Осыдан біраз бұрын “Қанат Тасыбековтың “Ситуативті қазақ тілі” атты кітабы жарық көріп, ол үкімет тарапынан қолдау тауып, қайта басылып шықты. Бұл өте құнды еңбек қазақ тілін үйренуді мейлінше жеңілдетеді. Мысалы, менде франсуз тілінің ситуативтік сөздігі бар. Театрда, автобуста, асханада, көшеде т.т. сөздер фразалар түрінде берілген. Қанаттың кітабы соған ұқсайды, алайда ол қазақтың салт -дәстүрімен твғыз байланыста құрылғандықтан – қазақы болмысты қатар меңгеруге жол ашады. Мұның құндылығы да сол боп тұр!

Тілді тілге тиек ете отырып, салт-дәстүрге оралайын: – Кеше ғана Елбасы “қазақ халқының жауапкершілігі” мәселесін көтерді. Бұл біздің бұрыннан айтып келе жатқан сұрақ болатын… Енді, уақыты келген сыңайлы… Олай болса, “жауапкершілікті қазақ” осы Жауапкершілікке лайық болғаны абзал емес пе? Яғни, оның бойында Ұлттың барлық ізгі құндылықтары орнығуы тиіс. Оны қалай орнықтырамыз? Біреулер “Әдебиет арқылы”, не болмаса, “Батырлар жырын оқу” арқылы дейді… Оған күмән жоқ. Бірақ, әрбір жас бала, шет елдік азамат Қазақ әдебиетін не Батырлар жырын оқу барысында Қазақ салт-дәстүрлері әліппесімен таныс болмаса, онда ол өзі оқыған дүниеден “қазақ болмысын” айшықтай алатын деңгейге жете алмайды. Сол себепті оған қазақтың көптеген дәстүрі мен салты, ойлау тәсілі, дүниеге деген көзқарасы түсініксіз күйінде қала береді… Бұл мәселені шешудің бір жолы бар: ол – қазіргі мектептерде оқытылатын “Өзін-өзі тану” пәні сияқты, Қазақ халқының дүниетанымы мен салт-дәстүрлерінің, әдет-ғұрыптарының ситуативті негіздері де мектептен берілуі тиіс. Шетелдіктер үшін арнайы курстар ашуға болар еді. Яғни, басқаша айтсақ, бұл – “өзін-өзі танудың” ұлттық бастауы болып шығады.

Сөйткен жағдайда, әрбір жас “қазақ жігіті (қызы, келіні” т.т.) ұлттық болмысқа сай әртүрлі ситуацияда қалай әрекет етудің” бастапқы ережелерін бойына әуел бастан сіңіріп, соған сай әрекеті болар еді. Яғни, бұл – ӨЗІ – ҚАЗАҚ, СӨЗІ – ҚАЗАҚ, ТҮРІ -ҚАЗАҚ, ҚЫЛЫҒЫ – ҚАЗАҚ дегенді білдіреді. Міне, осындай – “ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСЫ БҮТІН ҚАЗАҚ” қана заман ЖАУАПКЕРШІЛІГІН өз мойнына алуға қабілетті! Ал оны игермеген, меңгермеген қазақ, қаншама принципшіл азамат болмасын, ұлттық жауапкершілікке келгенде “мың құбылмалы” болып қала береді (әрине, Қазақстанда). Көп жағдайда оның “жауапкершілігіне” қоғам тарапынан сенім аз болады, ендеше, соңынан ілесер адам да аз болады… Өмір заңдылығы мен адам психологиясының әсері осылай!


Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,

Abai.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