Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында ҚР мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Беткейдегі бұталар көлеңкесінде» атты  жаңа толықметражды көркем фильмінің өндірісі басталды. Фильмнің режиссері − «Сіз кімсіз, Ка мырза?» (2010 ж.) фильмімен танымал Қуат Ахметов. Фильмде басты рөлді биыл мамыр айында 80 жасқа келетін КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов сомдайды.

Кинотуындыда Ағатай есімді қарттың өмірі баяндалады. Оның сүйген жары қайтыс болған. Араларында балалары болмаған. Ағайын-туысқандары да қалмаған. Осындай ауыртпашылықты басынан өткерген қарт  кісі өз ортасынан безіп, далаға барып тұруды көздейді. Әйтсе де данагөй, пәлсапашының жолында балалар үйінен қашып шыққан Бөбек деген кішкентай, елгезек бала кезігіп, оның бастапқы жоспарын бұзуға мәжбүр етеді.

Қазіргі таңда картина дайындық кезеңінде: актерлер таңдау, реквизиттер дайындау және декорация тұрғызу жұмыстары жүріп жатыр. Түсірілім жұмыстары үстіміздегі жылдың мамыр-маусым айларына жоспарланған. Сценарийін Хуат Ахметов пен ресейлік кинодраматург Одельша Агишев түркі халықтарының аңыз-әңгімелері негізінде жазған.

– Асанәлі Әшімов, Қазақстан Республикасының халық әртісі:

– Бұл жобаны іске асыру туралы ұсыныс айтқалы бері түрлі жанрдағы талай сценарий жазылды. Алайда ол сценарийлерде менің көрермендерге айтар ойым дұрыс жеткізілмеген болатын. Сондықтан да Қуат екеуміз драматургты көп іздедік. Ақыры драматург табылып, бұл мәселе оң шешімін тапты. Қазір түсірілім жұмыстарын асыға күтіп отырмыз.

film-director-khuat-akhmetov-4

 

Қуат Ахметов  1956 жылы 13 қарашада Латвия КСР-де дүниеге келген. Ресей кинематографистері одағының мүшесі. Ресейдің кинорежиссерлер гильдиясының мүшесі.Ресей кинематографистер комитетінің сценаристер мен режиссерлар дайындайтын жоғары курсының көркем фильмдердің қоюшы режиссерлері бөлімін бітірген. Кинорежиссер, кинодраматург.


“Адырна” кз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