• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Салт-дәстүр » Көз — жарық пен түнектің мекені

    Көз — жарық пен түнектің мекені

    «Алас, алас, алас,
    Пәле-жаладан қалас,
    Көздінің көзіне,
    Тілдінің тіліне,
    Жақсылығы да өзіне,
    Жамандығы да өзіне,
    Сұғынған тілден сақта,
    Сұқтанған көзден сақта,
    Алас, алас, алас»… Сөз танып, сан айырмаған кезімізден аналарымыздың осы дұғасы, осы тілегі таныс. Қазақтың танымында әр аурудың өз иесі болады. Балаға көз тисе, я сөз тисе, ата-ана сол көз бен сөздің иесін тауып, соның ұл­тарағының, шұлығының немесе тұ­тынатын бір затының бір бөлігін бай­қатпай кесіп алып, соны тұтатып дерт­тенген балаға иіскетіп жатады. Жер ұшық, су ұшық, батқан күнге, атқан таңға сәлем салдырып, сумен, күлмен, желмен кетсін деп ырымын жасайды. Көзігуді, тілігуді қалыпты медицина емес, халықтық наным-се­німдегі ем-доммен жазады. Көз балаға ғана емес, ересек адамға да, жүйрік тұлпар, алғыр құсқа да, затқа да, жақсы басталған іске де, жайқалып өскен ағашқа да тиеді деп біледі. Қазақ бала­сының атын Итбай қойса, маңдайына қара күйе жақса, әдемі киіндірмесе, есі кіргенге дейін көзге көп түсіре бермесе осының бәрі сол көз бен сөзден сақ­тағаны. Жаңа түскен келінді көзге көр­сетпей, орамалмен жүзін жаудырып, сәлем салғызғаны да сол. Қадыр Мырза Әлі ағамыздың осы бір ырымға қатысты жазған өлеңі бар. Бала тоқтамаған соң оның атын әртүрлі, елеусіз, жеңіл, ұсқынсыз есімдермен атайтынын айта келіп: «Қазақтың қырда желдеген, қы­лығы сол бір ұнайды, алданып жүріп пендеден, алдамақ болған құдайды» дейді. Сонымен бірге халқымыз балаға есім бергенде ұлы тұлғалардың есімін көп бермеуге тырысады. Бала ауыр есімді көтере алмайды деп біледі. Көз­ден, сөзден сақтайды. Бұрын осы ырым қазақ халқына ғана тән екен, бұл да сонау ескі діннен қалған дүние екен, көздену мен тілдену деген болмас деп ойлаушы едім, бүгін байқап отырсақ бұл адамзат мәдениетінің, адамзат дүниетанымының үлкен бір бөлігі екен.

    Сонымен, көз тию дегеніміз не?

