• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Сөз – құдірет » «Алпамыс батыр» жырындағы тектілік мәселесі

    «Алпамыс батыр» жырындағы тектілік мәселесі

    Ұлтанды құл деп таныстырып, оның сүйкімсіз етіп көрсетілгені 1956 жылғы дау-дамайда «Алпамыс» жырын сынап, халықтық сипаты жоқ деген ой айтуға итермелеген. Бірақ бұл образ туралы М.Ғабдуллин: «Оның ұнамсыз бейнеде алынуы Ұлтанның құл болғандығында емес, ісінде. Тіпті жырдың қай вариантын алсақ та, Ұлтан шын мәніндегі құл да емес. Ол – Алпамыстың немересі, Құлтайдан туған бала. Ұлтан өсе келе, Алпамыс секілді ел қамқоршысы емес, өз дәрежесінің үстем болуын көздейді», – деп аталмыш жырдың идеясын анықтаушы маңызды жағдайды көрсеткен.

    Қайшылыққа толы тағы бір бейне – Қараман (Қаражан). Алпамысқа Сұрхайыл мыстан кемпірдің баласы Қаражан әуелі жау болғанымен, батырдың күш-қайратын көрген соң оны мойындап дос болғаны және сол достығын ақырына дейін бұзбай сақтағаны үшін анық субстат деп қабылдауға болады. Қазақ эпостарында тарихи сананың ықпалымен архаикалық негізі бар жырлар ұдайы жаңғырып отырған. Солайша идеологиялық мақсаттың күштілігінен «Алпамыс батырда» Қараман жау күйінде қалған.
    Қаражан нақты түрде жауды білдіретін жалқы есім ретінде қолданылмайды, сондықтан қазақ жырынан дәл осы есімді іздеу дұрыс болмас. Оның орнына Қараман бар. Егер қазақ жырларында Қараманды қалмақ деп, тарихи жау ретінде кейіннен қосса, ол алтайлық нұсқадағы сатқын дос Ақкөбен бейнесінің орнына кіргізілуі мүмкін. Өзбектегі Қаражан Сұрхайыл кемпірдің баласы дегенмен, Алпамыс онымен жау жақтағы Баршынды алу үшін барғанда кездесуі арқылы оның діні бөлек екені айқын болады. Сондықтан қазақтағы Қараман онымен үндес. Ақкөбен басында дос болып, сатқындықты кейін жасаған. Өзбектегі Қаражан әуелі жау типінде көрініп, сосын достық ниет танытса, қазақтағы Қараман олай емес. Ол достық ниет танытпайды. Бұл тарихи соғыстардың халық санасында қалдырған терең ізі ретінде бағаланады.
    Алпамыстан жеңіліс тапқан Қаражанның оның мықтылығын мойындаған соң өз дінін тастап, Ислам дінін қабылдауы – кейінгі қоспа. «Өз елінің аман-саулығын ойлаған Қаражан Алпамыстың жау еместігін біледі де, онымен достыққа келеді. …Алпамыспен алысқа түссе (автор соғысқа түссе дегенді меңзеп отыр), оның ақыры қырғын соғыс, қантөгіске айналып, ел-жұртқа ауыр тиетіндігін Қаражан жақсы түсінеді. Сондықтан да ол Алпамыспен төс түйіскен дос болып, серт байласады; қолынан келген қызметін аямайды», – деген М.Ғабдуллиннің пікірі, бір жағынан, қолдауға тұратынын байқатса, екіншіден, Қаражанның өз баласы Досмағамбетті өлтіруі оның субстаттық ерекшелігі болып шығады.
    «Алпамыс батыр» жырында Ұлтанның Байбөріні ренжітуі, Жәдігерді көкпарға салуы − мұның бәрін жыршылар қолдамай, жағымсыз күйде жеткізеді. Оның Гүлбаршынды алуы да зорлықшылдың бір ісі сияқты көрініп, маңызды бір жағдай тасада қалғандай болады. Бірақ бұл жай зорлықшылық емес, мұның мәнісі − әмеңгерлікте.
