• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Өнер » «Қыз Жібектей» кино қайда?

    «Қыз Жібектей» кино қайда?

    «Қыз Жібек» фильмін көрмеген қазақ жоқ шығар. Қай фильмнің болмасын көрерменге берер тәрбиесі, жеткізгісі келетін ойы болады. Ал «Қыз Жібек» фильмінің жас ұрпаққа берері – ұшан-теңіз.  Қазақ халқының көрнекті жазушысы Ғабит Мүсіреповтің көркемсөз өнерімен сапталған бұл фильмнің көрерменге жол тартқанына да 47 жыл толды. Сұлтан Қожықовтың режиссерлігімен құрылған фильм жарық көре салысымен көрерменнің көзайымына айналып үлгерген еді. Атақты режиссер Сатыбалды Нарымбетов: «Қыз Жібек» – театрландырылған фильм. Өте жақсы дүние» деп фильмге өз бағасын беріп, дәріптеген. Фильмде аппақ аққудай сұлу да кербез Жібек пен ержүрек Төлегеннің мұңға толы тағдыры жайлы баяндалғаны қалың көпшілікке мәлім. Байырғы қазақ дауларының салдарынан қос ғашықтың махаббат хикаясы қысқа болады. Жібектің бақытсыз күй кешуінің себебі – екі жақ арасындағы ру мәселесі. Фильм соңы Қыз Жібектің  арылмас қайғысымен және  қаніпезер Бекежан   опасыздықпен өлтірген Төлегеннің ауыр қазасымен аяқталады. Қос аққудың қайғымен өрілген тағдыры кімнің болмасын жүрегіне бататыны сөзсіз.

    «Қыз Жібек» киносы – ертедегі қазақ дәстүрлерінің біртұтас жиынтығы. Жарты ғасырға жуық тарихы бар фильмде ежелгі қазақ дәстүрлері көрініс тапқан.  Сан ғасырдың қойнауында шаң баспаған асылдай құнды салт-дәстүрлер осы фильмде ұшырасқан. Мысалы, оқты ортасынан бөлу, жекпе-жек бүгінгінің қазағына таңсық нәрсе. Қазіргі таңға дейін маңыздылығын жоғалтпаған беташар да, айтыс та басқаша үлгіде көрсетілген. Маған осының бәрі үлкен ой салады. Өткеннің еншісінде қалып қойған салт-дәстүрлерімізді қазіргі ауқымды жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасына енгізіп, біз тереңінен таныса отырып, бұл дәстүрлерімізді өскелең ұрпаққа мұра ретінде қалдыра аламыз. Бұл – өз дәстүрлеріміздің тарих беттерінде өшпестей қалатындығының кепілі.

    Жібек – қазақ киносы тарихындағы қайталанбас сұлулықтың иесі. Қазақ қызының бойындағы қасиеттердің бәрі Жібек бойында шоғырланған. Ол – жарқыраған жұлдыздай сұлу, қыз болса да батыл, өз сөзіне берік, тәрбиелі, сабырлы бойжеткен. Оның осы фильмде жасап шығарған келбетін қазіргі      аруларымыздан байқауға болады. Қыз Жібектің жолымен жүрген апа-әпкелеріміз бүгінде үлгілі әпке, аяулы жар, қамқор ана. Жібектің фильмдегі образы қазақтың көптеген бұрымды қыздарына ғибрат бола білді.

    Төлеген – текті, сымбатты, намысшыл бейне. Мен оны өз заманының нағыз сұлтаны деп санаймын. Өне бойы тұнған күш пен жігер. Елі мен жері үшін, махаббаты үшін шынайы беріспей күресе білген өр рухты азамат. Төлегеннің адалдығы, шынайылығы – өзгеге өнеге.

      Кешегі күн – бүгінгі тарих. «Қыз Жібек» – қанша жыл бұрын таспаланған болса да, әлі күнге дейін қайталап көргің келіп тұратын мәртебесі асқақ фильм. Сценарий авторы, көсемсөзші Ғабит Мүсірепов кейінгі ұрпаққа ой саларлықтай, тәлім-тәрбие бере алатындай туынды ұсынды. Сыншы Әмина Құрманғалиқызы «қазақы сұлулықтың гауһары» деп суреттеген Жібек пен сұңқардай Төлегеннің махаббат жыры мәңгілікке халық жадында бұлбұлдай сайрап қала бермек.

    Шалқарова Айдана Ерболқызы,

                                                                                 Қызылорда қаласындағы №145 орта мектептің 11-сынып оқушысы

     

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    «Астанада жоқсың», «Алматыда жоқсың» деп айтылатын әнді шығарған кім екенін білгіңіз келсе…

    Ютубтан 35 миллион көрілім жинаған Ерке Есмаханның орындауындағы «Қайда?» әні жастар арасында хит. Алайда, көпшілігіміз ...