• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Өнер » Сермей тартқан семсер күй

    Сермей тартқан семсер күй

       Жеріміздің ұлан-асыр байлығы әлемге аян. Аузымыздың ырыс-несібесі кім-кімді де қызықтырғандай. Тек соны төгіп-шашпай, жөнімен жарата алсақ болғаны. Рухани дәулеттен де кенде емеспіз. Ең бастылары – сөз, әуез, мияскерлік. Тағдыр менің маңдайыма көзімді ашпай жатып, бұл үшеуінің де ең бір шідер үзген дүлдүлдерін көріп қалуды жазыпты. Соғыс жылдарында Атырау теңізінің шығыс жағасындағы бір айлаққа көмір таситын тар табанды жол өтетін Қапы дейтін аңғардың бойында дүние жаратылып, су аққалыдан бермен қарай шежіре шертетін Түмен ақынның үйімен бірге отырыппыз. Сондағы жер қазбаларымыздың орындары шұқырайып әлі жатыр. 1945 жыл. Мамыр. Жетінші шахта деп аталатын көмір кенішінің қасындағы көне аэродромның шығыс жағы. Бұлтиған қызарыңқы қаспақ төбенің маңы. Ызғындай халық. Жеңіс тойы. Дүйім жұрттың алдында тарлан ақын Сәттіғұл тебірене жыр толғады. Сол арадан онша қашық емес, сегізінші шахтаның желкесіндегі құмақ жолдың басында өткен бір тойда тайпалған жорғаның үстінде келе жатқандай рахаттана теңселіп отырып, таңды таңға ұрып, құйқылжыта қисса соққан әйгілі Жанжігіт жыршыны тыңдадым. Бір кезде Тарас Шевченко сұқтанып суретін салған атам заманғы Апажар құдығының іргесіндегі алабажақ адыраспанды ой. Ертелі-кеш есігі босамайтын еңсегей қоңыр үй. Ертегінің көлтауысарындай көлбеп жатып алып, ұртын томпайтып, үсті-үстіне от үрлеп, пыс-пыс еткен күмпиме қара көріктің алдында маздай қоздаған қызыл шоққа шымшуырға тістетіп темір табақша ұстап, шыжылдатып күміс балқытып, көз майы таусылғанша сығырая қарап, өрнек салып, сірке жүгіртіп, сақина, білезік, жүзік соққан айтулы Күмбетбай зергердің өнерін қызықтадым. Үштағандағы тастан түйін түйген Назар Өмірұлының талай рет қолын алдым. Балаларымен бірге оқыдым. Олар жасаулаған жұмыртқадай ақ отау бүгінде көргендердің көз жауын алып, Астанадағы Президенттің Мәдениет орталығында тұр.
        Ал әдемі әуез… Күмбірлеген күй… Әзелгі рухани ырзығым. Бесікте жатқанымда тұсымда үкілі домбыра ілулі тұрыпты. Қаршадайынан атақты Өскінбай күйшіге еріп, өнер қуып, ауаланып өткен әкем жарықтық оны қашан иығына мылтық асынтып, майданға аттандырғанша қолынан тастамапты. Мен туған күні де ойын-сауық іздеп кетіп, ауылда болмапты. Оның өнеріне қанығып үлгермегеніммен, құлағымнан пейіш көмей, періште көкірек қара домбыраның қоңыр үні ешқашан жырақтап көрген емес. Сонау соғыс жылдарындағы іргелес көршіміз, бүгінде еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, бүкіл бір күйшілер әулетінің бабасы Құлсариев Орын еді. Ол кезде бала. Жер түбіндегі мектептен жаяу-жалпылап жеткен бойда, күйі тасып бара жатқандай, домбыраға жармасатын. Тағы бір көршім – күні бойы тәртіп қорғап, табанынан таусылатын Қалмұхан ағай. Қызметі бітісімен, үйіне келіп, мундирін шешіп, төр жақ қабырғаға самсатып іліп қойған гитара, мандолина, скрипка, гармонды бірінен соң бірін қолына алып, шай құйып отырған келіншегі мен қақыра жаулық қарт анасына тыңдатып, ән шырқап, ақырында домбыра шертіп, күй үстіне күйді төкпелетіп барып, байыздайтын. Біз қара домалақ көрші балалар, оның үйінің есігі мен іргесіне топырлап, өнерін тамашалайтынбыз.
        Мен өскен Таушық бойының барлық ойын-сауығын өз қолдарынан өткеретін Комсомол, Ерғали дейтін жігіттер де қай аспаптың да құлағында ойнайтын әмбебап өнерпаздар еді. Зауал ауа көлеңкеге жиылған көрші ақсақалдардың ортасына барып, балбырата күй шерткен Ордабаев Самалайды тыңдағанда құлақ біткеннің құрышы қанғандай еді.
