Қазақтың күй өнерінде есімдері құрметпен аталатын тұлғалар аз емес. Олар өздерінің орындаушылық мектебімен ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан күй мұрасын бүгінгі замандарға жеткізіп, аманаттап кеткен аға ұрпақ дер едік. Қазақтың күйшілік мектебі туралы сөз қозғағанда көрнекті күйші, дәулескер домбырашы, Қазақ КСР-нің Халық артисі Рүстембек Омаровтың есімі айрықша ілтипатпен аталатыны белгілі. Рүстембек Омаровтың орындауындағы халық күйі «Ақсақ құлан», Құрманғазының «Ақсақ киік», «Жима», «Машина», «Қызыл қайың», «Серпер», Динаның «Байжұма», Абылдың «Нарату» тәрізді тамаша күйлері әлі күнге дейін күй тыңдармандарының жадында десек, қателеспеген болар едік. 

Рүстембек Омаровтың орындау мәнерін академик Ахмет Жұбанов өте жоғары бағалап, өзінің «Ғасырлар пернесі» атты еңбегінде: «Рүстембек күйді «шегелеп», шапшаң, жай келетін буындарының бәрін де тастай түйіп, екпінін ауыстырмайды. Орташа ұзындықтағы саусақтарымен бір ­нотаны жаза баспай, бәрін де өз орнында етіп орындайды. Аты алып қашқан кісідей домбырасының «тізгініне» ие бола алмайтын кейбір домбырашылардай күйді баста алған екпінінен қуып кетіп, аяғында кей жерлерінде сүрініп қалатын әдет Рүстембекте болмайды» деп жазған.
Қазақстанның халық артисі, профессор Қаршыға Ахмедияров Рүстембек Омаров туралы жазған естелігінде: «Рүстем ағаның тартқан күйлерінің ішкі-сыртқы құрылысы, динамикасы күй жанрына лайықты, білімді музыкантқа сай құбылыс ­болатын. ­Мысалы, Динаның «Байжұма» күйін тек Р.Омаровтың орындауында ғана ести аламыз. Ал Дина шешемнің орындауын­да еш архивте жоқ. Сонда шешемнің тартқанын өзінше дамытып, күрделі шығарма ретінде қалыптастырған Р.Омаров десе болады. Осындай дәстүр жалғастырған орындаушылар тарихта көп емес, соның бірі Русахаң. Мен өзім де Рүстем ағадан соң оркестрдің бас домбырашысы болғанымды мақтан тұтамын. Русахаң көп сөйлеп, сырын ешкімге шашпайтын, күй тартқанда дыбысқа өте мән беретін, сахнаға шыққанда тыңдаушысын сол дыбыс сазымен, ­бояуымен өзіне баурап алатын қағысымен қатар қазақтың барлық күйшілік мектептерін барынша меңгерген күйші болатын. Өзі Арқада туып-өссе де, Оқап Қабиғожинның шәкірті болды және Динаның, Мұрат Өскенбаевтың қолынан күй алған домбырашы» деп баға берген.
Осы орайда біз бүгін Рүстембек Омаровтың қызы Қарлығаш Омаровамен әкесі жайында сұхбат құруды жөн көрдік.
– Қарлығаш апай, қазақтың күй өнерінде Рүстембек Омаровтың орны ерекше екені белгілі. Құрманғазы, Динаның күйшілік мектептерін кейінгі ізбасарларға жеткізген домбырашының өсіп-өнген ортасы, туған жері туралы айтып берсеңіз.
– Әкем Павлодар облысы Лебяжі ауданы Шарбақты ауылында дүниеге келген. Біз Алматыда туып-өссек те, Павлодар өңірі біздің жанымызға өте жақын, адамдарынан бір тазалық лебі есетіндей көрінеді. Әкем де сол топырақтан өсіп-өніп шыққан соң болса керек, ақкөңіл, ашық-жарқын, қашанда көтеріңкі көңіл-күйде жүретін адам еді. Реті келгенде әзіл-қалжыңын айтып, күлдіріп те отыратын. Әкемнің әкесі, яғни атамыз дәулетті адам болған екен. Дәулетті болуымен қатар өнерді жақсы бағалаған, таңды таңға жалғап күй тартатын, сондай-ақ жыраулық өнері де болған. Өкінішке қарай, өмірден ерте қайтып, әкем балалар үйінде ержетіпті. Тағдырдың мұндай қиындықтарына тап болуы әкемді қайсарлыққа, табандылыққа, тәрбиелеген.
Құрманғазы, Дина, Тәттімбет, Сүгір, Дәулеткерей сынды күйшілердің күйлерін жан дүниесімен беріліп тартатын. Бүкіл саналы ғұмырын күй жолына арнаған тұлға еді ғой. Өзінің таңдаған мамандығына, кәсібіне адал болды. Өкінішке қарай, әкемнің өскен ортасы мен жолдастары туралы көп мағлұмат айта алмаймын, себебі көбінің көзі қайтқан. Өзім де оның кенже қызы болғандықтан әкемнің жас күні туралы, ат жалын тартып мінген шақтары, өнегелі қырлары хақында әкемнің көзін көрген немесе ол кісі туралы ғибратты әңгімелер естіген жерлестерінен, алыс-жақын ағайындарынан естіп біліп, хабардар болып жүреміз. Әкемнің отбасын құрып, шаңырақ көтергеннен кейінгі өмір жолы туралы айту мен үшін айқынырақ. Қалай болғанда да, ел-жұрты, замандастары қадірлеген ардақты азаматтың халқының асыл перзенті болып қалыптасуына ата-анасынан, отбасынан, әулетінен алған тәлім-тәрбиесі әсер еткені сөзсіз. Оның бойындағы мінезі, қарапайымдылығы, дегдарлығы, мақтаншақтықтан, менмендіктен алыс тұруы осындай ойларға жетелейді. Адам өзінің тегіне тартып туады дейді ғой. Соған қарағанда әкеміздің тектілігі, өскен-өнген ортасы жақсы болғаны анық.

