• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Өнер » Жүрегі 45-ақ жыл соққан әнші Күләшті кім білмейді?

    Жүрегі 45-ақ жыл соққан әнші Күләшті кім білмейді?

    Қазақтың бұлбұлы атанған Күләш Жасынқызы Байсейітті кім білмейді? Атақты әншіні халықтың жақсы көргені соншалық, ол гастрольдік сапармен жолға шыққанда, өнерсүйер қауым әр поезд станциясында көптеп жиналатын. Алдарына шыққан сүйікті әншісіне қошемет көрсетіп, жақсы тілектерін айтатын. Көпшіліктің алдына шыға-шыға әбден шаршаған кезде, белгілі артист Кәукен Кенжетайұлы ағамыз жұбайы, әнші Шабал Бейсекқызын Күләшша киіндіріп халықтың алдына шығаратын болған. Ол кезде теледидар жоқ, сондықтан атақты әншінің нақты бет-келбетін көрмеген халық басқа қызды Күләш екен деп «Айналайын, өркенің өссін!» тамашалап қарсы алады екен.

    Атақты Әншінің шын аты-жөні – Гүлбаһрам Жасынқызы Бейіс 1934 жылы «Айман-Шолпан» спектаклін қоюдағы жетістіктері үшін 22 жасында «Қазақ ССР еңбек сіңірген артисі» деген атақ алды. Сол жылғы жарнамаларда аты-жөні «Бейісова» деп жазылған. Белгілі өнер қайраткері Қанабек Байсейітке тұрмысқа шыққан соң тегін өзгерткен. 1936 жылы 24 жасында Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігі Күләштің атын бүкіл Кеңес Одағына мәшһүр етті. 26 мамыр күні сол кездің ең жоғары сый-сияпаты – «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Сол жылдың күзінде, атап айтқанда 6 қыркүйекте «КСРО халық артисі» атағы белгіленіп, сол атаққа бірінші ие болған бірнеше өнер қайраткерлерінің арасында қазақтың әнші қызы, 24 жасар Күләш Байсейіт ие болды.

    Шынында Күләш десе де Күләш еді! Ән айту шеберлігі басқа ұлттың адамдарын да тәнті етіп, бірден баурап алатын құдыреті бар еді. 1948 жылы Күләш Байсейіт Грузияның астанасы Тбилисиде Закарий Палиашвилидің «Даиси» операсындағы Мароны ойнап үлкен қошеметке ие болғанының куәсі, қазақ биінің жұлдызы Шара Жиенқұлқызы «Өмірім менің өнерім» естелік кітабында жазған: «Грузин халқының құрметінде шек жоқ десе болғандай еді. Гүлдер – десте гүлдер, себетке өсірілген гүлдер сахнаға толып  кетті. Риза болған грузиндер көшеде қазақ артистерін жүргізуден қалады, қонақүйге келгеннен кейін де Тбилисидің орталығы Руставели көшесіндегі қалың нөпір халық қол соғып айқайлап тұрып алды. Балконға қайта-қайта шығып иіліп ізет жасаса да, «Қазақ әнін салып берсін!» деген дауыстар толастамайды. «Енді не істеу керек? Әрине қазақ әнін шырқаудан басқа амал жоқ». Қонақүйдегі Қазақстаннан келген музыканттар шақырылады. Күләш қандай әнді орындайтынын айтқаннан кейін, әбден жаттыққан майталмандар, бірден-ақ құйқылжытып ала жөнеледі. Арқасы қызып тұрған Күләшта шырқай жөнелді. Осылайша Тбилисиде қазақ әні көпке дейін қалықтады. Қай қырынан қараса да қазақы болмысы жарқырап тұратын халқының өнерлі қызы осылайша қазақ тілінің құдіретін де аспанға шарықтата білді».

    Әншінің жеке мұрағатында 10 сыныпта оқитын грузин баласының  Күләш Байсейітке арнап жазған өлеңі сақталған:

    «Сіз жасаған Баттерфляй ғажап тым,

    Ал «Даисида» Маро шекті азап-мұң.

    Тбилиси қаласында ерекше

    Көрермен жұрт татып дәмін ләзаттың,

    Бүгін біздер шын қуандық Сіз үшін,

    Бақыты үшін және барлық қазақтың…»

    Қазақтың бұлбұлының аты жүрген жерде ұлтымыздың өнерімен есімі жарқыраған Қанабек Байсейіттің жүретіні белгілі. Күләш пен Қанабек сахнада да, өмірде де де бірге болды.

