• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Қолөнер » Мұхтар Наурызбаев: Дағдарыстың әсері шеберлерге сезіліп жатыр

    Мұхтар Наурызбаев: Дағдарыстың әсері шеберлерге сезіліп жатыр

    Шеберлер ауылы – шеберлер мекені. Саусағынан бал тамған, темірден түйін түйген хас шеберлерді іздесеңіз, «Көкшоқы» ауылына ат басын бұрыңыз. Өмірін қолөнерге арнаған Мұхтар Наурызбаевты осы «Көкшоқыдағы» шеберханасынан тапқан едік. Ою-өрнекпен айшықталған қаңжардың бетіне күміс қақтап жатқан Мұхтар аға бізге қолөнер туралы сыр шертті.

    – Мұхтар аға, өзіңізді қысқаша таныстырып өтсеңіз… 

    – Туған жерім – Қызылорда облысына қарасты Тереңөзек қыстағы. 1989 жылы өнер қуып Алматы қаласына келдім. Көркем сурет училищесіне құжат тапсырып, оған түсе алмай қалдым. 1990-шы жылы жаз мезгілінде шеберлер ауылына келіп тұрақтадым.

    – Қандай бұйымдар жасауға бейімсіз?

    – Негізінен ағаш бұйымдарын жасаймын. Мәселен, музыкалық аспаптар, үй жиһаздары деген секілді. Ара-арасында темірмен де, терімен де жұмыс істей беремін. Неге сұраныс болса, күшті соған жұмсау керек емес пе?

    – Қазіргі таңда нендей заттарға сұраныс басым болып отыр?

    – Қыстай шыбын аулап жеп, талғажау еттік. Көктемге қарай азын-аулақ сұраныс бола бастады. Дегенмен, оның өзі бұрынғыдай емес. Бұрын мұрнымыздан шаңшылып үлгермей жатушы едік. Дағдарыстың әсері шеберлерге сезіліп жатыр. Қалталы азаматтар ақшаның бетіне қарамай зергерлік бұйымдарды жасата беретін. Қазір саудаласады. Саудаласқанның көбі бұрылып кетіп қалады.

    – Шеберлік өнер сізге кімнен дарыған?

    – Әкем хас шебер болатын. Үйде неше түрлі құрал-саймандар толып тұратын. Нағашыларымыз да қаражаяу болмағанға ұқсайды. Нағашы ағаларымыздың жасаған ғажайып дүниелерін өз көзімізбен көрдік.

    – Қанша жасыңыздан бастап түбегейлі шеберлік өнерге бет бұрдыңыз?

    – Бала кезімде суретті жақсы салатынмын. Кейін тастап кеттік. Көп жылдар бойы елде күріш тасып, шопыр болып жұмыс істедім. 30 жасымнан бері қолөнердің ыстығы мен суығына төзіп келемін.

    – Шеберлер ауылында тұру сізге қаншалықты тиімді болды?

    – Өзің білмегенді өзгелерден сұрап аласың. Жігіттер бірінен-бірі үйреніп жатады.

    – Бәсекелестік те бар шығар?

    – Бақастық-бәсекелестік қай кезде де болған, бола бермек те. Тіпті мәшһүр Леонардо до Вичи мен Мекиланджело да бір-бірімен қастасып, бәсекелесіп өткені сізге аян. Еуропада шеберлердің бір жерге шоғырлан мекені жоқ. Өйткені олардың бастары сыймайды. Дағыстандағы әйгілі Кубачиде бірнеше ғасыр бойы тек өнер адамдары тұрып келеді. Осындай ауылдар Ресейде атам заманнан бері бар.

    – Кубачи зергерлері сіздерден несімен ерекшеленеді?  

    – Қазақ зергерлері темірге түзу және көлденең айқыш-ұйқыш етіп сызықтар түсіріп, оның бетіне күміс қақтайды. Кубачилік әдіс бойынша, түзу сызықты терең қылып қазып, соған әшекейді қағып тастайды. Әр жердің өнері әртүрлі ғой.

    – Музыкалық аспап шабатын адамның өзі де белгілі бір дәрежеде музыкадан хабары болуы керек шығар…   

    – Өзім домбыра жасасам да, оны тартулы білмеймін. Неше жылдық тәжірибе бекер емес, әрине. Дыбыстың қайткенде жақсы шығатынын білемін. Гәптің бәрі – беттақтайда. Құлақкүйінің дұрыс тұруы домбыра мойын бетінің түзулігіне байланысты.

    – Кейде дыбыс зор шығады деп домбыраға қосымша тесік жасап жатады. Сол керек пе?

    – Еш қажеті жоқ нәрсе. Тесік болса да, болмаса да домбыра дыбысы өзгермейді.

    – Домбыра қандай ағаштан жасалады?

    – Қарағайдан да, шыршадан да шаба береміз. Еуропалық әйгілі скрипкашылары бафғыда біздің жердің шыршаларын музыкалық аспаптарына пайдаланған екен.


    Әңгімелескен Арман СЕРІКҰЛЫ 

     

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Өнерінде өткеннің ізі жатыр…

    Ұшар басын бұлт шалған Алатаудың баурайына ақшаңқан киіз үй тігілген. Айналасы алқызыл гүлге оранған қазақы ...