• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Қолөнер » Темірге тіл, жаңқаға жан бітірген…

    Темірге тіл, жаңқаға жан бітірген…

    Ерте заманнан келе жатқан, әрі халыққа көп тараған сәндік және қосалқы өнердің бір түрі – зергерлік өнер қазақ халқының дүниетанымы мен материалдық мәдениетінің маңызды бір бөлшегі. Темірден түйін түйген шеберлер мен зер қадірін білген зергерлер қазақ даласында кем болмағаны әмбеге аян. Ал олардың қолынан шыққан әрбір туынды – халқымыздың ұлттық мәдениетінің алтын қазынасы, асыл мұрасы.

    Археологиялық қазба жұмыстары кезінде кең-байтақ еліміздің кез келген нүктесінен – Есік қорғанынан (б.д.д. V-IV ғ), Іле алқабы, Берел, Шіліктіден табылған сақтардың тамаша алтын бұйымдары, Қарғалы қоймасынан (б.д.д. II-I ғ) шыққан бақсылық әшекейлері, сондай-ақ, Шығыс және Батыс Қазақстанның археологиялық қазбаларынан табылған баға жетпес алтын-күміс бұйымдар – зергерлік өнердің ел аумағында ертеден етек алғанының айқын көрінісі. Аңдық стильде жасалған бұл бұйымдар біздің дәуірімізге дейінгі VІІ-І ғасырлар аралығының еншісінде. Ал негізі ХIХ-ХХ ғасырлардағы қазақтың зергерлік бұйымдарын шартты түрде Батыстың, Шығыстың, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстанның зергерлік әшекей бұйымдары деп төрт бөлімге бөлуге болады.

    Стилі жағынан ғұн заманының өнер туындыларына ұқсас Батыс Қазақстанның әшекейлері көлемінің үлкендігімен ерекшеленеді. Жалпақ, кейде жұмыр да жуан білезік, үлкен сақина, самай салпыншақтары мен салмақты сырға және шашбаулардан тұратын батысқазақстандық әшекейлер кешенінің ең басты көрнекілік элементі – өзінің салтанаттығы және сұлулығымен көз тартатын, үш қатармен кеудеге тағылатын өңіржиек.

    Шығыс Қазақстанның зергерлік әшекейлері бекзаттығымен, пішінінің қарапайымдылығы, әрі салиқалы сұлулығымен ерекшеленген. Құйма жұмыр білезік, бетіне өсімдік тектес өрнек салынған жайма білезік және ортаңғы тұсы кең жазық келетін сағат білезіктер осы өңірден шыққан. Бетіне қошқар мүйізі мен қой басын, қыранның бас тұрпатын мүсіндеп салған құйма қапсырмалар да ғажап. Бұлардың стилінде ежелгі скиф-сақтардың элементтері сақталған. Әйелдердің әшекей заттарының арасында сырғаның сұлулығы мен жөні бөлек. Шығыс Қазақстан облысынан алынған алтыннан, күмістен соғылған әр алуан әшекейімен көз тартқан ай сырға, шұжық сырға, шығыршық сырғалар бар.

    Ерте дүниедегі ғұн стилі Оңтүстік Қазақстанның да әшекейлерінен көрініс тапқан. Оларға композицияның көп бөлімділігі, кескін-сымбатының келісті ұзындығы, сыңғырлап тұратын салпыншақтың көптігі және түр-түсінің көбіне көгілдір болуы тән. Әшекей бұйымдарға, әсіресе, алтын жалатумен қатар түрлі-түсті асыл тастар орнатқанда әсем көрік беретіні сөзсіз.

    Тұяқтары күмістелген үкіаяқ самай салпыншақтары – Солтүстік Қазақстанның әшекейлерінің ерекше үлгісі. Қазақтар қыран құстарды, оның ішінде үкі мен сұңқар, бүркітті «күн құсы», «көк құсы», «тәңір құсы» деп ерекше бағалаған. Сондықтан олардың тұяқтары тіл-көзден қорғайды деген наным болған. Солтүстік Қазақстанның зергерлік бұйымдарына ақық салып әдемілеу тән. Олардың мың құбылып тұратын түр-түсі зергерлердің назарын ежелден-ақ аударған. Арасына ақық қосып күмістен теңге тағып жасалған шабауға тағатын шолпының да әсемдігі көз тартады, әрі жүрген кезде шашбаулары сылдырап еріксіз елеңдететін қасиеті тағы бар.

    «Шеберді шеге қағысынан таны» немесе «Ұстаны соққан пышағынан таниды» демекші, бұл мысалдар – шеберліктің шыңына жеткен қазақтың ұста-шебер, зергерлерінің әшекей жасап, әсемдеу саласында әр аймақтың өз ерекшеліктерін сақтай отырып, дамытқанының бір айғағы.