        Қашанғыны еске салатын ежелгі әуендерді қыстан қалған мейіз сүрді тұмса биенің саумалына бұқтырып, дәмдеп асқандай, әбден балбыратып, барша нәрі мен әрін түгел келістіріп, бабына келтіріп шертуде бір кезде Мәскеу барып өнер көрсеткен Ибрайымов Шамығұл қария алдына жан салмайтын. Оның шәкірті Жолдасбаев Мыңбай күй шалғанда, қапелімде құлағыңды кесіп алса да, білмей қалатынсың. Итқараның “мысыр пирамидасындай” шоқы-шоқы боп иректеле тізіліп жатқан жал-жал шағылдарының желкесіндегі ағал-жағал интернатта оқып жүргенде, ақ қар-көк мұзда Алматыдан келіп, өнер көрсеткен Мұрат Өскенбаевты алғаш көргенде көзіміз тас төбемізге шығып, аузымызды ашып, аңқидық та қалдық. Біз жайлаған ала қырдың атам заманғы саздарын былайғы қазақтың арғы-бергі саңлақ күйлерімен ұштастырған ұлан-ғайыр орындаушылық репертуарға ие Алым Жаңбыршинді еске алғанда, есіңізге Шоқан Уәлиханов түседі. Егер Шоқан Омбының кадет корпусын бітірген жорық офицері емес, Сорбонна мен Оксфортты тауысқан кәсіби оқымысты болғанда шығыстану ғылымын қандай құлпыртар болса, Алым ағай да кәсіби өнердің соңына түскенде қазақ сахнасын сондай жарқыратар еді-ау деп ойлайсың. Бірақ, студент кезінде-ақ мамандардың назарын өзіне аудартып, сол кездегі сахнаның жас перілері Рысбай Ғабдиев, Әзидолла Есқалиев, Сейілхан Құсайынов, Боздақ Рзахановтармен өнер жарыстырып өскен асыл аға инженер болып, Маңғыстаудың кен байлығын игеруге елге оралып, айналасын ағыл-тегіл күйге кенелтіп, армансыз шалқып жүргенде, ауа жұтып сергиін деп, көшеге шықса, жастайынан көкірегіне дерт болып  жабысқан демікпесі абайсызда ұстай алып, тыныс ашатын дәрісі үйде ұмыт қалып, ойда жоқта демі таусылады. Арманда опат болған есіл азаматтың аянышты қазасы күй қауымын да ойсырата күйзелтіп кетеді. Бір жағынан, бұған дейін тек Мұрат Өскенбаев ақсақалдың арқасында ғана өнер әлеміне мәшһүр бола бастаған Маңғыстаудың күйшілік мектебінің қақпасы қайта жабылып, екінші жағынан, Алым Жаңбыршин ағай алдымен қолға алған бар аймақтардағы күйшілік үрдістердің басын қосып, бәріне бірдей жетік әмбебаптық орындаушылық шеберлік танытатын жаңа бағыттың жолы қырқылып қалғандай көрінеді. Алайда, ат тұяғын тай басар дегендей, Алекеңнің жолын қуып, әрі күйші, әрі журналист, әрі инженер болып өсіп келе жатқан інісі Сержан Шәкіратов еске түсіп, үміт оты қайта шоқтанады. Міне, осылай бала жастан қазақ күйінің уызына мейлінше кенеліп өскен мен кейін де талай саңлақты өз көзіммен көріп, өз құлағыммен тыңдадым. Талайымен етене танысып, емен-жарқын араласып кеттім. Әйгілі Қали Жантілеуов, Нұрғиса Тілендиев, Самиғолла Андарбаев, Мырзағұл Панаевтардың өнерлеріне өз төрлерінде қанықтым. Шәміл Әбілтаев, Қаршыға Ахмедияров, Айгүл Үлкенбаева, Анар Мұздахановаларды балапан кездерінде арқаларынан қағып, күй аспанына қалай самұрықтай самғап ұшқандарына куә болдым. Кәсіби сахнада емес, білім беру саласында еңбек еткендіктен үш рет тауы шағылып, күдерін әбден үзген Рысбай Ғабдиев аяқастынан Халық әртісі атағын алғанда, өз құлағына өзі сенбей, маған келіп, анық-қанығын біліп, балаша қуанғаны әліге дейін көз алдымда.
       Бұл тұрғыдан келгенде, күй мен күйшілер дүниесінде маған таңсық, маған жұмбақ ештеңе жоқтай. Алайда сахнаға ұзатылатын қалыңдықтай қызылды-жасылға малынып, түн ортасында қызды ауылды қырындап жүрген сұғанақ бозбаладай ұрлана басып, сымп етіп Сержан Шәкіратов кіріп келгенде бүйрегім бүлк ете қалады. Дүйім жұрттың арасында келіншегі де отырып, бәрін көріп қоя ма деп қымсынғандай, залға сығырая бір қарап алып, әлгінде бұтарланған сексеуілдің серейген келтегіндей сексиіп тұрған оң қолын кенет жыланша ирелеңдетіп, тиген жерінің бәрін жалап-сұқтап, перне бойлатып, жылмаңдата, жорғалата жөнелгенде, қапелімде көзбояушыға тап болып арбалып қалғандай, қалай таңдайымды қағып, басымды шайқап, қасымдағы ызғындай халықты тарс ұмытып, өз-өзімнен елігіп бара жатқанымды сезбей қаламын.

