• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Өнер » «Әннің де естісі бар, есері бар…»

    «Әннің де естісі бар, есері бар…»

    «Әннің де естісі бар, есері бар,

    Тыңдаушының құлағын кесері бар.

    Ақылдының сөзіндей ойлы күйді

    Тыңдағанда көңілдің өсері бар…» деп Абай жырлағандай, қай халық, қай ұлт болмасын, әлдебір ән шырқалып жатқанын естісе, ентелей алға басып келе жатқан жүрісін баяулатып, тіпті тоқтай қалып құлақ тоспайтын, «апырым-ау, бұл қандай ән, төгілдіре шырқап тұрған бұл кім екен?» деп таңырқай тамсанбайтын, емірене елжіреп жан рахатына шым батып ләззат алмайтын пендені кездестірген емеспін. Әсіресе, біздің қазақтың әнге деген құштарлығы, әнге етене жақындығы тіпті ала-бөтен ғой. Солай  болатын жөні де бар. Өйткені қазақ әнмен егіз жаратылған. Дүние есігін іңгәлаған әнмен ашып, асарын асап, жасарын жасап болған шақта құлаққа келген әлдебір сырлы әуенді елти тыңдап, маужырай талықсып жатып өмірден өкінбей, өксімей өтетін болған. Осы ақжол ақиқатты, осынау бұлтаруға келмейтін шамырқанған шындықты зерделей, санаға салып безбендей келіп, кейде «осы біздің қазақ ән болмаса, ән салып, ән тыңдамаса не күй кешер еді, қалай күн көріп, қалай өмір сүрер еді?» деген ойға қаласың. Бертіндегі белгілісін айтып жатпай-ақ әріден алсақ, сонау алыс күндердегі ата-бабаларымыз о шеті мен бұ шетіне көз түгілі көкдөнендей жүйрік көңілі жетпейтін мынау кең далада ән болмаса таңын қалай атырып, күнін қалай батырар еді?

    Ата-бабаларымыз атар таңын соның нұрына малынып жарқырай қарсы алып, күнін кейістік көрмес көзбен батырып, оның көкжиектен қайта көтеріліп, қайтадан шуақ төге жарқырап тұратынына кәміл сенген сергек көңіл, селкеусіз ниетпен ұзатып салып отырған, таңның қайыра атуын кең даласының бозторғайы болып сайрай үн қосып қарсы алған. Атар таңға, атқан таңға ақ тілектерін қоса білдіріп асқақ ән шырқайтын болған. Ұясына қонып, батуға бет алған алтын арай сұлу күнге тағы да ақ алғыстарын арнап,  оның қайта оралар сәтін ынтыға күтуден еш жалықпапты. Сондықтан атар таң мен батар күннің арасынан айырмашылық іздемей, ақ таңым, тылсым кешім, ыңғайлы ымыртым, жайлы түнім, сәтті күнім деп сапар шегіп, қонақ күтіп, той тойлап, тұтас тәулік бойы тіршіліктің тәтті әуенімен ардақталып, асқақ ғұмыр кешеді екен. Сонда уақыт айырмасын – күн мен түннің, ымырт пен кештің айырмасын аңғартпай жіберетін бір тосын күш, тылсым тыныс болады екен. Оның атын қазақ атамыз ән деп атайтын болған. Адам жанына әсер етпейтін, адам жанын толқыта тебірентпейтін ештеңе жоқ. Жақсылығың да,  жаманшылығың да, суығың да, ыстығың да, тас­тай қаттың да, жып-жылы жұмсағың да адам жанына әсер етпей, дүр сілкінте шамырқандырмай өте бермейді. Бірақ соның бәрі әнге жете алмайды, адам жанына ән секілді әсер ете қоймайды. Денеге түскен жара емін таба білсе, жазылады. Адам жанын күйдіре жаздап қыздырған ыстық сәл шыдасаң суынып басылады. Суығың да солай, сәл көнтерлілік көрсетсең, тоңғаның басылып, бойың қайта жылынады. Бәрі ұмытылады. «Көңілге түрлі ой салар» (Абай), адам жанына тылсым күшімен әсер етіп баурап алар әсем ән ғана жадыңда жатталып, өмір бойы өшпейді.

