• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Өнер » Дәстүрлі ән қашан дәріптелмек?

    Дәстүрлі ән қашан дәріптелмек?

    Қазіргі қазақ сахнасын жайлаған эстрада жанрының жұрнағы болмаған кезде де халқымыз ән тыңдаудан артта қалмаған. Ел аралап, әсем әндерін әуелеткен Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Біржан салдар талай жұртқа таңдай қақтырса, бертін келе Еуропаның жүрегі саналған Париждің өзін қазақ әнінің құдіретімен дүр сілкіндірген Әміре Қашаубаевтың ерлігі қалың қауым жадынан өшкен емес. Күміс көмей дәстүрлі әншілердің ізін жалғап жүрген таланттар бүгінгі таңда ілуде жалғыз. Көгілдір экраннан домбырамен дәстүрлі әнді беріле шырқаған Қайрат Байбосыновты да сирек көретін болдық. Батыстың даңғырлаған әуенсымақтарының әсерінен жұтылуға шақ тұрған дәстүрлі әндерді аман сақтаудың қамын жеп жүрген талантты әншілердің бірі Саят Нұрғазинмен әңгімелескенде осы туралы да біраз сөз қозғалды.

    – Кезінде тәмам жұртты таң қалдырып, әсем дау­сымен дәстүрлі әндерді шырқаған Ақан, Біржандардан қалған мұраны біз өз деңгейінде насихаттап, сақтай алмай келеміз, – дейді ол. – Бұған ең басты себеп ретінде мемлекеттің дәстүрлі әндерді жандандыруға көз қырын салмайтынын айтуға болады. Осы күнге дейін мәдениет министрлігінің дәстүрлі әнді дамытуға деген ықыласын еш көрген емеспін. Дәстүрлі әндер эстрада жанрының көлеңкесінде қалып келеді. Қазір халықтың да, жоғары жақтың да назары тек эстрадалық әндерге қарай ауған. Мен заманауи жанрдағы әндерді орындайтын әншілерді жоққа шығармаймын, тек бабалардан қалған асыл әуендерімізді жоғалтып алмасақ екен деген тілегім бар. Байқасаңыз, Республика сарайында күнде той, күнде концерт. Оның ішінде есті әнмен елді қуантқандар да, батыстың есер әндерімен халық құлағын ауыртқандар да ән айтады. Ал дәстүрлі әншілерге орын жоқ. Ешқандай концерттік бағдарламалар, жобалар ұйымдастырылмайды. Аз уақыт бұрын Республика сарайында «Інжу-маржан» деген дәстүрлі әндер орындалатын концерт өтетін, кейінгі уақытта ол да сиреді. Қайда барып ән шырқарымызды білмей қалатын кездер де болады.

    –  Сіздерді тойға да шақырмай ма? 
    – Тойда да халық заманауи әндерді тыңдағысы келеді. Тек арнаулы орталар, ат төбеліндей шағын топтар ғана дәстүрлі әндермен сусындағысы келіп, ән салдырады. Ондай шақтарда тартынып қалмаймыз.
    –  Сонда сіздің бұл өнерді таңдауыңызға не түрткі болды? Әлде отбасыңызда әнге жақын адамдар болып па еді?
    – Иә, өнерге деген ықыласымды оятқан әкем болатын, ол кісі кезінде әнді тамаша орындаған екен. Орта мектепті аяқтаған соң Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінің халық әндері бөліміне оқуға түстім және жолым болып, анау-мынау емес, әйгілі Қайрат Байбосыновтың класына тап болдым. Өнер ордасында жүріп дәстүрлі әнді орындаудың қыр-сырына түгелдей дерлік қанығып, халық алдына шыға бастадым. Халқымыздың біртуар ұлдарының бірі Нұрғиса Тілендиевке арналған халықаралық ән сайысында бағым жанып, лауреат атандым. Кейін 2007 жылы Қаратау қаласында өткен Кенен Әзірбаевты еске алуға арналған байқауда да мерейім үстем болып, бірінші орыннан көріндім. Әйтеуір дәстүрлі әндерге арналған жарыстарда жүлдесіз қалған емеспін.
    –  Шетел сахналарына шығып, ән салу бақыты бұйырмады ма?
    – Жоқ. Әзірге ел ішімен шектелудемін, өйткені, республика аумағынан тыс сайыстарға шығуға мүмкіндік аз.