    Әшейінде көзәйнегі жалтырап, ағаш атқа мінгендей қақшиып, қауқиып, қаңғалақтап жүретін Сержанның, қолына домбыра тисе болды, айдын бетін қанатымен сипай қашқан ақ шағаладай ойнақ салып қоя беретін ақ сүйрік саусақтарынан көзімді айыра алмаймын. Сөйтсем, оның домбырашылық өнеріне өліп-өшіп таңғалатын бір мен ғана емес екенмін. Парижге барған сапарларының бірінде Елбасымыз француз Президенті Жак Ширактың: “Маңғыстау деген жерден қазақ әртістері келді. Ішінде қолының қимылына көзің ілесе алмайтын бір керемет домбырашы бар екен. Өнеріне өлердей қайран қалдым”, – дегенін естіп, қуанып айтып келіп еді. Жарайды, Жак Ширак бұрын-соңды мұндайды көрмегендіктен әлгіндей деп таңданған болсын дейік. Мен оны көптен білетіндіктен іш тартып, таңдай қағып жүрген-ақ болайын. Ал кәдімгі әр қазақ білетін әйгілі Нұрғиса Тілендиев әлгі айтқанымыздың екеуі де емес қой. Ендеше, ол да Сержанды тыңдағанда тілін жұтып қоя жаздаған-ды. Ол былай болған-ды. Бірде Алматы консерваториясының концерт залында Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі атақты күйшілер өнер көрсетті. Жұрт арасында арсалаңдай күліп, сампылдай сөйлеп, мәз-мәйрам боп отырған Нұрғиса ағамыз Сержан күй тартқанда аузын ашып, қатты да қалды. Күйші орнынан тұрып, сахна сыртына қайта беттей бергенде, композитор орнынан ұшып тұра келіп: “Айналайын, тоқтай тұр! “Абылды” тартшы!” – деп айқай салды. Сержан орнына қайта отырды. Күй біткенде, Нұрғиса аға қасындағы мені түртіп қалып, дүрдиіңкі еріндерін әуелете әнтек шүйіріп: “Мынауың сұмдық қой”, – деп, басын шайқады. Артынан дастарқан басында ақкөңіл аға қатты риза болғанын Сержанның өзіне де ағыл-тегіл ақтарып айтып жатты.

