• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Қоғам » Абай мен Мұхтар болу соншалықты оңай ма?

    Абай мен Мұхтар болу соншалықты оңай ма?

    Осыдан біраз уақыт бұрын белгілі бір тұлға ақын және батыр  Махамбетті Абайдан биік көремін, деп айтып еді. Енді міне qamshy.kz сайтында «Абай 21 ғасырда өмір сүрсе, ары кетсе блогер болатын еді» деген мақала жарияланды. Осы мақалада айтқаны жарияланған бір кәсіпкер өзінің айтқанын ақиқат де санайды: «Айтқаным біреуге ұнамас. Бірақ ақиқатты айтатын кез келді деп ойлаймын. Оны дәл қазір қабылдай алмасаңыздар да, болашақ ұрпақ түсінеді деп үміттенемін. Қазақтың мақтанышы кім десең бәрі Абай дейді. Мен мұнымен келіспеймін. Абайды өз басым мойындамаймын» . Кәсіпкердің айтқаны өзіне ақиқат екені аян. Және зайырлы мемлекетте әркім өз пікірін білдіруге ерікті. Басқалар оның аузына «қақпақ болмайтыны» да рас. Қақпақ болмайды да.

    Мен де өзімнің ақиқатымды алға тартайын. Біріншіден «О дүниелік болғандар аяқ-қолын сермеп өзін қорғай алмайды». Бұл ақиық ақын Әбділда Тәжібайұлының ақиқаты. Бұнымен ешкім де, тіпті осы кәсіпкер де таласа алмас. Кәсіпкер осыны біле отырып Абай туралы айтып отыр. Әрине еркі бар, айтсын. Абай бәрібір Абай болып қала береді.

    Кәсіпкер сұрақты төтесінен қойыпты да өз сұрағына өзі жауап беріпті: «Абай қандай жақсылығы үшін осынша дәріптеледі? Қиын-қыстау заманда қол бастады ма, ел бастады ма? Ол тіпті ауыл басқарған емес. Ол ақылды, жақсы адам. Бірақ бүкіл қазақ үлгі боларлықтай кемеңгер тұлға емес». Абайды «бүкіл қазақ үлгі алатындай кемеңгер емес» деп айтқан кәсіпкер Абайдың неге үлгі бола алмайтыны туралы бірде бір уәж келтірмеген. Абайдың өлеңдері, оның қара сөздері, ештеңесі жоқтай.

    Осылай деген кәсіпкер ақынның әкесін мақтапты: «Құнанбай нағыз азаматтығымен көзге түскен адам. Ел басқарды. Шынымен де үлгі боларлық тұлға». Кәсіпкердің бұл сөзімен тіпті де таласудың қажеті жоқ. Неге? Себебі кәсіпкер бұл пікірінде Құнанбайдың да үлгі боларлық бір ісін нақты мысал ретінде келтірмеген. Солай бола тұра «Абай біздің заманымызда өмір сүрсе ары кетсе танымал блогер ғана болатын еді» дейді. Ал құрметті танымал блогерлер кәсіпкердің осы пікіріне «Біз бүгін Абайдан кем емеспіз» деп үн қосар ма екен, әлде үнсіз қалар ма екен?

    Кәсіпкер Абай туралы: «Бірінші қара сөзінде осы жасқа келіп не бітірдім, енді не істемекпін деген ойға келеді. Ол кезде Абай 45-те болатын. Демек 45 жасқа дейін Абай түк бітірмеген. Құр қыдырған, домбыра тартқан. Ешнәрсе істегісі келмеген» деп жазады. Ал, енді өздеріңіз ойлап көріңіздерші, шынымен де «…45 жасқа дейін Абай түк бітірмеген. Құр қыдырған, домбыра тартқан» ба?

    Сонымен кәсіпкер: «Осының бәрін не үшін айтып отырмын, мақсатым не?» деп сұрақ қояды. Және өз сұрағына өзі: «Кеңес үкіметі қазақтың игі жақсыларын құртып тынды. Бірақ халықты алдай тұруы шарт еді. Сондықтан үлгі боларлық тұлға ретінде Абайды таңдап алды. Әуезов болса артылған міндетті жоғары деңгейде атқарып шықты» деп жауап берген.

    Кәсіпкердің тұжырым жасауы да қызық: «Әуезов болса артылған міндетті жоғары деңгейде атқарып шықты» дейді. Сонда «Абай жолы» сынды әлемнің көптеген тілдеріне аударылған роман-эпопея жазу биліктің тапсырмасын оп-оңай орындауға болатын іс деп ойлайтынын жасырмайды. Кәсіпкердің бұл ойын қолдайтындар бар ма екен?

    Одан ары қарай кәсіпкер  «Біз әлі күнге дейін Абай сияқтымыз. Қазақ отырып алып ойланғанды, аспанға қарап армандағанды, ешнірсе істеуге құлқы жоқ, өмірден баз кешуге даяр. Мұның бәрі сол идеологияның, жақсы пиардың тікелей әсері» дейді. Бірақ неге екені белгісіз сөзін «мен» деп бастап «біз» деп көпшіліктің атынан сөйлеп кеткені де түсініксіз. («ешнірсе» деп мақалада келтіргендей көшіріп жаздым. Бұл сөз «ә» әрпі арқылы «ешнәрсе» деп жазылады).

    Кәсіпкер тағы былай дейді: «Шын мәнісінде қазақта үлгі боларлық тұлғалар көп. Керей мен Жәнібек, Қасым хан, Абылай хандар нағыз азаматтар. Солар сияқты болуға ұмтылуымыз тиіс. Сонда ғана мықты боламыз». Бұған не деуге болады? Ештеңе де. Себебі ешқандай нақты сараптамалық ойлар жоқ. Жалпылама айтылған сөз.

    Кәсіпкер «Еріккеннен Абайға тиісіп отырғаным жоқ» дейді. Оның жоғарыда келтірген сөздерінен ұлы Абайға тиіскен ештеңе байқамадым.

    qamshy.kz кәсіпкердің суретін Абайдың суретінен бұрын орналастырыпты. Есімін де атапты. Мақұл, бұлай ету өздерінің еркі.

    Ал, мен Абайдың атын жаздым. Себебі мен Абайды білемін. Кәсіпкердің атын жазған жоқпын, себебі ол атын атайтындай алып бара жатқан пікір білдірген жоқ.

    Кәсіпкер өзінің пікірін: «…болашақ ұрпақ түсінеді деп үміттенемін» депті.

    Ал, сіз не дейсіз, құрметті замандас болашақ ұрпақ кәсіпкердің сөзінен не түсінер екен? Егер оның сөздері болашақ ұрпаққа жетсе, әрине. Ай қайдам, жете қояр ма екен?

    Бердалы ОСПАН,

    «АДЫРНА» ұлттық порталы.

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Астанада 30 елдің сарапшылары бас қосады

    Әлемнің 30 елінің сарапшылары мен саясаткерлері жыл сайын өткізілетін «Астана Клубының» 4-ші отырысына қатысады, деп ...