• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Салт-дәстүр » Қаралы көш – қазақ салттарының көнесі

    Қаралы көш – қазақ салттарының көнесі

    Қазақтар ғасырлар бойы мал шаруашылығымен өмір сүрген ұлт. Ауа райының төрт мезігіліне байланысты қыстау мен жайлауға көшіп отырған. Көктем мен күз кездеріндегі көктеу мен күздеу тағы бар. Көштің жолы бірнеше жүз шақырымға созылатын болған. Сондықтан қазақтар бұндай сапарға жақсылап дайындалған. Межелеген жерге жету мақсатында отар-отар қойларды, табын-табын жылқыларды, түйелерді суаруға болатын жолдарды таңдаған.

    Осындай көштерге байланысты қазақта «Қаралы көш» салты болған. Бұл қайтыс болған адамды бір жыл бойы жоқтап еске алып жүруге арналған салттардың бірі.

     

    Адам қазасына байланысты салттар

    Адам көз жұмған соң оның жанұясы мен туыстары түрлі салттарды ұстанатын болған. Мысалы «Қара жамылу» (қара киім кию), «Ат тұлдау» (марқұмның атын оның асына құрбандыққа шалуға дейін кекілін байлап, құйрығын кесіп бір жыл бос жіберу), «Жоқтау» (адам қайтыс болған күні, дүниеден өткеніне жеті, қырық күн толғанда, және бір жыл өткен соң асы берілгенде өлеңмен әндетіп айтылатын ән), «Дауыс шығару» (әр күні таңертең қайтқан адамның жұбайы мен туыс әйелдер және ауылдас әйелдердің жылауы), «Дауыс салу» (қаралы көшке бейтаныс адамдар кездескенде мұңды дауыс шығарып жылау), «Қаралы әйел» (бақилық болған адамның жұбайы басқалар келгенде бір жыл бойы шымылдықтың арғы жағында отыруы), «Қара кілем жабу» (жүктерді қара кілемдермен жабу). Жазушы Мұхтар Әуезұлы көш кезінде қара алаша, қара ала текемет те жабылатынын жазған.

    Бұдан басқа да салттар баршылық. Бұл салттарды орындау марқұмның асы берілген күні қаралы уақыт межесіне жетті дегенді білдіретін «Найза сындыру» салты орындалған соң ғана тыйылатын болған.

    Қаралы көш

    Осындай салттардың бірі «Қаралы көш». Ғалым Шайзада Тохтабаева бұл салт жөнінде былай деп жазады: «Егер марқұм рудың көсемі болса оның қызы жоқтау айтып көшті бастайды. Қолында қаралы найза, жетегінде «тұл ат» жүреді. Қыз басына әкесінің тымағын артқа қарап кигізеді. Қаралы көшті бастаған қыздың жанында құрбылары болады».

    Мұхтар Әуезұлының куәлігі

    Қазақтың ең ұлы жазушысы Мұхтар Әуезұлының «Абай жолы» роман-эпопеясына әлемнің көптеген ұлы тұлғалары «Қазақ өмірінің энциклопедиясы» деген жоғары баға берген. Бұл шынында да солай. Он тоғызыншы ғасырда дүниеге келген М.Әуезұлы қазақтың көптеген салттарын көзімен көріп өзінің қайталанбас дарыны арқасында шынайы суреттей білді. Жазушы «Абай жолы» шығармасында «Қаралы көш» салтын да суреттеген:

    «…қалың  жылқының жоны көрінді. Кең сайға түсіп келе жатыр. Қылаңы көп, шұбартқан жылқы жиі-жиі пысқыра түсіп, жіті басып келеді.

    Араларында, тай, құлындар кісінейді. Өзге жылқыдан озғындап шығып, ойнақ салып шапқылаған құнан-дөнендер де көрінеді.

    …Тай-құнандар бастарын тегіс көтеріп, қос құлақтарын қалың жылқы келе жатқан жаққа қарай қайшыландыра шаншып ап, үйірсек үнмен шұрқырай кісінеді.

    Бала атаулы тегіс аттарына жүгірді. Елсіз өңірде көрінген қалың жылқы – көшкен елдің жылқысы екен. Балалар аттарына мінісіп, беттерін ауыл жаққа бұрғанда, жаңағы жылқы асқан белден асып, ойға таман түсіп келе жатқан қалың көш көрінді. Он бес түйені тізген бір көш өзге нөпірдің алдын ала оқшау шықты. Соған тіркес он түйелі, тағы он бес түйелі, сегіз-тоғыз түйелі салқар-салқар көштер бірі артынан бірі шығып, шұбарыта, шұбатылып келеді.