    Ойлап отырсаң – ән құдірет. Жақсы ән тыңдасаң, сыздаған  жүрек басылады, ауырған жерің жазылғандай болады. Ән ауыр қайғыны бір сәтке ұмыттырады. Тұтанғалы тұрған жүрек отын алаулата жандырады. Арманыңды ұштап, ұшар құстай қанат бітіреді. Ән қанатына мінген адамның  ойы алысқа жетеді, биікке көтеріліп, сонау құзар шыңның найза ұшынан көріне қол бұлғайды.

    Қысқасы, ән бар жерде – сән бар, ән бар жерде – мән бар. Бірақ біз осы сәнімізді де келтіріп, мәнімізді де айшықтандыра ашып келе жатқан әнімізді бағалай біліп, бағасына лайық дәрежеде келістіре айта алып жүрміз бе? Бұл сұрақтың жауа­бын дәл басып айту кімнің де болса құзыры жете қоятын мәселе емес. Бірақ ән – бар қазақтың еншісі, асыл қазынасы болғандықтан көңілде жүрген кейбір ойларымызды білдіре кету артық болмас деп ойлаймын. Ең алдымен, ән – бар қазақтың еншісі екен деп оны кім-көрінгеннің жұрт алдына шығып қалай болса, солай айта салуына болмайтынын әркім білуі керек. Осы күні не көп, теледидар экранынан көрініп ән айтушылар көп. Бұрын біз, жасы қазір алпыстан асқан немесе сексенге жуықтаған жасамыс адамдар, көп көзіне түсіп, яки көп назарына ілігіп ән айтуды танымал әншілердің, тіпті ресми атағы бар артистердің ісі деп білетінбіз. Теледидар тұрмысымызға сіңісе  қоймаған сонау ертерек кезде радиодан Күләш Байсейітова, Шабал Бейсекова, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Байғали Досымжанов, Ермек Серкебаев, Ләззат Сүйіндікова, Бекен Жылысбаев сияқты ән дүлдүлдері – атақты артистердің ән айтуы бәріміз үшін де есте қаларлықтай оқиға болып есептелетін. Осы аты аталған әншілердің қай-қайсысы болмасын эфирден ән шырқаса, соны жаттап немесе көкейіне қондырып алған сауықшыл жастар кешкісін немесе келесі күндерде бір-бір Күләш немесе бір-бір Жүсіпбек, яки Ғарифолла болып шыға келетін, солар болып ән асқақтатып, солардың асыл бейнелерін көздеріне елестеткендей әсерге бөленетін. Бір кереметі – өздері сүйсіне тәнті болған өнер иелерінің қайсысының болмасын есімдерін құрметтей атап, оларға шаң жуытпай сөйлейтін. Мынау Күләш асқақтатқан ән, мынау Жүсіпбек салған немесе Ермек айтқан ән деп ен тағып, жіліктеп беретін. Жақсының аты қай жерде де жат болмай жақтастарын, еліктеуші ізбасарларын тауып, әр ауылдың немесе әр ауданның өз Күләші, өз Жүсіпбек, Ғарифолласы пайда болып, самғай сабақтасып кететін. Кейіннен осы өнер дүлдүлдеріне еліктеп, солардың атын сырттай иемдене солар болып ән салғандардың далада қалмағанын да, бұл күндерде дардай атқа ие болып арамызда жүргендерін де кім теріс дей алар. Шын өнер, халықтық өнер аспаннан салбырап түспейді, сабақтаса дамып, уақыт ауқымына ілесе жаңарып жасара бермек. Әр кездің, әр заманның өзіне лайық өз өнері, өз өнерпаздары болады. Қазіргі күндердің өнері мен өнерпаздары да ешкімнен кем емес. Кешегі күндеріміздің Әміре Қашаубаев сияқты қазақ әншісі Парижде өнер көрсетіп, бүкіл Францияны аузына қаратса, бүгінгі саңлақ өнерпаздарымыз бүкіл әлемге мәшһүр болды десек, асырып айтқандық емес шығар.

