Қытайдың Алтай аймағында тұратын қандасымыз Сіләмбек Сағынышұлы қазақтың байырғы тері шаңғысы қалай жасалатынын айтып берді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Қытайда жарық көретін «Халық газетіне» сілтеме жасап ҚазАқпарат агенттігі жазды. Қазақ құндылығын құнттап жүрген Сіләмбек Сағынышұлы Алтайдың Ласты кентінің Ноғайты ауылында тұрады.

Ол әлі де көне мұрамыздың отын өшірмей жалғастырып келе жатқанын, сондай-ақ, арнайы шәкірт тәрбиелеп жүргенін айтады. Өңірде тері шаңғы жасауда одан асатын шебер жоқ. 2010 жылы Шыңжаң өлкелік мәдениет басқармасы Сіләмбек Сағынышұлына «Шыңжаңның материалдық емес мұрасы тері шаңғы жасаудың мұрагері» деген ресми атақ берген.

«Тері шаңғы жасауды әкемнен үйрендім. Алғашқы тері шаңғымды 15 жасымда жасадым. Біз үшін бұл қар шаңғысы таптырмайтын көлік құралымыз болды. Алтайдың қысы ұзақ, қары қалың болады. Бұрындары көлік қатынас қолайсыз болғандықтан жергілікті тұрғындар осы тері шаңғыны кең пайдаланған. Аңшылар мен шаруалардың негізгі көлігі болған. Шаңғының өзегін қарағай мен қайың ағашынан жасап, сыртын жылқы сирағының терісімен қаптайды. Орнынан қозғалып, екпін алу үшін бір таяқты ғана қолданған. Басқа қар шаңғыға қарағанда, теріден жасалған қар шаңғының өзіндік ерекшелігі бар: тауға шыққанда тері жүніне қарсы бағытта болғандықтан, үйкеліс күшін арттырып, қар бетіне жабысып, биіктен артқа сырғып кетуден сақтайды. Таудан төмен сырғанағанда жығылған тері жүніне бағыттас болғандықтан, үйкеліс азайып, жылдамдығы басқа қар шаңғылардан тез болады», – дейді тері шаңғы жасаудың шебері Сіламбек Сағынышұлы.


Baq.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