• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Өнер » Қазақтың келбеті – қазақтың домбырасы

    Қазақтың келбеті – қазақтың домбырасы

    «Айқын» газетінде жарияланған «Аққу» кімнің күйі?» деген тақырыптағы пікір алмасу жұртшылықты елең еткізді. «Телқоңыр» бағдарламасында Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы және қазақтың күй өнері жайында жұрт құптаған арналы әңгіме болды дей аламын. Домбырашы емес маған да қатты әсер еткендіктен, осы орайда күй туралы бірер ой ортаға салсам деймін.
     

    Соңғы жылдары бізде «бренд» деген сөз жиі айтылып та, жазылып та жүр. «Қазақтың бренді – қымыз», «Қазақтың бренді – киіз үй», «Қазақтың бренді – қазы-қарта», «Қазақтың бренді – ұлттық шапан» дегендей тұжырымдарды газет-журналдарымыздан оқыған болар­сыздар.
    Көне скандинавтық «brandr» тілінен ағылшын тіліне еніп, «brand» болып та­рап, бізге орыс тіліндегі «бренд» де­лінген нұсқамен жеткен бұл сөздің ең әуелгі көне мағынасы – үй жануарларына салынатын «таңба», «ен». Бертінде сауда жүйесіне өтіп, тауардың ерекше жоғары сапалы екенін айғақтайтын белгі (орысша – «товарный знак») болды. Ал бүгінде біз оны руханият әлемімізге алып шығып, қазақтың дүниежүзіне танылуы ныша­нына айналдыру мақсатымызға қолда­на бастадық. Негізгі ой – түзік, бірақ қазақ өзге жұртқа қымызымен, қазы-қарта­сымен, киіз үйімен, шапанымен… таны­луға тиіс деген тұжырым қате. Ұлтымыз­ды сүйгеніміз, ардақтағанымыз деген оймен қазаққа тең таппай көсіле сөй­лейтін әдетке ұрынып жүргеніміз де – оғаш қылық. Әрбір халықтың басқаға ешқашан телімес өзіндік, дәстүрлі, ұлт­тық: үй-ғимараты, ішіп-жемі, киімі, әде­биеті мен өнері… бар, ал оларды өзара салыстырып, мынау артық, мынау кем­шін деуге халықаралық ешбір ұйым құ­қылы емес. Ендеше біз басқаға танылу­-­ды материалдық тұрғыдан іздемей, мо­ральдік тұрғыдан табалық. Бұл ретте «қазақтың бренді», қазағымша айтқан­да: «қазақтың нышаны», «қазақтың келбеті» – Қазақтың Домбырасы! Танымал ан­самбльдеріміз, оркестрлеріміз шетел­­дер­де өнер көрсетіп келгеннен кейінде га­зеттеріміз ол елдердің жұртшылығы қазақтың күй аспабына ерекше таңда­на қызыққанын солардың баспасөздері­нен мысал келтіре сүйіне жазады да, біз сүйі­не оқып, мақтаныш сезіміміз еселене түседі емес пе?!

    Ал көне күйлеріміз бен бүгінгі күй­лерімізді насихаттауда белсенді құл­шы­нуымыз әлі пәс десек, «Құрманғазы – қа­зақтың күй атасы!» деген ағаттығымыз және бар. Бұл ағаттық көне дәуіріміз­дегі күйшілердің өмірі мен өнерін зерделеу­дің орнына Сағырбайұлы Құрманғазы (1823- 1896 жж.) өкілі болған орта буынға орал­та береді.

    Құрманғазы атамыздың күй­шілік құдіретіне дау жоқ, бірақ одан: алды тоғыз жүз жыл, соңы жүз жыл бұрын да­ла­мызды күйімен тербеген, толқытқан, бұл­қынтқан: Қорқыт, Кетбұға, Асан­қай­ғы, Қазтуған, Байжігіт, хан Абылай… болды емес пе?!
    Күй өнеріміздің тарихын зерттеуші­лер Қорқыт бабамыздан арыға барар жазба­ша дерек таба алмай келеді. Ме­ніңше, қазақ халқының тарихы қашаннан басталғаны анықталған кезде күй өнері­міздің бастауы да табылады. Оған дейін арғы-бергі күйшілерімізге айдар тағу аса қажет болса, мысалы, «Қорқыт – қазақ­тың күй атасы» дей тұралық.
    Күй өнерімізде Кетбұғаның орны да айрықша екені белгілі. Адам қалпын­да­ғы басқа ғажап қырларын түгендемеген­де, Шыңғыс ханға баласы Жошының қаза­сын «Ақсақ құлан» күйімен жет­кізгені көне түрік, монғол, араб ше­жі­релерінен мәлім. Алайда кейбір «зерт­теушілер» тарихи ол деректі теріс­теуге тыраштануда (бұл тақырыпта ма­қала жазу ойымда болмағандықтан олар­дың аты-жөндері есімде сақтал­мапты). Өйтіп пысықай­лануға жол берілмеуі керек деп ойлай­мын.
    Домбыра туралы. Қазақтың бұл рухани төлқұжаты хақында жазылған зерттеу еңбек баршылық. Олардан өз басым: Жағда Бабалықтың, Ақселеу Сейдімбектің, әсіресе, Жұмагелді Нәжі­меденовтің ізденіс-зерттеулерін ілгері қоямын. Бабалық тастағы таңбалар ар­қылы қазақ домбырасының бұдан төрт мың жыл бұрын болғанын дәлелдесе, Сейдімбек байырғы домбыраның түр-түрін таратып сипаттады.