     Соған қарағанда, Сержанға таңғалмау еш мүмкін емес сияқты. Ол үшін маңдай шекесін шытыр жеп атанақтаған атан түйе аямай жаншып кеткен түйме құлақ, томар бас, топас біреу болуың керек шығар.
        Ол қазіргі айтулы күйшілердің репертуарындағы шығармалардың бәрін де майын тамызып тартып бере алады. Және оларды әлгілердің ешқайсысына ұқсатпай, тек өзінше, Сержанша тартады. Оның үстіне, қазіргі күйшілердің көбі біле бермейтін талай таңсық туындыларды да біледі. Олардың арасында Маңғыстау күйшілерінің түрікмен дутаршыларымен күй жарыстары, Маңғыстау, Жайық, Ойыл, Арал орындаушыларының бір-бірімен жеке-жеке, топ-топ болып өнер сынасқан күй сайыстары, аңыз күйлер топтамалары бар… Сержан оларды бірінен соң бірін оқшантайдан оқ суырғандай қылып оп-оңай жадына түсіріп, құйқылжыта ойнай жөнелгенде, маған көзіміз көрген Мұрат, Шамығұл, Рысбай, Алым, Мырзағұлдарды былай қойғанда, біз көрмеген Абыл, Құлшар, Есір, Қошқар, Сәулебай, Есбай, Арал, Өскінбай, Қартбай, Қалдаяқтар тіріліп келіп, айыздары қанып, таңғала тыңдап отырғандай көрінеді. Өйткені, өз тұсында ешкімге дес бермей өткен Нұрғисадай дүлдүл домбырашының өзі дәл әлгіндей таусыла таңғалған саңлақ орындаушылық өнерге баяғы дүлдүлдер таңғалмайды ғой дейсіздер ме? Таңданғанда қандай! Өйткені, Сержанның тартып отырғаны – солардан қалған қай-қайдағыны еске түсіретін қайым күйлер еді, көрсетіп отырғаны – солардан қалған қаралай көзіңді арбап алатын ғажайып ойын техникасы еді.
               

    Ал аталмыш орындаушылық мектептің өнерін тыңдағанда көңіліңді, көргенде көзіңді еріксіз барлап алатын ерекше тартымдылығына атақты кинорежиссер Григорий Чухрай да тұсында мейлінше тәнті болған еді… Әлем білетін әйгілі “Қырық бірінші” фильмін түсіруге Красноводск қаласының маңына барып, қосын тігеді. Бір той-думанда домбыра тартып отырған мосқал соқыр қазақты көреді. Әдейілеп қонаққа шақырып, күйлерін таспаға жазып алады. Артынан қайта өзіне тыңдатқанда, ол өз тартысын өзі танымай, тағы бір күйші келіп күй тартып отыр екен ғой деп қалып: “Бізге бұлай тарту қайда?! Бұл шамасы, мендей емес, мықты күйші болса керек. Мұндай керемет тұрғанда мені әурелемей-ақ қойыңдар!” – деп рұқсат сұрайды. Әлгі кәріп күйшінің тамаша талантымен қоса мейлінше инабаттылығына қатты разы болған Чухрай өле-өлгенінше аузынан тастамай айтып жүретін. “Қазақ күйшілері қандай философ!” – деп, тамсанып отыратын.

