ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІ ҚАЛЫПҚА ТҮСКЕНМЕН, ҚАЙТА ҚАРАР ӘРІПТЕР БАР…

Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия назарына

Қазақтың латын графикасына негізделген жаңа әліпбиін қабылдау – жалпыхалықтық  қолдауға ие болып, жаппай талқылау өзегіне айналды.

Ең бірінші қазақша төл әріптерді диграфпен таңбалаған әліпби қоғамда қатты қарсылыққа ұшырады. Екінші рет өзгертіліп, латын графикасына өту туралы Президент Жарлығымен жарияланған апострофты нұсқаның да, қолдану барысында кемшіліктері шығып, ел көңілінен шықпады.  Енді, міне, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ел тілегін ескеріп,  «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізді. Халықтық талқылау қалыпқа түсірген Қазақ әліпбиі  өмірге жол тартты.  Ақ  жол тілейміз!    2017 жылы 26 қазанда Елбасы жарлығы шыққанда ел қатты қуанды.  «Ең бастысы саяси шешім шықты!  Қазақтың жаңа әліпбиі – Латын графикасына негізделген әліпбиге өту  қабылданды. 1940  жылы қазақ халқынан бір ауыз сұрамай-ақ  бір күнде қабылданған кириллица бұғауынан 77 жылда әрең босадық. Ұлттық рухани отарсыздану латын әліпбиіне көшумен басталады!» – деп жаздық біз.

Мен өз басым латын әліпбиіне өтуді  оншақты жылдан бері қолдап, қуаттап келемін.  2013 жылы19 ақпанда жазған  «ЛАТЫН әліпбиіне көшуге ҚАРСЫЛЫҚ – ҰЛТ МҮДДЕСІНЕ ҚАРСЫЛЫҚ!» атты мақалам үлкен қоғамдық пікір туғызды.  Жалынды жастардан алғыс, ардақты ағаларымнан «қарғыс» алғызған  осы мақалада айтқан ойларымның  бүгінде іске асып келе жатқанына шүкіршілік айтамын. Содан бері қаншама мақала жазып, қанша жиындарда сөйлегенімізді санап жүрген жоқпыз. Соңғыларын айтар болсам, алғашқы диграфтық жобаға  қарсы шыққан бірнеше мақалам және апострофты  нұсқаның  кемшіліктерін көрсеткен  «ЕҢ БАСТЫСЫ, ЛАТЫН ӘЛІПБИІ  ТУРАЛЫ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАНДЫ! Енді  әлеумет болып, әріптер  әлпетін  түзей береміз» атты 8 қарашада  (2017 жыл) жариялаған мақалаларымда нақты ұсыныстар жасалған болатын

Мұнда біз  апострофтың  апробация кезінде  кедергі жасаған үш кемшілігін көрсете отырып,   9 әріптің үстіне  акут қойған нұсқасын ұсынып едік,  соның 6 әрпі соңғы өзгеріске енгеніне қуанып отырмыз.

Мақаладан мысал келтіре кетейін:

«…Сонымен, Á (Ә) деген акутты нұсқа A’(Ә) деген  апострофтан  анағұрлым дұрыс қой. Өйткені артық орын алмайды, буынға бөлу мен интернеттен дерексөз  іздеуде де кедергілер болмайды.

 Ендеше, апострофпен белгіленген  9 әрпіміз:

 Á   Ә

Ó  (ө) 

Ú (ү) 

Ÿ (у)  

 Ń (ң) 

Gg (ғ)

Í і (і) 

Ś (ш) 

Ć(ч)

 болып, акутқа  немесе умлаут-диэрезиске айналса, айшықты да,  әдемі   емес пе?!. (Негізі, өз пікірім, осы Ч әрпінің керегі жоқ еді  Ш әрпі  тұрғанда)

Бұл жерде  тек қазақша Ғ әрпінің орнына алынған  тоғызыншы апострофты әріп  Gg әрпінің үстіне таңба қою  функциясы ғана   пернетақта мен смартфоннан табылмай тұр.  Мүмкін, біздің шамамыз жетпей жатқан болар, ІТ мамандары амалын табар.» -деп жазған едік  2017 жылғы 8 қарашада.

