• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Салт-дәстүр » «Ат тұлдау» — қазақтың ең көне салттарының бірі

    «Ат тұлдау» — қазақтың ең көне салттарының бірі

    Жылқы малы қазақтарды жарық дүниеге келген уақытынан өмір бойы бірге болып, соңғы демі таусылғанша қасында болатын жанына ең жақын жануар. Қазақ даласында болған шетелдік тарихшылардың барлығы дерлік қазақ халқының жылқыға деген айрықша көңілін байқап өз шығармаларында жазып кеткен.

    Мысалы орыс тарихшысы Гавердовский мынадай жазба қалдырған:

    «Табындар үш топқа бөлінеді. Біріншісінде сауын биелер болады. Оларды айғыр қориды. Ол байталдарды шашау шығармай бағып әрдайым жыртқыш аңдардан сақтап жүреді. Жайылымдарға, су ішуге бастап барады.

    Бір табында екі айғырдың болуы мүмкін емес. Егер айғыр өз табынына жақындаған қарсыласын көрсе бірден тап береді. Екі айғыр шайнасып, тебісіп бірін-бірі аямай шайқасады. Кейбірде бұндай күш сынасу екі айғырдың бірінің өлімімінен аяқталады.

    Екінші табын үш жасында піштірілген аттардан тұрады. Бұлар ұрғашы жылқылармен бірге жайылмайды.

    Үшінші табында бір жастан екі жасқа дейінгі құлындар болады. Оларды туғаннан кейін біраз уақыттан соң кішкентай балалар мініп ойнайды».

     

    Соңғы дем қалғанша

    Қазақтардың жылқы малына деген сүйіспеншілігі атақты тұлғалардың аттарының есімдерінің бүгінге дейін ұмытылмауында. Қобыланды батырдың мінген аты Тайбурыл, Алпамыс батырдың аты Байшұбар, Ер Төстіктің мінгені Шалқұйрық. Уәли ханның атының есімі Көксырғанақ, батыр Истатай Тайманұлының аты Ақтабан, Ақан серінің аты ҚҰлагер, әнші Сегіз Сері Бахрамұлының аты звали Бозшұбар, ақын Ілияс Жансүгірұлының мінген аты Керқұла, акын әрі әнші Кенен Азербайұлы өзінің алғашқы атына Көкшолақ деген есім бергені белгілі. Және бұл тізімнің ұшы-қиыры жоқ деуге болады.

    Қазақ ұлтының тұрмысының қай жағы болмасын жылқы малынсыз елестету мүмкін емес.

    Қазақтың байырғыдан келе жатқан «Өмір бар жерде өлім бар» деген сөзі бар. Марқұмды жер қойнына тапсыру бірнеше салттан тұрады: естірту, дене жуу, жоқтау, ту тігу, жыртыс тарату, тоқтау айту, жерлеу, көңіл айту, жетісін өткізу, қырқын беру, ас беружәне басқалар.

    Осындай салттардың бірі «Ат тұлдау. Қайтыс болған адамды соңғы сапарына шығарып салуда «Ат тұлдау» ерекше салт. Оның мағынасы қандай?

    Түлданған атты ешкім ұрламаған

    Ғалым Шайзада Тохтабаеваның баяндауынша: «Киіз үйдің есігінің алдына марқұмның жақсы көретін аты байланатын. Қасына тағы да бірнеше атты қосатын. Содан қайтыс болған адамның жасы егде тартқан туысы атқа «иесіз жетім қалдың» сияқты сөздерді айта отырып аттың кекілі мен құйрығын қысқа етіп кесетін. Кекілін жоғары қаратып тік етіп үкі сияқты байлайтын. Бұл өзгеріс жануардық тұлданғанын, енді марқұмның асына сойылатынын білдірген.

    Бұндай ат жыл бойы бос жайылатын. Көш жүргенде тұлданған атқа иесінің ер-тоқымы жабылып, ердің басына тымағын теріс кигізетін болған. Тұл атты ешкім ұрламайтын, себебі қазақ сенімі бойынша олай болған күнде ұрының жанұясының бір адамы қайтыс болады екен».

    Салттың әдебиеттегі көрінісі

    Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезұлының «Абай жолы» роман-эпопеясында «Ат тұлдау» салты жақсы суреттелген: «Байдалы қараны тігіп, барлық жиылып тұрған жанкүйер жақындармен бата қылған кезде, сол үйдің екі жақ босағасына екі ат жетектеліп келді. Бірі доға – жал семіз күрең ат. Екіншісі – дом боп жарап қалған, сартап болған сұлу қара көк ат. Күрең ат – Бөжейдің қыс мінетін аты. Қара көкті осы жаз басынан байлап жүр еді.

    Бөжейдей азаматтарының ыстық көзіндей болған екі серік аты келгенде барлық үлкендердің өздері де еңіреп-еңіреп жіберді. Біреулер таяғына сүйеніп, бірнеше кәрілер жер тіреп жыласып: .

    – Арысым-ай, арыстаным, бауырым-ай! – десіп күңіреніп еді.

    Өзгеден бұрын бойын жинап алған тағы Байдалы болды. Ол әуелі оң жақ босағада тұрған күрең атқа кеп:

    – Жануар-ай, иең кетіп, тұл қалдың ғой, сен бейбақ! – деп, жақындап келді де, күрең аттың кекілін шорт кесті. Содан құйрығынан алып, уыстап тұрып, дәл тірсегінен төмен жоғары келтіре, қалың құйрығын да борт-борт кесіп алды. Қара көк атқа да соны істеп, тұлдаған екі атты барлық осы өңірдің өзге жылқысынан бөлек түске кіргізіп қоя берді. Қара тіккен жерде ас берудің серті айтылды. Мынау тұлданған екі ат келесі жылға шейін мінілмейді. Қол тимей семіріп барып, жыл асқан соң иесінің асына сойылады.

    Байдалы екі аттың артынан қарап тұрып:

    – Қара көктің жал-құйрығы қара ғой. Қаралы ат осы болсын. Көшкенде ерімнің қаралы ер-тұрманы осыған ерттелсін, тұлдаған киімдері осыған жабылсын! – деді ол. Бұл сөзі байлау еді».

    Марқұмның асы өткен соң аттың бас сүйегі найзаның ұшына көтеріліп марқұмның жатқан жерінің бас жағына орнатылатын. Бұлай етілуінің себебі ат иесінің о дүниеде де сенімді жолдасы болсын деген сенімнен туындаған үрдіс.

    Бердалы ОСПАН,

    «АДЫРНА» ұлттық порталы

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Жеті атаңызды білесіз бе

    Жеті атаны білу қазақ ұлтының ең байырғы және әр адам есінен шығаруға болмайтын міндетті салттарының ...