• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Сөз – құдірет » Оғыз Доған. Ұлы далаға ашық хат…

    Оғыз Доған. Ұлы далаға ашық хат…

    Тәңірім сені жіберді 16 Желтоқсанда!

    Ең әуелі кішкентайлардың жүздерінен сүйіп, үлкендердің алдында құрметпен бас иемін.

    Қол-етекті сүйгіздірмессің, бұны білем…

    Қалың қалай?

    Анам, сүйіктім, Отаным – Қазақстаным, қалайсың?..

    Әрдайым жақсы бол, жарай ма?

    Менің қалымды сұрасаң, білгеніңдей, тағы жалғыз, тағы сенсіз, тағы басы дертте…

    ***

    Өзімді білетін 3 жасымнан бері барсың мен үшін.

    Анамның «қайдасың?»-дарында, «айналайын»-дарында, «жүр, балам, жат, балам»-дарында барсың…

    Алғаш рет ана тілімді танығанымда естідім сені …

    ***

    Жетінші сыныпта оқып жүрген кезім. Ферхат мені бірінші рет үйіне ертіп келді. Қабырғада үлкен карта асулы.

    Каспий теңізінен Қытай қорғанына дейін созылған, ұшы-қиыры жоқ өлке. Неткен үлкен ең…

    – Міне, біздің жұртымыз  – осы, – деді ұйғырдың баласы,  Бұл – Ұлы Түркістан.

    Алғаш рет сол жерде көрдім сені…

    ***

    «Бірақ, қамауда…» деп жалғастырды қысық қара көздерінен тамшылаған ыстық жасты сүртіп …

    Алғаш рет сол сәтте жыладым сен үшін…

    ***

    Кейін адамдарыңды таныдым. Өзің айтпақшы «ақкөңіл» адамдарыңды…

    Асыл, тәкаппар, намысшыл. Бірақ соншалықты таза, соншалықты қарапайым, тағы да сен демекші «аузын ашса жүрегі көрінер» ұлы даланың адамдары…

    Есіңде ме? Әріптесім зерттеуші Мехмет Демирджи  екеуміз көшелеріңді кезіп, жалдамалы пәтер іздегенімізде қарсы шыққан бір жұптан мекенжайды сұраған кезде бізді далада қалды деп ойлап жаны ашып, үйлеріне апарып күткендері…

    Есіңде ме?..

    Түркиядан келгенімді естіп, жалынғаныма қарамастан, екі келі алманың құнын кері қайтарған сатушы апай мен ақшасын алмай қойған таксиші ағай есіңде ме?..

    Мен ұмытпаймын!..

    ***

    Сұлу Қазақстаным…

    Саған деген сүйіспеншілігімді көріп «Неліктен жақсы көресің? Соншалықты әдемі ме?»деп сұрағандарға не деп жауап берерімді білмей абдырап қалам.

    Адам құр әдемілік, сұлулық үшін біреуді сүйсе, бұл «Сүйюге» жата ма?

    Сұлулығың үшін сүйгенімді ойламасын деп оларға әр кез Мағжанның сөздерімен жауап қайтарам:

    «Сағымы сайран құрады,

    Бораны ұлып тұрады,

    Қыс – ақ кебін, жаз – сары.

    Орманы жоқ, шуы жоқ,

    Тауы да жоқ, суы жоқ,

    Мәңгі өлік сахарасы.

    Сарыарқа деген жерім бар,

    Неге екенін білмеймін –

    Сол Арқамды сүйемін!» …

    Ұлы дала

    ***

    Арқасынан қанжарланған жаным Түркиям, қамаудағы Шығыс Түркістаным, көзі жасаураған Тебризім, қорғансыз Татарстаным, қараусыз қалған Керкүгім, жан Әзербайжаным секілді сүйдім сені…

    Бірақ өзгеше сүйдім…

    Әлі ешкім білмей тұрып, ешкім сезбей тұрып сүйдім сені…

    Сен мені сүймей тұрып, танымай тұрып сүйдім сені…

    Сен еріксіз едің, мен бала едім…

    Шартарабың кісенделді, тұлпарларың тұсауланды қанаттарынан айырылып…

    Алыс. Тым алыста едің… Мен бала едім…

    Жетпеді қолым саған, «Шыда!» деп айқайлаушы ем даусым жетсе…

    Барлығына айтушы ем шынжырлардан құтылатыныңды,  жарық күнге жететініңді, түстерімнің жақсылықты жоритынын…

    Сары орыстың мықты, күшті көрінгені соншалық, маған сенбеді ешкім!..

