• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Салт-дәстүр » «Тоқым қағар» салты туралы білесіз бе

    «Тоқым қағар» салты туралы білесіз бе

    Бұл салт қазақта ат мінген уақыттан бар болса керек. «Тоқым қағар» үй иесі алыс жолға шығар алдында жасалынатын салт. Туыстар мен достар, ауыл адамдары үй иесінің алыс сапарға шыққалы жатқанын естіп келеді. Олар жолға шығатын адамға «Ақ жол», «Жол оң болсын» және басқа да жақсы тілектерін айтып тілеулестігін білдіреді. Үй иесі әдетте келушілер үшін дастархан жаяды. Жалпы, қазақтарды қонақсыз көзге елестету мүмкін емес. Қазақ қонақ күтуінің түрі көп – күнделікті тұрмыстық, мерекелік, әдет-ғұрыптық, шаруашылықтық тағы басқалар. «Қонақтарды қарсы алу – қазақ халқының болмысының бір құрамдас бір бөлігі», — деп жазады қазақ мәдениетін зерттеуші ғалым Шайзада Тоқтабай. Жалпы қазақ тұрмысының қай жағы болмасын қонақсыз болмайды. Сондықтан қазақ ұлтының қонақ күтуінің салттық, әдет-ғұрыптық көріністері де аз емес.

    Қонақ күтуде қазақтар туыс, жақын-жегжат, жора-жолдас, кездейсоқ жолаушы деп бөлмейді. Келген адамның бәрін қонақ етіп күту ата-баба заңы. Сондықтан да қазақтың бәріне бірдей: «Дастарқаннан биік ештеңе жоқ», «Нан ауыз тию», «Дәм тату», «Тізе бүгу» сынды тағы басқа да түсініктер баршылық. Қонақ күтудің салттарға байланысты түрлі жөн-жоралғылардың болуы да қазақ мәдениетінің, рухани байлығының биік көрінісі.

    «Дәм татқызу» — қазақ үшін қасиетті ұғым. Қазақ әдетте жаңа отау көтерген жастарға— «Би болмасаңдар да – би түсетін үй болыңдар» дем тілек айтады. Бұл тілек бекерден бекер пайда бола салмаған. Билер қоғамда әрдайым сыйлы болған.  Себебі билерді көпшілік сайлайтын.

    Ақ жол!

    Қазақтардың өмірін 20-шы ғасырдың екінші жартысына дейін атсыз елестету тіптен де мүмкін емес. Ат әбзелдерінің бірі «тоқым» деп аталады. Тоқымның тағы бір аты «терлік».

    Сондықтан да қазақ салттарының бірі «тоқым қағар» деп аталады. Әдетте атты ерттер кезде тоқымды сілкиді, қағады. Сондықтан салттың атын осылай атаған. «Тоқым қағар» үй иесі немесе жанұяның бір мүшесі алыс жолға шығарда іске асырылады.

    «Тоқым қағар» салтының әдебиеттегі көрінісі:

    Ұлы ғалым әрі жазушы, «Абай жолы» романын жазған Мұхтар Әуезұлы де халық салт-дәстүрлерін ұстанған. Тоқым қағар салты туралы жазушының хатшысы Данабике Байқадамованың «Мен білетін Әуезов» кітабындағы естелік кітабында баяндалады:

    «Қыркүйек айның бір күндерінде Мұхаң маған:

    — Енді бірер күнде жүрем. Жолға шығарда жақын жолдас, дос адамдар саушылығымды тілеп, шығарып салып тұрады. Келерімде жиналып, қарсы алады. Сол жиынның ішінен сізді көретін болайын. Көргені былай тұрсын, жұрттан бұрын сіздің келуіңіз орынды. Бұл – шақырғаным.  Досыңыз болса, бірге ерте келіңіз.

    Сапарыңның оңын тілеуді қазақ «тоқым қағар» десе керек. «Тоқым қағарға» жиырма, жиырма бес адам жиналады екен. Мұхаңның «жұмысымда әскери тәртіп бар» дегені осы «тоқым қағар» үстінде есіме түсті. Қонақ күтуде де сол тәртіп бар ма деп қалдым. Олай дейтінім: қонақтар стал басына отырғанда не керектің бәрі рет-ретімен қойылып, рет-ретімен табылады екен. Әлдеқандай жеңгей стол басынан тұрып бір қасық, не айырша ұмыт қалды деген әңгіме болмақ емес. Әдетте 20-30 адам шақырып, той-томалақ өткізсек абыр-сабыр, кіріп-шығу, даурығып боламыз ғой. Валя жеңгей қонағын үлкен бір байсалдылықпен, өте шебер күту әдісіне көнігіп алған адам. Стол үстіне екінші кезекте қойылатын ыстық асы – ет. Еті тураулы, наны жаюлы, тек салуын күтіп тұрады. Жайбарақат, тыныштық, береке нышанын көргенде, жеңгеме көңілім толып, тіпті қонақ күтуші үй қожасы емес, қонақпен бірге демалғалы отырған жеңгей Мұхаңның оң қолын ала отырған сабыр иесі.

    Осындай бір шығарып салу, қарсы алуда қызық жағдай болды. Жұрттан бұрын келіп қалыппын. Менен бұрынырақ келген Усанович әйелімен Мұхаңның сол жақ қолын ала отырыпты. Мені көргенде Мұхаң: «Былай шығыңыз» — деп, Усановичтен жоғары орынды көрсетті. Менен кейін келген Ғабиден, Әбділда, Әлжаппарлар, Мұхтарлар, тіпті Ғайша апай мен Ғұмар ағайлар да төменнен, кіре беріс беткейден қарсы отыра қалысты. Бәрінен төргері қалғаныма қысылып: Бұдан былай кешігіп, кейінірек келермін-у», — деп отырмын.

    Мұхаң жетпіс күннен аса жол жүріп келді».

    «Тоқым қағар» сабырлы түрде басталады. Ақсқалдар бата беріп, үлкен-кішілер тілектерін айтады. Сапарға шыққалы адам жолға көңілі көтеріңкі болып шықсын әрі жолы жеңіл болсын деген ниетпен әдемі әзілдер мен көңілді ән-күйлер орындалады.

    Бердалы ОСПАН,

    «АДЫРНА» ұлттық порталы.

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Бұрынғы заманда «Ат-тон айып» не үшін төленген?

    Қазақ елінің байырғы заманда да өз заңы болған. Ол «Жеті жарғы» деп аталған. Осы заңнаманы ...