• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Өнер » Хабиба апаның арманы

    Хабиба апаның арманы

    Қазан айының жаңбырлы күндерінің бірінде, Алматыда, ғасыр жасаған Хабиба Елебекова дүниеден озды. 100 жыл мағыналы ғұмыр кешіп, қазақ театр өнерінің кейуанасы атанған қария дүниеден өтер алдында Мәдидің Қарқаралысын айтыпты. Кәдімгідей «Атыңнан айналайын, Қарқаралы» деп әлсіз дауысымен, сөзінен жаңылмай күңіреніп отырыпты. Марқұм – өзінің асыл жары Жүсіпбек Елебековтің Совминнің ауруханасында саусақтарын әлсіз қимылдатып, домбыра пернелерін басып жатқандай болып үзілгеніне таң қалып отырушы еді. Енді, міне, өзі де ажалды ән салып отырып қарсы алыпты…

    Хабиба Қарақбайқызымен соңғы он жылда жиі араласып, әсерлі әңгімесін көбірек тыңдадым. Сол әңгімелер негізінде «Жүсіпбек Елебеков» атты деректі кітап жаздым. «Қазақфильмде» «Хабибаның Жүсіпбегі» атты деректі фильм де түсірдік. Ол кісі өзінің екі арманы жайлы жиі айтушы еді. Біріншісі – қазақ театр және кино өнерінің негізін салған көрнекті тұлғаларға Астанадан мұражай салынса, қаланың көрікті аллеяларының бірінен орын беріліп, сол жерде атақты он үш өнерпазға ескерткіш-ансамбль орнатылса деуші еді. Олар: Қалибек Қуанышбаев, Жұмат Шанин, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Шәкен Айманов, Қанабек Байсейітов, Күләш Байсейітова, Шара Жандарбекова еді. Актрисаның тағы бір арманы Жүсекең екеуі тұрған үйді (Жүсіпбек Елебеков – 17 жыл, Хабиба Елебекова – 56) Жүсіпбек Елебеков музей-үйіне айналдыру еді. Апам екі арманына да жете алмады.

    Зират басынан қайтып келе жатып Хабиба апамның арманын еске алумен болдым. Кейуана актриса өзінің ақырғы аманаты ретінде Үкіметке хат та жазып еді… Жарайды… өнер корифейлеріне аллея ашып, ескерткіш орнату үлкен қаржылық шығынды талап етеді. Алайда, актрисаның 60 жылға жуық тұрған үйін музейге айналдыру аса қиын шаруа емес қой. Кезінде Сәбит Мұқановтың аяулы жары Мәриям апай Үкіметке жазушының тұрған үйі музей болсын деген тілегін білдірген екен. Сол кездегі ел ағалары аз уақытта Сәбеңнің үйін музейге айналдырып беріпті. Кейін бұл игі дәстүр Ғабит Мүсірепов орайында да жалғасын тапты.

    habiba-elebekova

    Жүсіпбек Елебековтің құтханасы қазақ әнінің қара шаңырағы іспетті. Кезінде бұл үйде Қали Байжанов, Тоқбай әнші, Ғарифолла Құрманғалиев, Шәкен Айманов, т.б. өнерпаздар бас қосқан дулы шаңырақ болды емес пе? Әншінің жары Хабиба Елебекова қазақ музыка өнеріне, ән тарихына байланысты жәдігерлерді ұзақ жылдар бойы көздің қара­шығындай сақтап келген еді. Енді әншінің ұрпақтары оған ие бола ала ма? Күмәнім бар… Халқы­мыздың тарлан өнерпаздарының қаншама дүние­лері ұрпақтары ие бола алмаған себепті қолды болып кетті, тіпті, қоқысқа лақтырылып тасталған мұралар да кездесті.

    Мәселен, Қазақстанның халық әртісі, әнші Рабиға Есімжанова ғұмыр бойы қазақ өнеріне байланысты құнды жәдігерлер жинаған екен. Олардың ішінде құнды қолжазбалар, хаттар, фотосуреттер, сирек орындалған әндер болған деседі. Алайда, әнші дүниеден өткен соң пәтері сатылып, сақталған құнды мұра талан-таражға түсіп кеткен.

    Өмірінің соңғы жылында Шәкен Айманов ағамыз өзінің сыралғы досы әрі операторы Берковичті шақырып алып, өз орындауында бірнеше халық әндерін кинотаспаға түсірткізген екен. Көп ұзамай, Мәскеуде Шәкен ағамыз қапияда қаза табады. Түсірілген таспа Берковичтің қолында қалып қояды. Арада біршама жыл өтеді. Берковичті де кәрілік меңдейді. Әйгілі кинооператор «Қазақфильмге» хабарласып, денсаулығының мәз еместігін айтып, Шәкен әндері жазылған кинотаспаны алып кетулерін сұрайды. «Қазақфильмдегілер» «күнде ертеңмен» уақытты соза береді. Сөйтіп жүргенде, Беркович дүние салады. Бұдан кейін таспаны іздеген ешкім болмайды. Ақыры, сол таспа жоғалып тыныпты.

    Биылғы шілде айында Шығыс Қазақстан облы­сының Қатонқарағай ауданындағы жазушы Оралхан Бөкейдің ауылы – Шыңғыстайға барудың сәті түсті. Оралхан Бөкей музей-үйінің есігінде қара құлып тұр. Себебі, сол жазушы тұрған музей-үйдің кілтін Астанада тұратын туысы алып кеткен екен… Сөйтіп, бір шеті Алматыдан, бір шеті Астана, Керекуден келген бір топ адам салымыз суға кетіп кейін қайттық.

    Мәдени-әдеби мұраларға байланысты құнт­сыздықтардың қайсыбірін тізе берейік. Соңғы жылдары «Қазақфильм» киностудиясы, сондай-ақ еліміздегі телеарналар ХХ ғасырда өмір сүрген мемлекет және қоғам, өнер қайраткерлері туралы жүздеген деректі фильм түсірді. Сонда түсірушілер тобы бір жан ауыртар проблемамен бетпе-бет келіп отырдық. Ол – сол ел ағалары туралы жылт еткен бейнехрониканың табылмауы. Сонау ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Алаш зиялылары мен кеңес қайраткерлерін айтпағанда, өткен ғасырдың соңына дейін өмір сүрген өнер мен мәдениет, әдебиет қайраткерлерінің таспаға басылған бейнелері жоққа тән екен. Кезінде мән берілмеген осы құнтсыздықты Кеңес өкіметінен көрдік. Енді тәуелсіздік алып, іргелі елге айналғанда мәдени жәдігерлерге енжар болуымызға не жорық? Кеңсайдан қайтып келе жатқанда мені осындай ойлар мазалады.

    Айтпақшы, Хабиба Елебекованың аманаты не болар екен?..


    Ерлан ТӨЛЕУТАЙ,

    әнші, өнертанушы.

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    ШӘМШІ ТУРАЛЫ СЫР

    15 тамыз қазақтың сүйікті Шәмшісінің туған күні. Шәмші Қалдаяқұлын Қазақстанда білмейтін жан жоқ. Оның «Менің ...