Өнердегі әріптестері ортасында
Өнердегі әріптестері ортасында

– Рүстембек ағамыздың жан-жары, яғни анаңыз, отбасы туралы айтып берсеңіз.
– Анамыз Гүлсағира Шығыс ­Қазақ­стан облысының тумасы. Анам да өнерге жақын болды. Өзіне тән әдемі дауысы бар еді, ән салатын. Әкем екеуі төрт қыз сүйді. Мен үйдегі ең кенжесі болсам, менен үлкендері Мақпал, Гүлжан, Шәмшінұр есімді қыздар. Үшеуі де қазіргі таңда бақилық болып кетті. Құдайға шүкір, әкемнің артында 4 немере, 2 шөбере бар.
Анамыздан ерте айырылдық. Ол кісі менің сегіз айлығымда дүние салды. Анам қайтқан соң біз әкемізден ұзақтай бердік. Әкем не дегенмен ер адам ғой. Оның үстіне өнер адамы болғандықтан гастрольдік іссапарлармен Ресей, Қытай және тағы басқа елдерге сапар шегетін. Біз сағынысып жүретінбіз.
– Қызмет жолында аралас-құралас болған замандастары, әріптестері туралы біле отырсақ…
– Әкем сахнада күй тартумен қатар А.Жұбанов атындағы филармонияда солист болып қызмет істеді. Бірқатар дарынды домбырашыларды тәрбиеледі. Олардың қатарында елге танымал Рысбай Ғабдиев, Боздақ ­Рзаханов, Әзидолла Есқалиевтер бар. Өзінен тәлім алып, орындаушылық шеберлігін бойларына сіңірген жақсы шәкірттері көп болды. Күй өнеріндегі дәстүр сабақтастығын әкелеріміз осылай жалғады ғой.
Кезінде Алматы қаласындағы Төлебаев пен Әйтеке би көшесінің қиылысында әдемі аллеясы бар, тек артистер тұратын әдемі үйлер болған. Мен 1956 жылы сол үйлердің бірінде туғанмын. Әкеме сол жақтан үй алуы­на Роза Бағланова көмектескен екен. Әкем, Роза Бағланова, Шәкен ­Айманов, Әмина Өмірзақова, Нұрғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедияров бір ортада жүрген замандастар еді. Олар өнерде бір-біріне қолдау көрсеткен ағалы-інілі, артистер қауымы болатын.
– Соңында қалған күй мұралары қалай сақталып жүр?
– Әкем көп жылдар Құрманғазы күйлерін жинақтап, халыққа орындады. Еліміздің «Алтын қорында» оның домбырамен орындаған «Жастық шақ», «Ілме» күйлері, ­Евгений Брусиловскийдің «Исаның желдірмесі», Дина Нұрпейісова, Тәттімбет күйлері сақтаулы тұр. Кейбір әндері Павлодардағы мұрағаттарда, сондағы архивтерде сақталып, жарыққа шықпай жатқаны белгілі. Әлі де іздену үстіндеміз. Алматыдағы мұрағаттарда оның дауысы сақталғанымен, қолымызға түспеді. Үйімізде тек сурет, газет-журналдар. Ол кезде бейнеролик деген болмаған соң қағаздағы мұралармен шектелеміз, әрине.
Тағы бір айта кетерлігі, әкемізге «Қазақ КСР-ның Халық артисі» атағы берілген құжат көп жылдар бойы із-түзсіз жоғалып кетіп еді. Араға 47 жыл салып барып, немере қызы арқылы табылып отыр. Бұл да бір маңызды жайт деп білемін. Әкеме Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумынан берілген көптеген марапаттар да болды. Өзі оларды жинауға қызықпаса керек, көбі сақталмай қалды. Осы күні қолы­мызда бар марапаттарды көзіміздің қарашығындай сақтап келеміз.
Бір сөзбен айтқанда, әкеміздің біз үшін қалдырған байлығы оның күй өнері, архивте сақталып қалған дауы­сы. Дүние жинауға қызыққан жоқ, бар ғұмырын бүтіндей өнер жолына арнады.