    Қанабектің әкесі Байсейіт пен анасы Қиуа көпке дейін бала көрмепті. Балалары тоқтамаған соң, бұрынғы кездердегідей әулиелерге сыйынбақ болып Балпық, Есенкелді деген әулиелердің басына жаяу барып, басына түнеп бала сұрайды. Содан тілектері қабыл болып Байсейіттің қырық бірге қараған шағында, Қиуаның отыз жетіге келген кезінде, 1905 жылдың көктемінде қазіргі Алматы облысы (бұрынғы Талдықорған облысы) Қаратал ауданындағы Қалпе деген елді мекенде ұл көреді.

    Дәл сол күні үйге екі сыйлы қонақ келіп түсіпті. Бірі найман болысы – Қанабек, екіншісі Есенбай деген досы екен. Халық әдет-ғұрпы бойынша қуаныш үстіне келген қонақ құт саналады. Сондықтан Байсейіт қонақтарына үлкен құрмет көрсетіп екеуіне де бағалы сыйлық атапты. «Қырыққа келгенде көрген ұлым Қанабек құсап ел ұстасын» деп ұлының атын Қанабек қойыпты.

    Әбден зарығып көрген перзентіне қараған ата-ана ұлдарының буыны бекігенше не жайлауға шықпай, не қыстауға көшпей бір орында тапжылмай отыра беріпті. Тек бала беске толған соң ғана ашамайға отырғызып, боз құнанға мінгізіп, аяғын киізқаппен орап жайлауға шығады.

    Қанабек жастайынан қазақы ауылдың қайнаған өмірінің ортасында өседі. Небір өнер саңлақтарын көреді. Бала кезінде ауылына келгенде ақын Сара әкесі Байсейітке: – Ә, Қанекеңдей болса, балаңыз жаман кісі болмайды екен, – депті.

    Он алты жасында туа салысымен айттырып қойылған қалыңдығы Гүлдана Есенбайқызына үйленеді. Қанабек үйленгеннен біраз кейін Үштөбеге оқуға барады да 1923 жылы анасы қайтыс болғандықтан оқуын жалғастыра алмай жұмыс істеуге мәжбүр болады. Ревкомның хатшысы, Қарабұлақ деген жерде милиция бастығы болып қызмет атқарады. Сол жылдары Талдықорған болыстық комитетінің бастығы Байсақұлы Қатқылбай есімді кісінің жолдауымен оқуға жіберіледі.

    Ауылға қайтпасаң теріс батамды беремін, деген әке сөзін тыңдамай Алматыда қалған Қанабек жатақханада тұрып қазақ педагогикалық техникумында оқиды. Жігіттің әншілігі бар екенін көрген басшылар ойын-сауық құруға араластырады. Болашақ атақты Қанабек Байсейіттің өнерлік жолы осылай басталады. Сол жылдары Күләштің ағалары Айтбек пен Ержанмен танысып, бір қыс солардың үйінде тұрған кезінде  өзінен жеті жас кіші Күләшпен аға-қарындас ретінде сыйлас болып, кейін бұл жақындық сырнайға қосылып нәзік те сүйкімді даусымен ән салатын, бір естіген әнін табан астында үйреніп ала қоятын Күләшпен бір жанұя болуға жетеледі. Қ.Байсейіттің: «Әкемнің атын шамам келгенше мен де шығарған шығармын, бірақ ұлы менен гөрі келіні Күләш көбірек шығарды. Күләштің өнері арқасында Байсейіт деген фамилия күллі Қазақстанға, бүкіл Одаққа, кезінде шетелге де белгілі болды. Күләш есімі арқылы бір фамилия ғана емес, бүкіл қазақ халқы танылды» деуі бұлбұл әншіге берілген әділ баға.

    Жұлдыздар өмірінде не бір қызықтар болып жатады ғой. Күләштің қабылетін білетін Қанабек оны театрға алдыру үшін өтірік айтқан. Жұмат Шаниннің Күләштің ағасы Айтбекпен жақсы сыйласатынын біліп: «Айтбек сізге сәлем айтты: мүмкіндігі болса, Күләшты театрға алсын деп еді», – дейді. Бұған Жұмат Шанин не десін, – Келсін, көрейік, – дейді. Бүгінде белгілі әнші Күләш Байсейіттің үлкен сахнаға келу жолының тарихы осындай.

    Күләштің әкесі Жасын жасында сері, әнші кісі болған. Домбыра да тартқан. Кезінде Әсет, Балуан Шолақтармен бірге жүрген. Бірақ кейін неге екені белгісіз ол өнерін тастап күн көрістің қамымен етікшілікті кәсіп етіпті. Анасының есімі – Зибажан. Күләштің нағашы ағасы Айтбек Бейісұлы да әнді жақсы айтқан, сырнай тартқан өнерлі, өткен ғасырдың 20-шы жылдарында Алматыда өнерімен де, ұйымдастырушылығымен де есімі белгілі, беделді адам болған. Бейістің бауыры Ержанның ұлы атақты әнші Манарбек Ержанұлы қазақтың атақты әншілерінің бірі.

