Қазақ елінің рухани-мәдени өмірін­де ерекше уақиға – ұлтымыздың ұлы әншісі, әйгілі өнерпаз Әміре Қашаубаевтың туғанына 130 жыл толуына орай түсірілген көркем фильм көрерменге жол тартты. Елорда мен Алматы кино­театрларында қазақтың біртуар әншісі туралы «Әміре» фильмінің тұсауы кесіліп, жалпыұлттық прокатқа шықты. ХХ ғасыр басында қазақ әншісінің дауысы Еуропа төрінде шарықтаса, бір ғасырға жуық уақыт өткенде Әміре бейнесі кино тілімен көрерменді жауламақ, Әміре салған әндердің әсерімен халық қайта қауышпақ.

Музыкалық тілде жоғары тенор деп аталатын Әміре дауысы – табиғаттың қазақ халқына тарту еткен сирек сыйы. Бұл дауыс сезімінде сәулесі, көкірегінде көзі бар адамды бейтарап қалдыра алмайды. Әміре даусының мінсіз сұлулығы ғасырларда ғана қайталанар ерекше құбылыс. Қай әнді орындаса да сазы мен сырын жүрекпен жеткізетін Әміре Қашаубаев біртуар дарын иесі, сегіз қырлы бір сырлы өнерпаз болған. Асқан әншілігімен қоса виртуоз домбырашы әрі шебер актер ретінде танылған ол ғажайып адами тұлғасымен де халық құрметіне бөленді.
1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесінде «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қос ­балапан» және басқа әндерді орындап, 2-ші бәйгемен қоса күміс медаль жеңіп алған әнші өз талантымен әлемдік өнер жұлдыздарын тамсандырды. Сол кезде «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикаль» журналы оның ­сирек кездесетін талант екенін жазса, Сорбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында бірнеше ән жазып алған. Әміре Қашаубаев 1927 жылы сәуір айында арнайы шақыртумен Мәскеу консерваториясының залында қазақ әндерін тамылжыта шырқады. Сол жылы Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен Халықаралық музыкалық көрмеде концертке қатысып, қазақтың халық әндерін әлемге паш етті. Оның орындауындағы әндер дүниежүзі мәдениетінің ірі өкілдері Ромен Роллан, Анри Барбюс тарапынан жоғары баға алған. «Әміренің әні «темпераменттің» шеңберіне сыймай, біз құтылуға асығатын өктемдіктен үстем барып, өзінің биік деңгейіне жайғасады. Төрт тондық жүйеге негізделетін ноталық жазуымыз бұл құбылысты әділ, риясыз бейнелей алмайды» деп таңғала жазды «Париж апталығында» атақты француз композиторы Поль Ле Флем. Осылайша әлем жұртшылығы Әміренің өнері арқылы қазақ халқын таныды.
Қазақтың ұлы әншісі Ә.Қашаубаев туралы «Әміре» фильмін Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Ә.Өтемұратовтың «Dar Play» компаниясымен бірлесіп түсірген.