    В.М. Жирмунский Қаражанда Ақкөбеннің кейбір қылықтары сақталған деп, Ақкөбеннің асыранды бала екені, яғни руға кейіннен қосылса да, әмеңгерлік жолдан үміті бар екенін танытады. Ал Ұлтанның шешесі күң болса да, әкесі Байбөрінің немере туысы, сондықтан оның Гүлбаршыннан үміткер болуында әмеңгерлік салт жатқаны белгілі.
    Ұлтанды құл деп таныстырып, оны соншалықты қатыгез етіп көрсету бекер емес. Оны өз баласындай көріп, дүниеге келген бойында ел-жұртты шақырып, той жасаған Байбөріге тіл тигізгені, Жәдігерді көкпарға беруі зорлықшылдың ісінен деп шектеуге сыймайды. Ұлтанның шешесі күң болған. Сондықтан да оның соншалықты жағымсыз болып шығуының себебі – тексіздікте. Оған қарағанда Алпамыстың намысқойлығынан тектілік байқалады. Мұны бірнеше жағдайдан көруге болады. Атап айтқанда, атастырылған қалыңдығының басқа жақта екенін естіген бойда екіұдай күйге түспей, жолға шығады; Тайшық хан алып кеткен малды қайтару үшін әкесінің «кет» деген сөзі қатты айтылса да:
    Әкем де болсаң, мен сорлы,
    Сөзіңді естіп нетейін.
    Атқа салдым тегілдірік терлікті,
    Қаратауда мен көп сүрдім беклікті, – деген сөздері оның тектілігін байқатады. Алпамыстың он жасында әкім болғаны барлық нұсқада дерлік тұрақты айтылады. Оның Қоңырат руына қорған болғанын білдіретін жолдар да орнықты қалыптасқан. Мәселен:
    Тозып кеткен жұртының
    Бәрін жиып алады.
    Телі менен тентегін
    Түзетіп жолға салады, − деген жолдар Алпамыстың қызметі батырлық көрсетумен шектелмегенін айғақтайды.
    Тектілікті жыр кейіпкерлерінің киімдерінен де білуге болады. Гүлбаршынның қиын жағдайда жүргенін Байбөрі «Келінімнің үстінен түсіп қалды, Киіп жүрген баршасы» десе, Құлтай баба Жәдігердің әкесі бар кезде «Алтын еді көрпесі-ай» деуі осы ойға негіз береді. Оның үстіне Алпамыстың Құлтай бабасына:
    Жігіттікте жүруші ең,
    Кіреуке тонды жамылып…
    Қартайғанда, жан баба,
    Жаяу жүрсің нағылып? – деуі оның о баста құл болмағанын танытады.
    Жігітіңде құс салдың,
    Жасанған жауды қиратып,
    Елден бұрын олжа алдың.
    Тентек пенен момынды
    Ақылыңменен теңгеріп,
    Насихат жұртқа жол салдың, – деген жолдардың қолданысы Құлтайды рубасы деген танымның дұрыстығына көз жете түседі.
    Егер «Қыз Жібекте» Төлеген соншалықты үлкен көштің бәрін аралап, бір сұлудан кетіп, екіншісін көріп, Жібекке жеткенше тоқтамаса, сезім еркіндігін танытумен бірге оның жай қызды емес, текті қызды таңдап жүруімен байланысты. Ал Алпамыстың мұндай таңдауы жоқ. Алпамысты Қамбар батырмен салыстырған Н.С.