    Бірін-бірі өте жақсы көрген, сыйлайтын қос жұлдыз, екеуі жаңа қосылған қыз бен жігітше жүретін. Қанабек Күләшті ерекше аялап «Күлән» дейтін. Бір-біріне ақыл-кеңес беріп: «Бізге жұрт қарайды, дұрыс жүріп, дұрыс сөйлеу керек», – деп үйінде бір-біріне айтып отырады екен. Олар далада атақты өнер иелері болғанмен менменсінбей, қазақтың қарапайымдылығын ту ете білді. Сахнаның сәні Күләш, отбасында жұмыскер әйел, өнегелі ана ретінде көрінетін. Театр сахнасында өнерін көрсетіп келген соң, қанша қалжырап шаршаса да келген қонақты қабақ шытпай қарсы алатын. Қонақтар мәзірін өзі дайындайтын. Көптеген қазақтың белгілі адамдары «Күләштің қолынан бесбармақ жейміз» деп үйлеріне келетін.

    Қанабек Күләшпен бас қосқанда Алдан деген ұлы ілесіп келеді. Бірақ Күләш оны жатырқамай өз баласындай қабылдайды. Екеуінің жанұясында Құралай, Қарлығаш, Қаршыға атты үш қыз болды. Қыздарын қастарынан бір елі тастамайтын, тіпті гастрольдік сапарларда да бірге алып жүрген. Дегенмен тағдырдың ісіне не шара!? Құралай мен Қаршыға ұзақ өмір көрмеді. Қаршыға бес жасында балабақшада тамақтан уланды, Құралай 36-жасында қайтыс болды. Қанабек пен Күләш балаларын өте жақсы көреді, Қарлығашын «Қалке» деп еркелетіп атаған.

    Сұлу да, мінезі жақсы Құралайдың тағдыры қиын болды. Музыкалық училищені тәмамдаған, дауысы жақсы бойжеткен қыз он сегізге толғанда бір орыс жігітімен көңіл жарастырып, соған тұрмысқа шықпақшы болғанда, анасы Күләш рұқсат бермей қояды. Содан отырып қалған Құралай 36 жасында дүние салды.

    Қаршығасы бала кезінде кеткен соң жылай беретін Күләш сіңлісі Райханның қызы Раушанды жас кезінен өз қолына алып тәрбиеледі. Тоғыз жасынан Мәскеудегі хореографиялық училищеге оқуға берді. Р.Хатиятқызы, Қазақстанның халық артисі, биші, «Құрмет» орденінің иегері.

    Күләш Байсейіт өнерге берілгені соншалық тура үйінің алдындағы көшенің арғы бетіндегі емханаға барып көрінуге, өзін күтуге уақыты болмады.

    Қаншама адам атақ-даңқына тағдырына қызыққан, аты аңызға айналған әншінің жүрегі қырық бес жас жасында өз жүрісін тоқтатты. Анасы барда дүниенің бәрін қызық көретін Қарлығашы: «Әке, неге біздің анамыз ерте көз жұмды екен?» деген жиі қоятын сұрағына әкесі: «Анаң бәрін жүрекпен қабылдайтын, жүрегіне жақын алады. Сосын әлсіз жүрек бәріне бірдей шыдай бермейді ғой» деп жауап береді екен.

    2011 жылдың қыркүйек айында Алматыдағы Күләш Жасынқызы Байсейіт атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың ғимараты алдында әншіге осы мектеп ұжымы, «Құбыла», №1 құрылыс компаниясы, қала әкімдігі мен Бостандық ауданы әкімдігі мұрындық болған биіктігі 3 метр ескерткіш орнатылды.

    Халық өзінің бұлбұл әншісін ұмытпайды.

    Мақала жазылу барысында: Қ.Байсейітов. «Құштар көңіл», «Жазушы», Алматы, 1977. «Гәкку». Алматы, «Өнер», 1991., кітаптары пайдаланылды.


    Бердалы ОСПАН,

    «АДЫРНА» ұлттық порталы

     

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    ШӘМШІ ТУРАЛЫ СЫР

    15 тамыз қазақтың сүйікті Шәмшісінің туған күні. Шәмші Қалдаяқұлын Қазақстанда білмейтін жан жоқ. Оның «Менің ...