    Зергерлеудің хас шеберлері зергерлердің қолынан шығатын дүниенің саласы да, саны да жетерлік. Алтын-күміс, металдар мен сүйек-тұяқты, асыл тастың бар түрін, былғары мен бояудың түр-түрін пайдаланып жасалған қыз-келіншектердің сәндік бұйымдары мен ер жігіттің қару-жарақ, сауыт-сайманы, ер-тұрман – ат әбзелдері, сән-салтанат үшін әшекейлі жиһаз, күнделікті өмірде қолданылатын шаруашылық, тұрмыстық заттар – мұның бәрі де жантақтан ине, жаңқадан түйме жасаған зергерлердің қолынан шыққан. Мұндай кереметтерді жасау үшін зергерлердің заттарға зергерлік бейне тудыру, сондай-ақ бедерлеу, қалыпқа салып қысу, бір затқа бір затты оюластыру, кіріктіру, қақтау, күмістеу, зерлеу, термелеу, өру, бұрау, тоқымалау, құю, соғу, шабу, шеку, керту, оймалау, қарайту, қаптау, аптау, әбзелдеу және тағы басқа да сол сияқты әдіс-тәсілдері жетерлік. Бұл өнердің осыншама күрделі техникалық тәсілдерін жете меңгерген шеберлердің атын атамай, «ұста» деп әспеттеп, түркі тектес халықтар ұсталық кәсіпті, зергерлік өнерді киелі өнер санаған. Ал алтын-күміспен жұмыс істейтін шеберлерді парсы тіліндегі «алтын» – «зер» сөзімен сипаттап, «зергер» атаған.

    Қазақтың зергерлік өнерінде көбіне күміс қолданылған. Емдік қасиеті медицинада да дәлелденген күмістің адам ағзасына пайдасы бар екенін ежелден білген халқымыз күміс ыдыстан тамақ ішіп, күміс әшекейлер тағынған, сондай-ақ дүниеге келген нәрестені күміс теңге салынған суда шомылдырып келе жатқаны да – металдың қасиетінің көрінісі. Зергерлер өз жұмысында қолданып отырған әр материалдың түр-түсіне ғана емес, мән-мағнасына, түрлі қасиеттеріне де зор көңіл бөлген. Мысалы,  ежелден ел арасында інжу – ноғала, сүйелді, шәйіртас (янтарь) – алқым ісігін жазады, ал маржан – қарғыстан, тіл-көзден сақтайды, құлпырма маржан – өсек-аяңнан қорғап, дәулет, бақыт әкеледі деген сенім бар. Әсіресе, қызғылт ақыққа жұрт көп әуес болған. Оны қуаныш пен игілік сыйлайтын асыл тас деп есептеген. Таяу шығыста бұл тасқа иесінің аты немесе құран аяттарынан үзінді жазылатын болған. Тастардың осындай ерекшеліктеріне мән бере отырып жасалған әшекей бұйымдардың да өзіндік түр-сипатымен бірге айтар ойы, берер мағынасы болған. Мысалы, құстұмсық сақинаны жорыққа аттанған жігітке сыйлаған, мұндағы тілек аман-есен жылы ұяңа қайтып орал дегенді білдіреді, ал құс – әуелден еркіндік пен бақыттың, қайырым мен мейірімнің нышаны. Қазақтың қос саусаққа бірдей кигізілетін, үсті біртұтас, бірақ екі жүзіктен тұратын сақинасы – ұлт өнеріндегі бірегей дүние. Оны әдетте құдағи жүзік деп атайды, мұндағы ниет – қалыңдық пен күйеу жігіт қосылып, жас жұбайлар жұп жазбасын дегенді меңзейді.

    Түрлі тастармен безендіріліп, алтын-күмістен құйылған қыз-келіншектердің әшекейлері мен бар ынта-жігерін салып, ондай туындыны жасаған шебер зергерлер, ұсталық-зергерлік кәсіп туралы қазақ ауыз әдебиетінде аңыз-әңгімелер мен жыр шумақтары жетерлік. Зергерлік өнер қашаннан халықтың күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге қызмет атқарады. Алдағы уақытта да зергердің қолынан шыққан қазақы әшекейлеріміз дәулет-дәрежесіне қарамастан, әрбір қыз-келіншектің қобдишасынан табылады деп ойлаймыз.


    Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Өнерінде өткеннің ізі жатыр…

    Ұшар басын бұлт шалған Алатаудың баурайына ақшаңқан киіз үй тігілген. Айналасы алқызыл гүлге оранған қазақы ...