• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Өнер » Көне домбыра ойға жетелейді

    Көне домбыра ойға жетелейді

    Л.Н.Гумилев ат­ын­дағы Еуразия Ұлттық университетінің оқы­тушысы, түркітанушы ғалым Қаржаубай Сарт­қожа мырзаны Астанаға әдейі іздеп барып, жұ­мыс орнында кездестіре алмадым. Іссапарда Алматыда екен. Кейін, телефон арқылы хабарласудың да сәті түспей жүр еді. Жақында онымен “Егемен Қазақстан” газетінде жарық көрген “Жәдігер” ма­қаласындағы мәдени мұралық, тарихи маңызы зор деректі мәлімет арқылы елінен, мәдениет, ақпарат саласындағы зиялы­лардан сұраған сүйіншісіне рахметімді айтып, көптен бергі түйткілденіп жүрген ойларыммен бөлістім.

    Қарағай ағаштан V-VІ ғасырда жасал­ған, бір кездердегі Көк түріктердің (қып­шақтардың) атамекені, Алтай тауының солтүстігінде, тау жолбарысының мекені атанған Кербез тауының қойнауындағы бір үңгірден 2007 жылы шілде айында Моң­ғолияның Манхан өлкесіндегі тарих пәнінің мұғалімі Чимиддоржы Энкітөр кәдімгі домбыраға ұқсас аспапты тауып алады. Ц.Торбат бастаған археологтар Ч.Энкітөрді ертіп, сол үңгірге қайта барып, адам сүйе­гін, киімін, садақ пен оқтарын жинап әкетеді.

    Қаржаубай бұл аспапты өзінің Моңғо­лияға барған кезекті іссапарында бұрын 15 жылдай сол археология ұжымында бірге қызметтес адамдарымен сырласып отыр­ғанда көреді. Мұның домбыра екеніне сенім­ді ғалым оны қолына алып, әр-бері сұқтана, таңдана қарағанда, моңғол археологтары бұл жәдігерді тезірек көзден таса қылуға тырысып, суретке де түсіртпей, алып кетуге тырысады. Дей тұра, елге келісімен Қаржекең ішіне симаған жаңалығын “Егемен Қазақстан” газеті арқылы халқына жария етіп, сүйінші сұрағанына да екі айдан асты. Бірақ оған бұл саланың мамандары да, “Мәдени мұраның” маңайындағылар да неге екені белгісіз, әлі үнсіз.

    Қаржаубайдың суреттері бойынша дом­быра пернелері қайыңның, тобылғының, ұшқаттың қабықтарынан жабыстырылған деген анықтамасына, сондай (әсіресе, тобылғы, қайың) ағаштардан жасалған пернелер – домбыра сабағына ойылып (гита­ра, мандолина, балалайка, т.б. сияқты аспаптардағыдай) кіргізілген деген уәж айтқым келеді. Себебі, домбыраға перне болып жабысқан қабық сол қолдың домбыра шегін үнемі басып, сырғып оты­руынан қажалып, көпке шыдамайды. Бұл ме­нің пікірім. Мүмкін Қаржаубай домбыраның пернелерін жеткілікті дәрежеде зерттемеген де болар. Егер, менің осы тұжырымдамам дәлелденсе, онда қазағымның қара домбы­расы көптеген халықтардың дәл осындай шекті аспап­тарының атасы деп айтуға лайық. Өйткені, кәдімгі гитара аспабын арабтар Испанияға ХІІІ ғасырда әкелген екен. Оның ең жетілген қазіргі нұсқасы ХІХ ғасырда аяқталыпты. Яғни, гитара пернелерінің, оның шегіне лайық – мыстан, қатты метал­дан гитара сабағына ойылып орнатылуына – оның алдында он ғасырдан да артық уақыт бұрын пайда болған домбыраның үлгісі алынған дегенді әлемге мойындату – әрине қиынның қиыны. Біздің қара қобызымыз да скрипканың бір кездегі атасы болғаны туралы деректі әлемге дәлелді түрде мой­ындату оңай болмай келеді.

