• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Қоғам » Күз «тағайындаулар» тақырыбының маусымы

    Күз «тағайындаулар» тақырыбының маусымы

    Күз келгелі Ақорда жақтан Үкіметтегі ауыс-түйіс туралы әңгіме желдей есе түсті. Саясаттанушылар сан түрлі жорамал жасап, «тағайындаулар» тақырыбын тереңірек қаузай бастады. Журналистер де желдей ескен ақпарды сан-саққа жүгіртіп, анық бір өзгерістің болатынынан нықтай түскендей. Біз бүгін болуы мүмкін өзгерістің алдын алып, аз-кем болжам жасауды ұйғардық.

    Сонымен, әуелгі әңгімені Үкіметбасының өзінен бастайық. Бақытжан Әбдірұлының Премьерлікке барғанына үш күннен кейін 2 жыл толады екен. Бір қарағанға аз да, көп те уақыт емес. Әйткенмен, осы уақытқа дейін берілген мүмкіндік өз нәтижесін көрсетуі тиіс еді. 19 шілде күні Елбасының жеке қабылдауында болған Премьер-министр қатаң сынға ілікті. «Барлық бағдарламалар бар бізде. Индустриялық бағдарлама бар, инфраструктуралық бар, әлеуметтік жағынан бар. Бірақ, соның бәрін жергілікті атқарушы органдар, министрліктер аяғына дейін жеткізбейді. Қағаз жүзінде бізге есеп берген кезде бәрі бар, халық «неге Президенттің айтқан тапсырмалары жетпейді, коммуналдық қызметтің бағасы өсіп бара жатыр» деп айтады. Медициналық қызмет сапасыз деп айтады. ЖОО-дардағы мұғалімдердің деңгейі төмен. Балалардың білімі төмен» деген-ді сол кезде Мемлекет басшысы.

    Иә, экономикалық ахуалдың құлдырауына үкімет жұмысының жүйесіздігін кінәлайтындар көп. Жүзі жылы, мінезі байсалды басшыға аздаған қатқылдық һәм саяси салмақ жетіспейтіні жиі айтылады. Дегенмен, Елбасы өз таңдауын өзі жоққа шығармауы мүмкін екенін де ескерген жөн. Сенім артып, жауапкершілігі мол жұмысты мойынға артқаннан кейін, тағы бір мүмкіндік беруі ықтимал.

    Бұл орынға кім келуі мүмкін? Жорамалшылар Алматы әкімі Бауыржан Байбекті лайық көреді. Жас әкім кеше ғана Алматы көшелерін аралап көріп, қаланың бас жоспарына дейін танысқан Елбасыдан мақтау сөз естіді. Бұл да жаңа тағайындаудың алдындағы тамыр басудай көрінеді. Байбекті Президент Әкімшілігіне басшы болып келеді дейтіндер де бар.

    Әділбек Жақсыбеков ҚР Президент Әкімшілігінің жетекшісі қызметінен өз еркімен босап, ҚР Президентінің Іс Басқарушысы лауазымына ойысады дейді.

    Ал, Премьер-министрлікке үміткерлер қатарында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов пен Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминің есімі аталады.

    Биліктегі өзгеріс Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетовті елге қайтаруы ықтимал. 2017-нің ақпанында көрші елге қоныс аударған биліктегі аса ықпалды тұлғалардың бірі қандай қызметті тізгіндейтінін тап басып айту қиын. Десек те, соңғы кезде сынның астында қалған ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың позициясы қолай келетін секілді.

    Біріншіден, министр бұл орында жеті жылдан бері тапжылмай жұмыс істеп келеді. Кешегі Денис Теннің өлімі жүйдегі келеңсіз жайттардың бетін ашып бергендей болды. Бұл салаға деген қоғамның өкпе-реніші күн өткен сайын еселеп артып келеді. Екіншіден, Тасмағамбетовтің білім-білігі, саяси салмағы министрлік жұмыстарын реформалап, полицей беделін қалпына келтіруге өз әсерін берері анық.

