Ақын Әбубәкір Қайран – 60 жаста!

Шұбаттан шыққан…

Әбубәкір Қайранға

Шеңгелмен ойнап,

Жантақта жатқан жантайып,

Уызға тойған

Ботадай бұла, балпайып,

Тәртіпті топта

Түседі көзге тұлғасы,

Тарбағатайдың

Тасындай қожыр талпайып.

Айналған өлең,

Байырғы балбал қайда дер,

Ақ боран соғып,

Айтқандай сәлем айға жер,

Қайран ел жоғын

Уайымдап жырмен іздеген,

Қайнары мөлдір,

Қайрағы қатты қайран ер!

Қолқаны қауып,

Жұлдызсыз түні қаланың,

Ақынның бейуақ

Тауыспай қоймас амалын,

Тойотадан да

Тай-атан артық көрініп,

Тротуар теуіп,

Іздеген түйе табанын.

Түйеші шалдың

Түгесіп ішкен шұбатын,

Даладай ақын

Далада ғана туатын,

Қазақы сөздің

Мәйегі сіңген майталман,

Қымыздан, яки,

Шұбаттан ғана шығатын!

Табиғи қалпын

Бұзбаған бүлде жамылып,

Көлеңке түсіп,

Көрмеген іші тарылып,

Түйенің сүті,

Киелі құты дем беріп,

Ағарған ішіп,

Ағынан жүрген жарылып,

Қабағы түсіп,

Қабаржып кейде құлазып,

Қабырға – қамал,

Бұзғысы келіп қағынып,

Бұрқырап буы,

Шудасы тудай жалбырап ,

Қаңтарда қайнап,

Бурадай бұлтқа шабынып,

Азуы қақсап,

Аяғы ақсап қақпаннан,

Шықса да асқақ,

Қасқырдай көкке табынып,

Асығып қуып

Адасып қалса сағымнан ,

Асыра жырлап,

Аспанын жүрген сағынып,

Жол ұзақ, әлі,

Өрлей бер, ақын, алдыңда,

Өмірдің бәрі

Ағын боп… өлең ағылып!

Аспан

Бура бұлттар

Жерге төніп

Көк құрсап,

Еске түсті

Бұрынғы бір өткір шақ,

Тұнжыр ойға

Батыратын осылай

Өзіміз де

Бұлыңғырлау боп тұрсақ.

Ақ қағазға түспегенмен

Дастан боп,

Таңғажайып сәттер өтті

Бастан көп,

Әбубәкір

Ақын інім екеуміз,

Түнгі бақты

Кезуші едік мастау боп,

Аппақ қарға

Аунап жата кетуші ек

Өлең оқып ,

“Аспан! Аспан! Аспан!”-деп.

Қылмыстық топ

Ақын Әбубәкір Қайрановтың Алматыдағы Мамыр ықшам ауданындағы үйінде ақындар жиі бас қосып,поэзия кештерін өткізіп тұрады.Бір жолы Семейден ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов келіпті.Оларға сәлем бере келген жас ақындар қандай, емін-еркін бір жұма дүрілдетсе керек. Бір күні Баянғали звондаса,телефонды Әбубәкірдің сабырлы, парасатты зайыбы Гүлзия алып, болған жайды айтады. Сонда Баянғали.

Қосылса Әбубәкір,Тыныштықбек,

Кетеді қаңтарда да күн ыстық боп,

Мамырды азан-қазан қылады екен

Секілді басын қосқан қылмыстық топ!—деген екен.

Үш қатын мен күшті ақын

Ақын Әбубәкір Қайран телефон арқылы сөйлескенде:

-Гүлзия Семейге тойға кетті. Қасында Ғанимат құдағи, тағы бір әйел бар –депті. Сонда Баянғали:

Тойға кетті үш қатын,

Үйде қалды күшті ақын,

Енді қандай амал бар

Отырып ал да, қыс тақым! – деген екен.


Баянғали Әлімжанов,

Қазақ үні

ПІКІР ҚАЛДЫРУ