Фильм Еуропа жұртшылығына қазақтың қара домбырасы мен дәстүрлі ән орындау өнерін таныстырған біртуар әншінің қысқа да жарқын ғұмырын баяндайды. Кинотуындыда Әміренің 1925 жылы Парижде өткен ­«ЭКСПО» көрмесіндегі қайталанбас өнері, Мұстафа Шоқаймен кездесуі және танымал америкалық композитор Жорж Гершвинмен достығы көрініс тапқан.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы фильмнің тұсаукесерінде тарихи тұлға жайында түсірілген «Әміре» секілді фильм­дер шетелдік көрер­мен­­нің елімізге деген қызығу­шы­лығын арттыратынын атап көрсетті. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарла­ма­лық мақаласында рухани жаңғырудың басты шарты – мәдениетіміз бен ұлттық кодымызды сақтап қалу. Онсыз рухани жаңғыру құр жаңғырық болып қалады» деп баса айтты. Еліміз жүргізіп отырған саясатта мәдениетке көп көңіл бөлінеді. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу, ұлттық мәдени мұраны насихаттау мақсатында киноөндіріске идеологиялық мән берілген. Осы орайда еліміздің дара әншісі Әміре Қашаубаев туралы түсірілген көркем фильм көрермен назарына ұсынылып отыр. Еуропада бірінші болып қазақ әнін әуелеткен Әміренің тұлғасы қазақ өнері мен жалпы қазақ үшін аса маңызды» деді министр баспасөз мәслихатында.
Фильмнің қоюшы режиссері ­Джеффри Веспаның айтуынша, Қазақстанда фильм түсіру туралы ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген. «Ең алғаш осы картинаны түсіру туралы ұсыныс түскенде маған қандай жауапкершілік артылып отырғанын түсіндім. Бұл мен үшін зор құрмет болды. Түсірілімге кіріс­пей тұрып, Қазақстанға ұшып келдім. Жұмыс тобымен танысып, Әміренің бейітіне барып Құран оқыттық. Әнші туралы бірнеше кітап жазған Жарқын Шәкәрімнің еңбектерінің арқасында Әміренің өмір тарихымен таныстық» деді режиссер. Фильмді тамашалау барысында шетелдік режиссердің қиын міндет үдесінен шыққанына куә болдық.
Фильмді түсіруде белгілі өнер­танушы, күйші, руханияты­мыздың жоқшысы Жарқын Шәкәрімнің еңбегі зор. 40 жылдан бері Әміренің өмірі мен шығармашылығын зерттеп, алты кітап жазған, Әміренің фонографқа жазылған даусын тапқан ол әнші туралы фильм­ге бас кеңесші ретінде қатысты. «Ел болса ер туғызбай тұра алмайды» деген, Әміренің бір өзі бүкіл елді әлемге танытты. ЭКСПО-ға дүниенің әр түкпірінен келген әлем халықтарының өкілдері қазақ әншісінің дауысына таңғалды. Сондықтан Әміре туралы айту, бүгінгі ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз» деді Ж.Шәкәрім фильмнің тұсаукесерінде.
Картинаның бас продюсері, инвес­тор Әлидар Өтемұратов екі жылдан астам уақыт бойы жүргізілген жобаның күрделі болғанын айта келе: «Еуропа қошемет көрсетіп, қол шапалақтаған тұңғыш қазақ әншісі туралы көпшілік білуі керек. Біз замандастарымызға Әміре Қашаубаевтың қиын өмір жолын және дауысын естуге мүмкіндік бергіміз келді. Әмірені жақын танып, ұлттық дәстүрлі өнермен етене танысқан отандастарымыздың бойында мақтаныш сезімі оянады деп сенемін. Біздің музыка мәдениетімізді қалыптастырған осындай есімдер тарихта қалуға тиісті» деді.
Фильмде Әміренің рөлін белгілі актер Санжар Мәдиев сомдады. Ол төрткүл дүниені қазақ өнерімен таныстырған ұлы тұлғаның рөлін ойнау оңайға соқпағанын айтты: «Әміре» фильмі менің бүгінге дейінгі жобаларымның ішіндегі ең ­ауыры болды деп айта аламын. Жарқын Шәкәрім, Сатыбалды Нарымбетовтің арқасында біз Әміренің образын ­барынша шынайы көрсетуге тырыстық. Тарихи дереккөздерге сүйенсек, Әміре өте ұяң, сезімтал кісі болған. Барлығын жүрегіне тым жақын қабылдаған. Фильмде мен осындай адамды көрсетуге тырыстым» деді С.Мәдиев. Түсірілім алдында Әміренің рөлін сомдау үшін Санжар Мәдиев 3-4 ай дайындалыпты. Жас актер ән айтумен қатар домбыра тартуды үйренген. Бүгінгі күні Санжар Голливуд деңгейіндегі киноларға түсіп жүрген талантты актеріміз.
«Әміре» – қазақ кинематография­сындағы аса ауқымды туындының бірі. Картинаны түсіру кезінде 400-ден аса шетелдік мамандар жұмыс іс­теген. Картина Латвия, Лос-Анджелес қалаларында түсіріліп, соңғы кадрлары Алматы облысы Үшқоңыр ауылының маңында жүргізілген.
Кинотуындыда Әміренің Парижде Мұстафа Шоқаймен та­ныстығы, содан кейінгі әншінің тартқан азабы да суреттелген. Белгілі саяси қайраткердің рөлін Еркебұлан Дайыров сомдады. Туындыда Ә.Қашаубаевтың репертуарындағы «Балқадиша», «Үш дос», «Дударай», «Бес қарагер» әндерін Сержан Мұсайын, күйлер мен импровизацияларды Нұржан Тәжікенов орындаған. Сонымен қатар фильмде Эбби Корниш, Бен Олдридж секілді шетел артистері де ойнады.
«Әміре» фильмінің кинотуынды ретінде сапасы жоғары екенін айта кеткіміз келеді. Ұлттық бояуы қанық, заманауи талаптарға сай түсірілген фильмнің құрылымы мен оқиға желісі америкалық режиссер мен сценаристің кәсіби шеберліктерінің арқасында сәтті шешімін тапқан. Еуропаның талғампаз жұртшылығын қазақ әнінің құдіретіне ұйытқан Әміре жайлы фильм­де ұлтымыздың мәдениеті, музыкасы, мінезі жақсы көрінген.
Бүгінгі қазақтың дәстүрлі ән орын­даушылық өнері Әміре Қашаубаев­тан бастау алады. Классикаға айналған інжу-маржан әндеріміз Әміре айтқан үлгі өнегемен орнығып, кейінгі әншілердің репертуарларында нық бекіді.Ұлы әншінің соңынан Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов шықса, олардан Мәдениет Ешекеев, Қайрат Байбосынов және Жәнібек Кәрменов секілді жезтаңдай әншілер дәріс алып, шәкірттер легі жалғасын тапты. Бір ғасырға жуық уақыттан соң Париж төрінде ән шырқап, әлем жұртын тамсандырған жас әншіміз Димаш Құдайберген феномені де қазақ елінде Әміре өнерін жалғастыратын лайықты ізбасарлардың бар екенінің, бола беретінінің айғағы.
Ән-Әміре сапары ешқашан үзіл­мейді.


Дина Иманбаева

ана тілі қазгазета

ПІКІР ҚАЛДЫРУ