    Мысалы, еуропалық тыңдармандар өздерінің Шопен, Бетховендерін тыңдап бітті. Ал солардың сахнасында Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың әндерін тамылжыта орындасақ, шоқтығымыз биік болар еді. Қазақ халқының бай мұрасын насихаттап, еліміздің ұлттық нақышын айқындай түсер едік.

    Еркін Шүкіманов, Нұржан Жанпейісов сынды әншілер шет мемлекеттерге дәстүрлі әнімізді таныстырып келді. Өкінішке қарай, оларға да қолдау көрсетіп, демеу болар азаматтар жоқ.
    – Жоғары оқу орындарында дәстүрлі әндерге арналған кластарға жеткілікті деңгейде көңіл бөліне ме?
    – Мен оқыған Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде жалғыз Қайрат Байбосынов қана дәріс беретін. Қасында көмекшілері жоқ, консерватория мен студияда жанұшырып жалғыз өзі жүреді. Жоламан Құжыманов, Еркін Нұрханов секілді айтулы әншілерді дәріс беруге неге шақырмасқа?! Ол кісілер – дәстүрлі әннің жілігін шағып, майын ішкен азаматтар, олардан тәлім алған шәкірт түбі бір жерден шығады.
    Өз басым ауылдан арман қуып келгенімде жолым болып, Қайрат Байбосыновтың қолына түскеніме қатты қуанамын. Өйткені, ол кісінің дәстүрлі әнді дамытуға қосқан үлесі зор. Жоламан Құжыманов, Еркін Шүкіманов атты ағаларымның соңынан қалмай, ән үйрену үшін үйіне қонған шақтарым да болған. Әлі күнге дейін ән құдіретін ұғынған сол ағаларымыздың шапанына оралып жүрген жайым бар.
    – Дәстүрлі әндердің Арқа жақтағы, Жетісу жеріндегі, Сыр бойындағы және Батыс өңіріндегі деп бөлінетінін білеміз. Сіз қай жердің әнін шырқап жүрсіз?
    – Менің туған жерім Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы. Бұл өңірдің әндері Арқа жақтың әуендеріне жақын келеді. Сол аймақтың әуезді әндерін нақышына келтіріп айтып жүрмін.
    –  Өзіңіз шырқап жүрген дәстүрлі әндерді дамыту үшін қандай істер атқарып жатырсыз?
    – Қазір қолымнан тек ән шырқау ғана келеді. Бірақ осы саланы дамытып, халық көкейіне дәстүрлі әнге деген махаббатты ұялату үшін көптеген игі шаралар жасау ойымда бар. Ал ол арманның орындалуы бірталай қаржыны қажет етеді. Ұлттық нақыштағы әндеріміз ұмытылып кетпеу үшін жиі-жиі концерттер ұйымдастырғым келеді. Ізімізді жалғастырып, дәстүрлі әндерді дәріптейтін шәкірт тәрбиелеу де – негізгі мақсаттарымның бірі, – деді Саят.
    Халықтың асыл қазынасын өзі қастерлегенімен бірге, оның қадір-қасиетін өзгелерге де ұғындыру үшін еңбектеніп жүрген дарынды өнерпаздың көкейіндегі игі бастамалардың жүзеге асуына біз де тілекшіміз.


    Ерлан ӘБДІРҰЛЫ

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Әнші Әміре – балаша өкпелегіш болған

    Әкем ғалым Әсілхан Оспанұлы айлық алған сайын кітап дүкеніне барып жаңа басылымдар сатып алатын. Бір ...