• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Басты тақырып » Бұрынғы заманда «Ат-тон айып» не үшін төленген?

    Бұрынғы заманда «Ат-тон айып» не үшін төленген?

    Қазақ елінің байырғы заманда да өз заңы болған. Ол «Жеті жарғы» деп аталған. Осы заңнаманы алғаш зеттеуші көрнекті ғалымдар Әубәкір Диваев және Санжар Асфендиярұлы болды.

    Қазақтың байырғы заңдарын зерттеген ғалым Ж.О. Артықбаев: «Жеті жарғы» Қасым мен Есім хандардың заманындағы қазақтың ескілікті заңдарының негізінде жасалған дей келе: «Тәуке хан Күлтөбе деген жерде жеті биді шақырып, арасында Төле би де бар, сол билер «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» атанған байырғы салттардың негізінде   «Жеті жарғы» атты жаңа заңдарды түзді.

    Осы «Жеті жарғы» заңнамасын түзуге қатысқан «жарғыш»деп аталған. «Қара қылды қақ жарған» деген сөз нағыз әділетті билер туралы айтылған» деп жазады.

    «Жеті жарғы»  пікір білдірген әлемге әйгілі ғалым Әлкей Хақанұлы Марғұлан «Жеті жарғы» әуелі жеті жарғыш, яғни жеті әділ, қара қылды қақ жарған билігі деп жазды. Ә.Х.Марғұлан «Жеті жарғыға» енген ережелер жетеу деп әрқайсынының атын атаған. Олар:

    1. Мүлік заңы;
    2. Қылмыс заңы;
    3. Әскери заң;
    4. Елшілік жоралары;
    5. Жұртшылық заңы;
    6. Жесір дауы;
    7. Құн дауы.

    Айып не үшін кесілетін болған?

    Қазақ билігінде кеңінен қолданылған жазалардың бірі «Ат-тон айып» «Жеті жарғы» бойынша қоғамдық қатынас, жас пен кәрі, ақ сүйек пен қарасүйек, еркек пе әйел арасындағы тәртіптің баршасы айып түрлерінің қолданылуымен реттеліп отырған.

    Айыптың ең жеңілі «ат-шапан айып», ат берілсе де, берілмесе де шапан беріледі.

    «Ат-тон айып» ат-шапан айыптан жоғары тұрады. Айыпқа беретін аттың жасы құнаннан кем болмауы керек, сондай-ақ айыпқа аса кәрі ат беруге болмайды. Көбінесе айыпқа берілетін аттың жасына қарамай, дені-саулығына, мықтылығына қарайды.

    Ат-шапан айып кез келген жағдайда қолданылуы мүмкін.  Мысалы,  қонақты не жолаушыны жөндеп күтпеген үй иесіне де салынады.

    Ат-тон айып отбасы, ағайын арасының қарым-қатынасында, үлкен мен жас арасындағы сыйластықты сақтау үшін, тіпті амандасу салты сәл бұзылса да осы айып қолданылады.

    Кейде билер артық айтылған сөз, оғаш қимыл деген сияқты істерде «азусыз ат, жиексіз тон» деген айып кесетін болған. Бұл айыптардың ең жеңіл түрі және де жеңіл істерге кесіледі. Азусыз айт деп айыпталғанымен, оның орнына бір қой, жиексіз тон дегенге бір киімдік мата беруге болатын.

    Түйелі елдерде жеңіл қылмыстар үшін «бір түйе, бір шапан» айып кесілген. Ауырлау қылмыс, тәртіпсіздік үшін «бір түйе, бір ат» болып ауырлай береді.

    Айыптың ауыры қазақ арасында «тоғыз» деген атқа ие. «Тоғыз» қазақ заңында салттарға байланысты қолданылатын айып. «Түйе бастатқан тоғыз» құрамына үш түйе, үш ат, үш сиыр, немесе үш тай кіретін. Айыптың бұл түрі ру арасындағы қатынастарда, жесір дауында көп қолданылады.

    «Қал тоғыз, қасқа тоғыз» аталатын айыптар қол жұмсап, қан төгілгенде, жарадар болғанда қолданылған. «Қал тоғыз» қатты таяқ жеп, қорлық көргенде ұсақ малдан тоғыз беріледі, ал «қасқа тоғыз» ауыр жарақат алып, көп қиналыс көргенде айыптыға салынады. Бұндайда жапа шегуші үлкен малдан таңдап алып, ал, кінәлі адам емшінің ақысын да төлеуге міндетті болған.

    Батыр Аманкелді «Ат-тон айыпты» қалай төледі

    Бейімбет Майлин мен бірігіп, қазақтың алғашқы көркем фильмінің сценариін жазған жазушы Ғабит Мүсірепұы, Ресей патшасының егзісіне қарсы Ұлт-азаттық көтерілісті бастаған батыр Аманкелді Иманұлының өмірбаяны жөнінде біршама зерттеулер жүргізген. Жазушының жазбасында Аманкелді батырдың қалайша «Ат-тон айып» төлегені туралы қызықты дерек бар:

    «Бір күні Бектепберген соғып берген мүйіз сапты сары кездікпен мұртын басып отырып:

    • Қатын, ә, қатын, – деді Күдекең. «Қатын» деп бастаса, бірдемеге

    мақтанатыны белгілі. Әйелі:

    • Е, байғұс бірдеме айтпақпысың? – байының бетіне қарап:
    • Құданың құдіреті, осы Бектепберген балаға Шарипажанды бергім

    келіп жүргені…

    • Қалыңға тағы бір сары кездік алмасаң, одан басқа не береді саған?..

    Құдайдың жоғын айтқаны несі екен!.. Ана жынды інісі бір күні тартып әкетсін дейсің ғой!  – деп әйелі шапылдады. Бірақ әкенің аты әке, – болмады – қызын Бектепбергенге бермекші болып иек сипасты…

    Жылқы екеу, қой үшеу, қалыңға төлейтін мал жоқ. Төлемейін десе құда бір момын адам. Ойлап-ойлап келді де, Аманкелді оңай ақыл тапты. Түн ортасы кезінде атын жолдасына ұстата салып, төрде жатқан Шарипаны көтеріп ала-ақ жөнелді. Атқа бір қонып алды, оның ар жағын сөз қылатыны жоқ. Шарипаны алып кете барды. Ертеңіне аты «мүйіз торыға» бір шапанды жауып, мойнына бір құдызды байлап, «ат-тон» айыбын Аманкелді өзі алып келіп еді, кешеден бері қатынын сабап бақырып жатқан құда сылқ етіп түсті де қалды:

    • О, жынды ит, құлағыңды жұлайын сенің… Кісенді салайын аяғыңа…

    – деп Аманкелдіге жақындап келді де, күліп жіберді.

    Аяғында жалғыз тоқтысын сойып, Аманкелдіні сыйлады да шапаны

    мен құндызын айыпқа алып, «Мынау құдаға мінгізгенім атым» деп, Аманкелдінің атын өзіне жетектетіп жіберді».

    Қазақ арасында «Ат-тон айып» деген ұғым әлі күнге дейін сақталған. Әдетте бұл айып туралы біреу кінәлі болып қалғанда еске алады. Бұнысы кінәлі адам кешірім сұрасын дегені.

    Бердалы ОСПАН

    «АДЫРНА» ұлттық порталы

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Қаралы көш – қазақ салттарының көнесі

    Қазақтар ғасырлар бойы мал шаруашылығымен өмір сүрген ұлт. Ауа райының төрт мезігіліне байланысты қыстау мен ...