Енді міне, ел болып талқылаған жаңа әліпбиіміз жаңа биікке шықты. Елдің алдымен сол күні-ақ,  20 ақпанда «Мемлекеттік әліпби – мемлекеттің тұтастығы үшін қызмет етуі керек» деп қуана қолдап,  «ЖАҢА ӘЛІПБИІМІЗБЕН ЖАЗУДЫ БАСТАП КЕТЕЙІК! Жүзуді үйрену үшін суға түсу керек» деп, елді жаппай жаңа әліпбиімізді қолдануға шақырып, екі мақала жазып жарияладық.

Соңғы өзгеріс енгізілген  қазақша латын әліпбиінде бұрынғы апострофпен белгіленген 9 әріптің 6 қазақша төл әрпі  үстіне ноқат, яғни акут қойылумен таңбаланды.  Екі әріп  SH (Ш) және CH (Ч) диграфпен пайдаланатын болды.  Қазақша  И-Й және І әріптері  латын графикасындағы бір ғана  І  таңбасымен белгіленді.

Жалпы алғанда, бұл нұсқа дұрыс болды. Бірақ, бір кілтипан и,й әріптерінің бас әрпі мен қазақша і әрпінің бас әріптері бір І таңбасымен белгіленуі. Қазақ тіліне тән барлық дәстүрлі 9 дыбыстың 8-і   латын әрпімен жеке дара таңбалануды сақтап қалғанда, жалғыз  І і әрпі «басынан» айрылып отыр.  Яғни, і кіші әрпі сақталған да, Ібас әрпі  И-Й дыбыстарымен  қосылып кеткен.  Мысалы,  «ІЙІЛ» деген сөзді латынмен жазғанда IIIL болып, 4 әріптің үшеуінде  қатарынан бір әріп қайталанғанда кім не түсінеді?  Сонда IZET деген адам атын «Изет» деп оқимыз ба, жоқ «Ізет» деп оқыла ма? Қазақтың «Ізет» деген ізгі сөзі мен есімі жоғалып кетпей ме ертең? «Игілік»  деген  игі сөз бен есімдер ертең Igilik болып жазылғанда Ігілік  болып қалмай ма? Ал менің бабамның аты Исаны  ISA деп жазғанда, оны ІСА  деп оқып, солай айтқандарға не деуім керек? Комиссия солай шешіп, аталарымыз азан шақырып қойған аттарымызды ауыстырып жіберді  дейміз бе Ізет, Исақ, Иген, Игілік және т.б.  бәріміз?

Біз ұсынған нұсқада  қазақша  і әрпінің бас әрпі де Í деп белгіленіп, акутпен берілген,  бұның не қиындығы бар еді?  Апострофты нұсқада да дәл бүгінгі нұсқадай  белгіленген. Бірақ онда И- Й әріптері апострофпен белгіленгесін, екі әріптің  айырмашылығы болған еді. Бұл жолы И-дің үтірін алып тастағасын, и мен іәріптерінің бас әріптері бір таңба болып шыға келген. Ал мұның болашақ кеселі комиссия мүшелерін ойландырмаған секілді. Бар болғаны І әрпінің басына бір акут қою кімге зиянын тигізер еді...  Төл дыбыстарымыз қазақ тілінің фонетикалық ерекшелігіне негізделіп, тіліміздің ұлттық негізінің сақталуының айғағы. Өткенде әліпби туралы Елбасыға Ашық хат жазған 17 академиктің де ең басты талабы осы қазақы төл дыбыстардың сақталуы еді.  Түріктер К мен Қ әріптерінің орнына  осылай бір ғана К  әрпін алғандықтан, Қ әрпі қазір жойылып кетті… Бұрынғы қазақы әріптердің таңбасынан сақталғаны осы і әрпі еді, енді оның да «басын жұтып» отырмыз.  Сондықтан қазақпен бірге жасасып келе жатқан, ешкімге зияны жоқ,   ізгі ниетті   «і» әрпін  басы бүтін бас әрпімен қайтарып беріңіздер!