    Қобыз, домбыра, т.б. музыкалық аспап­тар туралы деректердің Әл-Фараби бабамыз­дың еңбектерінде кездесуінің өзі нақты дәлел емес пе!

    Домбыра бетінің ойығы Жошы ханнан былай қарай ХІІІ ғасырда пайда болғаны аңыз да болса шындық. Ал Қаржаубайдың тауып отырған домбыра аспабының нұсқасында домбыра бетінде ойық жоқ, тесігі шанағының артында, қосу белгісімен өрнектелген. Бұл дерек ғалымның сүйінші сұрарлықтай ірі жаңалығы екені даусыз.

    Беріде өмір сүрген Құрманғазы бабамыз­дың домбырасы бүктемелі болыпты. Ат сауырлығындағы су, дымқыл, суық, ыстық­тан қорғар (кигіз, тері) дорбаға бүктеліп салынған домбыра барған жерлерінде сайрай жөнелетіндей, ыңғайлы аспап болған екен.

    Домбыраны ағаштан ойып, қашап жасау, ағашын кептіріп, құлақ, тиек беттеріне лайықты ағаштарды іздестіру жұмыстары ғылыми деңгейде жеткілікті және өз дәрежесінде еленбей келе жатқандықта­рынан да домбыраның табиғи үні алыстап, сапасы төмендеп бара жатқандай. Бұл уәж қобызға да тән, қобыздың өз табиғи үні жоқтың қасы, скрипкадан айыру қиындап барады. Өйткені, қобыздың сүйегі (ағашы), тиегі, шегі, ысқысы ертедегі үлгілерден көп ауытқыған.

    “Қобыз 20-25 жыл көлеңкеде кеп­тірілген өте қатты (қандай? Е.Қ.) ағаштан жасалады, шегіне тірі бесті айғырдың құй­ры­ғының қылы алынады. Қобыз қара­ғайдан, үйеңкінің түбінен (түбінің, түйіні болар… Е.Қ.) жасалады деген аңыз бар, ал тиегі ортекенің мүйізінен жасалады екен”. Бұл деректер де “Егемен Қазақ­станның” 2009 жылғы 28 қаңтардағы санындағы Еркін Әбілдің “Ортекенің мүйізін тиек қыл­­­ған қобызы” мақаласынан алынып отыр.

    Қаржаубай Сартқожаұлының суретте­месіндегі домбыра пернелері жиі орна­ласып, сан жағынан бүгінгі қолданыстағы домбыраның пернелеріне ұқсайды. Ү-ҮІ ға­сырдағы көне домбыраның перне са­нының осыншама көп болуы күдіксіз болса, жетілдірілген домбыраның сол ерте кездегі нұсқасының біздің уақытқа дейін өзгеріссіз келе жатқаны таңғаларлық жаңалық.

    Домбыра мен қобыз аспаптарының өте көне дәуір кезінің өзіндегі түрі қаншама ғасырлар өтсе де өзгеріссіз келе жатқанына, бұл аспаптардың көненің көзі, асыл қазына ретінде бабадан-атаға, атадан-балаға мұра болып, халқымыздың көзінің қарашы­ғындай сақталып келе жатқан­дығының өзі қандай керемет.

    Қаржаубайдың қазіргі музыкалық аспап жасаушы шеберлерге құлаққағыс қып отырғаны – домбыраның екі құлағының ұшар басында аттың ба, түйенің бе басы тәріздес мүсін. Домбыраның ағаштан ойы­лып, бітік және бүктемелі болып жаса­луының өзі ерте замандағы шеберлердің қаншалықты талғампаз болғандарына қазіргі шеберлердің назар аударып, ескер­гендері дұрыс болар еді.


    Еркін ҚОЖАХМЕТҰЛЫ,

    еңбек ардагері. Арқалық.

     

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    ШӘМШІ ТУРАЛЫ СЫР

    15 тамыз қазақтың сүйікті Шәмшісінің туған күні. Шәмші Қалдаяқұлын Қазақстанда білмейтін жан жоқ. Оның «Менің ...