Туыстармен бірге
Туыстармен бірге

– Балаларына қандай ақыл-кеңес­те­рін айтушы еді? Мінезі, болмысы қандай еді?
– Мақтанғаным емес, әкем түр-келбеті келісті, кең маңдайлы, сымбатты болды. Азамат десе, азамат дейтіндей тұлға еді. Кез келген іске аса байыппен қарайтын, бір нәрсе ­туралы жеңіл-желпі ойлаған кезі болған емес. Қыздарына өнегелі тәлім-тәрбие берді. Менің жанымда болғанда «Жан баласын алдаушы болма. Өмірге сен, адамдарға сен. Сенім керек» деп айтып отыратын.
Қазақта «Көрер жарығы бар екен» дейтін сөз бар ғой. Солай болса керек, әкем Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан шебінде жүріп немістердің құрсауына түскен екен. Десе де, немістер де адам баласы, бұларды қырып салмапты, күштеп жұмысқа салса да, асыраса керек. Сондағы қызықты айтайын, әкем немістерді таңғалдырумен жүріпті. Қолдан домбыра жасап шығыпты да, күйлерін орындапты. Бұл оның жиырмадан енді ғана асқан бозбала шағы ғой. Мен әкемнің сол кездегі батырлығына, өнеріне, ішкі рухани күш-қайратына әлі күнге дейін тәнті боламын. Біртуар деп осындай азаматтарды айтса керек-ау. Қаншама теперішке түссе де, басына түскен қиындықтарға мойынсұнбастан, тіпті елең қылмастан, уайымы жоқ адамдай күліп жүретін, өнерге адал болатын.
– Бүгінде Рүстембек Омаровтың ұрпақтары немен айналысады, оның жолын қуғандар бар ма? Сонымен бірге Рүстембек Омаров мұрасын жаңғырту жоспарда бар ма? Күйші есімін мәңгілік есте қалдыру бағытында не жасалды?
– Өкінішке қарай, дәл оның күйшілік өнерін ұрпақтарының арасында жалғастырған ешкім болмай тұр. Өзім дизайн-корреспондент қызметін атқарамын. Бұл да өнердің бір саласы ғой. Басқа мамандық иесі болса да, немереміз суретті жақсы салады. Өздеріңіз жақсы білесіздер, әкеміз ұзақ жылдар бойы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік ұлт аспаптар оркестрінде жемісті қызмет етті. Бұл орайда оркестр басшылығы мен ұжымына ерекше алғыс айтқым келеді. Олар Рүстембек Омаров мұрасын жаңғырту жолына мән беруде. Оркестрдің қазіргі басшысымын деп өзін таныстырған Нұрғиса Мұратұлы деген азамат мені әкемізге құран бағыштау сапарына ертіп жүрді.
1999 жылы әкеміздің 80 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өттік. Ол кезде жұмыс бабымен қоныс аударып, Шымкентте тұратынбыз. Жақсы деңгейде тойланды. Қолдау көрсеткен өнер адамдарына көп рақмет. Былтыр, 2017 жылы көктем айында бірқатар азаматтардың, өнер қайраткерлерінің бастама көтеруімен Павлодар облыстық ұлт аспаптар оркестріне Рүстембек Омаровтың есімі берілгенде қуанышымызда шек болған жоқ. Осыған орай облыстық оркестрдің «Жастық шақ» атты концерті қойылды. «Жастық шақ» деген әкеміздің төл туындысы болатын. Оны оркестрге лайықтап, тыңдарман назарына ұсынған аталған оркестрдің дирижері, Қазақстан Республикасының ­Мәде­ниет қайраткері, күйші Талғат Кәрімов дейтін азамат. Осындай игі шаралардың атқарылып жатқаны үшін рақметтен басқа айтарымыз жоқ. Қазір мен де жас емеспін, алпысты алқымдадым. Десе де, әкемнің мұрасын насихаттау, кейінгі ұрпақтарға таныту жолында еңбектеніп келеміз. Күйші есімін ардақтап, бағалай білетін халқы, тыңдармандары барын көргенде шаршағаныңды да ұмытып кетесің.
– Әңгімеңізге рақмет!


ҰЛМЕКЕН ЛЕСБЕКОВА

“Ана тілі” газеті


 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