Ал Ш әрпін SH деп белгілегенше, біз ұсынғандай Ш-ны Ś деп белгілесе, Ч-ны Ć десе, немесе Ч-ны мүлде алып тастаса да, дұрыс еді… Әрі бір-ақ таңба болар еді. Немесе жастардың бәрі бұрыннан Ш орнына жазып жүрген W әрпін пайдалану керек еді. Онсыз да елдің бәрі осы әйгілі де әмбебап таңбаның қалып кеткеніне алаңдаулы. W әрпін ағылшындар қай әріптің орнына пайдаланаты біздің басымыздағы «тұсау» болмау керек, біз қазақ әліпбиін жасап жатырмыз ғой…  Диграфтан апострофқа өткен кездің өзінде-ақ  бұл әріптер бір әріппен белгіленіп еді ғой.  Өйткені «Асхана», Асхат» сөздері Аshana – Ашана, ал Ashat – Ашат деп оқылады ғой…   Есімі Ісхақ, Исхақ дегендер атын ертең Ishaq деп жазса, оны мынау  Ш әрпін SH деп жазғанда, ел қалай оқып, қалай атайтынына аузым бармай отыр?..  Исхақтар жиналып, жаңа әліппе комиссиясының мүшелерін іздеп жүрмесін?  Диграфтан ел болып айқайлап жүріп зорға құтылғанда, екі диграф әріп не үшін кіргізілді екен? Бұларды да түзеу керек.  «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген қазақ.  Әліпбидің соңғы нұсқасын  жоба ретінде жариялап, талқылауға ұсынғанда, бұндай кемшілік болмас еді.

Менің таңғалатыным, осы біз келтіріп отырған, елді  үркіткен SH -Ш әрпіне  байланысты оғаш мысалдар, алғаш диграфты нұсқа шыққан 2017 жылғы 11 қыркүйектен бері баспасөз бен ғаламторда өріп жүр ғой. Менің өзім де сол кезде мақалаларымда да талай жаздым, телеарналарға берген сұхбаттарымда да бірнеше рет айтқанмын. Сонда  қазақша латын әліпбиін жасау комиссиясы  неге бұны қаперге алмайды?  Апострофты  нұсқаға өткенде-ақ,  ел зорға құтылған  диграфқа  енді үшінші рет қайта оралу шұқырдан қашып, орға құлаумен бірдей емес пе?

Біз  латынша Ү таңбасы  қазақша Ү әрпі болып келсе де, ағылшынша ол Ы дыбысы болғандықтан, солай ауып қалдырдық. Сондай-ақ латынның Х таңбасын біз неге  қазақша Х дыбысына пайдаланбаймыз?   дыбысын да осы Х әрпімен белгілеу керек немесе, Ч дыбысын алып тастап, х мен  h дыбыстарын жеке-жеке қалдырайық.

Сонымен менің ұсынысым:

Í і   (і) 

Ś   (ш) 

Ć   (ч)

Х   (хh)  немесе  х мен h  әріптерін жеке –жеке қалдырып,  ч әрпін алып тастау керек.

 Елдің  ренішін тудырған 4 әріпті  осылай өзгертуді сұраймыз. Болмаса, осы әріптердің  қабылданған нұсқасын және біз ұсынған нұсқаны  салыстырып, әлеуметтік желіде сауалнама  жасап  көруге де болады.

Латын әліпбиін халық болып,  жаппай талқылап келе жатқанымыз,  Елбасымыздың  елдің қандай да ұсыныс-пікірі ескеріледі деген сөзінің жүзеге асып жатқанының жарқын белгісі.  Ендеше, қырқы бітіп, қырық біріншісі қалғанда, тағы да бір талқыдан  өткізіп алсақ, келісіп пішкен тонымыз келте болмайды.

ҚАЗАҚТЫҢ «І» әрпін ҚАЙТАРЫП, елді үркіткен екі диграфтан құтқарыңыздар!


Qazybek  ISA

  Qazaquni.kz

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