    Иманғали Нұрғалиұлын ҚР Президент Әкімшілігінің жетекшілігіне ұсынатындардың да қатары көп. Егер саясаткер бұл лауазымға ауысса, ҚР Ішкі істер министрі болып ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев келеді деген болжам бар.

    Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы Кәрім Мәсімовтың қызметі өзгермейтін секілді. Өңірлік қауіпсіздікті нығайту және діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жүргізу ісіндегі қарқынды жұмыстар Кәрім Қажымқанұлы қызметін тағы бірнеше жылға ұзартуы мүмкін.

    Министрлер кабинетіндегі ауыс-түйіс ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановты, ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекті, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты өзге орынға ауыстыруы мүмкін. Түрлі ақпарат көздері Дәурен Әскербекұлы Алматы облысына  әкім болса,  Жеңіс Қасымбек Павлодар облысына немес БҚО-на барады дейді.

    2014 жылдан бері ҚР Мәдениет және спорт министрі қызметін атқарып келе жатқан Арыстанбек Мұхамедиұлы Ақордаға ауысып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк хатшысы лауазымына көтерілуі ықтимал.

    Оның орнына «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров немесе  Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, болмаса, бұрынғы Мәдениет министрі, сенатор Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед қайтып келуі мүмкін.

    ҚР Білім және ғылым министрі, «әсіре реформашыл» Ерлан Сағадиев те жылы орнын суытуы мүмкін. Әр жасаған ісі сын садағына ілігіп, көпшілік қарсылығына ұшыраған министр қай мекеннен сая іздейтіні әзір белгісіз.

    Биліктегі беделді тұлғалардың бірі Аида Балаева Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінде 4 жылға жуық жемісті қызмет етіп келе жатыр. Күздегі ауыс-түйіс кезінде осы еңбегі ескеріліп, Білім және ғылым министрлігінің тізгіні берілуі мүмкін.

    Ал, егер Дәурен Абаев әкім креслосына жайғасса, елдегі ақпараттық саясатпен Аида Ғалымқызы айналысуы да ғажап емес.

    Тағы бір айтарлықтай жаңалық, 2016 жылы құрылған Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі өз жұмысын тоқтатып, Қорғаныс министрлігіне қайта қосылуы мүмкін. Ал, министр Бейбіт Атамқұлов Шығыс Қазақстан облысына не Алматы қаласына әкім болып тағайындалуы ықтимал.

    Айтпақшы, Алматы қаласы әкімдігінен Үкіметбасы Бақытжан Әбдірұлы мен жақсы жұмыстарымен көзге түскен Алматы облысы әкімі Амандық Баталов та үмітті.

    Саясаттанушылардың айтуынша, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқарушысы Абай Бисембаев  та әкім атануға бір табан жақын.  Абай Айдарханұлын Алматы қаласы әкімі лауазымынан көргісі келетіндер жетерлік.

    Үкіметтегі ауыс-түйіс туралы әңгіме шындыққа айналса, әкімдер корпусы да өзгерістерге ұшырайтыны анық. Бұл ретте, зейнет жасындағы Шығыс Қазақстан облысына әкімі Даниал Ахметов пен Ақтөбе облысы әкімі Бердібек Сапарбаев сенатор атануы мүмкін.

    Ал, Ақтөбе облысы әкімі болып қала әкімі Испанов Ілияс Сапарбекұлы немесе Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Сейдірұлы Көлгінов тағайындалуы мүмкін.

    Әрине, мұның бәрі болжам ғана. Нақты саяси өзгерістердің шешімі Ақорданың құзырында. Ұлт порталы алдағы уақытта саясаттанушылар мен қоғам белсенділерінің бұл тақырыптағы ой-пікірін оқырман назарына ұсынатын болады7

    Шерхан Талап.

    Ұлт порталы.

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Астанада 30 елдің сарапшылары бас қосады

    Әлемнің 30 елінің сарапшылары мен саясаткерлері жыл сайын өткізілетін «Астана Клубының» 4-ші отырысына қатысады, деп ...