    Алғаш өткен жылқының артын ала көп аттылар келеді екен. Қолдарына сойыл, шоқпар, баулы құрық ұстаған еркектер бар. Әредікте томағалы бүркіттерін балдағына қондырып алған ықшам жігіттер де көрінеді.

    Бұл топ Абайлар жақындағанша қиыс өте берді. Соның артынан келе жатқан ең алдыңғы үлкен көш Абайдың да, барлық балалардың да көздерін еріксіз тартты.

    Бұл көштің айналасын қоршаған аттылар көп, барлығы да әйелдер. Өңшең сәнді киінген қыз-келіншек пен егде тартқан бәйбішелер. Мінген аттары ылғи семіз жорғалар мен бедеулер.

    Әйелдердің ер-тұманы, тоқым, құйысқан, өмілдірік, жүгендері тегіс күміске малынған. Жарық күнге шағылысып, жарқ-жұрқ етіседі.

    Үлкен көштің алдында есік пен төрдей жерде аттарын қатар бастырып бір топ қыз келеді. Тап орталарында ерттеулі күйде бос жетектелген, кекілі күзелген қара көк ат бар. Сол топтан әнтек кейін үлкен көштің алдын бастап келе жатқан сұп-сұр жүдеу бәйбіше екен. Басына жұқа қара желек жамылыпты. Бұл бастаған бес түйелі көштің сәні өзгеше көрінді. Бар түйенің үстіне артылған жүктерді жапқан өңшең қара кілем, қара алаша, қара ала текемет көрінеді. Жүкті түйелердің екі жағы сол үлкен қара ала жамылшылармен ғана желпіне түсіп, өзгеше бір ауыр тыныс алып келе жатқан тәрізді.

    Көштің түріне таңданып, үнсіз тоқтап қалған балалар тобы мынадай салтанатты көріністің алдын кесіп өте алмады. Енді амалсыз көш өткенше қарап тұратын болды.

    Басында бұларға көш адамдарынан көз салған кісі болмады.

    Бірақ алдындағы қыздар тобы енді жақындап, қастарына кеп қалған екен. Солар ған өзінше, бір түрлі түйсінгендей болды, білем. Аралары азырақ ауысып, аз ғана бөгелісті де, бір кезде бір топ қыздар ортасынан екі қызды ілгерірек бөліп шығарды.

    Бағанағы кекілі кесілген қара көк ат сол екі қыздың орталығында жетекте екен.

    …Бұл қаралы көш екенін – Бөжей көші екенін Абай мен Тәкежан бағана-ақ таныған болатын. Өзге көштен бөлек болатыны мәлім. Бірақ мына екі қыз істеген іс бөлектің ішінде бір өзгеше болды.

    Олары өзге қыздан бөлінгенде байқалды. Бастарына еркектің бас киімін киіпті. Қара мақпалмен тыстаған жұқа қара елтірі тымақтары бар. Қыз кимейтін бас киімнің артын алдына келтіріп, теріс киіпті. Енді ғана анық көрінді, орталарында жетекке алған тұлдаған қара көк аттың үстіне Бөжейдің ер-тоқымы ерттеліпті. Ер үстіне сол Бөжейдің осы өткен қыста Қарқаралыға киіп барған қызыл күрең ішігі жабылыпты. Ердің қасына қамшысын шаншып, соған да теріс қаратып Бөжейдің қысқы тымағын кигізіпті.

    Екі қыз бөліне салысымен мына көлденең қарап тұрған аттыларды көріп, шырқай созып, қаралы мұңды дауыс айта жөнелген. Көш бойында ауыл үстінен өтсе немесе бөгде жүргіншілер жанынан өтсе, қаралы көштің қара жамылған осындай қыздары дауыс айтатын салты. Қыздар соны бастаған екен».

    Жиырмасыншы ғасырда Қазақстанда отырықшылық өмір орын алғандықтан «Қаралы көш» салты  жоғалды.

    Бірақ бұл байырғы салт ұмыт болған жоқ.

    Бердалы ОСПАН.

    «АДЫРНА» ұлттық порталы.

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Қазақтар ұрыларды қалай жазалаған

    Қазақ халқы ұрлықты ең үлкен күнә деп біледі. Сондықтан ұрлық жасаушыларды «алаяқ» деп атаған. Осыдан ...