    Иә, қазір қазақ аты бүкіл дүние жүзі халықтарының аузында. Қазақ десе, Қазақстаннан келген өнерпаз десе, бойы балқып, жүрегі жыли жөнелмейтін тірі пенде сирек кездесетін болар. Бұған тәуба қылып, шүкіршілік етуіміз керек. Бірақ «семіздікті қой ғана көтереді» деген бар емес пе. Аты шыққан сайын асқақтап кететіндер, мақтап, қолпаштаған сайын болдым, толдым деп ойлайтындар көріне бастады. Осыдан бірнеше жыл бұрын белгілі тұлға, өнерпаздар ағасы атанып жүрген Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілов баспасөз бетінде «қазір топ дейтіндер, үшеудің тобы, төртеудің тобы немесе жігіттер тобы деп бөлініп алып, өнер қуып жүргендер шықты» деген тұрғыда кейістік білдіре сөйлегені есімізде. Қазір мұндай топтар тіпті көбейіп барады, сахнаға әр қилы саны, әртүрлі атауы бар әр алуан топтар шығып алып, бір әннің үш-төрт шумағын қайырмасымен қоса бөліп алып, жігіттердің біреуі мына шеттен, екіншісі ана шеттен дегендей барылдап қосыла жөнелетіні бар. Сонда айтатындары айналдырған бір ән, ентіге шырқап, бөліп-бөліп алып, әрең  айтып шығатындары бір ғана ән. Қазақ «Ала қойды бөлек қырыққан жүнге жарымайды» деуші еді ғой. Осылай айтылған әнді тыңдап рахаттанбақ болған көрермен халық, мына біздің де жарылқанып жүргеніміз шамалы екенін несіне жасырайық.

    Біздің қазақ бір әнді бөліп-жармай бір өзі ғана айтқан. Ешкім қосылмай жеке өзі айтқан соң әннің де құдіреті ашылып, әншінің де үздік қасиет-қадірі көрініп, жете танылатын болған. Шынында да солай ғой. Мәселен, бір әнді бірігіп айтқан үш-төрт әншінің қайсысын шын әнші, нағыз әнші екен деп ен тағарсың, қалайша баға бермексің.

    Бұл – мәселенің бір жағы. Ал мәселенің екінші жағы, яғни білдірер ойдың ең негізгісі ән айтылатын, өнер иесінің өнері көрінетін сахнаның иесі мен киесі туралы болмақ. Өнерді қадір тұтқан, оның шын қасиетін ұғып жоғары бағалаған адам сахнаға имене көтеріліп, әдеп сақтай шығатынын сонау Күләш Байсейітова, Байғали Досымжанов, Жүсіпбек Елебеков, кешегі Роза Бағланова заманынан бері көріп келеміз. Бүгінгі Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев сияқты атақты ән дүлдүлдері де сол үрдістен айнымай келеді. Мұның өзі ерекше атап өтерлік өте ұнамды қасиет. Мұндай  үлгі, мұндай мысалдар қазір де жоқ емес. Мәселен, соңғы жылдары өздерін «Қоңыр» тобы деп атаған бір қыз бен екі жігіттің өнерін жиі тамашалайтын болдық. «Қоңыр» деген атының өзі көзге ұрып, құлақты тосырқатпайтын өте қарапайым атау. Сонысына қарай әлгі үш әншіміз де сахнаға киіп-жарып кеуде қақпай иба сақтап, өздеріне жарас­ты сәнімен иіле сәлем беріп қарапайым қалыпта шығады. Сонымен де көрермен  көңілін бірден баурап алады. Олар әнді бар мәнімен, бар сәнімен шырқап  бергенде сүйсінесің, сүйсіне  қол соға отырып нағыз өнер иелері осындай болуға тиіс қой деп ойлайсың. Абай дана айтқандай, «Ұйықтап қалған жүректі ән оятар, Оның тәтті оралған мәні оятар» деген осы-ау, шіркін деп бір тұшынасың. Ал қазіргі әншілердің кейбіреулері сахнаға жұлқынып шыға келгенде осынау қасиетті төрге әлдебір кездейсоқ адамдар, тіпті бұзық ойлы мас адамдар шыға келген екен деп сескеніп қаласың. Өйткені ондай әншілер сахнаға өз әкесінің төріне шыққандай екі иінін жұлып жеп, именбестен құтырына шығады. Залдан немесе экраннан өздеріне мыңдаған көз жанарын тіктеп қарап отыр-ау деп тіпті де ойламайтын сияқты. Сахнаға сымдай тартылған тар балақ шалбармен шыға келіп, ән айта жүріп билемек болып олай-былай қисалаңдағанын көргенде көзің именіп, сырт айналасың. Өнерпазбын деп жүрген осы күнгі кейбір жастар ән мен бидің ара жігін ажыратып жатпайтын болса керек. Ән айта жүріп билеп кетеді. Сонда олардың сахнадағы қимыл-қозғалысы цирк артистерінің сиқыр көрсеткеніндей болып шыға келеді. Сондай сәтте «осы мен қайда отырмын, циркте отырған жоқпын ба?» деп те ойлап қалады екенсің. Цирк те – өнер, әрине.  Бірақ цирктің жөні өз алдына да, әннің жолы бір басқа. Концертке қалың көпшілік әнге сусындаймын, ән тыңдап рахатқа батамын, рухани ләззат алып бір марқайып қайтамын деп барады. Ұмытпасам, осы жылдың бас кезі ғой деп шамалаймын. Күндегі дағдыммен серуендеп қайтайыншы деп далаға шығып, біраз уақыт жүріп келіп үйге кірсем, жасы жетпістен асқан бәйбішем өз-өзінен мәз болып күліп отыр. «Не болды?» десем: «Теледидардан әлгінде ғана бір қызық әңгіме естідім, соған күліп отырмын. Мен сияқты бір кейуана телеарна тілшісіне сұхбат берді. Әңгімесі ән туралы екен» деді.