    Бүгінге дейін қамауда қалған өзге бауырларың һақында «Еркіндік – олардың тағдыры» деймін, сенбейді ешкім, сол күндерде де сенген болған жоқ…

    Бала едім…

    ***

    Желтоқсанның 16-да сен Самырұқ құсындай күліңнен қайта түлеп ұшқаныңда көп өтпестен, табаным жерге тиместен асықтым саған, құшағыңа секірдім, мойныңа асылдым…

    Ол ұшақта алдымен сенің көк Каспийіңе сәлем беріп, кейін қан құсқан Аралың үшін жыладым…

    Темір құс Хан-Тәңірінің етегіне қарай ұмтылған кезде тұла бойымды шарпыған қобалжу әлі де сейілер емес…

    Қалай табысқанымыз есіңде ме?..

    Ұшақтан түсер-түспес құтты топырағыңа ернімді тигіздім, құшағыңа ендім…

    ***

    Жастығымда сенде өмір сүрудің, сенде жұмыс істеудің, сенің балаларыңа ілім-білім үйретудің сәті түскен кез. Бақытты едім. Бұл күндері саған келген барлық «отандастарымның» сен жайлы ойлары өзімдікінен әлдеқайда алыс екенін аңғардым…

    Қорқынышты түс секілді еді…

    Не үшін келді сені, сенің адамдарыңды әр жолда кемсітуге тырысқан, өзіңе жоғарыдан қараған бұл кісілер?

    Сенің қолың кісендеулі шағыңда сен үшін уайым-қайғы жемеген, сенің бодандықтан құтыларыңа сенбеген бұл адамдар не үшін келді?!.

    Бұның жауабын өзің де білесің, негізі… «Пайдакүнемдіктің»  табиғаты сондай үйткені, ең алдына «Түрікшіл» деп ат қойсаң да адамды тура жолдан тайдырады.

    Ауыздарынан шыққан әр сөзге кеудемде булыған ашуым тиісті жауаптарын берді әр уақыт…

    Дәл бүгінгідей…

    Бәлкім де, содан болар саған «ең алғаш болып мен сүйдім», «ең қатты мен сүйдім сені» деп назданатыным …

    Бұл үшін шығар, еркімнен тыс балаша «сен де барлығынан қатты мені сүй» деп еркелейтінім…

    ***

    Жылдар өтті сенен жырақ, «Ақ теңіз бен Қара теңіз ар жағында едім»…

    Бұл жердегі алыстағы бауырларың қан құсып жатыр, Анам…

    Балаң Мұстафаң қарашаның аязды күнінде бізді тастап кеткеннен бері жапанда жалғыз қалдық …

    Ол кеткеннен бері басымызға не келгенің бір білсең…

    Сенің тартқан азабыңмен салыстыруға келмес, әрине, бірақ жау сені қолың байлауда, басың қамауда тұрған халде соққыға алды. Біз болсақ, тұтқын емеспіз, өз еркіміз – өзімізде…

    Ақыл-санамызға салынған «мәңгүрттікшіренің» мықтылығы соншалық әлі де арыла алмай келудеміз …

    Халқымның жартысын Батысқа, қалғанын Орта Шығысқа есалаң етті мындағылар, сені көрмесін, танымасын деп…

    Әр қайсымыз әр тарапқа шашыраған тұста өз үйімізде өз қолымызбен асыраған қара, түкті, тексіз ит шықты Оңтүстік Шығысымыздан, бөлтіріктерімізді талады, әлі де талап жатыр!..

    Білсең егер… Сенің бөрілерің бөрі болғаннан бері мұндай қорлық көрген жоқ…

    ***

    Тәуелсіздігіңнің 23-ші Мерекесін тойлаған бұл тұста сенен күн сайын керемет, үміт сыйлар хабарлар алып, енді сүйіспеншілігім саған деген сеніммен астасты…

    Бүгінге дейін сенімен бір кезде егемендікке қол жеткізген өзге 4 бауырың, өз елінде шарасыздың күйін кешкен бұл Анадолы да бір Жолбасшыға мұқтаж-ды.

    Керуеніміз шашыраңқы еді…

    Тәңірім сені жіберді 16 Желтоқсанда!

    Тұла-бойыңды ұлы даланың қатаң ауасында болаттан берік етіп жіберді!..

    Рухыңды қасіретпен илеп, көз жасыңмен суарып жіберді!..

    Денеңді Желтоқсанның қақаған аязында балқытты да жіберді!..

    Ей, Мағжанның Күншығыстағы «Күннен туған, Ғұннан туған пайғамбары»!

    Түс ең алдымызға, Түрікті Ергенеконнан шығарған көкбөрі бол!..

    Кек күткен Қайрат үшін!..

    Күш күткен Тұран үшін!..


    Оғыз ДОҒАН,
    Түрколог, филология ғылымдарының докторы.
    Түркия, Стамбул қаласы.
    qazaquni.kz    

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Асқар Жұмаділдаев: Бүкіл ғылымның барлық ана тілінде оқытылуы керек

    Бүгін Алматыдағы «Астана» қонақ үйінде «Қазақтың тілі мен тарихы – ұлттың алтын қазығы» деген тақырыпта қоғамдық талқылау ...