Смирнова алғашқы жырдың көне екендігін жар таңдау сарыны бойынша түсіндіреді. Оның мұндай пікір айтуына «Алпамыс батыр» жырындағы ежеқабыл салтын ескеруі негіз болған. «Алпамыс батыр» жырында архаикалық жырлардың заңдылығына сай батырға лайық жар онымен бір мезгілде дүниеге келеді. Мұндай байлаулы таңдау бекер емес. Ел қорғайтын үлкен мақсаттың адамы қатардағы жай қызды алмайды, оған о баста текті қыз бұйырылған. Шындығында, фольклорлық шығармаларда бас кейіпкерлердің жары не ханның қызы, не байдың қызы болуы ойландыруы керек. Таптық сананың өзіндік ықпалы болғанымен, мұндай сарынның сақталуы текті жерден қыз алуды білдіреді. Жырлардағы: «Қаныкейдей көріктіні, Тінікейдей тектіні ал» деген фольклорлық қаңқаның тым терең тарих қойнауынан тамыр тартатыны осылайша белгілі болады. Таптық жіктелістің өзі ру ішінде байлығымен ерекшеленген адамдар арқылы пайда болған. Кедейлікпен өскен балалардың бай баласынан ақыл, тапқырлық асыруы кейіннен қосылған, сондықтан батырлардың жарының бай не хан қыздары болуының мәнісі ру ішіндегі таңдаулы деген ұғыммен астасып, ежеқабыл салты көрсетілген.
    Алпамысты батыр, ел мүддесін ойлайтын әкім ретінде таныстыру лайықты дәрежеде жасалса да, жырда тектілік мәселесі маңызды екендігі оған берілген бағалаудан да көрінеді. Тайшық көрген түсінен қорқатынын айта отырып:
    Ауызына қарадым,
    Сұлуды таңдап сүйгендей.
    Келбетіне қарадым,
    Қамқапты таңдап кигендей, − дейді.
    Алпамыс жоқ кезде Байбөрі, Одиссей жоқ кезде Лаэрт қарттың қиын жағдайда қалғаны неліктен? Өйткені ел қорғаны болған бас кейіпкердің әкесінің әлсіз болып көрсетілуі – жалпы эпикалық дәстүр. Жәдігер де, Телемах та әкесі келген соң қайраттанып шығады. Осы жағдайды алдыңғы буынның Байбөрі мен Лаэрт қарттарға бас кейіпкерлердің қамқор болуымен сабақтастырып қарасақ, екі арада логикалық байланыс бар, яғни ұрпақтардың кемелдену сипаты аңғарылады. Бұл – әр ұрпақтың алдыңғы буынмен салыстырғанда кемелденуін аңсаған халық мұраты.
    А.Байтұрсыновтың: «…бұрынғы жаугершілік заманда халық тән есебінде болған да, батырлар жан есебінде болған. Сондықтан батырлар турасындағы әңгіме – халықтың жаны, рухы турасындағы әңгіме», – дегенін батыр ұрпақтарының да ел қорғаны болуымен сабақтастыруға болады. Жәдігерді «бөрінің бөлтірігі» деп қабылдап, Ұлтанның оны өлтіруді ойлап, Қарлығашқа алып келуді бұйыратыны белгілі. Сонда жылап келген әпекесіне Жәдігер бала болса да:
    Ұлтан құлдан таяқ жеп,
    Айдалада жылаған
    Болар ма бізге лайық? – деуі бекер емес. Текті ұрпақ қандай қиын кезде де көз жасын көрсетпейді. Біреудің, оның үстіне тұтас әулетке қорлық көрсетіп отырған біреудің алдында жылау − ер жігітке үлкен сын. Жыршылар Жәдігерді айтқанда, осыны ескерген.
    Қорыта айтқанда, батырлық жырлардағы тектілік бүкіл елдік мәселені көтерген.


    Риза ӘЛМҰХАНОВА,
    М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты,

    «Ана тілі»

     

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Ұлт ретінде ұлыларды ұлықтай білейік — Махат Садық

    Алматы. 1990 жыл. Жаз. Желтоқсан көшесі 177-дегі ТВ мен Радио үйінің кіре берісінде СССР халық ...