұлға  Жұмат Шанинді жақсы біледі. Ол өткен ғасырдың басында КСРО билігінің жала жабуымен атылған. Тек көп уақыт өткен соң 1958 жылы ақталды.  Жақында мен Ж.Шашиннің шөбересі Жанат Қасымханқызы Шанинамен таныстым. Ол Алматы қаласында тұрады. Сол кісі маған өз ата-бабаларының есімдерін айтып берді: Арғын, Қодан, Дайыр қожа (Ақжол), Мейрамсопы, Қаржас, Бегім, Сатылған, Таңат, Атанбек, Қожамберді, Томаш, Шана, Тұрғынбай, Жұмат, Қасымхан, Болат. Жанат Касымханкызының бауыры Болат та Алматы қаласында тұрады. Болат Қасымханұлының ұлы Сержан және Темір, Дамир есімді немерелері  бар.

    Жеті атаны білу қазақтың ең байырғы салттарының. Және рухани құндылық ретінде бұдан былай да сақталына береді.

    Бердалы ОСПАН.

    «АДЫРНА» ұлттық порталы

     

     

     

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Қазіргі той той ма, әлде концерт пе?

    Қазір той көп. Үйлену тойы, алтын той, күміс той, мерей­той, сүндет той, бесік той, тілашар ...