• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Салт-дәстүр » Қыздың жасауы алты жастан бастап дайындалады

    Қыздың жасауы алты жастан бастап дайындалады

    Әр қазақтың басты арманы бала-шағаны өсіріп, ел қатарлы болатындай жанұялы етіп қатарға қосу. Немере, шөбере, немене сүю қазақ үшін үлкен бақыт. Қазақ одан кейінгі ұрпақты — туажат, жүрежат, жекжат, жұрағатты көруді де армандайды. Бұл қазақ ұлтының өмірсүйгіштіктігінің керемет белгісі.

     

    Қызды ұл баладан артық жақсы көру

    Бұндай арманның айналасында көптеген халық салттары топтасқан. Осындай салттың бірі – жасау дайындау.

    «Жасау» сөзі – «жаса», «үлкен ойды іске асыр», «ұзақ өмір сүр» дегенді білдіреді.

    Жасау дайындау – байырғыдан келе жатқан жауапкершілігі мол салт. «Алты жастан бастап жасау жинасаң асасың, жеті жастан жасау жинасаң жетесің» деген сөздің шығуы да бекер емес. Жасау дайындаудың мәнісінде қызға деген көңіл, оның болашақ тағдырына деген көзқарас жатыр. Қазақтардың қызға ұлдан артық көңіл бөлетіні, оларды ерекше жақсы көретіні, және де еркін өсіретіні  баяғыдан белгілі.

    Бұның себебі – болашақта қыз «жат жұрттық» болып, басқа әулетке ұзатылатын болғандықтан. Сондықтан да қазақ ұзатылған қыз барған жерінде бағы ашылсын, бақытты болсын, деп қолынан келгеннің бәрін жасайды.  Бұл әсіресе «жасау дайындауда» көрініс табады.

    Қазақ тұрмыс-салтының білгірі, ғалым Шайзада Тохтабаева «әр балажан жанұя қызына мүмкіншілігінше қызына арнап сапасы жақсы заттарды дайындауға тырысқан. Себебі қазақтар «жасау» аздығы, немесе тіптен де болмауы бақытсыдыққа апарады деп білген» деп жазады.

    Ғалым Халел Арғынбай, «Қазақ халқындағы семья мен неке» кітабында шетел ғалымының 1892 жылы жарияланған Ф.Лазаревский есімді шетел ғалымының мақаласындағы: «Баймағамбет сұлтанның қызына берген жасауының 30 түйеге артылып, оның әрқайсысына кілем жабылғандығын және 100 жылқы айдатқандығын. Кейбіреулердің қызына беретін жасауы қалыңмал мөлшерінен әлде қайда асып кететін» деген мәліметін келтіреді.

     

    Жасау дайындаудың халық әдебиетінде көрініс табуы

    Жасау «Айман – Шолпан» жырында былайша суреттеледі:

    Көтібар Айманды ұзатты Әлібекке,

    Атақты өзі батыр асыл текке.

    Жүз-жүзден кілем, тон мен ішік қылып,

    Арттырды елу нарды әділетке.

    80 нарға артылған бай жасау туралы «Қыз –Жібек» эпосында да айтылады.

    Байырғы заманда қыз қалыңдық жасына жетуге бір жас қалғанда төрсандықтың үстіне сәукеле қоятын — осылайша қалыңдық киетін сәукеле арқылы осы үйде ұзатылатын қыз бардегенді білдіретін.

    Бұндай жаңалық туыстар мен ауыл арасына тез тарап кететін. Туыс әйелдер қонаққа келгенде түрлі әшекейлер әкеліп сәукеленің жанына қоятын болған. Осылайша болашақта болатын қуанышты салтанатты жағдайға өздерінің қатысы бар екенін білдірген.

     

    Құдай түсуден кейінгі жасау дайындау

    Жасау дайындығына қыз жақ әсіресе құда түскенннен кейін белсене кірісіетін. Қыз анасы жасауға зат қосқан туыстарына емеурін танытып қонаққа шақыратын болған.

    Алдын ала қой сойылып, қыздың анасы жасау дайындаудың басталатын күнін хабардар еткен. Белгіленген күні дастарқан жайылып, ет асылып, 7 нан пісіріліген. Әйел шеберлердің пірі Бибі Бәтимаға арнап дұға оқылып одан істің оңынан болуына көмектесуін сұрайтын.

    Жасау дайындауға шебер тігінші, кілем тоқи алатын туыс, көрші әйелдер, қыздың құрбылары қатысатын болған.

    Қыз анасы бұндай жағдайда бақытты әйелдер мен жақсы жанұялардың қыздарын шақыруға тырысатын. Себебі олардың әрқайсысы ортақ іске жанын салып қызмет істесе қыздың болашағына оңынан әсер етеді деп сенген.

    Қыздың анасына жеңгесі өзі пісірген тамағын әкеліп: «Қолың өрнекті болсын, тоқығаның бұдан да жақсы болсын, өмір-жасың ұзақ болсын» деп оң тілегін тілегін білдірген.

    Осындай сый-сияпаттарды жасау дайындайтын жұмысқа қатыспаған басқа да туыс әйелдер жасайтын. Жұмыс барысында зерікпес үшін түрлі әндер мен әзілдер айтылып, ойындар да ойналатын.

