• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Салт-дәстүр » Құда тартар – қазақтың қызық салты

    Құда тартар – қазақтың қызық салты

    «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» дейді қазақтар. Екі жақ қалың мал мөлшері, той мен жасау-жабдық жөнінде келісіп болған соң – «құдалық» салтының кезегі келеді. Екі жақ бірін-бірі қонаққа шақырысады.

    Бұл салт барысында ең алдымен құдаларды құйрық бауырмен сыйлап беттерін ұнмен жағады. Бұлай ету жастар еш таршылық көрмесін, молшылық болсын деген тілектен туған.  Осылай жасалған соң екі жақ «Құйрық-бауыр жескен құдалар» атанып, құдалықты бұзуға болмайды.

    Қазақ тойларында бүгінде де шырқалатын әндерде мынадай өлең жолдары бар:

    Құда, құда дегізген,

    Құйрық-бауыр жегізген

    Келе жатыр құдағи

    Қане ашыңыз ауызды.

    Шәкен Кенжетайұлы АЙМАН «Алдар көсе» фильмінде

    Құдаларды көңілді қарсы алу керек!

    Құдалық — екі жақтың өкілдері өзара сыйлық тарту етіп, күй ойнап, ән шырқап, би билеп тағы басқа да көңіл көтеретін іс-шаралар болатын танысу салты.

    Құдалық қалай өтсе — жастардың болашағы сондай болады деп сенеді қазақ халқы.

     

    Отаны Польшаның азаттығы үшін күрескен Ресей патшалығының жер аудару жазсына кесіліп қазақ даласында көп жылдар өмір сүрген Адольф Янушкевич, ұлтымыздың құдаларды қарсы алуы туралы мынадай куәлік қалдырған: «Құдалардың келетін уақытына киіз үйдің табалдырығына жақын жерді қазып үстін шөппен жауып тастайды. Құдалар табалдырықтан аттасымен шұңқырға құлайды да қыздар, барлық жастар олардың үстіне гүлмен шашу шашады. Ойын-күлкі. Бұнысымен қоймай құдаларды әзіл-шыны аралас жұлмалап, қытықтап, аяқ-киімдерін шешіп алып, әбден қызыққа батады… Содан соң жақсылап күтіп, сыйлықтар ұсынады».

    Құдалық барысында құдалардың көңілін көтеріп есте қаларлық небір басқа да қызықтар болып жатады. Мысалы, қыз-келіншектер білдіртпей қонақтың, әдетте күйеу жолдастың киімін отырған киізге немесе көрпешеге тігіп қоятын болған. Содан жігіт орнынан тұрған кезде киіз немесе көрпеше шұбатылып бірге көтерілетін. Әрине бұндай көрініс басқаларды қыран-топан қызыққа көмдіретін.

     

    Құда тартар

    Құдалықтың «Кәде», «Отқасалар», «Өлі-тірі» және басқа да түрлі құрамдас жол-жоралары бар. «Құда тартар» — құдалықтың барысында қонақ күтудің ережесін әдейі бұзу болып табылатын салт.   Әдетте қыз-келіншектер қонақтардың бірін көтеріп, қол-аяғынан жан-жаққа тартып әурелейді, ал ол болса мүмкіншілігінше босанып кетуге тырысады. Бұл да құдалықтың ең қызықты салттарының бірі. Бұндай «Құда тартардың» нәтижесінде құданы суға тоғытып жіберетін. Дегенмен құда жолын жасап қыз-келіншектерге ақша немес түрлі әшекейлер сынды «сый-сияпатын» үлестіріп құтылуға да мүмкіншілік ала алатын.

    «Құда тартар» ұзақ сақталып келе байырғы әрі өміршең салттардың бірі.

    Театр және кино артисі, жазушы Асанәлі Әшімұлы «Майраның әні» атты кітабында Шәкен Кенжетайұлы Айманның қызы Майраға үйлену тойына бір күн қалғанда өзі куә болған осы салт туралы жазған. Қайын атасының үйінде «Құдалық» өтіп жатады: «Тойға бір күн қалған кезде Шәкеңдердің үйіне келсем, кіреберіс дәлізде сұтыр төбелеске бергісіз арпалыстың үстінен шығайын. Есім шығып, сұп-сұр болып, босағада мелшиіп тұрып қалсам керек. Тамам әйелдер жиналып алып, әлде біреумен алысып жүр. Бірі қолын, бірі аяғын дегендей жалғыз ер адамды у-шу болып, әлде қайда сүйрелеп жүр. О, сұмдық-ай, әйелдердің алысып жүрген кісісі кім дейсіз ғой, «барын киіп, бақанын қолға алып» дегендей тойға шытырая әзірленіп келген Қасекең (Қасым А.Әшімұлының ағайыны). Галстугі қисайып, бір-екі түймесі ұшып кеткен. Ол да еркек кіндік емес пе, жан ұшырып беріспей-ақ жүр. Зәрем одан ары ұшты, не ажыратудың жөнін таппай тұрып қалыппын.

    Бала, біздің жақта осындай құда тартар деген дәстүр болады. Өңіңнің қашып, сұрланып кетуіне қарағанда, ағамды сабап жатыр деп ойлап қалдың-ау шамасы, деді Шәкең көңілімді сабасына түсірейін дегендей. Сол кезде жаңағы көп әйел қойсын ба, Қасекеңді көтеріп апарып, ваннадағы суға тоғытып жіберді. Су-су болған Қасекеңді Шәкең мен Мәжит (М.Бегалин кинорежиссер) барып судан суырып алып, бастан-аяқ түгелдей өз киімімен қайта киіндірді. Шәкеңнің өзі де балаша мәз болып күліп жүр.

                                                      Мәжит Сапарғалиұлы БЕГАЛИН – кинорежиссер

    Еуропаша тәрбие алып, мұндай дәстүрді білмейтін Мәжекең ғана:

    • Ту, мыналарыңыз не сұмдық?! Тіпті ұят болды ғой. Құдай сақтасын,

    артық кетіп қалдыңыздар! деп қиналды. Қасекең ағамыз да тілін тартар емес.

    • Қалтамдағы партбилетім мен паспортыма ғана обал болды, әйтпесе

    сахнадан ғана көрініп, кісіні қызықтырып жүрген әнші-биші келіншектерге бір көтерткенімнің өзі неге тұрады. Енді құданы сүю деген дәстүрлерің болса жасаңдаршы, – дейді».

    «Құда тартар» қазіргі кездегі өте қызықты салттардың бірі.

    Бердалы ОСПАН

    «АДЫРНА» ұлттық порталы

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Қазақтар ұрыларды қалай жазалаған

    Қазақ халқы ұрлықты ең үлкен күнә деп біледі. Сондықтан ұрлық жасаушыларды «алаяқ» деп атаған. Осыдан ...