• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Салт-дәстүр » Қазақтың «Ауылдың алты ауызын айту» салтын ұстанасыз ба?

    Қазақтың «Ауылдың алты ауызын айту» салтын ұстанасыз ба?

    Қазақтар қонақжай халық. Қонақ күту байырғы кезде қалыптасқан салттардың бірі.

    Қонақтың қандай түрлері болады?

    Қазақ рухани құндылықтарын жинаушы Жәрдем Кейкин өзінің «Қазақы атаулар мен байламдар» атты кітабында қазақтардың қонақтарды қалай атайтынын келтірген:

    «Арнайы қонақ»;

    «Құдайы қонақ»;

    «Құтты қонақ»;

    «Ерулікті қонақ»;

    «Тана тағар қонақ» және басқалар.

    Отау көтерген жастарға «Қонақ түсер үй болыңдар», «Үйлеріңнен қонақ үзілмесін», «Дастархандарың жиылмасын» деп жиі тілек айтылатыны да ұлттың қонақжайлылығының бір көрінісі.

    Қонақты күту

    Қазақтар ешқашан қонағын сұрақтың астына алмаған. Жолаушылап келе жатып үйге түскен қонақтың кім, қайдан келе жатқанын, қайда жол тартқанын өзі айтпайынша сұрамайтын болған. Үйдегі жылы-жұмсақты алдына қойған. Тек қонақ қайтуға жиналып жатқанда ғана: «Бұйымтайыңыз бар ма?» сұраған. Егер қонақтың айтары болса үй иесі оның өтінішін орындайтын болған.

    Тіпті жас жеткіншек келсе де: «Төрге шық, сен қонақсың» деп үлкен кісідей күткен.

    Әбілхан Қастейұлының қонақтары

    Қазақстанның ұлы суретшілерінің бірі акварельші Үкі Әжіұлы маған бірде ұлы суретші Әбілхан Қастейұлының үйіне алғаш рет барғаны туралы әңгімелеп берген еді. Суретшінің үйінде бейтаныс жасөспірімді құрметті қонақ реіне қарсы алыпты. Ә.Қастейұлы Үкіні төрге отырғызып,  жұбайы Сақыш апа қонаққа деп әдейі тамақ дайындапты. Дастархан басында Үкі келген себебін айтыпты. Үкі Әжіұлы осылайша атақты суретшінің шәкірті болады.

    Суреттері қазақ халқының беткеұстар рухани байлығына айналған Қазақстанның ең атақты суретшісі Әбілхан Қастейұлының үйінен қонақ үзілмейтін болған. Оның шаңырағына суретшілер, өнер адамдары және ұлы суретшіні көргісі, шығармашылығымен танысқысы келгендер жиі келеді екен. Жаркенттік туыстары мен жерлестері де жиі қатынайтын. Суретші олардың бәрін қуана қарсы алатын қолы ашық отағасы болған.

    Уақыт келе суретшінің үйінің ауласында, қонақтар үшін, ішіне бірнеше қатар керует қойылған ұзын кенеп шатыр орналастырылған. Ұлы суретшінің шаңырағы ешкімді бөлектемеген, тіпті таныс емес кісілерді де жақын адамдарындай қарсы алатын болған.

    Бірде, суретшінің үлкен қызы Гүлдария Әбілханқызы мынадай әңгіме айтып еді. Бір күні олардың үйіне жасы үлкен ақсақал келіпті. Үй иелері қарияны  төрге отырғызып, дастархан жайыпты. Алдына қазақтың ұлттық асы бесбармақ тартыпты. Сонымен ақсақал суретшінің үйіне қонып қалыпты. Ертесін таңғы шайын ішкен ақсақал қош айтысып кетеді.

    Қонақты шығарып салған соң Гүлдария Әбілханқызы әкесінен: «Бұл кісі кім, Жаркенттен келген туысымыз ба?» деп сұрапты. Әбілхан Қастейұлы қызының бұл сұрағына «Білмеймін» деп жауап беріп сурет салуын жалғастыра беріпті.

     

    Қонаққа деген қамқорлық

    Әр қазақ шаңырағына түскен қонағын дәмді тамақпен қарсы алумен қатар, алыс жолдан шаршап келгендіктен жақсы демалуына да жағдай жасауға міндетті болған. Сондықтан қонақтың көңілін көтеру үшін жасы үлкен көршілер мен ауылдың әнші-күйшілерін шақыратын. Осылайша әңгіме-дүкен құрып, өлең айтып қонақтың көңілін аулаған.

    Қазақтың «Қонақ күту» салтының құрамында бірнеше жанама салттардың болуы таңғаларлық емес. «Қонақ кәде» мен «Ауылдың алты ауызы» осындай салттарға жатады. Мысалы, үй иесі қонақтан сыпайы түрде «Қонақ кәде» сұрай отырып, ән-жыр, күй орындап беруін өтінеді. Ал қонақ өз кезегінде әдептен аспай, алдымен «Ауылдың алты ауызын» —  тыңдайық деп, үй иелері қонақтың айтқанын орындаған соң отырыс «Қонақ кәдемен» жалғасқан.

    Қазақтың осы бір әдемі салты «Ауылдың алты ауызын айту» жазушы Қабдеш Жұмаділ «Соңғы көш» шығармасында керемет суреттелген:

    «Естай… домбыраны Дүрияға ұсынды:

    — Енді «ауылдың алты ауызын» тыңдайық.

    Дүрия өзге дүниені ұмытып, шын жүректен шыққан сағыныш сарынын тұла бойымен ұйып тыңдап қалған екен. …Жігіттердің өзіне қолқа сала күтіп отырғанын енді ғана аңғарғандай, …бойын тез жинап, домбыраға қол созды. Аққудай сыңқ етіп, дауысын сәл қырнап алды да, көп бөгелмей «Угай-ай» әнін бастап кетті. Жібек талдай созылған нәзік үн тым биікке шырқап кетпегенмен, сол бір ыстық толқын шерлі жүректің өзінен шығып жатқандай, құлаққа өте жағымды еді. Бас жағын халық әнінің өз сөзімен орында келді де, ең соңында бұрын ешкім естімеген бір ауыз жыр айтты:

    Қызыл түлкі дейді ғой қыз баланы,

    Алған да, алмаған да қызғанады…

    Қара қарға қарқылдап мазаңды алар,

    Түспеген соң Алтайдың мұзбалағы,

    Угай-ай, әй, угай-ай,

    Өтті-ау дүние дариға-ай!

    Жігіттер ду қол шапалақтап көтермелеп әкетті.

    –   Жарайсың, Дүрия!

    –   Өзің ақын екенсің ғой…

    –   Соңғы шумағын жаныңнан шығардың білем…

    –   Ендігі кезек Естайдыкі…

    Ән аяқталысымен, Дүрия жүзіне болар-болмас қызыл арай теуіп, ішкі бір сезім әуенімен толықсып сәл отырды да, домбыраны Естайға қайтып берді».

    Қазақтар бүгінде де «Ауылдың алты ауызын айту» салтын ұстанады.

    Бердалы ОСПАН

    «АДЫРНА» ұлттық порталы

     

     

     

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Қазақтар той-томалаққа кімдерді шақырмаған?

    Қазақ халқының баяғыдан қонақжай ұлт екені белгілі. Байырғы кезде кез келген қазақ алыс жолға шыққанда ...