     

    Жасау неден жиналады

    Жасауға сәукеле, әшекейлер, киім, теріден жасалған кесеқаптар, ыдыс-аяқ, төсек, киіз, сандықтар, киіз үй, күмістелген ер-тұрман, түрлі мал және басқалар да енетін.

    «Ер Төстік» ертегісінде жасау ішінде қару-жарақтың болғаны да айтылады. Бұл осы салттың өте ертеден бастау алатынын білдіреді.

    Қыздың жасауына міндетті түрде жерге төселетін ақ кілем енген: себебі ақ түс және қой жүні байлық пен бала-шағаның көп болуының белгісі.

    Осылайша қалыңдықтың болашақта көп балалы болуы мен жаңа туыстармен кілем сияқты жұмсақ мінезбен жақын болуын меңзеген.

    Тарихшы Құрбанғали Халид жасаудың түрлі тоғыздан — 9түйе, 9кілем, 9 шапан және басқа тоғыздардан тұратынын жазған.

    19  ғасырда өмір сүрген белгілі ағартушы Ыбырай Алтынсарин, бай-қуатты жанұяның жасауы туралы қызық мәлімет келтірген. 125 жібек шапан, қымбат киіз үй, сол үйдің заттарын тағы басқа да баға жетпес керек-жарақ 25 түйеге артылыпты .

     

    Жасау қалың малдан асып түскен

    Көп заттар дайындау үшін көп уақыт көп керек болған, себебі әшекейлер мен басқа да заттар қолдан жасалынатын және оларды дайындау бағасы өте қымбат болатын.

    Уақыт өте келе жасау құрамы да өзгеріске түсті. Өндірістің дамуына байланысты жасауға тігін машинасын, тоңазытқыш пен басқа да тұрмыста қолданылатын заттар қосылды.

    Жасау дайындау туралы көптеген қазақ жазушылары жазғаны белгілі. Бауыржан Момышұлы өзінің өмірбаяндық «Ұшқан ұя» кітабында әпкесі Үбияннға байланысты айта отырып, өткен ғасырдың басында орын алған осы салт туралы баяндайды: «Әкем қыз ұзату тойы ең жақын дегенде, бір жарым-екі жылдан кейін өтетінін айтып отырып алды. Құдалар жағы оған көнгісі келмеді. …Бір жарым –екі жылдың ішінде әкем қала аралап, базар барып жүріп, қыз жасауын атына сай етіп әзірлеп үлгіретініңе сенген сияқты. Екіншіден, болашақ отау тігетін екі жас бірін-бірі толығырақ білсін, қалыңдық дәуренін қызықпен өткізсін дегені екен.

    …бір жұмадан соң, бізді Аюбайдың ауылы шақырыпты. Құдалар қалың малдың бір бөлігін бермек екен. Әкем бұл жолы барған жоқ. Оншақты ауыл жігіттерін ертіп, көкем кеткен. Ертеңіне олар бес жылқы, екі өгіз, отыз қойды алдарына салып келді. Оның үстіне әрқайсысына жекелей сый-сияпат көрсеіпті.

    …Көкемдер алып келген мал лезде сатылды. Көкем базаршы болып, жан-жақтан әпкеме жасау әкеле бастады. Үбиан енді жібек киіп, жүріс-тұрысы өзгеріп, кесте тігуден басқа жұмысқа қол созбайтын болды. Үйіміз ою ойып, өрнек салатын, киім пішіп, кілем тоқитын шеберханаға ұқсайды. Әжем «табақ-аяқ, көрпе-төсек, жасау-жабдығыңды түгелдеп, ине-жіпке дейін қалдырмаймын», деп отыратын.

    …Сөйтіп жүргенде, тағы алты ай өтіпті. Ауылымыз енді асыға бастады. Киіз басылып, киім-кешек жиі тігілді, кестелі бұйымдар молайды. Қолының ебі бар өнерлі әйелдер бар ниетін салып, аянар емес. Алынған жиһаздарды, тігілген бұйымдарды, қайта-қайта ашып көріп, нақ бір көрмеде жүргендей-ақ, масайрап мәз болысады. Осындай сәттерде әркім ойын ортаға салып, жиһаздардың кем-кетігі мен олпы-солпы жерлерін түзетіседі».

    Сәукеле, бүгінде де, бұрынғы кездегідей қолдан жасалады, кейір той көйлектері мен әшекейлер де арнайы тапсырыс беріліп қолдан жасалады. Дегенмен жасау қазіргі кезде дайын заттардан құралады.

    Қыздың жасауын жабдықтау салтына қазақтар бүгінгі таңда да ерекше жауапкершілікпен қарайды.

    Жасау дайындау  бұрынғы замандағыдай көпшілікті – жақын туыстар мен достарды рухани-жақындастыру міндетін орындап келеді.

    Бердалы ОСПАН.

    «АДЫРНА» ұлттық порталы

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Қазақтар ұрыларды қалай жазалаған

    Қазақ халқы ұрлықты ең үлкен күнә деп біледі. Сондықтан ұрлық жасаушыларды «алаяқ» деп атаған. Осыдан ...