    – Иә, не деді сонда?

    – Осы жуырда,  – деп бастады сөзін әлгі кісі. «Үрпиген үш қыз шығып теледидардан бір ән айтты. Қай ән екенін айтпай-ақ қояйын, халық әні, обал болар. Әлгі үрпиген үш қыз әлгі тамаша халық әнін үш жаққа тартып, жұлған тауықтай қылды».

    Осыны айтып бәйбішем ішегі қата тағы күлді. Мен, бірақ күлгенім жоқ. Күле алмадым. Өйткені бұл күлетін жағдай емес еді. Құдай несібемізге жазып, талай-талай тамаша әндерге ие еткеніне, сондай рухани байлығымыздың арқасында мың жасап келе жатқанымызға мың мәрте мерейленіп қуанудың орнына сол асыл қазынамызды жұлған тауықтай қылғанымызды қалай түсінбекпіз, оны не деп  түсіндірмекпіз.

    Ән деп аталатын асыл мұрамыздың кадіріне жете алмай жүргеніміздің салқыны болар, осы күні әнді, әсіресе, халық әндерін  мектептердегі бастауыш сынып оқушылары да билей жүріп айтатын болыпты. Балғын балаларға, әрине, бәрі де жарасады. Бірақ сол сәбилеріміз ертең есейіп ер жеткенде ән айтқанның жөні осы екен деп жұлқына секіріп билеп кетсе, не демекпіз.

    Ән, әсіресе, халық әндері – халық мұрасы. Осынау баға да, байлық та жетпес асыл мұрамызды сонау ата-бабаларымыз секіріп, жұлқына билеп жүріп туғызбаған, кейінгі ұрпағымыз ойына келгенін істесін деп бізге мирас етпеген болар. Халық мұрасын сол халықтың өзі жасаған қалпынан айнымаған күйінде сақтап, жалғастыра бергенге не жетсін. Осы ақиқатты өзіміз ғана біліп қоймай, өсіп келе жатқан жас ұрпағымыз да біліп құрметтейтін болса, ешқандай асыл мұрамыздан айырылған жоқпыз, айырылмаймыз да!  –  деп сеніммен айта алар едік.


     

    Есмұхамбет АЙТМАҒАМБЕТОВ,

    ардагер журналист, 

     «Ана тілі» газеті

     

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    ШӘМШІ ТУРАЛЫ СЫР

    15 тамыз қазақтың сүйікті Шәмшісінің туған күні. Шәмші Қалдаяқұлын Қазақстанда білмейтін жан жоқ. Оның «Менің ...