    Фильмді көрген зерделі көрермен байырғы Маңғыстау саздары екендігін, олардың әлгі күйлердің өткелегі көп қиын заманның батпандай ауыр салмағын қалтқысыз жеткізіп тұрғанын бірден аңғарар еді. Иә, түсіне білген кісіге қазақ күйлері кең дүниенің өзіндей тылсым, шалқар мұхиттай тұңғиық қой. Ол діліңіз түйсіккенмен, тіліңіз түсіндіріп бере алмайтынды да айқындап ашып бере алады. Ақылыңыз жеткенмен, батылыңыз жетпейтінді де абыржымай айтып бере алады. Қазақ күйлері әлдеқашан қапысыз ұғындырғандарды қазақ сөздері әліге дейін жеріне жеткізіп түсіндіріп үлгерген жоқ. Тек сол бір қоңыр әуездің ар жағындағы асыл мән, ақық мағынаны айнытпай дәл жеткізіп бере алатын асқан орындаушылық шеберлік табылса болғаны. Ол – ілуде бір жолығатын сирек бақыт. Сержан сол санаттан. Ол – тартып отырған аспабының да, орындап отырған шығармасының да қырын, сырын, барлық бүге-шігесін бес саусағындай біліп, енесінің емшегінде, үрпінде, желінінде, бүкіл алпыс екі тамырында ештеңе тастамай, еріні іскенше епсеп, таңдайы талғанша талмап, желімдей жабысып жебеп, қадалып еметін қысырдың тайындай қомағай, бәрін түгел қамтып, түгел тауысып, қапы қалмайтындай қып қақтап, сығып-сарқып тартатын қазымыр орындаушы. Сондықтан да ол ұстаған домбыра сайрап, ол тартқан күй жайнап шыға келеді. Құлшардың, Өскінбайдың, Есбайдың айтыс күйлерін тыңдағанда бағзы тұрмыстан бір-бір спектакль көріп отырғандай сезінесің. Аңыз күйлер аңырап қоя бергенде атамзаманғы бабалар тіріліп кеп, тізіліп кеп, жарыса зар төге жөнелгендей болады. “Нар идіргенді” тартқанда қайың домбыра қайыма інгендей өз-өзінен қайқаңдап өн бойыңды балбыратып қоя бермей ме?! Шап-шағын ғана “Бөгелекті” алыңызшы! Домбыраның сазымен қоса домбырашының қолы қалайша ойнақтап, бет-әлпеті қалайша құйқылжиды?! Сержан орындаған қай шығарма да тамсантпай, тебірентпей, теңселтпей қоймайды. Мейлінше, тылсым интерпретаторлық тереңдік. Ғажайып орындаушылық шеберлік. Асқан артистизм. Батысша айтқанда, виртуоз! Шығысша айтқанда, біртуар! Қазақ даласында ешқашан қатары азайып, қарқыны кеміп, толас тауып көрмеген күй бәйгесінде тамсантқан үстіне тамсанта түсетін дүлдүлдің де дүлдүлі. Шашасына шаң жуытпас саңлақтың да саңлағы.
         Ол ол ма?! Бір өзі – бір мектеп Абыл, Құлшар, Есір, Арал, Өскінбай, Қартбай, Мұрат, Шамығұлдар қалыптастырған Маңғыстау күйшілік дәстүрін шартарап қазақ даласындағы барлық орындаушылык үрдістердің ең бір сүт бетіндегі қаймақтай сүлей үлгілерімен үйлесімді жарастырған жаңа бір орындаушылық мектеп дүниеге келді. Күйде ойдағы тереңдік пен сезімдегі сергектікті терең қабыстырған серілік мектебі – Сержан мектебі бой көтерді. Күй серісі Сержан – саз сахнасындағы жаңа құбылыс. Сөйтіп, Сержан Шәкіратовтың өз басы да өзі тартатын күйлер секілді рухани игіліктеріміздің ең бір сирек кездесетін ерекше зәрулігіне айналды. Сондықтан оның бойындағы орындаушылық дарыны да Берелден табылған алтын тұрманды аттай, Есіктен табылған алтын киімді адамдай, Сарайшықтан табылған көне заманның көмбе құмырасындай іздесең таптырмайтын тарихи таңсық, баға жетпес құндылық, енді қайталануы неғайбіл шығармашылық уникум деп танығанымыз жөн. Мұндай сирек талантқа ие тұлғаны да әлгі таңсық жәдігерліктей байыппен бағалап, барынша баптай, сақтай білуіміз шарт. Олай болуына, ең алдымен, Сержанның өзі мұрындық болғаны дұрыс. Өзі білетін асыл мұралар мен кемел орындаушылық үрдістерді кейінгілерге уақытылы үйретіп үлгергені лазым. Сонда олар келесі ұрпақтар тұсында да өркен жайып, кеңінен өрістей алмақшы.
        Екіншіден, ереннің бабын елі таппақ. Өйткені, өнердің емі – шабыт. Шабыттың емі – елінің көңіл-күйі. Уақытылы берілген әділ бағасы мен уақытылы көрсетілген шынайы ықыласы. Әлемет күйшінің Ақтауда өтпек шығармашылық кеші – соның бір үлгісі. Сержан дүлдүлдің өзіне ұзақ, өнеріне мәңгілік ғұмыр тілейміз. Ол бас болып отырған күйшілік мектептің өркені өсіп, көсегесі көгере бергей!


    Әбіш КЕКІЛБАЕВ

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    «Астанада жоқсың», «Алматыда жоқсың» деп айтылатын әнді шығарған кім екенін білгіңіз келсе…

    Ютубтан 35 миллион көрілім жинаған Ерке Есмаханның орындауындағы «Қайда?» әні жастар арасында хит. Алайда, көпшілігіміз ...