• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Салт-дәстүр » Күй тартыс қандай сайыс?

    Күй тартыс қандай сайыс?

    Қазақ халқының мәдени мұрасы ұшантеңіз. Бұрынғы кезде әр ауылдың өзінің әншісі, күйшісі, ақыны және ертегішісі, және басқа да өнер иелері болған. Саз өнерінің түрлілігі батырлық жырларды жырлауға, ән шырқап би билеуге тағы түрлі көптеген мүмкіншіліктер ашады. Қазақ қашанда үйіне қонақ түссе, үлкен абырой деп біледі. Қонақ жақын алыс-туыстары, құда-жегжаттары, достары ғана емес, кез келген бейтаныс адамдар болуы да мүмкін. Қазақ оларды «құдайы қонақ» деп қарсы алады. Әдетте үй иелері қонақтардан тек қана жаңалық біліп қана қоймай, жаңа ән мен күйлерді тыңдап, көңіл көтеретін болған.

    Осындай қонақ күту кездерінде аман-саулық сұрасып, тамақ ішіп болған соң, асықпай әңгіме-дүкен құрып отырған кезде домбыра тартылып, ән шырқалатын. Егер екі немесе бірнеше шебер күйшінің басы қосыла қалған жағдай болса, күй тартыс болып көпшілік қызыққа бөленетін. Бірақ бұндай күй тартыс сайысына түсуге барлық домбырашылардың жүрегі дауалай бермеген. Тек қана өзін нағыз шебер сезінетіндер ғана күй тартысудан бас тартпайтын.

    Күй тартыс түрлі түрде өтетін болған. Әдетте екі домбырашы бір біріне қарама қарсы отырып кезекпен күй орындайды. Күй тартып отырған күйші күйін қай жерден тоқтатам десе өзі біледі. Ал қарсыласы оны аңдып отырып, күй тоқтаған жерден іліп алып жалғастырып әкетуі шарт. Ол өз кезегінде ойынын тоқтатқанда бірінші домбырашы мүдірмей күйді жалғастырады. Кім ойынынан жаңылып сүрінсе сол жеңілді саналады. Осылайша күй тартыс бір күйден бірге күйге ауысып жалғаса береді. Кімнің жеңілгені көпшілік ортасында көрінеді.

    Күй тартыстың тағы бір түрі бір күйшінің орындаған күйін бір естігеннен айна-қатесіз қайта ойнап беру. Тек дөп басып қайталау аз, күйшінің мақамы, ойнау әдісі де дәлме дәл қайталануы тиіс. Бұндай күй тартыстар әдетте үлкен тойлар мен ас кезінде өткізілетін болған.

    Күй тартысқа байланысты мынадай бір аңыз сақталынып бүгінге жетті. Баяғы заманда жасы келген бір қария мен қызы жалғыз түйесінің сүтін талғажау етіп күн көріп жүр екен. Бір күні түйенің ботасы өліп, желіні суалып қалыпты. Аштан өлмеудің амалын қарастырған ақсақал амалы таусылып, егер түйемді кім идірсе соған қызымды беремін, деп жар салады. Әкесінің бұл шешіміне қызы да амал жоқ көнеді.

    Бұл хабарды естіген екі домбырашы келеді. Бірі жас жігіт те, екіншісі жасы келген мосқал тартқан ер адам екен. Жас жігіт бірінші болып күй ойнайды. Қыз шелегін алып түйенің жанына барады. Бірақ түйенің желінінен бір тамшы да сүт шықпайды. Өз кезегінде жас егде тартқан домбырашы өз күйін тартады. Сонда түйенің иіп желінін сүтке толғанын байқаған қыз, жасы үлкен адамға әйел болғысы келмей, інгеннің желінін қолдарымен мықтап қысып сүтті шығармайды.

    Қыздың бұл әрекетін дұрыс түсінген күйші «Қарақтарым, менің жасым кеп қалды. Өмір сендердікі жастар, екеуің қосылып бақытты болыңдар», деп қыз бен жігітке батасын берген екен.

    Кейбірде мықты күйшілер, басқа бір домбырашының даңқы туралы естісе, жол қаншама алыс болса да іздеп барып күй тартысатын болған.

    Қазақтың атақты композиторы әрі музыка танушысы Ахмет Жұбанұлы, өзінің «Ғасырлар пернес» атты кітабында күйші Тәттімбет Қазанғапұлының өмірінен мынадай бір қызық оқиғаны келтірген: «Тәттімбет Есілдің бойында келе жатып, бір үйге түседі. Оның естуінше сол үйдің бойжеткен қызы домбыра тартатын болса керек. Өнер иелерінің әр кезде өзіндей адамды іздейтін әдеті ғой, Тәттімбет те осы мақсатпен сол қыздың тартысын өз көзімен бір көргісі келеді. Сәлем беріп, үйге кіргенсін әдетше аман-саулық сұралып, жолаушының аты-жөні анықталмай тұрып, қонақ керегенің басында ілулі тұрған үкілі домбыраны көріп, үй иелерінен алып беруін сұрайды. Бай мен бәйбіше біріне-бір қарап аз кідіріп, қонақтың құрметіне алып береді. Тәттімбет домбыраның құлақ күйін өзінше өзгертіп, бірнеше күй тартады. Сол кезде даладан кіріп келген бойжеткен, Тәттімбеттің қолынан ешбір ұлықсатсыз домбырасын алып, «мені кім деп едіңіз, сізден сасатын» дегендей, күй тартады. Домбыра Тәттімбеттің қолына қайтатадан тиеді. Енді қонақ күй тартуға айналғанда бай-бәйбіше «әңгіменің» ұзаққа созылуға айналғанын көріп, далаға шығып кетеді.

    Қонақ күйші мен домбырашы қыз енді кезек-кезек көптеген күй тартады. Баста қызды балғын көрген Тәттімбет, оның күйге күймен жауап беруіне қарай, іштей сескенуге айналады. Қалайда қыз алдында еркектік абыройын сақтап қалудың не бір жолдарын ойлайды. Әйтпеген күйде мына қыз Тәттімбетті жеңіп кететіні сөзсіз. Тәттімбет тұрпайылау болса да, өзінше жеңудің қысқа жолын тапқандай болады. Қыз қырқыншы күйді шалғаннан кейін Тәттімбет етігін шешіп, бір күйді оң аяғының үлкен башпайымен тартады. Қыз Тәттімбеттің істей алғанын істей алмайды. Аяғын көрсетуден ұялған қыз әдептен аса алмай «жеңіледі».

    Сондағы Тәттімбеттің сондай ойнаған күйі «Былқылдақ» деп аталады екен.

    Бүгіндері күй тартыс өнерін үлкен концерттер мен тойларда тамашалауға болады.


    Бердалы ОСПАН.

    «АДЫРНА» ұлттық порталы

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Бұрынғы заманда «Ат-тон айып» не үшін төленген?

    Қазақ елінің байырғы заманда да өз заңы болған. Ол «Жеті жарғы» деп аталған. Осы заңнаманы ...