• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Қолөнер » Құрақ құрау, бұл да – бірегей өнер

    Құрақ құрау, бұл да – бірегей өнер

    Кез келген халықтың ғұмырнамалық сабақтастығының берік болуына сол халықтың мәдениеті, тарихы, өнері үлкен әсерін тигізеді. Өресі биік, өрісі кең қазақ халқының қарапайым әрі бірегей құрақ құрау өнері ерте заманда пайда болған. Киіз үйдің ішін әспеттегенде де, көрпе-жастығын әрлегенде де құрақтарды келістіріп қолдана білген.

    Құрақ құрау тәсілі маталардың қалдығын кәдеге жарату негізінде пайда болған. Қолынан іс келетін шебер әйелдер көрпеден бастап, кеудешеге дейінгі бұйымдарды құрақпен безендірген. Құрақ құрау үшін, ең алдымен, қажетті материалдар таңдап алынып, олар түрі, түсі, матасына қарай сұрыпталады, яғни маталардан барқыт, жібек, сиса, сәтен кесінділері жеке-жеке бөлініп алынады. Содан соң түрлі-түсті маталар қиыстырылып тігіледі. Бұл қолөнер­дің негізі әртүрлі символдармен де байланысты. Мәселен, үшбұрыш құрағының мәні әлемдегі үш дүниені ұштастыру екен, яғни үшбұрыш – су, жер, ауа – үш ғаламның белгісі. Бұл құрақтың мағынасы – ғаламдық тепе-теңдік пен тұтастық. Бал арасының ұясы негізінде «Алты табақ» құрағы пайда болған. Мағынасы, тәттілік пен молшылықты білдіреді. Сонымен қатар құрақ өнері арқылы жануар, құс бейнелерін де мата бетіне салуға болады екен. Баяғы Сақ заманынан бастап, өмір құбылыстарын қолөнер арқылы көрсетуге машықтанған көшпелілердің қолөнер дәстүрінің нысандық мәні бар. Сол кездегі «жұп», «су» секілді мағыналы ою-өрнектер күні бүгінге дейін өз мән-мағынасын жоғалтпады. Бүгінде құрақ қолөнерінде қолданылып жүрген «су символы» деп құрақ құрау қолөнерінде жүргізілетін бір түсті матадан кесіліп алынған жіңішке жолақты айтады. Тіпті ата-бабамыз қарғаны «тәңірдің елшісі» деп қасиет тұтып, тасқа қашап суретін салған.

    Қашанда әдемілік пен сұлулыққа құштар ата-бабамыз ұзатылған қыздың артынан жасау апарғанда махаббат нышаны ретінде «Аққу құрақ» көрпесін апарған. Сонымен қатар, құрақпен тұрмысқа қажетті әртүрлі заттарды безендіруге де мүмкіндік мол. Оған зат салатын әртүрлі қоржындарды, қыз-келіншектерге арналған бұйымдарды, күнделікті қолданыстағы жастық, аяққап, қолқапшық, қиық сырмақты жатқызуға болады. Құрақ құрау үшін арнайы қамқа, шағи, шыт, тібен, бояқ, насар, мақпал, қыжым секілді маталар қолданылады.

    Қонағын төрге шығаратын халқымыз құрақ көрпесін төрге төсеген. Ол – сыйластықтың белгісі. Дүниедегі әрбір зат майда бөлшектерден құралады. Сол секілді әр үйде құрақтан жасалған бұйымның болуы отбасының берекесі мен ынтымағын құрайды. Тіпті біздің әжелеріміз ерте кезде балалары өліп тоқтамаған отбасылардың үйін «тіл-көзден аман болсын» деп ырымдап, «қырық құрақ» құрап, баласын соған ораған екен.
    Құрақ құрау қолөнерімен кез келген адам айналыса алмайды. Өйткені бұл қолөнердің де өз қиындығы бар. Алдымен, өнерді түсінетін, ұшқыр ой мен бояу сырын білетін танымы бар адам ғана істің көзін таба біледі. Сондай-ақ түс пен түсті сәйкестендіру аса жоғары шеберлікті қажет етеді. Құрақ өнерімен айналысудың пайдасы – адамды шыдамдылыққа, үнемділікке, төзімділік пен сабырлылыққа, тазалық пен әсемдікке баулып, жан дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтеді. Ерте заманда қыз балалар кішкентайынан құрақ құрауды біліп, үйренуге тиіс болған. Қазіргі кезде бұл қолөнерді ісмер қыз-келіншектер мен көнекөз әжелеріміз ғана ермек қылады.
    Қазақтың дәстүрінде бар осынау қол­өнер түрін әлем елдерінің біразы қолданады екен. Мәселен, құрақ өнерін орыстар «лос­кутное шитье», жапондықтар «сашика», ал ағылшындар «почворк» дейтін көрінеді.
    Ал таңғажайып көркемдігімен талайды тамсандырған қазақтың қолөнері бүгінгі жаһанданған заманда да өз мәнін жоғалтпай, жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді…


    Ұлжан ҚОЙШЫМАНОВА

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Өнерінде өткеннің ізі жатыр…

    Ұшар басын бұлт шалған Алатаудың баурайына ақшаңқан киіз үй тігілген. Айналасы алқызыл гүлге оранған қазақы ...