    «Көзі бар» адам дейді. Бұл көз — ауыр көз. Көзі бар адамдар өзі де сақтанып, балаға я басқаға сүйсінбей, тамсанып, таңданып қарамауға тыры­сады. Ол адам үй маңына жақындай бастағаннан баланы артына тығып, артық-кем сөзден абайлап отыру қай қазақы отбасына да тән нәрсе. Үйге келген қонақ кетер кезінде үйдегі жас балаларға «тфә-тфә, тілім тасқа, көзім тасқа» дегенді үй иесінің ескертуінсіз жасағаны дұрыс. Әйтпесе «балаға түкіріп кетіңіз» деуге үй иесі де сы­пайылық сақтап, ыңғайсызданады. Өзге әлем халықтары да осы «Көзі бар» я «Назар керде» адамдарды және көз тиюді өздерінше атайды. Ағылшын халқы сәтсіздік алып келуші адамды немесе затты «Джинкс» деп атап, көзі бар адамды «жын көзді» десе, гректер көз арқылы қарғыс жіберуді «Мати» дейді. Парсылар «Тұзды көз» десе, ис­пандықтар «Зұлым көз», арабтар «қыз­ғаныш көзі» немесе «отты көз», сан­скритте «Дришти Доша» яғни көзден келетін зұлымдық деп, ал түрік халқы «Кем Көз» деп атайды екен. Неміс хал­қының сагаларының бірінде кірпігі сирек адам өз көзқарасымен дұш­па­нын өлтіретіні, оның кірпікте­рінен көбелек бейнесінде жын ұшып шығып ажал келтіретіні жайлы қы­зықты аңыз бар. Эфиопиялықтар бел­гілі бір қоғамдық иерархияның адам­дары (байлар немесе кедейлер, ақсүйектер мен құлдар) ғана көз тигізе алады яғни ол ерекше дуагерлік күш деп білсе, үнді халқы тіпті жануарлардың да көзі тиюі мүмкін дегенге сенеді екен. Осыдан-ақ байқап отырғанымыздай «көз тию» ырымы барлық халықтарда есте жоқ ескі замандарынан бері үзілмей келе жатқан сана. Мұны кейбір зерттеушілер адам­дар күнге табынған кезден қалған, бүкіл әлемді көруші көз — күннің және найзағайдың культі деген болжам жа­сайды. Бұл бірақ шындыққа келе қоймайтын секілді. Неге десеңіз, сенім­де ғана емес, өмірде де орын алатын жағдай емес пе? Сондай-ақ жын адам­ның көзі арқылы кіріп, көзі арқылы қа­рап отырады деген де түсінік бар. Көз бен сөздің қара дуасы, қара энергиясы жеккөрушіліктен ғана емес, ерекше жақсы көру арқылы да келесі адамға беріліп отырады. Бала жағдайында ең қауіпті көз өз ата-анасының көзі. Ата-ананың балаға деген ерекше махаббаты зұлымдықтан да қауіпті. Баласын емі­реніп иіскемей, «өй, жаман неме» деп итеріп тастау арқылы жақсы көретін адамдар қазақы ортада көп кездеседі. Үлкен кісілердің баланы иттің күшігіне балайтыны да содан болар. Көз тиюді әлемдегі ешбір дін жоққа шығармайды. Қайта осыған қарсы оқылатын дұғалар көптеп кездеседі. Ислам дінінде көз тиген адамға оқылатын мынадай дұға бар: «Ә’узу бикәлимәтиттәммәти мин шәрри кулли шәйтанин уә хәммәтин уә мин шәрри кулли аинин ләммәтин». Мұны таңертең және кешке үш мәр­теден қайталап оқиды. Уағында Мұ­хаммед пайғамбарымызды көзімен өлтіру үшін «Көзі бар» адамды жалдаған жағдай болған екен. Қалам сүресінің 51 аяты («Кәпірлер сені көздерімен құрт­пақшы болды» ) осының куәсі. Демек, көз — адамның қаруы. Адамдар көз арқылы дұшпанын жер жастандырып, дүниеге билік жүргізуге болатынын білген. Хадис шәрифтерде «Адамдардың көбі көз тиюден өледі», «көз адамды мазарға, түйені қазанға түсіреді» деген жолдар бар. Ал орыс халқының қол­данатын мынадай дұғасы бар: «Во имя Отца и Сына и Святого Духа. Аминь. Чистая кровь и небесная! Спаси, сох­рани раба Божьего (имя), от всякого глаза, от худого часа, от женского, от мужского, от детского, от радостного, от ненавистного, от наговорного, от переговорного».
    Көздің адамзат өмірінде, наным-сенімінде соншалықты маңызды бо­луының өз шындығы бар. Аспанның екі көзі Күн мен Ай деп саналған. Адамдар­ға мәңгілік қарап тұрушы. Бірі жұ­мылғанда екіншісі ашылады. Финикия­лық аңыздардың бірі Кроностың төрт көзі барын айтады. Оның екеуі жұ­мылғанда, екеуі ашық тұрады. Бұл — адам бойындағы сергектікті білдіреді. Ал антикалық аңыздағы құбыжық — Горгона Медуза оның көзіне тіке қа­раған адамды тасқа айналдырып жі­береді. Яғни зұлым көзді адамдардың адамды дерттендіруі, өлтіруі секілді. Персей осы Медузаны айнадай жал­тыраған қалқанға қарату арқылы өл­тіретінін бала күнімізден білеміз. Сол секілді «Көзі бар» адамдарға қарсы қорғаныш қабатын жасау дұғалар және өзіңізді сергек ұстау арқылы жүзеге асады. Ежелгі Мысырдың «Өлілер кі­табында» мынадай жолдар бар екен: «Мен көріп тұрмын, демек, өмір сү­ремін». Яғни адамдар өлгенмен олардың көзі өлмейді. Адам көзге айналады. Ол ағаштың көзі, тастың көзі, жан-жа­нуардың көзі болуы да әбден мүмкін. Мысалы, Қабыл Абылды өлтірген кезде Абыл көрден қарап жатыпты деген сенім бар. Сонда көз өмір сыйлаушы (жарық) және өлтіруші түнек (түн) те болып табылады. Сондықтан да адамдар көзбен емес, мәңгілік ізгілік нұрын таратушы — жүректің көзімен қарауға ұмтылған. Абайдың «Жүректің көзі ашылса…» деуі де осы. Американың ежелгі тұрғындары «жүректің көзі бәрін көруші» дейді. Өйткені ол көз — интеллектуалды интуиция. Ол — үшінші көз. Барлық әулиелер мен пай­ғамбарларға таңылатын үшінші көз.
    Көздің даму эволюциясы өте күрделі кезеңдерді бастан кешіргенін көреміз. Көз тиюдің құпиясын осы арқылы ашуға болатын секілді. Адам адамға жарықпен қарайды. Ал кейде түнек­пен… Ол қалай? Адамның көзінде жа­рықты сезінбейтін, қабылдамайтын «Соқыр таңба» бар. Ол көздің дамуында сол өлі қалпында қалған. Мысалы, өзі­ңіздің сол «Соқыр таңбаңызды» көру үшін екі ұқсас нәрсені қойып, оң кө­зіңізді жұмып, сол көзіңізбен оң жақ­тағы нәрсеге қарасаңыз болғаны. Көз сол жақтағы нәрсені көрсетпей, тек түнекті ғана көрсетеді. Өз уақытында Францияның патшасы Людовик 16 өзі­нің қол астындағыларды қатар отыр­ғызып қойып, ұнатпағандарына «Соқыр таңба» арқылы қарайды екен. Тіпті ол мұны ермекке айналдырып алған. Бұдан шығатыны, адамдар кейде өздері де байқамай өзге жанға «Соқыр таң­басы» арқылы қарап қояды. «Соқыр таңбамен» қарауды «Көз тигізу» деген­нен қаншалықты алыс қоя алар едік?..


    Ерлан ЖҮНІС, «Айқын».

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Қаралы көш – қазақ салттарының көнесі

    Қазақтар ғасырлар бойы мал шаруашылығымен өмір сүрген ұлт. Ауа райының төрт мезігіліне байланысты қыстау мен ...