    Ал домбыра­шы, күйші, театр режиссері, ғалым, про­фессор Жұмагелді Нәжімеденов туралы айтсақ, ол қазақы тірлікте жағымды мән­ге ие «қоңыр» деген сөздің төркіні дом­быраның қоңыр үнінде екенін жүйелеп айтып берді (домбыраны зерттеуде ға­лым Жұмагелдінің білімділігіне ден қойғы­сы келгендер оның 2005 жылы шыққан «Қоңыр және домбыра» кітабын оқы­ғай!).

    Жоғарыдағы пікір алысуда әнші Нұр­ғали Нүсіпжановтың домбыраны жете бағалай алмай жүргеніміз жайын­да күйініш білдіргені орынды. Біз домбы­раға қармақбау (леска) тағу сияқты «жа­ңалық» шыққаннан бастап қоңыр үннен айрылдық. Жұмагелді қой ішегінен жасалған ішек пен қармақбауды ком­пью­терлік тәсілмен зерттеуді алғаш рет қол­данып, қой ішегін пайдалануға қай­тып оралмайынша қоңыр үнмен табысуымыз неғайбіл болатынын түсіндірді.
    Кеңестік жылдарда Семей қалалық ет комбинатында домбыра үшін қой іше­гін өңдеу цехы болған, кейін ол жабы­лып қалды. Жұмагелді әмірі, мүмкіндігі бар­ларға сол цехты қайтадан ашу жайын­да әлденеше рет тілек білдірді, бірақ «кө­рейік» деген селқостыққа тап бола бер­ді. Ондай цех Украинада бар дегенді есті­ген Жұмагелді өз қаражатымен әдейілеп барып, мән-жайға қанып, он пар ішек алып қайтты да, мұндағы атақты күйші ағаларына үлестіріп, өзімізде ішек цехын ашуға атсалысуды өтінді. Өкінішке қарай, мысалы, Қаршыға Ахмедияров: «Қой ішегі, әрине, жақсы, алайда леска одан кем емес» деумен тынды. Әйгілі күйшінің қармақбауда қой ішегіндегі қоңыр үннің жоқтығына, шыңылтыр дауыс басым екеніне мән бермегені мені де еріксіз таңдандырды.
    Менің ендігі қаупім: соңғы кезде электрдомбыра әспеттеле бастады, яғни қармақбаудың орнына сым тағылып, электрге жалғанып, қазақтың домбырасы шыңғыртылатын шығар. «Тоқал ешкі мүйіз сұрап, құлағынан айрылған» сол болар. Электрдомбырашыларымыз шетелдік музыка аспаптарының электрлі түрлерінің «артықшылықтарына» там­санады (бүгінде аты шетелдікке еліктеу-солықтау деген дертке шалдықтық қой!), қазақ домбырасының қасиетті қоңыр үнін керек етпейді.
    Сандық жүйе туралы. Бұл – домбыра тарта білуді оңайлату мақ­саты­мен Жұмагелді Нәжімеденов ойлап тапқан жаңалық. Мен оны тарихи жа­ңа­лық дей аламын! Өйткені ұлттық әуен ас­пабында ойнауды әлемге тараған но­тадан тыс тәсілмен үйрету, үйрену ешбір халықта әзірше жоқ, қазақта ғана бар! Ойға өте қонымды, тиімді тәсіл! Жұма­гелді барша бауыр басқан нотадан жеңіл жолды ұcынған екен, одан неге үркуі­міз керек? Нотаға неге тырп етпей байла­нып қа­луымыз керек? Сандық жүйе жеке дом­быраның да, домбыра оркестрінің де мерейін үстем етеді. Оның мысалын рес­публикамыздың бірнеше мектебінде (мә­селен, Алматының М.Базарбаев атын­­дағы №138 өнер гимназиясында) Жұмагелді жасақтаған домбыра ор­кестрлерінің жұмысынан көруге болады. Тіпті қазақ тілінен хабарсыз шетел­діктердің кейбіреуі Алматыға келгенінде сандық жүйе бойынша домбыра үйрену­ді бір сағатта меңгеріп, қазақтың ән-күй­лерін тарта алғанын көрдім. Жұмагелді­нің сандық жүйе жайындағы кітабы қазақ, орыс және ағылшын тілінде шық­қан еді, сол кітап қолына тиген шетелдік музыканттар Алматыға жолы түскенде авторды іздеп табатын.
    «Табатын» деп өткен шақта сөйлеу себебім: Жұмагелдінің бақиға бет түзе­геніне бір жылға жуық уақыт болды.

    Ол домбыраны жетілдіру, сандық жүйені қалыптастыру, орнықтыру арманына жете алмай кетті. Жоғарыдағы құзырлы орындарға жолдаған жазбаша ұсыныс­тары еленбей қала берді. Ондағылар­­дың қайсыбірі сандық жүйені «нотаны жою­ды көздегендік» деді. Ол сорақылыққа Жұ­магелді: «Менің ойымда жоқты қай­дан, қалай тапты екен?» деп қынжыла езу тартқан.

    Ойсыздық, намыссыздық, жақ­сылық-жаңалыққа құлықсыздық белең алған жерде ұлт мүддесі ұмытыла бе­реді.
    Менің бір шүкіршілігім, Жұмагелдінің ұлы Таңат – әке жолын қуған талапты, жігерлі, білімді жігіт. «Орнында бар оңа­лар». Алайда Таңатқа қамқорлық қажет. Қазақтың домбырасын, күй өнерін қалтқысыз қадірлеуші, сандық жүйеге ден қоюшы ағайындар мұны ескереді деп ойлаймын.


    Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Жүрегі 45-ақ жыл соққан әнші Күләшті кім білмейді?

    Қазақтың бұлбұлы атанған Күләш Жасынқызы Байсейітті кім білмейді? Атақты әншіні халықтың жақсы көргені соншалық, ол ...